Бақытжан Майтанов- қазақ әдебиеттануындағы жаңа бағыттың көшбасшысы
Менің Бақытжан Қауасқанұлымен таныстығым «Жазушы» баспасында қызмет істеп жүрген кезімнен басталған еді. Баспадан кітабы шығып жатыр екен. Кітабы шыққандар жұмсартыңқырап айтсақ, «шай береді» дегенді сол жердегі үлкендер аузынан естуші едім. Бірақ мән бермегенмін. Университетті бітіре салып, баспаға жұмысқа барған мен сондағы қызметкерлердің ең жасымын. Монтиған бір кісі келіп сатирик ақын Оңалбек Кенжебеков екеумізді шайға шақырып тұр. Қызметтес апайларым бармауға болмайтынын, кітабының корректоры болып тұрып, әлгі кісінің қуанышын бөліспесең, ұят болатынын айтқан соң бала мінезді Оңқаң (кітабының редакторы) екеуіміз монтиған, нұр жүзді жасамыс кісінің артынан еріп жүре бердік. Өзін Бақытжанмын деп таныстырған кісі Атакенттегі әдемі бір ресторанға алып келіп, дастарқан басына жайғастырды. Ешкім қолқаламаса да, жазушы-ақындар көрсетіп жататын салт-мезіретті көрсеткені ме, я болмаса кітабы жарыққа шығып жатқанына шын қуанғаны ма, ол жағын ол кезде балалық мінезден арыла қоймаған өзім де аңғармаппын. Екі ер адамның ортасына келгеніме іштей қысылып отырған мен бұл «жазушылардың» дастарқан басында не айтқанын да естімейтін сияқтымын. Қазір де есімде жоқ. Бірақ, Бақытжан Қауасқанұлы менің бір-екі ауыз сөзімнен әдебиетті жақсы көретінімді ұққандай болып еді. Кейін 1995 жылы ҚазҰУ-ге қазақ тілі кафедрасына жұмысқа келгенімде, тани кетіп, жылы шыраймен мән-жай сұрады. Өзі осында қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры екен. Бірақ, маған ол кезде неге екені белгісіз, көп ұзамай Бақытжан Қауасқанұлы Қазақ мемлекеттік заң университетінің қазақ, орыс және шығыс тілдері кафедрасының профессорлығына ауысып кетіпті. Содан кейін де «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығына жетекші және әуезовтану бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарыпты. Мен бұл жайлардан Бақытжан Қауасқанұлы 2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі болып қайта оралғанда бір-ақ хабардар болдым. Әдебиет теориясына меңгеруші бола жүріп, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әуезовтану бөліміндегі бас ғылыми қызметкер міндетін де көпке дейін атқарып жүрді. Мен кейін 2001 жылы әдебиет тақырыбында алған жұмысымды қорғағаннан кейін, менің көңіл қалауым әдебиет екенін білетін ол қазақ тіліндегі алдыңғы толық сағатым үстіне әдебиеттен аз ғана сағат қосып берді, мені «әдебиет ісіне жаттықсын» дегені деп ұқтым. Кейін бұл сағат қысқарып қалды. Мен өкінген жоқпын, аз уақыт болса да, көрнекті әдебиет теоретигінің қасында жүріп, тағылым алудың өзі бақыт еді. Кейін 2006 жылы қазақ тілінде он жылдан аса қызмет істеп жүрген мені Бақытжан Қауасқанұлы арнайы шақырып алып: «Сен әдебиетке біржола ауыстырып алатын болдым. Әдебиетке кездейсоқ келген адам емессің. Баспада істедің, жазушылардың бәрін білесің, қорғадың. Әдебиетке құштарлығың бар. Сені ұсынып едім, декан Қансейіт Әбдезұлы да қарсы болған жоқ. Кафедра мүшелері де ұсынысымды қолдады» деп өзі басқарып отырған кафедраға жұмысқа алғанда төбем көкке жеткендей болғаны рас. Мен онымен бір факультетте жұмыс істеп жүргенде-ақ, факультет оқытушы-профессорлар қауымының, студенттердің, басқа да отандық және шетелдік ғылыми қауымның профессор Б.Қ. Майтановты әдебиет теориясының білгірі деп ерекше құрметпен қарайтынын білетінмін. Сондықтан мен ғана емес, басқалар да оған жуық жүріп, тілдесуге бейіл еді. Бір күні менің әріптес тілші досым Зейнехан: «Армандаған әдебиетіңе біржола ауысқаның жақсы болды. Бақытжан Майтанов нағыз ғалым ғой, байқайсың ба, сол кісінің жүзінен нұр шашырап тұрады..» деген еді. Қуанғаным жұртқа танымал әдебиет теоретигі Майтановпен бір кафедрада жұмыс істеу, оның әдеби ортасында жүріп, әдебиет сырларын ұғу бір ғанибет секілденді. Бірақ, ол көбіне сөзге сараң, көбіне іспен айналысып, томаға-тұйық жүреді. Тіпті қарапайым, жұрт таныған әдебиет теориясының ғажап білгірі екеніне мардамсып, әлдекімдер сияқты сәлеміңді алмай, сені кішік санап, кекіреймейді. Моп-момақан, әңгімелескенде бала мінезі танылады, айтулы «еңбек торысының» өзі. Бірақ, кез-келген кісіге сыр ашпайды. Күні-түні жазудан жалықпайды. Байқағаным, жазуы, майда анық. Кісінің жазуы көп нәрсені аңғартады демей ме? Менің байқағаным, ісі мен сөзі нақты. Өзіне рухы ұқсас адамдарды сыйлайды, кафедрадағы өзіне тақау орындықта отыратын кішіпейіл, кісілігі өзгеше профессор Зұфар Сейітжановты ерекше құрметтейді. Сондай жандарға жөнін айтып, іш тартатынын байқадым. Онда да терең ақтарылмайтынын байқадым. «Дистанция» ұстайды. Мен бұл сөзді әдейі орысша алып отырмын. Қазақшасы алыстан сыйласу ғой. «Ағайынмен алыстан сыйлас» деген халқымыз қандай дана еді. Ағайын дегені адам ғой. Шынында да, қазіргі әлемилену заманында қандай адаммен де алыстан сыйласу мәдениеттіліктің бір белгісі екенін енді ұққандаймын. Ал, ол болса бұл қасиетті ерте жастан бойына дарытып, өз уақытын бағалай білген екен. Тіпті, бұл ғылым адамына пайдалы қасиет екен.
