Қазақстан Республикасы
Ғылым және Жоғары білім министірлігі
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті
Филология факультеті
Мақала
Тақырыбы: Асқар Алтай шығармаларындағы эпитеттің қызметі
Орындаған: Сүндетқалиева Ж. Орманова Г. Қойтанова М.
Топ: ҚТӘ 301
Тексерген: Абдуллина А.
Асқар Алтай шығармаларындағы эпитеттің қызметі
«Сөз бен тіл көркемдігі» десек, ең алдымен, оның әсерлілігіне мән беретініміз анық. Көркем тілмен әсерлі етіп сөйлеу қашан да жоғары бағаланатыны тағы бар. Болған оқиғаны не құбылысты бейнелі жеткізу үшін, сол нәрсенің тікелей өзін ғана емес, оған ұқсас келетін құбылыс не бөгде затқа балап, мән мағынасын тереңдетіп, әсерін күшейту үшін, әдеби шығарманың тірегі болған көркемдегіш құрал – эпитеттерді қолданамыз. Ал шығармада эпитеттерді қиыстыра қолдану асқан шеберлікті талап етеді. Бұл туралы Зейнолла Қабдолов эпитетті айқындау деп алып, заттың, құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз дейді де, эпитетсіз тіпті айтарыңды анықтау, суреттеп отырған нәрсеңді нақтылау қиын екендігін айтады. С.Негимов болса эпитеттің тууын автордың өмір мен табиғатты терең білуімен, біліп қана қоймай жан-жақты зерттеуімен байланыстырады. Жаңағы айтып отырған эпитеттің бейнелегіш, суреттегіш қасиетін Х.Кәрімовтың мысалымен нақтылай аламыз. Эпитеттің бейнелілік, суреттілік қасиетін ескерген ғалым: « Эпитет анықтауыштан экспрессивтік-эмоционалдық функциясы және бағалауыштық қызметімен ерекшеленеді» деп көрсетеді [7, 15 б.]. Кәрімов «Зәрлі дауыс» авторлық эпитетін мысалға алып, екі дерексіз ұғымдардың атауы болған сөздер келіп, семантикалық жағынан үйлесе алмайтын тіркестер мағыналық жағынан үйлесімін тауып тұрғанын көрсетеді. Ащы дауыс, қатты дауыс, қоңыр дауыс деген шаблонды стандартты тіркестер. Ал автор мұндағы зәрлі сөзін дауысты бейнелеу үшін сипаттау мақсатында жұмсаған. Ал «қара бет» эпитеті ауыспалы мәнде қолданылады деп мысал келтіреді де, ауызекі сөйлеу стиліне жатқызады. Эпитетті қолдана отырып адамның қандай да бір теріс қылық жасап қойғанынан хабардар етіп отырғандығын айтады. Келесі мысалында «сұмдық сөз» деген эпитетте терең мағына жатыр деп көрсетеді. Өйткені сұмдық сөзін біз жамандықпен, арамдықпен пара-пар деп білеміз. Сондықтан автор сұмдық сөз деген ұғымның болуы жай емес дей келе, сұмдық сөз сүйектен өтіп, жүректі сыздататын отты да қаһарлы мағынада қолданылады деп көрсетеді. Осындай мағынасы терең, бейнелегіш те, көркемдегіш те қызмет атқаратын суретті сөз – эпитетті өз шығармаларында ұтымды әрі шебер қолданған жазушы – Асқар Алтай десек, асылық айтпаған болар едік.
Қазақтың қазіргі прозалары адам мен қоғам, адам мен табиғат, адам мен әлем арасындағы қатынастарды бағамдауға бағытталған постмодернисттік ағымға негізделген. Осындай модерндік үлгіде қалам тербеген заманауи жазушыларымыздың ішінде Асқар Алтай да бар.
