Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университеті
Тарих,экономика және құқық факультеті
Тақырыбы: Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті
Елдосова Қарылғаш Қанатқызы
Ист-23 тобы
Бiз жүйріктігі көз ілеспес жаңа қоғамда өмiр сүрiп жатырмыз. Жаңа қоғамның сипаты даму болса, бұл жолда жетiстiктерiмiз де аз емес, дегенмен... Ия, дегенмен қай қоғамның да ілгері басқан аяғына тұсау болар бір келеңсіз мәселе бар. Ол мәселе – қай елде, қай қоғамда өмір сүрсек те, түбегейлi шешiмi табылмай тұрған сыбайлас жемқорлық мәселесі. Қанша заң қабылданса да, қандай ауыр жаза қолданылса да, бұл мәселе әлi толық шешiмiн тапқан жоқ. Табылуы да күмәнді, өйткені бұл дерт – әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдатып отырған қоғамның дерті... Қоғамның бұл індетке шалдығуының себебі неде және бұл қауіпті дерттен құлан таза айықтырудың амалы қандай болмақ?
Жемқорлықты қанша жоямыз десек те, ол күннен күнге өршіп, керісінше індетке айналғанын көріп, естіп жүрміз. Жас мемлекет болсақ та, бұл індет бізді де айналып өтпеді. Жемқорлықтың ішіндегі ең кең етек алғаны – парақорлық. Ол жай құқық бұзушылық емес, мемлекетіміздің сенімділігі мен ұлтымыздың қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатер және мемлекетіміздің өсуіне, алдыңғы қатардан көрінуіне кедергісін келтіреді. Осының салдарынан, әрине, қоғамда өсу, алға жылжу болмайды, яғни қоғамның бұл дертке шалдығуының бірден-бір негізгі себебі – қазіргі таңда адамдар рухани игіліктен гөрі материалдық игілікті алға қоятын жағдайға жеткендігі.
Ия, сыбайлас жемқорлық ол – бүгін немесе кеше туған нәрсе емес, ол заманның ағысымен бірге өсіп, тамырын тереңге салған індет. Бұл жағымсыз тіркесті үнемі естіп, теледидар, газет беттерінен көріп жүргендіктен, оған құлағымыз да, етіміз де үйреніп қалғандай, соншалықты бейқамбыз. Ал, қоғамды жаулаған осынау індеттен жазыла алмауымыздың, меніңше, бір себебі – осы боп тұр. Мұның салдарынан адамдардың айналасындағыларға сенімдері жоғалып, шындық, әділдік деген нәрсеге сенбейтіндей, сенімсіздікпен қарайтындай жағдайға жеткен.
Мен үшін келесі себеп – түрлі БАҚ құралдарынан оқып-естіп жүргеніміздей қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, халыққа тиесілі мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, сарапшының жалған қорытыңдысы, лауазымды адамдардың сот үкімін орындамауы – осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстардың «арқасында» жүзеге асады. Ең сорақысы – осыларға әділ жаза қолданады деп халық сенген сот орындарының да «бармақ басты, көз қыстымен» «алтын көрсе, періште жолдан таядының» әрекетін жасауы.
«Әттеген-ай!» деймін сондайда, бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген ұстанымымен әділдік пен турашылдықты ту еткен ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидей қазағымның асылдары да «Қызыл кітапқа» еніп кеткені ме?
ХХІ ғасырда сауатсыз адамды табу өте қиын болғанымен, құқықтық сауатсыздар жетіп артылады, басқа сөзбен айтқанда жағдаятқа сай өз құқымызды жетік білмейміз. Бұл да ғасырымыздың өзгеше сипаттағы «Көлтаусарларының» санын көбейтіп, айықпай тұрған дертті асқындыра түсері даусыз.
Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес, алайда айналасындағы таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен азаматтардың қызметіне де, өміріне де қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетік-амалы халықтың өзінде, яғни Әл Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім адамзатқа қауіп әкеледі» дегенін іс жүзінде ескеруіміз керек. Қазіргі барлық білім беру ошақтарында рейтенг төмен болмау үшін алдыңғы орынға білім шығып алғаны өтірік емес. Әр ел, әр қоғам өздері үлгі бола отырып, ұрпақтың бойына алдымен ынсап пен қанағат, ар мен ұят, иманды сіңірсе, білімді, сауатты, салауатты етіп тәрбиелесе, бойына осы індетке қарсы тұратындай күш-жігер ұялата білсе, ертеңгі еліне адал қызмет ететін азаматтар, елім деген тұлғалар шығатынына сенімдімін.
Бір басын қағып тастаса, екінші басы пайда болатын аждаһадай болған індетті жоймаса да, азайтуға септігін тигізер амал – бейжайлықтан арылу болар,бәлкім? Қоғам болып белсенділік танытып, «маған қатысы жоқ» демейтіндей қоғамдық сана қалыптасуы қажет.
«Дүние-байлық не керек, денсаулығың болмаса, Төрелігің не керек, халықтың көңілі толмаса» деген нақыл сөз сот саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің бағдары боп, әділет орындары әділ төрелік жасап, жемқорлықтан жоғары тұрса, әрекеттерінен Төле, Қазыбек, Әйтекелер танылып тұрса, «кеңірдегінің тесігі жүгімен түйе өткендей» «заманауи Ұлтандар» аяғын жияр еді-ау!
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттырудың маңызы бір төбе. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда не жасау керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет.
Демек, қоғамдағы көкейтесті мәселе болып, өзек жарды проблемаға айналып отырған сыбайлас жемқорлық – ел ішіне білінбей кірген індет секілді. Ал біздің осы дертке қарсы қолданар қаруымыз – қоғам. Сондықтан да қоғам тегіс қарсы болғанда ғана бұл індетті жоймақпыз және әрбір Қазақстандық, әр отбасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бүкіл қоғамның, әр азаматтың іс екендігін түсінуі керек.
Қорыта айтқанда, жемқорлық қоғамға ғана залалын тигізіп қоймайды, сіздің, менің болашақ өмірімізді құрдымға жіберетұғын кесапат. Біздің қоғамда елдің, халықтың күйреуіне әкелетін, мемлекет беделіне дақ түсіретін сыбайлас жемқорлыққа орын болмау керек. Сондықтан ерте жастан Отанға деген сүйіспеншілікке, адамдарды, дәстүрлерді құрметтеуге, білім мен еңбекке ұмтылуға, көрегендік пен адалдыққа тәрбиелеу, жемқорлыққа қарсы тұрарлық мәдениетін қалыптастыру осы кесапатты жоюға мүмкіндік береді деп ойлаймын.