Ақындар мен жыраулар, саясаткерлер мен батырлар, хандар мен қолбасшылар, айтыскерлер мен ертекшілер, билер мен серілер – бәрі де өздері өмір сүрген заманның объективті құбылыстарын тілге тиек, ойға өрнек етіп, әр түрлі деңгейде, бірақ жалпы алғанда жартылай даму тенденциясы шеңберінде қазақ халқының қоғамдық саяси, мәдени, сайып келгенде, философиялық ойлау жүйесінің құрылымын жасады.
Шалкиіз шығармаларының өзіндік ерекшеліктері – ондағы философиялық толғаныстардың молдығы. Көркем шығарма қашан да сол заманның, сол кездің ой-өрісімен салыстырыла бағаланбақ. Шалкиіздің философиялық ойлары ұзақ толғанып, өз заманын нәзік түсіне білуінің жемісі. Бұл ерекшеліктер жыраудың шалқар даналықтың, терең ақылдың иесі болғандығын көрсетеді. Осыдан келіп біздер Шалкиіз ойларының, шығармаларының өміршендігін, арада төрт жарым ғасырдай өтсе де ұрпақ жадында ұмытылмай сақталуының сырын ұғамыз. Белгілі ғалым әрі жазушы Мұхтар Мағауин: «Шалкиіз – новатор еді – дейді. – Ол қазақ поэзиясындағы философиялық бағыттың негізін салды. Бұл тұрғыдан алғанда Шалкиізді қазақтың барлық жырауының атасы деуге болады. Өзінің философиялық афористік поэзиясы – толғауларында Шалкиіз ойлылықтың, көркемдіктің шыңына шықты. Қиыннан қиыстыру, нақтылық, ықшамдылық, ойнақылық, сонымен қатар тереңдік – Шалкиіз поэзиясының ерекшелігі. Бұл жағынан алғанда қазақ жырауларының ешқайсысы да онымен белдесе алмайды».
Халидидің айтуынша, Ақтамберді – ойраттармен күрес дәуірінде қазақ қолының басында жүрген аруақты ерлердің бірі. Ақтамберді шығармалары нақыл сөздерге, афоризимдік толғауларға толы. Қазақ халқының болмысы, тіршілік тынысы, ерекшеліктері, сол кездегі тарихи оқиғалар оның толғауларынан ерекше айқын көрінеді.
Ақтамберді бүкіл ел мүддесін, ру, ата намысы емес, иісі қазақтың намысын қуады, елді ерлікке, бірлікке шақырады.
Дұщпаннан көрген, қорлығым
Сары су болды жүрекке,
Он жетіде құрсанып
Қылыш ілдім білекке,
Жауға қарай аттандым,
Жеткіз деп, құдай тілекке!
Ақтамберді, өзінен бұрын өткен Доспамбет, Шалкиіз дәстүрлерінен әрі қарай жалғастырушы болып табылады.
Ақтамберді жырларында көшпелі қазақтардың ой арманы, мақсат мүдделері, олардың бар болмысы, ерекшеліктері, дүниеге өзіндік көзқарасы аңғарылды. Бұған жыраудың «Күлдір-күлдір кісінетіп» деп басталатын ұзақ толғауы дәлел бола алады.
Бұқар жырау (XVII-XVIII) XVIII ғасыр жыраулары ішіндегі ең көрнекті кесек тұлға – Бұқар жырау Қалқаманұлы шамамен 1668 жылдары дүниеге келді. Бұқар өмірін тұңғыш зерттеуші Мәшһүр Жүсіптің айтуына қарағанда және өз шығармаларынан да көрінетіндей, Бұқардың, тіпті, сауып ішер малы, мініп-түсер аты да болмайды.