Иә, Бақытжан Қауасқанұлының әдебиетті, әсіресе оның теориясын терең білетіндігі көп адамдарды жасқандыратын. Оның алдында әдебиет туралы сөйлеудің өзі қиын еді. Әдебиетке кештеу келгеніме арланып, күндіз-түні жазып-оқумен болдым, оныма кейбіреулер күлетін еді. Ал, мен Бақытжан Қауасқанұлын ұятқа қалдырмай, аудитория алдына өз-өзіме сенімді болып баруды күні-түні ойладым. Көрнекті ұстаз-ғалым мені әр қиынға салып сынап жүргендей болды, бір күні маған «сені енді өлең теориясына салсам ба деймін» деген ойын айтып, «Қазақ өлеңінің құрылысы» деген сабақты берді. Бірде өлең өлшемдерін математикше санап, буын мен бунаққа бөліп, тақтаға жазып жатсам керек, аудитория есігін ашып қарады да, қысылмасын десе керек, қайта жапты. Үзіліске шығып, кафедраға кіргенімде жылыұшырай қарап, жымиды да: «Көп оқытушылар тақтаға жоламайды, сен маржандай ғып жазып қойыпсың» деді. Әдебиет теориясының білгірі саналатын ұстаздың сөзіне ежептеуір қанаттанып қалдым. Кейін менің тілден әдебиетке келгеніме-орынның бола қалғанына қуанып отырғандай болған бір сәтімізде, ағай мені жақын тарта сөйлеп, заң институтында практикалық қазақ тілінен сабақ бергенін айтқанда, мен әрі таңырқап, әрі ойланып қалдым. Мен оған бақытты адам деп, әдебиетте жолы болған жан деп қызыға қарайтынмын. Өмірдің жабырқатқан сәттерін бақытты шағында есіне түсіріп күлетін еді. Профессор Бақытжан Майтановтың теориялық еңбектерімен терең таныса бастадым, әуелде түсінбей жүргендей болдым, сөйтсем Майтанов еңбектерін түсіну үшін теориялық дайындығың, білім қорың мол болуы керек екен. Түнімен мақала жазып бітірген күні немесе бір көңілді сәтінде ол Зұфар ағай екеумізге кафедра жайының мәселесінен не әдебиет жайынан, не «Қазақ әдебиеті» газетінің бетіндегі әлдебір мақала туралы - әдебиетке қазіргі көзқарас жайынан тоқтаусыз әңгіме тиегін ағытады. Ақыл-парасаты бет-жүзінен көрінеді, шынында да сөйлегенде жүзінен нұр төгіліп тұрғандай болады, байқайтыным-дауысы қаздың дауысындай. Бірақ, бұл жайды өмірі өзіне айтпаппын. Киімі мұнтаздай, анда-санда кафедрада жайылатын дастарқанда, Зұфар ағай екеуі тамақты да құс сияқты талғап ішетіндерін байқаймын.. «Бекзат адамдар деген осылар шығар» деймін ішімнен. Жарлары да жан аямай күтеді білем. Қазақтың сырбаз кісілер-ай текті...Азайып барады осындай жақсылар.. Әдебиет пен ғылымға шексіз берілген, дүние-байлыққа ешқашан қызықпайтын жандар ғой бұлар..Кеше де, бүгін де қызыға қараймын оларға.. Ондай болмақ қайда деп айтпа ғылым сүйсеңіз демеп пе еді.. Күйкі тіршілікке уақытымды кетіріп, қолымды кеш сермегеніме күйініп кетем оларды көргенде..
Бақытжан Майтановтың сыншылық қабілеті өте күшті, адам мінезін жыға таниды. Дегенмен, бала мінезі, сенгіштігі опық жегізген сәттеріне де куә болдым. Көп біледі, бірақ кейбіреулер сияқты ғалымдар сияқты білгіштігін көрсетуге асығып тұрмайды, тіпті әдебиет теориясынан түсінбегеніңді сұрай қалсаң, тықақтап түсіндіруге жоқ, қайдан оқуды ғана айтады. Сөйтсем, уақыты да жоқ, өзім оқып түсінгенімді, содан кейін ғана сұрақ қоюымды қалайды екен, оны қайдан білейін. Қандай сұрақтың жауабын да Майтанов еңбектерінен табуға болатынына кейіннен көз жеткіздім. Білмеске айтып, сөзін шығындамайды. Білгенін аудиторияға айтады. Осы қасиетін жұқтырдым. Сұрағыңа бір-екі ауыз сөзбен ғана жауап қайырады, өзің ар жағын оқып аларсың дегені.
Әлем әдебиетін, олардың түпкі мәнін терең білді. Жасынан оқып үйренген. Қазақ әдебиетін сол биіктен көргісі келді, әдебиет теориясын дамытты. Марапат, атақ іздемей нағыз ғалымдарша қарапайым күн кеше берді, атақ оны өзі іздеп келетінін сезіндік. Б. Майтанов кітаптарын оқып алып, көзі ашылатындар немесе оның «жазуын» түсінбейтіндер қазір көлдей мақала жазып, әдебиетші атанып жүргендер де бар. Оның «жазуын түсінбейтіндер» өздерінің білім-өресі жетпейтінін білсеші..
«Майтанов әлемі» естеліктер жинағында академик С. Қирабаев Б. Майтановтың шығарманы зерттеудің жаңа бағытын алғаш бастаған ғалым екенін жазады. Көп әдебиетшілер осының байыбына бара алмады, оны түсіне алмады.
