Қазақ тарихындағы Қазыбек бидің алар орны Баймағамбетов Ерлан Русланұлы



бет1/2
Дата22.12.2023
өлшемі76,5 Kb.
#142665
  1   2
Байланысты:
Қазақ тарихындағы Қазыбек бидің алар орны


Қазақ тарихындағы Қазыбек бидің алар орны

Баймағамбетов Ерлан Русланұлы
Халықтың рухани-мәдени өміріндегі ең бір аяулы, ең бір ардақты өнердің бірі- шешендік өнер. Осынау қасиетті өнердің туын асқақтата желбіреткен көсем ойлы, тапқыр тілді, сұңқар үнді ділмәр-шешен билер қазақ сахарасындағы демократияның жандануына, темірдей берік тәртіптің, имандылықтың, ізгіліктің қанат жабына жойқын әсер етті. Толқынды топтың алдында аса еркін, асқан мәнерлі, құйқылжыта айтылған парасатты, кесімді, шешен сөз халық санасында өшпес өнеге, қасиеті кие ретінде қабылданып, ұлттық сөз өнерінің айдынына құйылған нағыз кәусар бұлақ еді.
Қазақ хандығының мемлекеттік құрылысының өзіндік ерекшелігі, халық өмірінің ерекше жағдайлары мен өзіндік өзгешелігі бар қоғамдық бағыт «билер сөзі», «билер айтысы», «билер дауы», «төрелік айту», «шешендік сөздер» деп аталатын көркемдік мәдениеттің бірегей түрін туғызды. Әдебиеттің бұл түрін шығарушылар негізінен XV-XVІІ ғасырларда қазақ хандығында, сондай-ақ XІX ғасырда, Қазақстан бұл кезде Ресей империясының құрамында болса да, қазақ қоғамында сот ісін жүргізумен айналысқан билер болатын. «Билер соты,- деп жазды Ш.Уәлиханов,- орыстардың 40 жылдық ықпал жасағанына қарамастан, ол жүздеген, бәлкім, бізге дейінгі мың жыл бұрын қандай болса, сондай болып қала берді» [1].
Билер туралы айта келіп, Ш.Уәлиханов былай деп жазған: «... шешендік өнермен ұштастырылған сот ғұрпындағы терең білім ғана қазақтарға осынау құрметті атақ берген. Би атағын алу үшін қазақ өзінің заң білімін және шешендік қабілетін халық алдында талай рет көрсету керек болған» [2].
Ұлтының ұлы мұраттары мен ұлылығы, ірілігі мен бірлігі, саналығы мен пәктігі, есендігі мен еркіндігі, намысы мен ынтымағы үшін, тәуелсіздігін қорғау, тұтастығын сақтау, корғаныс қабілетін күшейту жолында күш-қуатын, білім-ілігін сарқа пайдаланған, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген сол бір заманның жарқырап туған жарық жұлдыздары, мемлекет мәмлегері Үйсін Төле бидің, Қаз дауысты Қазыбек бидің, айыр тілді Алшын Әйтеке бидің таспадай өрілген, кестедей төгілген тұрлаулы, тұжырымды билік кесімдері, үлбіреген нәзік сезіммен, жан толқытарлық ғажайып құлшыныспен, терең тебіреніспен айтылған айшықты да асыл ойлары аспандай көнермейді, көктемдей қартаймайды.
Осы уақытқа шейін шешен-билердің мейлінше дәл, ұтымды сөздері көркем сөз ретінде қарастырылып келгені белгілі. Негізінде, шешен-билер мемлекет тағдырын шешетін шынайы тұлғалар. Мемлекеттің көсегесінің көгеруі, дамуы, нығаюы нағыз шешен-билердің тегеуріді өнерімен, өнегесімен, қызметімен тамырлас. Ол-тәртіптің тұтқасын ұстаушы, ұлтының салт-дәстүрін, рухани болмысының қасиеттерін, ерекшеліктерін бойына дарытқан текті тұлға, ереже-қағидаларына жүйрік әрі жетілдіруші дархан дарын, әлеуметті ілгері сүйрейтін, қызғыштай қорғайтын, жақсылыққа үндейтін үлгілі ұйымдастырушы.
