Өмірдің мәні! Адамның жан дүниесін терең зерттеген психолог ғалымдар мынадай анық ақиқатты байқаған. Жас адам саналы ғұмырын бастамай жатып ауыр трагедияға ұрынып, оның бағалы тағдыры қайғы мен қасіретке айналғанда түпкі себебі біреу деген. Жап-жас өрімдей жігіт немесе қыз баласы өзінің өмірге не үшін келіп, не үшін өмір сүру керек екенін ұмытып, ақылы шатасқанда оның тағдыры қайғы мен мұңға тола бастайды. Сондықтан кез келген қоғамдық дерттен жас ұрпақты аман алып қалу үшін оларға өмірдің мәні мен тіршіліктің ақиқат тірегі туралы шындықтарды анықтап беру ең маңызды шаруа. Күндердің күнінде белгілі бір өткелге жеткен кезде кез келген адам баласын «Адам не үшін өмір сүреді?» деген сұрақ мазалайды. Бұл сұрақ кез-келген екі аяқты ақылды пенденің отыз жастың орта шеніне келгенде сүрінетін сауалы.
Психология ғылымының ғұламалар былай дейді. Кез-келген істі атқарып, оны соңына дейін жеткізіп жасағанда оның мәні мен мағынасы адамның жүрегіне айқын сезіліп тұрмаса пенде ол істен міндетті түрде жалығады. Адамның басқа мақұлықтардан айырмашылығы сонда мәні кеткен, мағынасы жоғалған жұмыстарды жасаудан жалығып, ақырында мезі болып, ол істен түбегейлі бас тартады. Мән мен мағынаны тауып, сезу жолында тазалық пен әділдік міндетті түрде болуы шарт. Адам жанының қалауы сол. Адамның өміріне лас заттар көп араласа беретін болса, адамның денесіндегі таза, пәк жан жаман күнәләрға белшеден бата беруден бас тартып қашады. Орыстың психолог ғалымы Леоньтев «ащы кәмпит феномені» деп аталатын тәжірбие жасаған. Мектеп жасына толмаған сәбиге екі түрлі міндет жүктейді. Бала бұл жұмыстарды бір орында қаққан қазықтай қозғалмай, шағын шеңбердің аясында орындауы шарт. Бірақ бұл мүлде мүмкін емес еді. Бала тапсырманы бір жерден екінші бір жерге қозғалғанда ғана орындай алады. Егер бала тапсырылған міндетті бір орында бұлжытпай орындаса, ақысына тәтті кәмпит алады. Бірақ бала әрі ойланып бері ойланып, тапсырма тек қозғалған жағдайда ғана толық бітетінін түсінеді. Енді тәжірибе жасаушы ғалым бөлмеге сәбиді жалғыз қалдырып, өзі сырттан бақыламақ болады да бір сылтау айтып бөлмеден шығып кетеді. Осы сәтті пайдаланған сәби шартты бұзып, жылжып барып айтқан тапсырманы орындайды.