Профессор Бақытжан Майтанов өзінің ұзақ емес ғұмырында біреуден сыйлық алуды, қарыз болуды қорлық санады. Жақсылықты қайтарымсыз жасады. Әлдекімдер сияқты «мен сені әдебиетке алып едім» деп жақсылығын бұлдамады. Айтулы ғалымның асқан мәдениеттілігі осындай мінездерінен көрінетін еді. Жұмыс барысында ғалым атанып жүріп, екі сөздің басын қосып мақала жаза алмайтындарға, аударма жасай алмайтындарға ренжитін, бірақ онысын олардың өзіне білдірмейтін, біреудің көңіліне кірбің түсіргісі келмейтін.
Көп адамдармен жақын жуыса бермейтін Бақытжан Қауасқанұлы бір күні маған: «Сен маған доссың, бірақ алыстан сыйласамыз» деп, жастық шағында бір сенген дос жігітінен көңілі қалғанын айтып еді. Маған дос деп қарағаны баспадан бері білетіндігі болар деп ойласам да, ұялдым, менің әдеби өрем ол кісіден жүз есе төмен ғой! «Дана мен бала ұқсас деген-ау..» Дос санағанына қораштанып қалсам да, іштей желпініп қалғаным рас.. Пендеміз..
Бақытжан Майтанов еңбектеріндегі жаңа бағыттың бірі көркемдік құбылыстарын пәндер тоғысында зерделеу десек, «Абай жолындағы» кескіндеме өнеріне қатысты тобықты руы адамдарының бет пішіні сөз болғанда, антропология ілімінен деректер келтіргенін сөз етіп отырғанымызда маған: «Сенің жүзіңде ағылшын қыздарына тән бір сипат бар» деді. Ол менің о бастан сөзге жоқтығым, адамға көп жуыса бермейтінім, өзімше «сыр шашпайтыным» деп түсіндім. Ол көбінесе «жазу-сызуы туралы» маған «сыр» ашады. Мен мақаласы жарияланғанша оны тісімнен шығармаймын. Мысалы, ардақты ұстазы академик Рымғали Нұрғали туралы мақала жазып жатқанын, оны «Тайбурыл» я «Арғымақ» деп атасам ба» деп, онысын маған ойласқандай болып айтып жүрді. Міне, «достығымыздың» бір қыры. Үндеместік мінез о баста менде де бар еді, оны ұстазымның әлгі «дистанция» теориясы қайрай түсті..
Бір жолы өзін академик Зейнолла Қабдоловтың мақтағанын айтып: «Сол кісінің мақтауы ерекше еді. Ол кісі сияқты ешкім мақтай алмайды. Сол кісі бір мақтағанда шын қанаттанып қалдым...» деп шын риза көңілмен ақтарылып еді. Тағы бірде жұмыстан қолы қалт еткен сәті болса керек, өзінің оқытушылар отыратын кафедра бөлмесінде отырып:- Раушан, кешегі менің «Қазақ әдебиетіндегі» мақаламды оқыдың ба, мені бір мақташы дегені,-мен қапелімде не дерімді білмей газетті қолыма түсіре алмағанымды (ол кезде мен «Қазақ әдебиеті» газетін университет қасындағы киоскіден алып оқитынмын, ол тез таланып кететін) айтып едім, өзі кабинетінен әкеліп берді. Бұнысына қатты қысылғаным сонша, сол кезден бастап «Қазақ әдебиетін» үйге жаздырып алатын болдым). Онсыз да ұстазымның ғалымдық талантына іштей бас иіп жүретін мен мақаладағы танымға соны талдауларын сұқтана оқып шығып, шын жүректен «мақтап» едім, ұстазым «сенен басқа мені мақтайтын адам жоқ па?!» дегендей кілт етіп қалғанын байқадым да тілімді тістеп қалдым. Мұны күтпеген мен: «Асыра мақтап жібердім бе? Ондайды жаратпаушы еді ғой.. Мені мақтамаңдар, мақтау дандайсытып жібереді, жұмыс істей алмай қалам деуші еді ғой. Қалай оны естен шығарып алдым.. Шынында, ол кісіні мақтап, баға беретін мен кім едім?» деп өзімді-өзім іштей талқылап, жерден алып жерге салдым.. Ғылыми дәлелмен жанды жерін тауып мақтамай, мақтау деген осы екен деп лепіріп артық айтсам керек. Ренжігені- асыра мақтау адамды дандайсытады, шын мақтау өсіреді дегені екен. Ертесіне жұмысқа келсем, ойында ештеңе жоқ, жадырап отыр екен..
Шынында, мен Бақытжан Қауасқанұлымен әңгімелескенде әдебиет теориясының мән-жайын түсініп жүрдім. Алайда, өзің ізденбей болмайды. Майтанов біліміне қызығушылар: «Ол жастайынан әдебиеттің майын ішкен, әдебиет ісіне жастайынан берілген» дейтінін талай естідім. Мен кеш емес пе деймін де, күні-түні әдебиет теориясын оқимын, таусылмайды, «наверстать» ету мүмкін емес деп, түңіліп кетемін кейде..«оқыған сайын түк білмейтінімді» сеземін, бірақ ұстаздардың ұстазы профессор Майтанов қойған жауапкершілік бар, қайткенде игеру керек, студенттің деңгейінен жүз есе артық білуің керек дейді, компьютер заманындағы қағазбастылықтан қашатын айтулы тұлғалар әдебиеттен сабақ беруге келмейді дейді. Бақытжан Қауасқанұлы бақилық болғаннан кейін жауапкершілігім оның рухы алдындағы зор парызға айналғанын да сездім..