Асқар Алтай – қоғам қоясын ақтарған суреткер. Оның шығармаларының дені бүгінгі күннің тақырыбына жазылған пәлсапалық туындылар. Ішкі мән- мағынасы мен сыртқы көркемдігі үйлесім тапқан шығармалардың авторы болған Асқар Алтай – нағыз шебер жазушы. Суреткер жазушының ойынан туып, қаламымен қағаз бетінде көрініс тапқан суретті сөзге толы шығармасының бірі - «Дода». «Дода» әңгімесінде барлығы 127 суретті сөз – эпитет бар. Оның он алтысы халық бейнесін жасаса, жиырма жетісі дала көрінісін, пейзажды суреттейді, отыз бірі жүйрік жануар аттың бейнесін көркем түрде ашуға жұмсалады, жиырма бесі адамның портретін жасауда қызмет етеді, ал қалған жиырма сегізі қарапайым стандартты эпитеттер. Негізінен бұл әңгіме қалың жұрттың арқасын қоздырған, ең қарулы білектердің жантала тартысқан, аттардың асау толқындай лықсыған аламаны «Көкпар» ойыны туралы. Қан қызып басқа шапқан, ат терлеп алып қашқан көкпардың басталуын автор «Еліріп алған «қалың жұрттың» «сайын далада» көктемде тасыған Ертістің «құмды жарға» соғылғанындай»,- деп суреттейді. Бұл жердегі эпитеттер қалың жұрт, сайын дала, құмды жар. Бұлар бұрын соңды әдебиетте кеңінен қолданылып жүрген эпиттер қатарында. Авторлық эпитет ретінде халық бейнесін жасауда А.Алтай қалың топ, қалың қауым, қалың көп, ұйлыққан топ сөздерін қолданады. Бұл жердегі «қалың» сөзінің жиі қолданылуы, халықтың көптігін айқын көрсететіндей. Ал осынау тартысты дода өтіп жатқан даланың көркемдігін, пейзажын қаламгер келесідегідей эпиттермен салып шығады: қатты жер, кең жазық, дымқыл ауа, құмдауыт топырақ, ойқастаған ойлар, қара құйын, ұшан дала, есілген құм, керіш құмды жар, тылсым төңірек т.б. Бұл эпиттер арқылы дүлей доданың қазанында қайнап, сол аламанның ортасына түсіп, ат тұяғының шаңын жұтқандай боламыз.
Аламан бастау алып, көксеркені босатқысы жоқ, оқ бойы оза шапқан шабандоздың образын жасауда автор тіптен шеберлік танытады. Ол шабадозды жүзін жел қақтаған «қара шал» деп көрсетеді. Біз бұл эпитет арқылы шабандоздың жасын шамалай аламыз. Келесі тұсында ««Жұқалау жүзі» қатты терлеген «өлермен шабандоз»... Аппақ «қудай сақалы» болмаса да, «сұйық мұртын» қырау шалған «ат жақты» көсе шал доданың дәл ортасында көкпарды бермей жүр» деп, көкпардың тартысты өтіп жатқандығын, шалдың өзі бұл өңірде мұндай көкпар додасын алғаш рет көріп, солардың ортасында пұшпақтаған теріге шомылып жүргендігін, көкпарды сағынып қал,андығын көрсетеді. Қарап отырсақ, бұл бейнелеудегі «сұйық мұрт» эпитеті жекелей алғанда мағынасы жағынан бір-бірінен алшақ екі сөздің тіркесуі арқылы келіп отыр. Сұйық сөзі көбіне мөлшерлі заттармен тіркесіп келіп, оның қасиетін білдіреді. Мысалы: сұйық желім, сұйық май. Ал бұл жерде ол автордың қолданысына қарай шабандоз мұртының жұқалығын, сиректігін көрсетіп тұр.
Асқар Алтай қасиетті жануар жылқының бейнесін жасауда да осалдық танытпаған. Жазушы шығармада күрең айғыр деген эпитетті қолданады. Бұл сын есімнен болған эпитет. Аттың түсін білдіріп әңгімеде «Оң жағында ақжал күрең айғырмен қатарласып, көксеркенің қолынан ұстап алған жігіт ағасы тақым астынан суырып алмақ боп жұлқып-жұлқып қояды» деп келеді. Дәл соған ұқсас «қотыр тай» эпитеті келіп, аттың ерекшілігін көрсетеді. Әлгі көсе шалдың көкпардағы атын жазушы «кеуделі Көкбесті» деп авторлық эпитетпен береді. Мұнда жануардың қалың қарда малтыққан ор қояндай орғи ытырылуын, табандылығын көрсету мақсатында қолданылып тұр. Шығармада Көкбестігі параллель бейне – Ақжал ат сипатталады. Ол шығармада Көкбестімен «қатар шапқан Ақжал» деп бейнеленеді. Оның иесі - «ақсары жігіт».