Алмағайып заманда қазақ көгіне үркердей болып ұшқан Төле Әлібекұлы(1663-1756), Қаз дауысты Қазыбек Келдібекұлы(1665-1758), мен Әйтеке Байбекұлы бытыраған халқының басын қосып, көшін түзеп, шешендік те, көсемдік те қасиет танытты. Ел аузындағы аңыздар мен әңгімелер, шешендік сөздер мен толғауларда олардың биік болмысы, асқан азаматтығы мен керемет көрегендігі әр қырынан жарқырап көрінді. Алайда асыл бабаларымыз қаншама азаттық пен асыл мұрат жолында бір-бірімен қиыспас, ажырамас болса да олар туралы тарихымызда, әр түрлі басылымдарда деректер мен мағлұматтар там-тұм кездесіп қалады, әр жерде шашырап жүр.
Енді сол ұлы билеріміздің ішіндегі қаңқылдаған даусымен, тауып сөйлеген шешендігімен ел аузында қалған Қаз дауысты Қазыбек биге кеңірек тоқталып өтемін. XVІІ-XVІІІ ғасырлардағы үш ұлы биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ел аузындағы әңгімелер-аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиетімен салт-дәстүр, рәсімдерін, ата жолы заңдарын толық меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын аңғартады. Қазыбек бидің кемеңгерлігі, жастайынан сөзге шеберлігі адамды таң қалдырады. Қазыбек бидің баспасөз беттерінде айтылмай келе жатқан бір қыры – оның әулиелік қасиеті. Табиғаттың берген бұл сыйы жөнінде тарихи деректі мағлұмат жоқ. Алайда, ел ішінде қысылып, тарыққан ағайын жұрт «Қаз дауысты Қазыбек бабам, қолдай гөр!» деп оның рухына сыйынуды дәстүр еткен. Қаз дауысты Қазыбекті үш қырынан қарастырған жөн:
Біріншіден – асқан шешен, ақын болған кісі.
Екіншіден – ел басқарған дау-жанжалды шешкен, әділ қазы.
Үшіншіден ол – халықаралық дәрежедегі елші –дипломат, қоғам қайраткері.
Қаз дауысты Қазыбек би туралы мәліметтер өте аз. Кейбір кітаптарда ғұмыры жайлы деректемелер болжамдалып жасалған. Қаз дауысты Қазыбектің оқыған жерлері, алған білімі туралы нақты дерек жоқ. Тек оның нақыл сөздері, шешендігін паш еткен жұрт алдындағы әңгімелері, т.б. кездестіреміз. 1992 жылғы жарыққа шыққан «Егемен Қазақстан » газетінің бастаумен шығарылған «Үш пайғамбар » атты үш биге арналып шығарылған (Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би туралы) кітапта билер туралы мәліметтер айтылып кетеді. Қазақстан тарихы кітабында Қазыбек биге барынша, айрықша тоқталып өткен. Қазыбек бидің қайраткерлік өнері мен шешендік өнері туралы А.И.Левшин, Ш.Уалиханов, Ш.Маржани, Б.Адамбаев, Н.Төреқұлов, т.б. зерттеулері сақталған. Жазушы Сматаевтың «Елім-ай» романында кемеңгер бидің келісімді тұлғасы жасалған. Қазыбек бидің әдеби мұрасы әр жылдарда баспадан жарық көрген шешендік сөздер жинақтарына енгізілген.
Қазыбектің дарындылығын, шешендігінің дәлелі ретінде оның артында қалған нақыл сөздерін оқу, болашақпен ұштастыру. Ұлағатты сөздерін өмірде пайдалана білу, яғни, келешек ұрпаққа оның асыл, өшпес мұраларын таныстырып, оқып үйретуіміз міндетті.
Қаз дауысты Қазыбек би туралы ғылыми жаңалықтар жоқтың қасы деуге болады. Яғни, би туралы нақты мәліметтер жоқтың қасы деуге болады.(Туған жері нақты келтірілмеген,т.б.) «XVІІІ ғасырлардың батырлары туралы тарихи аңыздар» атты мақаласында Ш.Уәлиханов былай дейді: «Үш жүздің батырларынан сіз кімді артық көресіз? » –деп Абылайдан сұрағанда, ол былай деп жауап беріпті: «Бізге дейінгі екі кісіге таң қалуға болады. Олар тоқсан туысын құтқарған Қаракесек Қазыбек және тағы сондай өзінің тұтқында кеткен адамдарын босатып алған Уақ Дербісәлі».
