Қазақ тілінің орфоэпиясы туралы. Қазіргі таңда тіл біліміндегі өзекті мәселелердің бірі болып отырған сөздің айтылым
ерекшеліктері яғни орфоэпия заңдылықтары деп білеміз. Сөз дұрыс айтылуы үшін тілдің ішкі заңдылығына сай сол сөздің құрамындағы дыбыстардың түрлі өзгерістері мен алмасу
ерекшеліктерін сақтап, айтылым нормасы бойынша сөйлеуіміз қажет. Тілдік қатынас ауызша да, жазбаша да жүзеге асырылады. Тіл дамуының алғашқы кезеңі ауызша басталып, кейіннен жазбаша жалғасты.Сондықтан тілдің ауызша және жазбаша қалпының
талаптарын (нормасын) ажырата білу қажет. Орфоэпия (грекше orthos- дұрыс, epos- сөйлеу) тілдің ауызша берілу қалпын зерттейтін тіл біліміндегі бір ғылыми сала.
Қазақ тілінің орфоэпиялық нормасы сингармонизмге, сондай-ақ сөздің просодикалық
ұйымдасу заңдылықтарына арқа сүйейді. Қазақ тілі сөздерінің айтылымы жөніндегі алғашқы деректерді В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский сияқты түрколог ғалымдар еңбектерінен кездестіруге болады. Бұл орыс тілді зерттеушілер еңбектеріне зер сала отырып, олардың түркі сөздерінің дыбыстық ерекшеліктерін дұрыс жеткізу мақсатында үндестік заңына, әсіресе, ерін үндестігі табиғи қалпында айтылуына ерекше мән бергендігін байқаймыз. П.М.Мелиоранский өз еңбегінде қазақ тіліндегі сөздерді септеп, жіктеуге алған мысалдарында ерін үндестігін соңғы буынға дейін көрсетеді .
Орфоэпиялық сөздіктер құрастыру мәселесі кейінгі кезде ғана қолға алына бастаса да,
алғашқы түсіндірме сөздіктерде де түркітанушылар қазақтың ауызекі сөйлеу тіліндегі төл
сөздеріне ерекше назар аударғаны байқалады. Қазақ тілінің орфоэпиясы жөніндегі алғашқы
еңбектердің бірі М.Дүйсебаеваның зерттеуі болды. М.Дүйсебаева кейіннен қазақ тілінің
қысқаша айтылым сөздігін құрастырып, осы еңбегінде сөз ішіндегі, түбір мен қосымша
аралығындағы, қосымшалар жіктеріндегі және сөз тіркесі құрамындағы дыбыстардың
айтылым үлгілерін көрсетеді. Автор «қазақ тілінде ерін үндесуі екінші буында жиі ұшырайды, ал үшінші буында кейбір санаулы сөздерде ғана болмаса (көбелек, бөгелек, дөңгелек), ол көп кездеспейтінін» айта келіп, «Бұл сөздікті жасауда қазақ әдеби тілі орфоэпиясының төмендегідей заңдылықтары ескерілді»,-деп, 21 тармаққа сыйғызған орфоэпиялық заңдылықтарды баяндайды. Бұл заңдылықтардың дені қазақ тілі фонетикасында дыбыстар үндесуі, бір-біріне ықпалы, дыбыстар тіркесіміне байланысты т.б. жағдайларда айтылып келді.
Қ.Ниеталиеваның авторлығымен жарық көрген «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігінде» 15
мыңға жуық сөз бен сөз тіркестерінің айтылым үлгісі көрсетілді. Сөздікте қазақ тілі
дыбыстарының айтылымы үндестік заңына сай жүзеге асатынына назар аударылды. Ерін
үндестігі екінші буында анық байқалатындығын, ал үшінші буында оның күші әлсіз
болатынын көрсеткен. Қазақ тілінің орфоэпиялық нормасы ғалым Р.Сыздықованың «Сөз
сазы. Сөзді дұрыс айту нормалары» атты 1983 жылы жарық көрген еңбегінде жүйелі түрде
жан-жақты баяндалды. Бұл қазақ орфоэпиялық нормаларын ережелер түрінде жүйеленген
тұңғыш еңбек ретінде де маңызы ерекше болды. Автор сөз ағымындағы дыбыстардың тіліміз
табиғатына сай дыбысталуына ерекше назар аударып, сөйлеу барысында сөздердің бір
ырғақты топпен айтылу ерекшеліктері жөнінде де түсінік берген. Қазақ орфоэпиясы
заңдылықтарын бір жүйеге түсіріп, айтылым нормаларын 36 тармаққа сыйғызып баяндаған.