Сонымен қатар, Асқар Алтай «Дода» әңгімесінде сонау заманның аумалы төкпелі көріністердің бала жүрегінде із қалдыруын көкпар додасымен қатар баяндауға талпыныс жасапты. Анықтап қарасақ, жиырмасыншы ғасырдың екі, үшінші онжылдығында: Аямай қама! Көнбесе атып таста! Түгел колхозға өткізіңдер! Бұйрықты тездетіп орында! – деген қатыгездік пен қанішерліктің қылышын жалаңдатқан кеңес өкіметінің жұмыстары көкпардың қырғын додасындай қатулы дүбірлі шумен өтті. Бұл кезеңді суреттеуде туындыда ыздиған отырыс, паң кейіп, табанға кірген шегір, балтырды тілген сояу, ашынған жұрт, арзымас астық, мөлтілдеген балалар, кемсеңдеген әйелдер, ақырған суық секілді эпитеттер қолданылған. Жазушы сол уақыттағы және қазіргі мына дулы додадағы жүздеген күш-қайраты бойына сыймаған жалындаған жастар көкпардың аламан додасындай жеңіске жетудің айла-тәсілін білмейді. Халықпен бірге туып, жасасып келе жатқан ұлттық өнерден бейхабар, тіпті естімеген. Жазушы мұндай жағдайда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған «ынтымақты топ» болуы керектігін айтады.
Шығарманың ең аяғында қаламгер құбылмалы қоңыр күздің ызғарлы суығын «салыңқы қабақ» деген эпитетпен беріп, додашы Нұрғали көкпарды қолдан түсірмей тұлпары көкбестімен бірге үйіріле аққан өзен ағысына сіңісіп, көзден таса болғанын көрсетеді. Бұл ретте қаламгердің қазақ халқының ұлттық өнері көкпарды өмір ағысы жұтып қойды дегені ме? Белгісіз... Мұнда көңіл салып қарайтын мәселе, Асқар Алтай «Дода» сөзін символ ретінде алғысы келген секілді, әйтсе де, бұл пікірім, көмескі. Алайда, оқырманын толғандырады, Нұрғали бейнесі есте қалады. Сол замандағы қолдан істелген жасырын майданның пердесі сетінеп ашылғандай. Бұның бұлай оқырманға жетуі көркемдегіш құралдардың образ жасауда, оқиғаны жеткізуде ұтымды қолданылғандығында, автордың шеберлігінде демекпін.
Келесі талдайтынымыз А.Алтайдың "Соқыр тұман" әңгімесі "құпия заводтан" қорлық көрген, отызға толар толмастан бойын өкініш пен өксік кернеген Ерқанат жайлы болмақ. Шығарма барысында 70 эпитет таба отырып, талдау жасадым. Әр эпитеттің қолданылу аясын түсіндіріп, кеңінен ашуға тырыстым. Әңгімені оқи отыра кейіпкер бейнесімен де таныстым, олардың жан-дүниесін ұғындым десем де артық болмас. Түсініксіздеу басталған әңгіменің арты қызықты да қайғылы жайтқа ұласқаны бір жағынан ішімді бейне бір тулатып жібергендей. Туындының басында қара күз,қарға адым жер, қарайған қылаң,ашық арқа,қыраулы түк,жазық дала,қап-қара түтін,аткөпір бу,сынды эпитеттер кездеседі . Авторлық қолданыстағы эпитеттер мағынасы да ауысып та қолданған.