Кафедраның көңілді басқосуларында бастық екенін ұмыттыратын. Бір басқосуда Абайдың «Көзімнің қарасын» айтып берді. Үнді қоңыр дауыспен ән салғанда жүзінде Абайға тән даналықтың табы білінді. Кейіннен ұстазымның өлең жазатын қабілетін де білдік. Кітабын қысыла-қымтырыла сыйлап тұрып: «Кейбір әдебиет сыншылары менің таза ғалым болғанымды қалайды» деді. Мен ұстазымның өлең жазатынына таң қалғаным жоқ, өйткені талант көп қырлы емес пе? Мен оның «Бір атаның ұланымыз» атты поэзия кітабынан бір-екі өлеңін жыраулар поэзиясын аударып жүрген досым, белгілі аудармашы Қайрат Жаңабайға орысша аудартып, өзіне сыйға тарттым. «Қалай шығады орысшасы» деп баладай қуанып қалды. Сонда өзі бұл «сыйыма» таңырқай отырып, оқып-талдаған «Теория Гераклита» атты өлеңінің мәтіні мынадай еді:
« Из огня весь мир рожден,
И чиста вся вещь огнем.
И с огнем играет век,
Им гоним и- поглощен.
Вновь придет он, как огонь,
Вновь умрет он, как огонь.
Возрождаясь, вновь и вновь,
Он смеется, как огонь.
Огневого бытия,
Если сможечь, то пылай,
Побеждая и творя.»
Сырттай томаға-тұйық ғалымның ақындығы да бар екен, өлеңдері философияға толы. Қамыққан, ширыққан сәтінде өлеңге отыратынын айтатын. Мен: -Неге, жазушы болмадыңыз?-дегенімде:-Оған менің өмірлік тәжірибем жетпейді ғой,-деп қысқа жауап қайырды.
Бір кафедрада қызмет істеп жүргенде тағы бір байқағаным, академик Зәки Ахметовті ерекше құрмет тұтатын. Әсіресе, академик Рымғали Нұрғалиды өзіне ұстаз, аға тұтып ардақтайтын. Оның қазасын кафедрада жұмыс үстінде естігенде, Бақытжан Қауасқанұлының жүзі қарауытып, қатты түтігіп кеткенін көрдім. Жақында ғана ол кісі туралы «Тайбурыл» деген мақала жазып бітіргенін айтып қуанып келгені есімде еді.
Майтанов жайлы естеліктерде профессор Г. Орда оны періштеге де балайды, өйткені шын ғалым бала мінезді ғана емес, дана мінезді болмай ма?! «Ғылым ақылсыз адамды жынды етеді, шала ақылдыны ақылды етеді, ақылды адамды дана етеді» дейді екен қазақ билері. Әлемдік жаһандану оқу үдерісіне де кері әсерін тигізбей қоймады. Қағазбастылық басып, әдебиет сағаттарының үлесі күрделі мәселеге айналып бара жатқан бір кезеңде, сабырлының сабырлысы саналатын Майтанов, асықпай сөйлеп, ақырын жүріп-ақ, кафедра мүддесін ғана емес, сол кафедра қазығы саналатын баршаның анасындай-әдебиет мүддесін қорғаудан аянып қалған жоқ, бар ақыл-ойымен қызмет етті. Бірақ сондай алмағайып сәттер, әлемиленудің қитұрқылығы бойында пысықайлық мінез жоқ, жаратылысынан табиғаты таза ғалымды жирендіргендей болды. Пендешіліктерге бой алдырмағанмен, оны басқа бір мәселелер мазалай берді. М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен үнемі байланысын үзбей жүретін ол: «Заман өзгеріп барады, мен таза ғылымға кеткім келеді, жоспарлар бар. М. О. Әуезовтің 50-томдығын шығаруға атсалысуым керек» деп қызмет ауыстыруды меңзегендей болды. Мен жабырқап қалдым... Көп ұзамай үйге телефон шалды:-Раушан, мен ауысатын болдым. Ендігі басшыға айттым, әдебиет теориясы сабақтарын сен беретін боласың. Саған сенемін. Жақсы,-деді. Мен дағдарып қалдым. «..Мұныз не, кетіп бара жатырсыз.. Әдебиет теориясы сізге оңай шығар.. Ал, маған... Мен кіммін..а..Сіздің орныңызға сабақ беретін..Уа-шіркін, зырғыған уақыт-ай..» Неге екені белгісіз, менің көзіме жас келді.. Қиналғаным ба, қамқор ұстазды қимағаным ба... Кейін білдім, бір жамандықты сезгенімді... Сол кеткеннен кейін бір көргенімде секем алып қалдым да, тағы бір ғылыми шараларда көргенімде сырқатынан оңалғандай еді.. Көп ұзамай 2011 жылдың 17 қазаны күні суық хабар жетті жұмыс үстінде.. Ардақты, асыл аға-ұстазымнан айрылып, адасқан қаздаймын... Бүкіл факультет, студенттер күңіренген күй кешті.. білем.. Содан бері де аттай үш жыл өтіпті-ау дейміз енді күрсініп..
Өзі ғылымның қасиетті ордасы санайтын тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметінде (2010-2011 ж.ж.) істеп жүріп ересен істер тындырды, тынбай жазды, жаза берді.. Профессор Майтановтың ғылыми жетекшілік етуімен және оның қатысуымен (4-50 томдар) М. О. Әуезовтің 50 томдық жинағы жарық көрді. Ғалым өзі пір тұтқан ұлы тұлғасы алдындағы басты борышы орындалғандай мына дүние есігін ақырын ғана жауып жүре берді...Артында аяулы жары Маруан апай мен ұлы Арнұр қалды, ғылыми қазынасы қалды. Шүкір, өзі ардақ тұтқан М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қабырғасы қайысып, естеліктер жинағын, библиографиялық көрсеткіштерін шығарып қолдан келгенін жасауда.
Ішкі зар.. Қайран, асыл ұстаз, мына алмағайып заманда ғылым жолындағы жастарға бағдар беретін темірқазық жұлдыздай едіңіз.. Әдебиет теориясындағы небір түйткілді тұжырымдарды түптей түсіндіріп беретін ғылыми әлеуеті жоғары, әлемдік әдеби үдеріс заңдылықтарымен үндесіп жататын мақалаларды Сіз ғана жазатын сияқты едіңіз, көзі қарақты, ойлы оқырманыңыз үздіге күтіп, тамсана оқыр еді..