Тарихи жазба деректерді сөйлетсек, кемеңгер би 1667 жылы Қарағанды облысының қазіргі Қазыбек (Егіндібұлақ) ауданының аумағында өз руының билеушіі және әйгілі би Келдібектің отбасында туып, өз тегіне лайықты тәрбие, білім алған (кейбір деректемелерге сүйенсек, Сыр бойында дүниеге келген, 97 жасында, яғни 1764 жылы көз жұмған). Ол жасөспірім кезінен алғыр ақылымен және ақындық дарынымен ерекшеленіп, жас шағынан-ақ тапқыр сөздерімен және әдетті, шариғат, ата-бабалардың поэтикалық мұраларын білгіштігімен аты шыққан Қаз дауысты Қазыбектің тегіне, затына, сүйегіне зер салсақ, Орта жүздің Арғын тайпасының Қаракесек (Болатқожа) руынан шыққан. Әйгілі ділмар Шаншар абыздың немересі, Бұлбұлдың шөбересі. Ал, өз әкесі Келдібек би. Анасының есімі- Тоқмейіл. Қазыбек – осы Тоқмейілден туған алты баланың ең үлкені екен.Қазыбек биден- бекболат би, бұдан-Тіленші би. Тіленші би баласы – Алшынбай би (Құнанбай қажының құдасы, Абайдың атасы), Алшынбайдан Бәпи тарайды. Атақты әнші-композитор Мәди- Бәпидің ұрпағы [3].
Қаз дауысты Қазыбектің кіндік қаны тамған топырағы, туған мекен-жайы ешбір хат-шотта сақталмаған. Долбармен жобалап даңқты бабамызды Сыр бойында туыпты деп нақтылап айта алмай, жалпылап көрсетіп кетіп отырмыз. Өйткені, он жетінші ғасырдың екінші жартысында Жоңғар хандығының басым түсіп отырған шабуылының әсерінен ата қонысынан ығысқан қазақ жұртының Алтай мен Арқаны еріксіз тастап, Сыр бойы мен Қаратау өңіріне жөңкіле құйылғаны тарихқа мәлім. Қаз дайысты Қазыбек те біздің есебіміз бойынша да, бірнеше тарихи жазба деректердің көрсетуі бойынша да 1667 жылы соң өңірде туып, 1764 жылы тоқсан жеті жасында дүниеден өткен екен.
Тоқмейілдің әкесі Сүлеймен деген кісі осынау ғұлама жанмен көрші болу үшін қасына әдейілеп көшіп келмесе, Келдібек пен Тоқмейілдің бір-бірімен кездесуі, отар құруы жайындағы ел аузында аңыз болған оқиға таралмас па еді, халықтың кемеңгер көсемі болған Қаз дауысты Қазыбек өмірге келмес пе еді. Әрине, себепке себеп десек те, талғампаз тағдырдың кей-кейде қиыннан қиыстырып, алысты жақындатып, болмасты болдыртып, осындай бір құдіреттерді жасай алатынына таң қалмасқа және болмайды. Қалай десек те, 1667 жылы шыр еткен іңгәсімен дүние есігін ашқан нәресте-өсе келе Үйсін Төле бимен, Алшын Әйтеке бимен терезесін теңестіріп, қазақ халқының кемеңгер үш биінің бірі – Қаз дауысты Қазыбекке айналып еді.