Автор бұл эпитеттер арқылы кішкене ғана қалашықтағы қалың да ауыр тұман басқан күз айының соңы мен сол жерге салынған "құпия заводтың" жай-күйін сипаттап отыр. Сап-сары көздер мен тас жол эпитеті бесін уақыты таяғанда түнгі сменге шыққан жұмысшылардың тізілген көліктерге жайғасқанын білдіріп тұр. "Ыстық дем,терлеген әйнек,салдыраған қол "эпитеттері арқылы автор жұмыстан қажып шыққан,ештеңеге зауқы жоқ Ерқанатпен әріптестерінің сол сәттегі бейнесін сипаттайды. Сонымен қатар,автор "ақшаңқан қалашық "деген сөзді мағынасы жағынан ауыстыра,алмастыра қолданғаны көрініп,"ақшаңқан"-сөзінің тағы бір мағынасы,яғни,киіз үйді ,ақ қойдың жүнінен басылатын бір түрі кездеседі. Ерқанаттың аялдамадан түсіп, тұңғиық оймен жалғыз жүріп келе жатқандығын ,"биік үйлер","жылтыраған жарықтар","дымқыл ауа"," тассоқпақ тротуарлар" эпитеттері арқылы білеміз.Ендігі кезекте,Байтастың болмыс-бітімінде мынадай эпитеттер қолданысқа түскен"қап-қара қияқ мұрт","құндыз қалпақ","қара дипломат","қара шляпа".Жазушы кейіпкердің мінезі- құлқын ашуда сөздерді орын-орнымен қолданып қана қоймай, олардың ішкі сезімін беруде асқан шеберлік танытқан. Мәселен,"ойлы көз" эпитеті Ерқанат пен Байтас арасындағы бір-біріне деген жұмбақ көзқарастарын суреттер тұр. Байтастың байыз таппай, әлденеге алаңдаулы күймен жүргенін,"қызыл телефон" жанына барып, "нұры тая бастаған жанары" эпитеттері арқылы автор түсінікті түрде баяндайды."Ызғарлылау әйел дауысы" эпитеті, бұл жерде Гүлшердің,яки мінезінің қаттылығы мен қыңырлығы әрі суықтығы бейнеленіп тұрғандай.Ал "түсінетін жігіт"сынды эпитетке келсек, Ерқанаттың бойындағы барлық қасиетті бір сөзбен келтіріп тұр. "Қара түйме" эпитеті мұндағы "қара"сөзінің түп-төркіні де,сол жердегі Байтастың ішкі сезімін, күйін,үй ішінің қараңғылығын ,құлықсыз жағдайын, әсерлі суреттеп тұр.Жалғыз жаяулатқан ,көңілі құлазыған Ерқанат "салқын тұман" ішінде тоңазыған күйі "тұман ораған тас жол" жүріп келеді.Бұл эпитеттермен қатар,"аппақ буалдыр","ақ қырау" табиғат көрінісін, ауа-райының салғырт басқандығын суреттейді. Гүлшердің жолдасын, күтіп,уақытқа жалтақтап,көз ілмей жатуы мына эпитеттермен қолданыс табады," түскен ай сәулесі","аппақ қабырға","толық кеуде". Әңгіменің басты бейнесі-Ерқанаттың ойына өзі туып өскен жері, Ақсу-Жабағылы қорығы түседі. Сағынышпен есіне ұзақ алуы сонау бір "балалық шақ", "балдәурен күн" эпитетімен байланысты сипатталады.