Кейбір теориялық мақалаларда шөп-шалам араласып кетсе, байқап отыратынсыз. Оны маған айтатынсыз да қоятынсыз. Содан сақтан дегеніңіз бе? Әдебиет теориясы мәселесіне келгенде, сізден жүйрік ешкім жоқ еді, дегенмен момақан қалпыңыздан танбайтынсыз. Қазіргі кейбір мақалалар мен ғылыми еңбектерде сіздің ойларыңыз бен сөздеріңіз «оныкі» болып айтылып жатады. Интерпретацияға да, интертекске де келмейді, олардың көркемдік қызметі бөлек емес пе? Кейбір әдебиетші ғалымдардың мақалалары жасанды, айтар ойы жоқ болса да жарияланаты несі? Бақытжан аға, тіпті диплом жұмыстарында «плагиат» болмауын қадай айтқаныңыз есімде.. Әй дейтін әже жоқ дегенді байқайсың кейде.. Дегенмен, олар сізден сырттай қаймығатын, сіз әдебиет тазалығының Тәңір жаратқан табиғи сақшысы едіңіз. Сізде біреуді ренжіту, тіпті емеурін білдіру деген жоқ еді ғой. «Халтура» өзінен-өзі қалады. Қай заманда да солай» дейтінсіз де қоятынсыз. Сіздің әдеби-теориялық терең біліміңіз-ғылымдағы қайталауға, плагиатқа қойылған табиғи шекара, тосқауыл еді.
Профессор Бақытжан Қауасқанұлы Жазушылар Одағындағы, ғылым академиясындағы жиындарға барғанда, сабағын ауыстыратынмын. Сондай-бір сабақ үстінде бір аңғалдау студент:- Бақытжан Қауасқанұлы М.Әуезовтің баласы ма?,- дегені, мен қапелімде не дерімді білмей:- Ұқсай ма?,-десем, студент:-Ұқсайды, «Әуезов және Абай» деген курстан дәріс оқығанда өзі солардың ішінде бірге жүрген сияқты ғой» дейді. Ал, бір студент:- Әуелде, әдебиет теориясынан профессор Бақытжан Қауасқанұлы дәріс бастағанда, түк ұқпайтын сияқты едік. Кейінірек қызық бола бастады, түсіне бастадық, тіпті ағайды үзіліске шықпай тыңдай бергіміз келді,-деген пікірлерін естідім. Иә, Бақытжан Майтанов отбасының Әуезовтер ұрпағымен, Мұрат Әуезов, Диар Қонаевтармен әркез дәмдес болып, сыйласатынын ұстазымның өз аузынан естігенім бар. Б. Майтановтың Әуезов шығармалары жайлы құнды зерттеулерін оның ұрпақтары аса құрмет тұтып, сыйлас болғаны белгілі. Тектілік жайын тарқата Ләйла Мұхтарқызы туралы мақаласын жазғаны да есімде.
Майтанов еңбектері уақыт өткен сайын өз қажеттілігін сездіріп қана қоймай, әдебиетке жаны құмар жастар мен маман-ғалымдарды өзінің нұрымен шарпып, қол бұлғап шақырып тұрар мәңгі сөнбес от-шырақтай алыстан нұр шашып жарқырап түрары анық. Оны елемей өту, өткінші санау-ғылым адамына тән емес қасиет деп ойлаймын. Басқасын айтпағанда, мен оның шәкірттері атынан оның туған жеріндегі жерлестерінен, ондағы биліктен қазақтың көрнекті әдебиет теоретигі, қазақ әдебиеттануында алғаш рет жаңа бағытты зерттеудің негізін қалаған филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Қауасқанұлы Майтановтың есімі ол оқыған мектепке берілуін сұраймын. Майтанов сынды маңдайы жарқыраған білімпаз тұлғаға қандай марапат та, құрмет те артық болмас еді.
Майтанов мұралары «сөрелерде шаң баспайтын» құнды еңбектер, оны шын әдебиетші ғалым, сыншы я жазушы, ақын болам деген жастар іздеп жүріп оқитын болады. Майтанов еңбектерінің ішкі ғылыми қуаты зор, рухани нұры мол. Уақыт өткен сайын ғылыми мәні мен маңызы ашыла берері хақ, қасқалдақтың қанындай бағалы болары да хақ. Көрнекті ғалым, профессор Б. Қ. Майтанов еңбектерін жинау, жариялау оның аяулы жары Маруан апайдың немесе оның шәкірттерінің, я оның соңғы қызмет істеген мекемесінің ғана емес, қазақ әдебиеттануының міндеті болуға тиіс. Өйткені, Б. Қ. Майтанов- қазақ әдебиеттануында алғашқы болып жаңа бағытты зерттеулерге жол ашты.
Аса көрнекті әдебиет сыншысы Б. Майтановтың мақалалары «Қазақ әдебиеті» газетінде жиі жарияланатын еді. Ол:-«Ең жақсы әдебиет оқулығы – «Қазақ әдебиеті» газеті дейтін. Онда әдебиеттің барша мәселесі талқыланады. Ол-әдеби үдерістің тамыршысы. Оны оқымайтын әдебиетші әдебиетші емес» дейтін.