Қазыбек Келдібекұлы – он сегіз жасынан бастап қазақ елі басынан кешірген тағдыр тауқыметінің, алмағайып замана оқиғаларының куәгері, орта жүздің төбе биі, шешендік өнердің маңдай алды өкілі ретінде еліміздің тарихында мәңгілік орын алған аса ірі тұлға. Қаз дауысты Қазыбек би аумалы – төкпелі, күрделі, қилы заманда ғұмыр кешті. Кең-байтақ қазақ жерін бір бүйірден Жоңғар хандығы, екінші бүйірден Ресей империясы, үшінші бүйірден Бұхар мен Хиуа хандықтары әбден мазасын алып, әз әзілдік көрсетіп отырды. Жан-жағынан анталаған алпауыттарға қарсы Тәуке хан икемді саясат жүргізді. Сонымен бірге қазақ қоғамындағы жат құбылыстарды, адам бойындағы келеңсіз міндерді құртып-жоюмен шұғылданды. Қоғамды небір дерттерден сауықтыру мақсатында Тәуке хан Үйсін Төле биді, Алшын Әйтеке биді және Қаз дауысты Қазыбек биді «Жеті жарғы» ережесін жасауға жұмылдырды. Ол қазақ халқының біртұтас, дербес мемлекетін құруға және оны нығайтуға қатынасқан ірі мемлекет қайраткері. Сонымен бірге Қазыбек өз тұсындағы қазақ хандарының ақылшысы, мемлекет аралық шиеленістерді бейбіт жолмен реттеуді жақтаған парасатты елші – мәмлегер, дипломат та бола білген. Қазыбек бидің ықпалына қазақ хандары ғана емес, ұлы империялардың әкімшіліктері сүйенген. Атап айтқанда, 1761 жылы Қытай империясының елшілігі, 1762 жылы орыс мемлекеті әкімшілігінің өкілдері әкімшілігінің өкілдері оған арнайы келіп қайтқан.
1680 жылы, Қазыбек он үш жасқа толғанда кейін де әз Тәуке атанған Тәуке қазақ хандығының тағына отырған еді. Есім ханның кезінде «Алты алаш» атанып: қазақтың үш жүзімен ноғай, башқұрт, өзбек құраған қазақ далаындағы хадықтың бірлігі әлсіреп, ноғай, башқұрт, өзбек одақтары ыдырап, енді «төрт алаш» атауымен үш жүзге қырғыз ұлысы қосылып, Тәукенің қол астына жиналып қалған еді. Осы төрт алаштың басына төрт биді – Ұлы жүзге Төлені, Орта жүзге Қазыбекті, Кіші жүзге Әйтекені және қырғыз биін қырғыз ұлысына қойып, солар арқылы ел басқару тізгінін өз қолында ұстап отырған [4].
Қаз дауысты Қазыбек Жоңғария хандығына елшілік, мәмлегерлік жолмен үш рет барған. Бұған ел аузындағы аңыз-әңгімелер куә. Жол бастаған көсемнің, сөз бастаған шешеннің атақ-даңқы бірінші рет атқосшы ретінде барғанда-ақ шыққан. Жобамен айтқанда, XVІІ ғасырдың 80-жылдарына сәйкес. Жас шамасы 14-15-тегі кезі. 1680-84 жылдарда жоңғарлықтар қазақ даласына ойран салып, мал-мүлкін алып, кісілерін тұтқындап, қанды қырғынға ұшыратқан. Бұл кезде ел тізгінін ұстаған Тәуке хан еді. Қалмақ қонтайшысы Қалдан Бошақту (кейде Қоңтәжі деп аталады) еліне Тайкелтір би бастаған елшілер тобын ұйымдастырған Әз-Тәуке тәрізді. Сонда Әз-Тәуке дана биге Қазыбек баланы тапсырып, жауды алмас қылышпен ойсыратып жеңуге болады, мылтықпен дәлдеп атып жер жастандыруға болады, сегіз қырлы сексен сөзбен тереңнен толғап, елжіретіп жеңуге болады деген екен. Мал-жанды тегіс құтқарып, дүние-мүлікті қаз-қалпында Отанымызға алып қайтыңдар деп батасын берген екен.
Би XVІІІ-ғасырдың 40-жылдардың басында Сыр бойынан Арқаға қарай ауа көшіп, Ұлытау, Қарқаралы өңірін қонысқылып, Семізбұғы тауының беткейлерін жайлаған. Қазыбектен: Бекболат, Қазымбет, Базаркелді, Барқы, Сырымбет есімді бес ұл, Маңқан (Қамқа) деген бір қыз туған, Қазыбектің ұрпақтары ата-аба жолын қуып, сөз ұстаған парасатты әділ қазылар атанған.