"Түнгі салқын", " темір ернеу" эпитеттері Ерқанаттың балкон ішінде отыра,баяғыда сөніп қалған темекі тұқылымен жалғыз қалған бойы ,ойына сан мың түрлі ойлар маза бермей жатқаны тілге тиек етіледі. Жұбайының көз-жасымен қатар келген,ерінің үнсіздігі түстікке "аунаған кетік ай сәулесі", " соңғы діріл сусыл" эпитеті мен бұл жұптың сол сәттегі дәрменсіздік қалпын байқатады. "Жабырқаулы жаз", "дымқыл ауа" секілді эпитет келтіргені жазушының келісті қиялы мен ұшқыр идеясын байқай аламыз. Адамзат атаулының сол бір пендешілікке салған түрлі ойлары кейде шын кейіпке айналуы,осы өмірдегі келеңсіз жағдайларға әкеліп соқтырары анық. Кейіпкер ойы құдай қосқанның да құпия болып қалатынын, қасындағы адамды былай қойғанда дегенге келтіреді. Жас-жұбайдың өмірінде онсыз да ыдыс-аяқтың сылдыр қағуы секілді ,"сынық көңілге" сызат түспесін деген ниетпен,сергелдеңге салынғандығы "шытыр-шытыр сынған сенім" мен қатар жүруі заңдылық екені мәлім. Әңгіменің өзі де көңіл күйі солыңқы жазылғаны,ауа-райының да қолайсыз жағдайларға негізделгені сынды кейіпкер әрекеттері де ыңғайлана баяндалады. Сол бір ұрыстың арты қонаққа жиналған жағдайды сипаттаса, жағаласа ішіп отқан "ащы шайды" асықпай сораптап ішуі көрініс табады."Қор болған басым,қор болған сөзім" бұл эпитет арқылы автор әйел жанының нәзіктігін, қиындыққа төзіп келе жатқандығын, төзе біліп көнгені, жарты жолда мінез құрғырдың шарт сынар уақыты жеткенін көрсетеді. Ер намысының түбіне сондай бір ауыр сөздердің жетуі Ерқанатқа қиын соққанымен,басын салбырата төмен түсіріп отыруы, Гүлшердің айтқызбас сөзін айтып қойғаны өз жанына батқаны қатты батады. Ерқанаттың есіне түсірген "бақытты күндері ", "аяулы сәттері" ,жұбайымен өткізген өмірін қысқаша баяндайды. Оның "тамаша әйел" ретінде ,жақсы жар бола білгені жөнінде көп ойланғанын тізбелейді. Шығарма соңын қорытындылай келе,автор басты бейненің амалсыз Байтасқа хат жазғаны, оның "опасыз күйге" ұшырағандығын айтып көрсетеді. "Қайнаған тозақ қазаны","қалың тұман","ұйысқан тұман" секілді эпитеттер сол бір жанның қинала ,қымсына өз-өзіне қол жұмсауына әкеліп соқтырғанын баяндайды. Ақыр соңына келгенде ,"соқыр тұманға" булыға, "бүркеген дүниеге" бата," мызғымастай марғау" кейпінде келген Ерқанат өмірінің "жалғыз жаяу жұмбақ әлемге" жұтылып кете барғанын жазып аяқтайды.
Асқар Алтайдың табиғат пен адам болмысын суреттеуі шебер жазылған әңгімелері көп. Солардың тағы бірі «Мең-зең» әңгімесі. Бұл әңгімеде Ауған соғысынан контузияға ұшырап келген Зейнештің мең-зең болған күйі, өзінің сыңары Зәурештен өзгемен араласпайтындығы, кіндіктес бауырлардың тек екеу ара ғана түсінісе алатындықтары суреттеледі. Сонымен қатар, табиғатты бейнелеуде ақынның шеберлігі мен қиял ұшқырлығын да үйлестіре пайдаланып, оқырман сезіміне табиғат көріністерін, тұрмыстық жайларды, жеке құбылыстар, заттарды әсер етерліктей етіп бере білген. Әңгімеде, әсіресе, табиғаттың әсем көрінісіне айрықша мән беріп, Алатаудың бөктеріндегі Иен ауылының тұстастай табиғат картинасын оқырманға таныта білген. Әңгімеде жалпы саны жетпіс эпитет таптым.
Бұл оқиғаның Алатау бөктерінде, аз ғана тұрғыны бар, шағын ғана ауылда орын алғандығын жазушы мына бір сөздер арқылы оқырманның көз алдына елестетеді: «Алатаудың етегінің астында шіл қиындай шашылған шағын ауыл». «Қыбыр еткен жан шамалы». Өрттей ыстық ауа,қарлы шың,піскен саба,туырлықтай жайылған дала. теңіз бетіндей лықсыған толқын,кілегейін алған көксүттей нілсіз, қарағайлы сай-сала,қақ ұшқан шың-құзы,ми айналар ыстық деген сынды эпитеттер табиғаттың құбылыстарына жан бітіреді. Осындағы «туырлықтай жайылған дала» деген эпитет даланың кестеленген киіздей жайылып жатырған әдемілігінің шетінде «лықсыған толқын».Сөйлемде көңілге жайдары шуақ төгетін жаздың ыстық көрінісі сұлу сөздермен нақты берілген.
