1.Үш жүздің ханы-Абылай Абылай хан, Әбілмансұр (1711-1781) - қазақ ханы, ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат. Арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары Қазақ даласының негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң Еңсегей бойлы Ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай - Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Абылай хан – үш жүздің қолдауымен Қазақ хандығының ханы атанған Көркем-Уәли сұлтанның ұлы, Қанышер Абылайдың немересі, Барақ ханның ұрпағы. Шын есімі – Әбілмансұр. «Абылай» жоңғардың батыры Шарышпен жекпе-жекте жеткен жетістігі үшін берілген лақап аты. «Абылай» есімінің беріле себебі, атасы Қанышер Абылайдың да қатысы бар.
Жәңгір қайтыс болып таққа Тәуке отырғанда, Уәлибақы хандыққа өкпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барады. Уәлибақының баласы Абылай жекпе-жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болып, Қанішер Абылай атаныпты. Осы Абылайдан Көркем Уәли туады. Оның баласы Әбілмансұр (кейін қазаққа хан болып Абылай атанған) ақтабан шұбырынды жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған Сабалақ деп ат қойып, түйесін бақтырады. Әбілмәмбет төренің жылқысын да бағады. Бұл, Шоқан Уәлихановтың айтуына сүйенсек, Абылайдың 13 жасар кезі болса керек (онда Абылайдың 1710 жылы туған деуге негіз бар).Төле бидің тәлім-тәрбиесінде болуы Абылайға зор ықпал жасады. Қазақ даласының даналығын бойына жинаған баба ақылы мен парасатына, ел билеу қабілетін, анталаған жауға қарсы қазақ халқы басы біріксе ғана тойтарыс бере алатынын жас баланың санасына ұялата білген. Оған қоса бала кезінен көрген жұпыны тіршілік, өмірлік тәжірибе Абылайдың ел өміріне ерте араласуына себепші болды. Бұқар, Үмбетей жыраулардың т.б. ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, Абылай 20 жасында қан майданда ерлігімен танылған. Бұқардың Абылайға Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің деуі осының дәлелі. Қай жылы туса да, 1730-1733 жылдары аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде: күйеу баласы) Шарышты өлтіреді.Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналды. Бұдан соңғы жерде Әбілмансұр есімі ұмытылып, Абылай атанды. Кейбір деректерде Абылайдың анасы түркмен күңі болған. Он екі жасында әкесі жоңғар Цеван Рабданның қолынан қаза болған. Жас кезіндегі лақап аты «Сабалақ» болған. Оған бұл лақап атты Ташкенттен он шақырым жердегі Қарақамыс деген жерде Төле бидің түйелерін бағып жерген кезде бидің өзі қойған. Ел арасында соғыста көрсеткен ерлігі үшін жиырма жасында танылған. Жиырма бес жасында таққа отырған. Абылай ханның кеңесшісі ретінде Бұқар жырау қасында болған.