XVІІ-XVІІІ ғасырлардағы үш ұлы билердің бірі – Қазыбек би. Ол алдында ешкімге дөс бермейтін дарынды шешен болған. Ол туралы аңыздар өте көп. Әсіресе, билермен әңгімелескен сөздері көптеп кездеседі.
Уыздай жас Қаз дауысты Қазыбектің тапқырлығы мен алғырлығы, зерделілігі мен саналығы, батырлығы мен батылдығы арқасында қазақ елшілерінің жорытқанда жолы болып, айы оңынан туып, атамекеніне қанаттанып қайтады [6].
Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Қаз дауысты Қазыбек жоңғар хандығына үш рет елші болып барған көрінеді. 1741 жылы Қалдан Бошақту Абылай сұлтанды қолына түсіреді. Аяқ-қолына кісен салып, екі жыл зынданда ұстайды. Абылайды тар қапастан құтқару оңай емес-ті. Алдағы уақытта қазақ мемлекетінің тағдырын өз қолына алатын біртуар перзентті, әрине, Қаз дауысты Қазбектің дұшпанының құрған торынан азат етуі үшін оның елден асқан өнері, дарыны, айласы, кемеңгерлігі мен көрегендігі, тереңдігі ен жүректілігі қажет-ті. Сайын Сахара турасында І Петр патшаның «Қазақ даласы - күн нұрына мейлінше шомылған Орталық Азия елдеріне баратын жолдың кілті мен қақпасы» деп шегелеп айтқаны белгілі. Ендеше, Ресей майлы шелпекті оңайлықпен уысынан шығармас еді. Оның сыртында қалың Қытай мен Хиуа, Бұқар хандықтары аш қасқырдай алақтап, түгіңді қоймай жұтып қойғалы тұр.
Оқ-дәрі, мылтықпен қаруланған Жоңғар хандығы міз қақпайды. Оның талабы Ресей патшалығы мен ат құйрығын кесісіп, Жоңғар хандығына бас иіп бағынуды қалаған-ды. Және сол кезде қазақтан шыққан хандар, сұлтандар, батырлар «ақ үйлі аманат» берсін деді. Бұл тұста Ресей сыртқы істер коллегиясының әмірімен Пенза горнизоны жаяу әскер полкінің майоры Карл Миллер жоңғар қоңтайшысы Қалдан Бошақтуға қазақтың Орта жүзі мен Кіші жүзі Ресей қарамағында, сондықтан оларға тізе көрсетпеңдер, әйтпесе, меселің қайтып, мүшкіл халге түсесіңдер, сондықтан Абылай сұлтанға еркіндік беріңдер, бір-біріңе кеткен боздақтардың обалына қалмаңдар деп бұйрық шығарады. Мінеки, осынау күрделі, қайшылықты жағдайларды жіті түсініп, ұтымды пайдалана білген Қаз дауысты Қазыбек Абылай сұлтанды 1743 жылы босаттырып алады [7].
Қаз дауысты Қазыбектің әділдікке, дұрыстыққа, туралықа суарылған келісті кесім биліктері, сұлулық пен мөлдірлікке ие алғыр-тапқыр лебіздері өлшеусіз тереңдігімен, өнегелі пайым-парасатымен, даналық қорытындыларымен ерекшеленеді. Дана бидің сұңғылалығы мен көшелігі мына бір жағдайда байланысты саралап билік айтқаны айғақ. Әбілқайыр ханды 1748 жылдың тамыздың 24 күні Барақ сұлтан қастандықпен өлтіреді. Қазақ аспанына қара бұлт үйіріліп, елдің еңсесі түсіп, сергелдең шақ туады. Заманынан озып туған Қаз дауысты Қазыбек Көкжал Барақтың сұмдық зұлымдығын әшкерелеп, төрелік айтады:
-Уай, Барақ! Елдің саулығын қашырып, қаскөйдің жаулығын бастадың сен. Бәрінен де бұрын сен адамзаттың өмірін ұрлап, өлімге орын босаттың. Ханыңды қарадай өлтірсең, халқыңды қандай қырарсың. Жауыздық қақпасын ашсаң, қанын судай шашарсың. Ал, егер еліңді ығыр қылғың келмесе, жүрегіңнің ізгілігі өлмесе, тесікті өзің бітеп, жараны өзің жазып ал. Өлген тірілмейді, өшкен жанбайды. Өлгеннің ісін жалғастырып, өшкеннің отын тұтатсаң, өмір азбайды, шырақ қайта маздайды.