«Жай күнде төстіктің сүбелі майындай алыстан жарқырайтын қарлы шыңдар да көксеңгір», «Алатаудың иек артпа биік төбесі», «Аяқ асты көкжиекке дейін көлкіген сағым», «қарағайлы сай-саласы, қақ ұшқан шың-құзы», «көлкіген Алатау» деген сөйлемдерде Алатаудың сұлу келбеті, шексіз биіктігі соншалық жиегі бұлдыр сағымдай көрінетінін әсем суреттелген.
«Осындай аптап ыстықты күндерді, Алатаудың төбесіне келіп отыруды боз қырау шашты Зейнеш әдетке айналдыраған. Жарымжан жанның жан дүниесінде не болып жатқанын кім қайдан білсін?! Қазір Зейнештің жанары алыс көкжиекке дейін кілкіген мұнарлы сағымға тұнып, көкірек көзі мүлде басқа дүниені шарлап кеткендей. Қозғалайын десе қозғала алар емес, денесі құйып қойған қорғасын. Түсініксіз әлсіз соғыс. Басы бос қалған. Асқабақтың дәнсіз қалған қапақ астауы. Жаңа ғана қызған темір табыттың ішінде қалғандай қысылған сезімнен түк қалмаған. Көкмұнар қайта оралғалы салқын сабат саумалдаған. Тұла бойынан шып шып шыққан тер жұқа көйлегі мен шалбарына дейін шылқытып жіберіпті. Құмның құйынындай үйіртіп әкететін осы бір соқпа дерт жас жігітті әбден иелеп алған. Төңірекке тұманытқан қара көздерімен немқұрайлы қарайды. Сусамырлаған көмекейімен қоса тілі қоса тілі ауызына сыяр емес» - деп, жазушы боз қырау шашты, жарымжан жан, жанары кілкіген мұнарлы сағым, көкірек көз, құйып қойған қорғасын, әлсіз соғыс, қапақ астау, қызған темір, салқын сабат, жұқа көйлек, соқпа дерт, жас жігіт, қара көз, шөккен түйе, сусамырлаған көмекей деген эпитеттерді пайдалану арқылы Зейнештің ішкі жан дүниесіндегі өзге түгіл өзіне беймәлім, түсініксіз арпалысын, адасқан аңсауын шебер жеткізген. «Төңірекке түманытқан қара көздерімен немқұрайлы қарайды» деген сөйлемде «тұманытқан қара көз» деп, ой мен мұңнан қараңғылап, бұлдырланып кеткен көз жанарын аңғару қиын емес. Ендігі кезекте, Зейнештің кіндіктес бауыры Зәурештің болмыс-бітімінде мынадай эпитеттер қолданысқа түскен: «ақ көйлек», «жайылған қара шаш», «солқылдаған нәзік дене», «талдырмаш бой», «желбір етек», «мойыл қара шаш». Осындай эпитеттер арқылы жазушы нәзік, қолаң шашты, сұлу ару бейнесінің «айран асыр әлемге» жетіп, «шағын ауылдан» алыстап кеткенін көз алдымызға әкеледі. Осыдан кейін қарындасының сөзіне құлақ аспай, «телмірген қалыпта» үнсіз отырғанын «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» деген Зәурештің ағасына айтқан сөзі арқылы тұрақты эпитетті қолданып, ары қарай ағасының үнсіздігін «аузын буған өгізге» теңейді. Бұл көп кездесе бермейтін эпитеттерге жатады. «Алжасқан қаншық» - деп, есінен адасқан қыз деген ұғымды тілге тиек етеді. «Қоңырқай жүз» деген эпитет арқылы адам жүзінің ешқандай эмоциясыз қалғандығын білдірген. «Әлсіз адам» деген эпитет арқылы Зәурештің дәрменсіздігінен хабар береді. «Ғажайып жұмбақ түс» ерекше сезімге бөлейтін, бұрын соңды орын алмаған түс туралы айтылған. Жазушының қиял ұшқырлығы «ақ қанатты періште», «үлпілдек мамықты қанат», «жұп жұқа мөлдір