Қазақтың дәстүрлі мәдениеті Адамзат баласы жасаған мәдениет екі түрге бөлінетінін білесіздер. Біріншісі – рухани мәдениет, екіншісі – материалдық мәдениет. Рухани мәдениетке музыка, әдебиет, сәулет өнері, сурет өнері, кескін өнері жатса, адам баласының шаруашылыққа байланысты күнкөрісінен туған дүниелері материалдық мәдениетті құрайды. Зиялы қауым арасында, тіпті оқымысты ғалымдар арасында мәдениет және өркениет ұғымдарын шатастырушылық әлі де кездеседі. Осы арада олар шаруашылық жүргізу мәдениетінің, саяси мәдениеттің, экономика мәдениетінің тағы сол сияқты мәдениеттердің болатындығын ескермеді. Осыдан барып, мәселен, көптеген адамдар мәдениетті тек қана өнер туындылары құрайды деп ойлайды да, оны өркениетпен тең қойып, жаңсақ түсініктерге жол береді. Мәдениет тарихында күні кешеге дейін еуропалықтар Батыс дүниесінің ғана мәдениетін мойындап келді. Оларда мәдениет жасаушы тек еуропалықтар делінген кеудемсоқтық теория белең алды. Бірақ Шығыс өркениетін жасаған мәдени мұралардың ғажайып үлгілері оларды өздерінің менменсіген қисындарынан бас тартуға мәжбүр етті.
Қазақтың дәстүрлі мәдениеті, құдайға шүкір, ешкімнен кем емес. Мысалы, эпос жанрын алайық. Айтатынымыз да, мақтан ететініміз де – осы эпостарымыз. Кең қарымды, кең құлашты, қазіргіше айтқанда – поэмаларымыз. Әлемде эпос тудырған халықтар саусақпен санарлық. Батысымызда байырғы гректер «Иллиада» мен «Одессеяны» тудырса, Шығысымызда үнділер «Махабхарата» мен «Рамаянаны» тудырған, одан кейін Шығыс Европада «Үлкен Этта», «Кіші Этта», «Каллевала» сияқты құранды эпостар туған. Эпостық жырлары бар елдер осылар ғана. Мүйізі қарағайдай «ұлы орыс» халқының «Игорь жорығы туралы жыры» бар болғаны 8-ақ бет болса, мен қарасөзге айналдырған «Алпамыс батыр» эпосы 800 бетті құрады. Мінеки, эпос деген осы.
Эпостардың туу себебіне қатысты үлкен-үлкен өте жақсы ғылыми зерттеу еңбектер жазылған. Эпос – соны тудырған елдің этникалық қарымының нәтижесі. Демек, Евразияның ұлы даласындағы бабаларымыздың сөз өнерінің асқақ биігін туындатқанын байқаймыз. Тіпті, Европа әдебиетінің тарихына қарасаңыз, бірінші ауыз әдебиеті, содан кейін жазба әдебиеті дейді. Ал, бізде ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің арасында бес ғасыр жыраулар поэзиясы жатыр. Аталған бес ғасыр поэзиясы - тәңір тектес асқақ, сөз өнеріміздің ұлы құдіретті сипаты.
Екінші, дәстүрлі мәдениетімізді, яғни