Қазіргі жазуымыздағы кейбір кемшіліктер тіліміздің табиғатына, дыбыстар тіркесіміне қайшы
келетіндігі, сондықтан бұл жағдай орфоэпиялық нормаға да кері әсер ететіндігі ескертілген.
Мысалы, адам аты-жөндерін қатар келген екі дауыссыз дыбыстан (Сланов, Смаханов,Смайлов
т.б.) бастап жазу дағдыға айналып бара жатқанын көрсетіп, «бірақ ол дағдыға, нормаға
ауыспауы тиіс» деген байлам жасайды. Орфоэпиялық талапқа сай сөйлеуде тіліміздегі ерін
үндестігінің табиғатына тереңірек үңіліп, оның сөз құрамындағы дыбыстарға әсерін танытуда
М.Серғалиев құрастырған «Қазақ тілінің қысқаша орфоэпиялық сөздігін» атап айтуға болады. Ғалым ерін үндестігінің екінші, үшінші буындарда айқын байқалатындығын, ал одан кейінгі төртінші, бесінші буындарда ерін әсері кемігені байқалатындығын айтады. Мысалы, өгіздеріңе деген сөзді өгүздөрүңе деп айтып, соңғы дыбысты жазылуынша (е) айтқан орынды деген пікір айтады. С.Мырзабеков «Қазақ тілінің айтылым сөздігінде» қазақ орфоэпиясының басты тірегі үндестік заңы деген қағиданы ұстана отырып, қазақ тілі сөздерінің үндестік заңына сай айтылымын, әсіресе, ерін үндестігінің сөз соңына дейін әсерін көрсетеді. Бұрынғы еңбектер авторлары ерін үндестігін екінші, кейде үшінші буыннан әрі асырмаған болса, С.Мырзабеков сөз соңына дейін ерін үндестігі сақталуын жақтап, қазіргі сөйлеушілер тілінде «Ғасырлар бойы айтудың нәтижесінде қалыптасқан ерін үндестігі жазудан теперіш көріп, жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр»,- деген пікір айтады. Автор «түсіндіруіңізше» деген сөздің айтылымы туралы: «Бас буын тү болған соң, қалғандары да артық қимылды қажет етпейді: біртіндеп, сатылап, алдыңғы буын келесі буынды ілетіріп, үйлестіріп тұрады; тіл бір-ақ қозғалыспен тұтас сөзді айтып шығады: түсүндүрүуңүшшө. Өңін айналдырып жазып, айтып үйренген бізге бұлай жазып айту қаншалықты оғаш көрінсе, бабалар тілінен соншалықты алыстап кеткенімізді түсінсек керек»,- дейді. Сөздікте кірме сөздерді дыбыстық жақтан игеру мәселесі жөнінде сөз қозғалып, «Баба тілдің тісі батпайтын, көңіліне жатпайтын екі дыбыс бар. Олар- «в» және «ф». Шығыс тілдерінен енген сөздердегі «ф» біржола «п» -ға айналып кеткені мәлім. Орыс сөздерінде де осылай болуға тиіс. Ал «в» үш түрде: б(бөрене, бөз, сөлкебай) және «у» (кереуен, пәуеске, самауыр, тауар) ара-тұра п(автор) болып кетеді»,- деп орыс тілінің «в» және «ф» дыбыстарының орнына қазақ тілі дыбыстарын ауыстырып қолдануды жақтайды. 2005 жылы Ә.Жүнісбек, Н.Уәлиев, С.Мырзабеков, Қ.Күдеринова, Ж.Исаева, А.Фазылжанованың қатысуымен құрастырылған «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі» болды. Бұл сөздікте қазақ просодикасы, интонациясы, интонологиясының ғылыми жетістіктері негізінде сөздер мен сөз ағымының фонетика-синтаксистік айтылымының сегменттік және суперсегменттік ерекшеліктеріне назар аударылды.