шілтер», «көгңлдңр көк», «аппақ періште», «қап қара жер», «ұшқан періште», «мамық қанат», «жалпақ жүз» деген эпитеттер арқылы Зәурештің көрген түсіне бояуды әдемі жаға білген, ғажайып картинадай орын алған. Зәуреш бұл түсінде өзін «періште кейіп», «құдыретті патша» . Түстегі орын алып жатқан оқиға орынын «қара дауыл», «қара жерде», «жайбарақат пенделер», «көгілдір көк», «ұлан асыр байтақ», «көк жетер биік» , «буалдыр дүние» деген секілді эпитеттері арқылы суреттеп көрсеткен. «Шығыс жақ енді ғана сүт реңге шомыла бастаса да, шегірткелер шыққа малына шырылдап, тау жақтан байғыз үні үзік-үзік жетеді» - деген сөйлемде таңғы уақытта, яғни, күннің енді атып келе жатқандағы бейнесін, «сүт реңге» теңеп, ерекше, әрі, шебер елестете білген. Батыс пен шығыстың арасын қамтыған «алқа салқа Алатауды» , «құланжалдана созылған тау» деген эпитетті қолданып, «ас арудай», «салқын тау». «байтақ өңір» деп тау биіктігі мен салқындығын елестете келіп және сол таудың бөктерінде кіндіктестердің бір бірін түсінісіп, «тұнық сезім», «мөлдір сезім» эпитеттері арқылы олардың табиғат тынысына, айналадағы әсем бейнеге түпсіз терең ой мен сезімге бөлене қарағандары соншалық, жан дұниелері бір мезетке «соқыр сезімге» айналғандығын келтірген. «Соқыр сана» эпитеті арқылы кейіпкерлердің сол бір сәттегі ой деңгейінің мүшкіл халін айшықтағандай. «Мөлдіреген тұтас дүние» жазушы дүние тазалығын көркем тілмен жетгізе білген. «Жетім жұлдыздар» деп табиғатпен қоса, егіздердің бір бірінің жанын екеуінен бөлек ешкім түсіне алмайтындығын, олардың жанының тек қана табиғатпен үндесе алатындығын, екеу ара, оңашада ғана өздерін жайлы сезініп, сырласып ұғыныса білдегендіктен, жалпы жаман дүниеде тек екеу қалғандығын жазушы жетім жұлдыздарға теңеп, шебер суреттеген.
Жоғарыда біз қарастырып өткен үш әңгіме бір-бірімен көркемдік ерекшелігі жағынан теке тіресіп тұр. Үшеуі де қоғам ақиқатын бүкпесіз суреттеп, қалың қазақтың жан ауыртар ащы тағдырын баяндайды. Асқар Алтай шығармашылығындағы әлеумет шындықты оқырман өз танымы арқылы пайымдай алады. Әр оқырман өз ойлау деңгейіне сәйкес қабылдап, түсініп, қорытады. Міне, қаламгердің өзге жазушылардан оқ бойы оза тұратын басты ерекшелігі осында. Жазушы әңгімелерінде қоғамда орын алған көкейтесті мәселелер, адамның жеке басының мүддесі мен ішкі рухани әлемі туралы көбірек айтылады. Айтып қана қоймай шебер суреттеп, оқырманға жолдайды. Оған дәлел жоғарыда талданған автор шығармаларындағы эпитеттердің қызметі. Асқар Алтай қазірдің өзінде, өзінен кейінгі қалам тартқан буынға проза саласында өзіндік үлгі-өнегесі бар, әдеби бағдар десек артық емес деп ойлаймыз. Асқар Алтай шығармашылығының қасиеті де осында ма деген ойға қаласың...
Қорытындылай келе айтарымыз, Асқар Алтай – өз дәуірінің жүйрігі, туындыларынан қаламгердің дүние мен болмысты танып көркемдеуінен оқырманын баурап алатын, оны көркем ой өрнегін, түйінді байламын көресіз.
Достарыңызбен бөлісу: |