Профессор Б. Майтановтың «Қазақ романы және психологиялық талдау» атты (1996) оқу құралын қазақ романдарындағы психологизмнің көркемдік қызметін кеңінен талдаған бірден-бір тың, әрі толымды зерттеу деуге болады. Бұл бұған дейін қазақ әдебиеттануында психологиялық талдау өнері сөз болмады деген емес, зерттеушінің әлемдік әдебиеттанудың тың тәжірибелерін терең игеру нәтижесінде, қазақ романдарындағы психологизм ерекшеліктерін социалистік реализм ауқымынан шығарып, жаңашыл нысанда зерттеуге алғаш рет бетбұрыс жасағанына көз жеткізуге болады. Өйткені, филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Қауасқанұлы Майтановтың «Қазақ романы және психологиялық талдау» еңбегі осы заманғы герменевтикалық талдаудың шынайы үлгісі деуге болады. Зерттеу еңбекте психологизм әдебиеттің тектік белгісі екені, оның тарихи-философиялық генезисі, адам психологиясының қоршаған әлем және социуммен байланысы, психологизмнің эстетикалық категорияларымен сәйкестігі, көркем психологизмнің табиғаты, ой мен психологиялық акт, бет құбылысы мен ым жүйесінің мәні, көркем пейзаж және психологизм, психологиялық портрет түрлері, баяндаудың психологиялық функциясы, фольклор мен әдебиеттегі түс көрудің ролі, психологизмнің орыс, қазақ, әлем әдебиетіндегі ерекшеліктері герменевтикалық талдаулар негізінде тұжырымдалады. Әдебиет теоретигі В.Е. Хализев «Теория литературы» деп аталатын еңбегінде герменевтика бастауы мифтер мен қасиетті мәтіндерді талқылау тәжірибесін қолдана бастаған ежелгі дәуір мен христиандық Ортағасырда жатқанын, ал оның XIX ғасырда өз алдына ғылым пәні болып қалыптасуына неміс ойшылдары Ф. Шлейермахер мен В. Дильтей еңбектері айрықша ықпал еткенін жазады. Герменевтиканың негізгі ұғымы-түсіндіру, түсіндірудің маңызды компоненті-интерпретация екені белгілі. Герменевтика- көпқырлы, оның негізгі принципі мәтінтану мәселелеріне құрылады. Көптеген шетелдік ғалымдардың герменевтиканы мәтінді талдау өнері сипатында негіздегенін ұғуға болады. Сондай-ақ, әйгілі орыс оқымыстысы М. Бахтиннің диалогтық қарым-қатынас концепциясы да герменевтика ұғымы сипатында қарастырылатыны анық.
Біз бұл мақаламызда ғалымның барлық еңбектерінің құндылықтарын тізбелеуді мақсат етпейміз. Ертеректе жазған «Қазақ романы және психологиялық талдау» (1996) және «Портрет поэтикасы» (2006) сияқты еңбектеріндегі ғалымдық дара қасиеттерін, зерттеу еңбектерінің жаңа бағыттарын тануға талпыныс жасап, көптеген шәкірттерінің бірі санатында жарқын бейнесін еске алуды жөн көреміз.
Б. Майтанов әлем әдебиеттануындағы психологизм теориясын қанша сарыла зерделегенімен, ұлттық әдебиетіміздегі психологиялық талдау өнерінің типологиялық белгілерін және әлемдік әдеби даму заңдылықтарымен үндестігін жаңашыл нысанда айқындады. Ғалым көркем шығарманың баяндау жүйесіндегі психологизм қызметі секілді күрделі де күрмеулі мәселені шешуде Г. Гегель, Н.Г. Чернышевский, М. Бахтин, А. Иезуитов, Л.Я. Гинзбург, М.Б. Храпченко, З. Фрейд, У. Эко, Л. Выготский, А. Белецкий, В. Виноградов, В. Галанов, В. Лакшин, И. Страхов, А. Скафтымов, В. Компанеец, Е. Лизунова, В. Днепров, А. Чичерин, Б. Реизов, С.Г. Бочаров, В. Хализев, З. Ахметов, С. Қирабаев, Р. Бердібаев, Т. Нұртазин, Т. Ақшолақов, Ш. Елеукенов, С. Байжанов, Х. Әдібаев, Б. Наурызбаев т.б қазақ, орыс, шетел ғалымдарының ой-тұжырымдарына сүйенгенмен, өзіндік жаңаша пайымдарды алға тартады. Ең алдымен, қаншама ғалымдар анықтама беріп, айдар таққан психологизм жөнінде: «Қаһарманның рухани әлемін, жан-сырын жеткізу амал-тәсілдерінің жиынтығы немесе идеялық-эстетикалық, шығармашылық феномен- психологизм» деп тұғырлы тұжырым жасауы қаншама жанкешті еңбекті қажет еткенін де біреу біліп, біреу білмес. Жоғарыда, ғалым еңбегінде сөз болатын қадау-қадау мәселелердің бірі-баяндаудың психологиялық функциясы десек, зерттеушінің бұл бағдардағы тұжырымдары тың, талдаулары да тым терең екенін көреміз. Зерттеуші қазақ әдебиетіндегі реалистік психологизмнің бастауларын М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамалынан» ізерлей келе, Ш. Құдайбердиевтің «Әділ-Мариясының» баяндау құрылымындағы пейзаж қызметінің, диалог формасының өзгешеліктерін жіті пайымдайды. Ал, зерттеуші Майтанов Ж. Аймауытовты «социалистік» реализм өкіліне тартпақтау қажетсіздігін» көрсете келіп, оның «реализміне керемет ажар қосып, жазғанын қорғасын құйған сақадай күйлі шығаруға өлшеусіз ықпал жасайтын күш-психологиялық талдау өнері» екенін байыптайды. Ж. Аймауытов романындағы Ақбілекті А. Камюдің «Бөгде» романындағы «қылмысына өкінбеген» кейіпкер Мерсомен, Соммерсет Моэмнің «Бас имеген әйел» әңгімесіндегі Аннетпен салыстырады. Шығармалар арасында уақыт алшақтығы болса да, ғалымның айтпағы- бұл кейіпкерлердің бәрі де адам, «адам психологиясының ұшы-қиырсыз стихиясына тән құбылыс» бұларға ортақ. Ғалым осы бір тұста «әдебиеттің объектісі-адам» деп келе жатқан бізге ол туралы: «Адам-тарихи, әлеуметтік объект қана емес, психологиялық, биологиялық субъект» деген байлам ұсынады. Ақбілек-«Қара мұрт» қарым-қатынастарындағы психологиялық ахуалды талдай келіп: «Эротикалық түйсік пен сананы асау атпен алысқан адамға балайтын З. Фрейд пікірі дәлелді» деген пікір қосады. Алайда, Б. Майтанов фрейдизм ілімін толық қабылдаудан аулақ, оны ойға қонымды тұстарын ғана тілге тиек етеді.