Сөйтіп, түйдек-түйдек толғаныстарымен Барақ сұлтанды ақыл тұзағына түсіріп, тобықтан қағып, топалаң асырады. Көпке топырақ шаша ала ма, өр көкірек, тәкәппар, менмен Барақ сұлтан Қаз дауысты Қазыбектің тегеурініне шыдамай, басы жерге жеткенше иіліпті [8].
Жоғарыда келтірілген мәтінде Қазыбек бидің айтқандары – мейлінше поэтикалық сөздер және экспрессиялық-сезімдік зор күшімен ерекше. Автор қарсыласына қысым көрсету мақсатымен көркемдік бейнені қолданған. Автордың өзімен оның қарсыласының метафоралық бейнелері Қазыбек бидің поэтикалық талантының зор екенін және оның сөздері бейнелі пайдалану шеберлігін жетік меңгергенін дәлелдейді. Бұл Қазыбек бидің ол әр түрлі жағдайларда айтқан басқа туындыларынан да аңғарылады және олардың көркемдік қасиеттері Қазыбек үшін би-шешен ретінде не туралы айту ғана емес, сонымен қатар, қалай айту да маңызды болғанын көрсетеді.
Қазыбек би Қазақ тарихында даналығымен, даралығымен, шешендігімен ерекшеленеді. Оның қаңқылдаған сөзіне, тауып айтар сөзіне барлығы таң қалған. Қазақ тарихындағы деректерге сүйенсек, бірде Қаз дауысты Қазыбектің тапқырлығы мен шешендігін өз құлағымен естіп, көз жеткізгісі келген бір білгер адам оған: Кім жақын? Не қымбат? Не қиын? – деген үш сұрақты қатарынан қойса керек.
Қазақ тарихнамасында Қазыбек бидің алатын орны зор. Негізінен, тарихнама ауыз әдебиетімен тікелей байланысты. Яғни, Қазыбек би ауыз әдебиетіне өзіндік үлесін қосқан ұлы тұлғаларымыздың бірі. Қазыбек бидің қазақ ауыз әдебиетінде маңызды орын алатын шешендік, ұтымды сөздері, халықты бірлікке, татулыққа шақырған сөздері, әр түйінді шешетін тілмарлығы халықты қызықтырды және әлі де қызықтыруда.
Күлтөбе – орта ғасырларға жататын бекініс орны. Жазба деректерде «Жылан-қарауыл» бекінісі. Шымкент облысының Созақ ауданына қарасты «Энгельс» совхозының оңтүстігінде 4 км жерде, Қаратаудың шығыс берісіндегі Қарақұр сайының ішінде. Күлтөбе бекінісінде археолог С.Жолдасбаев 1971 жылдан қазба жұмыстарын жүргізіп жүргізіп келеді. Қазба жұмыстарының нәтижесінде тұрмысқа пайдаланатын заттар табылған. Күлтөбе тұрғындары б.з. XІІІ-XVІІІ ғасырлары аралығында өмір сүргенін дәлелдейді [10].
«Күлтөбенің басында күнде жиын» деген халық аузында тарап кеткен сөз бар... Күлтөбенің басында қазақтың атақты үш биі, батырлар және шешен кісілер бас қосып отыратын болған. Бір күні Күлтөбенің басында үлкен жиын аяқталып, хан сайланып, жер мен жесір дауын шешу секілді біраз мәселелер қаралып, мәміле болғаннан кейін үш би қайтар алдында: — Ертең қайтамыз, біз барған соң елдің жасы үлкен қариялары, білікті жастары: «Үш би ұлы жиналысқа қатысты, көп мәселелерді шешті, ал бір-бірімен қоштасарда не деген екен?» деп сұрай қалса, «Біз былай дегенбіз» дейтін, немесе, «Билер былай деген екен» деп жұрт айтып жүру үшін артымызға бір-бір ауыз сөз қалдырайық, -деп келіседі.
