Тақырып: «Қазақстандағы 1931-1933 жж. аштық»
Ежелден еркіндікті сүйетін халқымның қазіргі таңдағы мамыражай күні үшін қанша адам өмірін арнады, күресті, шыдады, жеңілген де кездері болды, бірақ түбі жеңістің туын көкке көтерді. Ата‑бабамыз әрдайым тәуелсіздік таңының шуақ шашатынына, ұрпағының мамыражай күнде тіршілік ететініне сенетін. Осынау терең тарих қойнауында бірнеше аштық кезеңдері болған. Көшпелі Қазақ қауымы күшті жұт жылдары ғана болмаса, өзінің өткен ұзақ тарихында ашаршылыққа сирек ұшыраған. Тек “ақтабан шұбырынды...” сияқты жаугершілік жылдары халық саны кеміген. Жаңа заманда Қазақстан тарихында екі алапат ашаршылық халық жадында қатты сақталған. Мұның біріншісі – 1921-1922 жылдары, екіншісі – 1931-1933 жылдары болған ашаршылықтар. Оған не себеп болды, біз енді сол жөнінде ой толғасақ.
1920 жылдардың соңында Қазақстанда күштеп астық пен ет жинау кең етек алды. Ол, әсіресе Сталиннің 1928 жылы қаңтардағы Сібірге сапарының барысында Новосібір мен Омбыда сөйлеген сөздерінде РКФСР Қылмыстық Кодексінің 107-бабын жаппай қолдануды талап етуінен кейін қатыгездік сипат алды. Ол бапта тауарларды сатып алу, жасыру немесе базарға шығармай ұстау арқылы бағасын жоғарлатқаны үшін қатал жазалау қарастырылған еді. 1929 жылы 13 ақпанда БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің алқалы мөжілісінде Голощекин астық дайындау ісінде өзіне жеке шешім қабылдау құкын беретін қаулы шығартты.
Астық пен ет дайындау мәжбүрлеу, жазалау және үрей туғызу арқылы жүргізілді. Елдің тұрмыс-тіршілігінен хабарсыз Голощекин тіптен егіншілікпен айналыспайтын көшпелі малшылардан астық өткізуді талап етті. Мысалы, астық салығынан 2 жыл мерзімге босатуға жататын Түркістан облысындағы көшпелі мал шаруашылығы Талас және Созақ аудандарында астық даярлау жүргізілді. Ал етке өткізілуге тиіс мал басы саны қолда бар мал басынан анағұрлым асып түсіп жатты. Мәселен, Балқаш ауданында бар малдың басы 173 мың болса, етке өткізілуге тиіс малдың саны 300 мың болып белгіленді. Ауданның 3 жылда етке мал өткізу жоспары 160 мың бас малдан 1,5 млн бас малға, яғни 10 есеге дейін өсті. 1933 жылы 10—16 шілде күндері өткен БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің алтыншы пленумында сөйлеген Х.Нұрмұхамедов мынадай деректер келтірді: «Менің бауырымның, яғни 12 жыл жалшы болған кісінің бір ғана сиыры болды. Егіншілікпен ешқашанда айналыспаған. Соған қарамастан оған 1930 жылы 5 пұт астық салығын салып, бұл астықты төлеу үшін соңғы сиырын және үйдегі мүліктерін сатуға мәжбүр болды. Өкінішке орай мұндай жағдайлар өте көп кездеседі». Сөйтіп, жергілікті жерлерде егіншілікпен айналыспағандарға астық, малы жоқтарға ет салығын салу кең өріс алды. Оны орындамаған жергілікті басшылар да, шаруалар да жазаға тартылды. Сол себепті ешкімнің ешкімді аямауы, әрқайсысы өз басын қорғау үшін жауапкершіліктен бас тарта отырып, басқаларды құрбандыққа шалу үйреншікті қалыпқа айналды.
Шабындық және егістік жерді қайта бөлу, тәркілеу, азық-түлік салығы, күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру барысындағы зорлық-зомбылықтардан көп азап шеккен ең алдымен қазақ халқы болды. Бар дүниесінен, мал-мүлкінен, құрал-саймандарынан, тіпті жертөлесінен де айырылған қазақтар ашаршылыққа ұшырап, босқын күйге көшті.
Ауыл шаруашылығында егіншілік көлемі күрт азайып кетті. Мал шаруашылығы терең күйзеліске ұшырады. Ұжымдастыру қарсаңында Қазақстанда 40,5 млн бас мал болды, ал 1933 жылдың 1 қаңтарында олардан қалғаны бар болганы 4,5 млн бас еді. 1931—1933 жылдары бүкіл Қазақстанды құшағына алған аштықтан 6,2 млн республика халқының 2,1 млн-ы қырылды.
Өлкелік партия комитетінің Торғай ауданындағы уәкілі 1932 жылдың қыркүйегінде мұнда әр адам басына орта есеппен 56 килограмм ғана астық және бір ғана мал калғанын, ал бұлар алты айдан кейін мүлде таусылып, қаңтардың соңына қарай, қыстың кақаған, сары аязында нағыз қиямет-қайым орнайтынын алдын ала ескертіп, дабыл қақты. Ол сонымен бірге кейбір толық емес мәліметтер бойынша ауданда ең кемі 2042 адам аштық құрбаны болғанын, ал 8500 адам аштан өлейін деп жатқанын Құрамысов пен Кахианидің, Исаев пен Құлымбетовтың аттарына жолдаған ресми мәлімдемесінде ашық айтты. Анадан туғандай тыржалаңаш, аш адамдардың дала төсінде босып сандалып жүргендерін, басқасын былай қойғанда, олардың даладағы атқұлақ пен сарышұнақты түгін қалдырмай жеп койғанын жазды. Осындай қайғылы жағдайдың көрші Батпаққара ауданында да кеңінен орын алып отырғаны да айтылды.
Голощекин қазақ даласындағы жағдайды өзі жіберген уәкілдері арқылы жақсы біліп, толық хабар алып отырды. Арнайы тапсырмамен Сарысу ауданында болған О.Жандосов мынадай мәлімет берді: «Ауылдарды аралаған кезімде мен ондаған күндер бойы жерленбеген мәйіттерді кездестірдім... Әйелдер жоқшылық пен аштыққа төзімділеу. Еркектердің бірден ұнжырғасы түсіп кетеді. Күйзелгендер қолдарына не түссе де түк қалдырмай жеп қояды. Сүйек-саяқты жинайды, оларды жүрек жалғау үшін ондаған мәрте қайнатады. Тамақ орнына жартылай өңделген терілер де кете береді. Мен иттің етін жеген және онысын жасырмайтын бірнеше адамдарды кездестірдім. Оныншы ауылдан келе жатқан жолымда елсіз жапаннан екі жасөспірімді көрдім, Олар қайдағы бір ескі жұрттағы, атылған иттердің терісін алу үшін қалған өлімтіктеріне бара жатыр екен. 5-ауылда аштықтан жартылай ісінген, аяғы ауыр әйел маған жақын келіп, оған ит атып беруімді өтінді».
Голощекиндік геноцид қазақстандықтарды, ең алдымен, қазақ халкын аштыққа және босқындыққа ұшыратты. Зарлаған ана, шырылдаған бала, түнеріп, өлексе сасыған қазақ даласы — большевиктік эксперименттің нәтижесі осы еді.
Достарыңызбен бөлісу: |