Зерттеуші реалистік психологизмнің толысу кезеңдеріндегі М. Жұмабаев, М. Әуезов, Б. Майлин, С. Мұқанов, С. Ерубаев туындыларындағы «бейнелеу принципі мен бейнелеу тәсілдеріндегі жетістіктер қазақ әдебиетінің асқаралы биігі-«Абай жолы» роман-эпопеясына барар жолдағы үлкен көркемдік тәжірибелер жиынтығы, лайықты рухани, эстетикалық дайындық қоры болғанын» ғылыми негіздейді. Сөз жоқ, Әуезов шығармашылығы Б. Майтановтың ерекше ғылыми зердемен, ынтызар ықылас, ыстық жүрек, сарабдал ақылмен сараптауға жан салған қимас қазынасы болғаны баршаға мәлім. Алайда, бұл күнде ұшан-теңіз әуезовтану іліміне өзгеден ала бөтен ой қосу аңғал мінезді ғалымның қаперіне де келмегені анық. «Әр жүйрік әліне қарай шабады». Дегенмен, Майтанов танымы өз биігінен жаңаша таниды. Алайда, ғалым «уақыт қабағына қарай толғанатын жазушы айта алмаған «ішкі монологтарын» ашық жариялап жатпайтынын» ескертеді. Мәселен, зерттеуші: «Көпшілік айта беретіндей, «Абай жолы» әке мен баланың қиян-кескі айқасына құрылмаған, әкесін Абайдың қадірлейтін сәттері мол» дей келіп, романнан көптеген дәйектер келтіре дәлелдейді. Л. Гинзбургтың Толстой шығармашылығындағы образ эволюциясы туралы байламын қаперінде ұстай келіп: «...Құнанбай тұлғасы бір өлшеммен келуді азсынатын, әр қырынан, әр түрлі ыңғайда сараптауды талап етер елеулі құбылыс екенін танимыз» дейді. Сондай-ақ, «Құнанбайдың Қодар талқысы туралы күңгірт бейуақтағы әңгімеге жолдан шаршап келген, ана көкірегін иіскеп, мейірі қанбаған ұлын әдейі шақыруы тегін емес. Мүмкін, уақыт, болашақ ұрпақ алдында өз үкімінің қаталдығынан ақталуы шығар. Үкімінің хақтығына сенімі шығар. Бірақ шығармада осы көңіл-күйлердің бір ғана жағы: баласын өз досы мен қастарының аужайын түйіп, ел дауы мен шарына көз үйрете беруін қалау ниеті бой көрсетеді», деп жазады. Зерттеуші шығармадан көпшілік қауым «Құнанбай бейнесін бір жақты ұғынып келгені өтірік емес» екенін байыптай отырып, Әуезов суреттеуінде «ешбір ғайбат сөз, ашық айыптау аңғармайсыз» деп түйеді. Ал, Қодар оқиғасының шындығы екіталай екені айтылып жүр. Ал, зерттеуші Абай әкесінің баласы «көп алдында көлденеңдегені үшін наразылық» танытып айтқан сөздерінде «өкініш те, кісілік те, асқан сыншылық та, ғаламат сезгірлік те бар» екенін аңғартуы да Құнанбай бейнесін жаңа қырынан тануға бастайды емес пе?
Түптей келгенде, зерттеуші Әуезов эпопеясынан «таза психологиялық шығарма рухын» тұйық психологизм мысалдарынан айрықша танытып, соңғы кітаптарында аналитизм элементтерінің драматизммен астасып жатқанын байыптайды. Жалпы, Б. Майтановтың Әуезов суреткерлігі жайлы зерттеулерінің қайсысы да жаңаша пайымға, кең танымға құрылады. Зерттеушінің соны пайым, тың идеяларының қайсысы да шәкірттері әрі қарай дамытып, жаңғырта жазып кетуге бейім тұрады. Оның зерттеулері осынысымен де құнды екенін аңғаруға болады.
Зерттеуші Б. Майтановтың «Сөз сыны» (2002) зерттеу еңбегі-қазіргі заманда ғылыми өзекті болып табылатын әдеби шығарманы мәдениеттану, психология, нарратология, семиотика сияқты пәндер тоғысында зерттеудің айқын үлгісі. Ал, ғалымның «Модернистские и постмодернистские тенденции в современной казахской прозе» (Мәскеу, «Русская словесность в мировом культурном контексте» атты Халықаралық конгресс, 2004; Каунас, 2007), «Этнопсихологизм портретного дискурса» (Новосибирск, ғылыми жинақ, 2007), «Аңыздың ақыры: мекеншақ пен семиозис» («Қазақ әдебиеті», 2009), «Абай жолы» және тәуелсіздік рухы: «еркіндік» архетипі» («Ақиқат», 2010) атты т.б. мақалалары филология ғылымдары әдіснамасы көкжиегін кеңейткен архетиптік талдау, семиотикалық талдау секілді жаңа парадигмаларға серпін берген ғалымның жаңашыл танымын айғақтайды.
Майтанов зерттеулеріндегі жаңашыл сипаттарын сөз еткенде ауызға алмай өтуге болмайтын бір еңбегі- «Пейзаждың көркемдік семантикасы» (2010) деп аталады. Бұнда С. Сейфуллин, З. Шашкин, Х. Есенжанов, Ә. Нұрпейісов т.б. қазақ жазушыларының шығармаларындағы пейзаждың көркемдік функцияларын жаңа қырынан бағамдайды. Фольклорлық дәстүрдегі ландшафт пен кейіпкер бейнесін берудегі тәсілдерді айта келе: «Ал тарихи-революциялық тақырыптың алғашқы дәуірлердегі жемісі – С. Сейфуллин шығармасынан Ә. Нұрпейісов трилогиясына дейінгі аралықта бұл амал әрқилы вариациялардан өте тұрып, күрделілене, шыңдала түсіпті» деген қорытындыға келмес бұрын зерттеуші пейзаждың семантикалық структурасына терең талдау жасағаны айқындалады.