Біздің Мөртөбеде, Күлтөбеде, Қарақұмда мәслихат құрған бабаларымыз да бұндай мәселеге ерекше мән берген. Бір өңкей Төрежақ, қожажақ, не қаражақ болып кетпеген. Үлкен тарихи сын кезеңдерде халықтық бұқараның саяси ықпалы артып отырған. Ел басына қандай кезеңнің кез келуіне байланысты біресе абыздық, біресе нояндық қауымның ықпалы басым түсіп отырған. Тәуке заманының бастапқы кезінде билердің, аяқ кезінде батырлардың үстем түсуі де сондықтан. Тарихшы Н.Г. Аполлова 1710 жылғы Қарақұм құрылтайы ел басына түскен жағдайды байланысты батырлардың басым түскен жиыны болды деп бағалауының әбден жаны бар.
Қорытындылай келе, бала би деген аттан дана би деген атаққа дейін көтерілген Қазыбектің ғұмыр жолы он жетінші, он сегізінші ғасырлардағы қазақ халқының аса бір қилы кезең, дүрбелең шытырман оқиғаларымен тікелей байланысты.
Қаз дауысты Қазыбек би елге сіңген еңбегімен, аңызға айналған шешендік сөздерімен тарихта дана да, дара тұлға. Ол жас кезінен халық алдында шешендігімен, тапқырлығымен көзге тарих беттерінде қалды. Жас Қазыбектің асқан қабілеттілігіне көз жеткізген Орта жүз руларының ақсақалдары мен билері оны сот қарауға тартады, сөйтіп ол өзінің тапқырлығымен, біліктілігімен және таңғажайып шешендік қабілетімен жалпы жұртқа танымал болады. Халық арасында зор беделге ие болған Қазыбек би, Төле би және Әйтеке билер мен қатар Тәуке, Сәмеке, ал онан соң Әбілмәмбет және Абылай хандардың кеңесшісіне айналады, мемлекетті басқаруға белсене қатысып, хандықтың ішкі және сыртқы саясатына ықпал жасайды. «Жеті жарғыны» жасауға қатысады. Абылайдың басқаруы кезеңінде дипломатиялық өкілдік те атқарып, жоңғарларға қарсы күресті ұйымдастырады. Жоғарыда айтып өткендей, XVІІІ ғасырдың 40-жылдарында Абылай ханды жоңғарлардың тұтқынынан босатуға қатысқан қайраткерлердің бірі [11], дегенмен де өзін белсенді сыртқы саяси қызметтен шығарып тастағысы келген ханмен барлық уақытта бірдей уақытта жақсы қарым-қатынаста бола бермеген [12].
Қазыбек би жүз жастан астам жасап, Қарқаралы тауларына жақын жердегі өзінің рулық ата-қонысы жерінде қайтыс болған. Түркістан қаласында, Қожа Ахмет Йассауи кесенесіне жерленген.
Басқа би-шешендер сияқты, Қазыбек бидің де әдеби шығармашылығы Орта жүздің жетекшісі, сот ісін жүргізуші және дипломат қызметінен ажырығасыз, сондықтан оның сот ісін қарағанда немесе Жоңғар әміршісі Галдан-Церенмен келіссөз-пікір сайыстарда сөйлеген сөздері қара сөзбен айтылған афоризмдер мен өлеңмен арнау не қарсыласының сөзіне қайтарылған жауап түрінде болып келеді. Оның шығармашылығында оның әріптестері не әңгімелесушілері айтатын даналық жұмбақтарды немесе ишара және астарлы сөздерді поэтикалық жолмен шешуде кездеседі.
Жоғарыда қарастырып өткен аңыздарда айтылғандай, Қазыбек бидің сөздеріне Галдан-Церен еш жауап қайтара алмай, оның барлық талаптарын қанағаттандырған. Қазыбектің бұл әрекетіне, оның ақындық дарынына кезінде Абылай хан сүйсінген. Абылайдан барлық үш орданың батырларынан оның ең құрметтейтіні кім екенін сұрағанда, ол былай деп жауап қайтарған: «Менің алдымдағы ерлердің екеуі қайран қалуға лайық: Галданнан 90 тұтқынды қайтарған қаракесек Қазыбек, ... Галданда өзім де болдым» [13].




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет