«Абай жолы» романының «Қайтқанда» бөлімі бойынша Қойылым Оқудан қайтқанда Қатысушылар: Бала Абай, Байтас, Жұмабай, Құнанбай, Ұлжан, Зере, Айғыз,жеңгелері Ауыл адамдары: - Жолаушылар келе жатыр!
- Қалашылар, қалашылар келеді!
- Анау Абай, Абай ғой, айналайын-ай! Апасына айтайыншы...
- Бәсе, Телғара ғой... жаным-ау, мынау... Телғара! Әпкеме айтайьшшы, (Аттылар үйдің сыртына келе бергенде алдарында, сол үлкен үй мен күншығыс жағына тігілген қонақ үйдің екі арасында бұларды күткен бір топ жан тұр екен. Бала көп ішінен, ең алдымен өзінің шешесін көріп, соған қарай жүре беріп еді.)
Шешесі: - Әй, шырағым балам, әуелі аржағыңда әкең тұр... Сәлем бер!
(Абай жалт қарап барып жаңа көрді. Анадай жерде, қонақ үйдің сыртында, қасында екі-үш үлкен кісі бар - әкесі Құнанбай тұр екен. Ыңғайсыздықпен қысылып қалған бала, шешесінің сондайлық салқын сабырының мәнін ұқты да, әкесіне қарай тез бұрылды.)
Байтас,жорға Жұмабай: Ассалаумағалейкум, Құнеке!
Абай: Ассалаумағалейкум, әке!
Құнанбай: Уағалейкумассалам, ат-көліктерің аман жеттіңдер ме?
Байтас, жорға Жұмабай: Иә, аман-аман. Аман-есен жеттік.
Құнанбай: (Абайға)Балам, бойың өсіп, ержетіп қалыпсың-ау! Молда болдың ба? Бойыңдай боп білімің де өсті ме?
Абай: Шүкірлік, әке, ат барған соң, дәріс тамам болмаса да, хазреттің рұқсатын, фатиқасын алып қайттым.
Майбасар:Өзі, тіпті, көшелі кісі боп қапты!
Құнанбай: Бар, ана шешелерің жаққа бар, амандас, балам!
Қалиқа жеңгесі: Телғара! Айналайын Телғара! Соқталдай азамат боп кетіпсің-ау! (Жеңгелері, осы топтағы үлкен еркектің, ағалардың да бір-екеуі сүйіп жатыр)
(Абайдың өз шешесі Ұлжан мен екінші шешесі, сұлу жүзді Айғыз қатар тұр екен. )
Айғыз күліп: Пай, жаман қатындар сілекейлеп, баламыздың бетінен сүйер жер де қалдырмады-ау! (Абайды көзінен сүйді)
( Кезек өз шешесіне келгенде, ол сүйген жоқ. Қатты бір қысып, бауырына басып тұрды да, мандайынан иіскеді).
Ұлжан: (қатты қысып құшақтап) Айналайын, балам, аман-есен келдің бе? ...Әжеңе бар, әжеңе, әнеки! - деп үлкен үйдің алдына қарай бұрып жіберді.
Кәрі әжесі Зере: Жаман неме, маған бұрын келмей, әкеңе кеттің-ау! Жаман неме! -Қарашығым, қоңыр қозым... Абайжаным... – (деп кемсеңдеп, жылауға айналып кетті.)
Әжесі құшақтаған бойында Абай үйге кіріп отырды.
Шеше, жеңгелері: - Оқып болдың ба?
- Молда болдың ба? - деген сияқтыларды қайта-қайта сұрады.
- Елді сағындың ба, кімді сағындың?
Абай. - Оспан қайда? Ол қайда жүр?
Ұлжан: - Е, жүр-дағы, жынды неме... Бүгін осында маза бермеген соң, әжең екеуміз қуып шыққамыз, - деп әжесіне нұсқады.
Әжесі - Не дейді? Не деп жатырсыңдар, естімедім?
Абай: - Әже-ау, былтыр мұндай емес ең... Құлағыңа не болған, неге естімейсің? (әжесіне жаны ашып, құшақтап алдына жантайды)
Әжесі. - Балам-ай, әжеңде қуыс кеуде болмаса, не сымбат қалды?
Абай: - Жазыла ма өзі? Емдесе қайтеді?
Әжесі:- Үшкірсе, кейде ашылып қалады. Үшкірген жағады,
Айғыз (күліп) : Үшкірсе, мына балаң молда боп келді ғой. Үшкірт балаңа, - . Үлкендер: -Үшкірсін, баласы үшкіріп берсін.
- Сорлы кәрінің көңліне о да болса демеу ғой!.. –
(Абай аз күлімсіреп отырды да, бір кезде оқыстан, әжесінің басын құшақтай ап, сыбырлай күбірлеп, бір нәрсені шұбырта жөнелді. Жұрт аңыра қарап отырып, басында дұғалық оқып жатыр екен деп еді. Кәдімгі молдадай шарт жүгініп алып, түсін томсартып жіберіп, шешесіне төніп отырып):
-Юзі раушан, көзі гауһар,
Лағылдек бет ұшы ахмар.
Тамағы қардан әм биһтар
Қашың, құдрәт, қоли шиға. - деп, көпшілік ұға қоймайтын өлеңді шұбырта беріп:
- Қалай, құлағың ашылды ма? - деді.
Әжесі: - Е, жақсы боп қалды. Өркенің өссін, балам! -деп алғыс айтты.
Қамысбай келді де: - Абай шырағым, сені әкең шақырып жатыр, - деді