Б. Майтановтың отандық және шетелдік халықаралық ғылыми форумдар мен конференцияларда жасаған сандаған баяндамаларын айтпағанда, әрқилы маңызды басылымдарда әр жылдарда жарық көрген шоқтығы биік мақалаларының ұзын саны 400-ге жуық екеніне 2012 жылы жарық көрген «Майтанов Бақытжан Қауасқанұлы. Библиографиялық көрсеткішінен» (2012) көз жеткізуге болады.
«Портрет поэтикасы»( 2006) монографиясы – көрнекті әдебиеттанушы Бақытжан Қауасқанұлы Майтановтың жаңашыл бағытта жазған ғылыми зерттеулерінің бірі. Оның жаңашылдығы әдеби туындының тұтастық жүйесіндегі ежелгі көркемдік құрылымның бірі – портрет жөніндегі тұйықталған түсініктерімізді кеңейтуінде, портрет поэтикасын қазіргі әдебиеттанудың әдіснамалық негіздеріне сүйеніп пайымдауында.
Баяндау құрылымындағы портрет телімдерінің міндеті хақында арнайы зерттеулер жазу орыс әдебиетінде кешеуілдеп барып қолға алынғандығын ескерсек, зерттеуші Б.Қ. Майтановтың «Портрет поэтикасы» қазақ әдебиеттануында әлгіндей олқылықтың орнын ғана толтырып қоймай, көркемдік құрылымды әлемдік әдебиеттанудың жаңашыл нысандары тұрғысынан зерделеудің айқын үлгісі болып табылады.
Б. Майтанов «Портрет поэтикасында» З. Шашкин, Х. Есенжанов, Ә. Нұрпейісов бейнелеген әйелдер кескіндемесінен эмоционалды-трагедиялық әуендерді де, әліптемедегі дәлдік пен нақтылықты да таниды. Пішіндік таңбаларға айналып соғып отырудың осы авторларға ортақ тәсіл екенін де аңғартады.
Зерттеуде XX ғасырдың 60-80 жылдарындағы қазақ тарихи романдарында көркем портреттің психофизиогномиялық параллелизм жасаудағы ерекшеліктері бағаланады. Мәселен зерттеуші: «Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» романында сан алуан портреттік деталь, штрихтар кейіпкердің эмоционалды толқу немесе шығанға жеткен аффективті мезеттерін шынайы қамтиды»-деп жазады.
М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы кескіндеу өнерінің қилы қырларын танытуымен құнды деуге болады. Зерттеушінің өзі де бұған айрықша құштарлық танытып: «Мәселен, бізді М. Әуезов қаламынан туған портреттер галареясының ғажап әлемі керемет тарихи-этнографиялық, философиялық әрі сұңғыла психологиялық мәнімен қайран қалдырады»-дейді.
Б. Майтанов Әйгерім портретіндегі тарихи, физигномиялық деректердің нақтылығына ғана назар аудартып қана қоймай, эпопеяның «Қоршауда» тарауында суреттелетін медик-антрополог ғалым Павлов мол тәжірибесі арқасында Ақылбай, Баймағамбет, Пәкизат, Дәрмендердің дара бітімдерін жалпылық нұсқамен салыстыра таниды. Зерттеушінің пайымдауынша, М. Әуезов генетика ғылымының қағидаларын да сана қыртысында ұстайды.
Зерттеу авторы: «Абай жолында» М. Әуезов дарынының тұлпар шабысын айғақтарлық мысалдар кескіндеу өнеріне қатысты асып-төгіліп жатыр»,-дей келіп: «портрет адам бейнесіне қатысты метонимиялық құбылыс, бірақ көркемдік тұрғыда толымды құбылыс. Ол – жаратылыстың шеберлігіне, өмірдің күрделі табиғатына тәнті қылатын, тарихи мәні зор эстетикалық, эмоционалды-психологиялық, пластикалық, антропометриялық құндылық»,- деген тұғырлы тұжырымға келеді. Осы орайда, көрнекті ғалым Майтанов тілі-ғалымдық қарым мен әдеби дарын синтезі десек те болады. Бүгінгі таңда профессор Б.Қ. Майтановтың монографиялары мен оқу құралдары, зерттеулері мен оқу бағдарламалары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің бакалавр, магистратура, докторантура сатыларында оқытылатын «Әдебиет теориясы», «Көркем әдебиеттегі психологизм», «Әдебиеттанудың теориялық мәселелері», «Көркем мәтін теориясы», «Композиция поэтикасы және нарратология» т.б. курстарда үздіксіз пайдаланылады. Тіпті, теориялық курстарды оқытып-үйретуде шәкірттердің қазақ тіліндегі сұранысына ие бірегей еңбек болып саналатыны жасырын емес. Сондықтан, оқу орындағы баспалар мен басқа да республикалық баспалар Б. Майтановтың «Қазақ романы және психологиялық талдау» (1996), «Мағжан Жұмабаевтың поэтикасы» ( 2001), «Мұхтар Әуезов-суреткер» (1996) атты оқу құралдарын және «Сөз сыны» (2002), «Көркемдік нәрі» (1983), «Психологизм в художественной литературе» (2004) еңбектері мен «Әдебиет теориясы» пәнінің типтік бағдарламасын» (З. Қабдоловпен бірге) (2001) қайта басып шығарар болса, ұтылмас еді деген ойдамын.
Мен ардақты ұстазым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты (2004), ҚР Президентінің «Алтын сана» белгісінің иегері (2006), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері (2008), ҚР БҒМ-нің Ғылымдағы көрнекті жетістіктері үшін берілетін мемлекеттік стипендиясының иегері (2009-2010 ж.ж.), Ш. Айтматов академиясының академигі (2010) Бақытжан Қауасқанұлы Майтановтың қазақ әдебиеттануында алғашқы болып жаңа бағытты зерттеуге жол ашқан ғылыми әлеуеті зор еңбектері мен ғалымдық дана тұлғасын ғылым көгінде келешек ғылым көшіне бағдар сілтеп, жарқырай берер шоқ жұлдызға ұқсатамын..
Раушан Әбдіқұлова
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің қазақ әдебиетінің тарихы және теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты.