Дәріс 3 Еңбек қорғауды басқару жүйесі. Басқару органдарының негізгі міндеттері мен қызметтері. Еңбекті қорғау бойынша мемлекеттік, салалық және қоғамдық бақылау органдары
Дәріс 3 Еңбек қорғауды басқару жүйесі. Басқару органдарының негізгі міндеттері мен қызметтері. Еңбекті қорғау бойынша мемлекеттік, салалық және қоғамдық бақылау органдары. Еңбек қорғауды басқару жүйесіне жоғарғы Мемлекеттік билік пен Прокурорлық қадағалаудан басқа мемлекеттік басқару мен салалық, ішкі және қоғамдық бақылау кіреді.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік басқаруды, бақылау мен қадағалауды Қазақстан Республикасының Үкіметі, еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдар өз құзыретіне сәйкес жүзеге асырады.
Мемлекеттік басқаруды еңбекті қорғаудың ережелері және нормаларын ескере отырып Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіндегі еңбекті қорғау Департаменті жүргізеді. Мемлекеттік органдарга Мемлекеттік энергетикалық қадағалау, Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау, Госгортехнадзор, Мемлекеттік өртті қадағалау, қоршаған ортаны қорғау бойынша Мемлекеттік комитеті кіреді.
Мемлекеттік бақылау мемлекеттік еңбек инспекторының жұмыс берушінің немесе қызметкердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын орындауына тексеру жүргізуі жолымен жүзеге асырылады. Тексерулер жоспарлы және жоспардан тыс болып бөлінеді: 1) жоспарлы - еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган немесе оның аумақтық бөлімшесі жоспарлаған, алдыңғы тексерулерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген уақыт аралықтары ескеріліп жүргізілетін тексеру. Бір жеке немесе заңды тұлғаға қатысты жоспарлы тексеру жылына бір реттен асырылмай, ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты - үш жылда бір реттен жиі емес өткізілуі тиіс. 2) жоспардан тыс тексерулер жеке немесе заңды тұлғалар, мемлекеттік органдар еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуы туралы өтініш білдірген, сондай-ақ мемлекеттік еңбек инспекторы қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін және еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтарды дереу жоюды талап ететін фактілерді анықтаған немесе осындай бұзушылықтар белгілерінің болуын куәландыратын немесе өндірістегі жазатайым оқиғаларды тексеруді жүргізу кезінде анықталған құжаттармен және өзге де дәлелдемелермен расталатын өзге ақпарат алған жағдайларда жүргізіледі. Мемлекеттік еңбек инспекторы жоспардан тыс тексеру немесе өндірістегі жазатайым оқиғаға тексеру жүргізген жағдайда, жоспарлы тексерулер тексеру жүргізу жоспарын бекіткен лауазымды адаммен келісім бойынша басқа мерзімге ауыстырылады. Мемлекеттік еңбек инспекторларына төмендегілер жатады:
1) Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік еңбек инспекторы - Қазақстан Республикасының еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органының мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы;
2) мемлекеттік еңбек инспекциясының бас мемлекеттік еңбек инспекторлары - еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік еңбек инспекциясының лауазымды адамдары;
3) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың бас мемлекеттік еңбек инспекторы - еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік еңбек инспекциясының облыстық, республикалық маңызы бар қаладағы аумақтық бөлімшесінің басшысы;
4) мемлекеттік еңбек инспекторлары - мемлекеттік еңбек инспекциясы органының облыстық, республикалық маңызы бар қаладағы аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамдары жатады.
Мемлекеттік еңбек инспекциясының қызметі қызметкерлердің құқықтары мен бостандықтарын сыйлау, сақтау және қорғау, заңдылық, әділдік, тәуелсіздік және жариялылық принциптері негізінде жүзеге асырылады.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылау еңбек жағдайларының жай-күйін қадағалауды ұйымдастыруды, өндірістік бақылаудың деректеріне жедел талдау жүргізуді, тәуекелдерді бағалауды және еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі анықталған сәйкессіздіктерді жою жөнінде шаралар қабылдауды қамтиды.
Жұмыс беруші жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі белгіленген талаптарды сақтау және анықталған бұзушылықтарды жою бойынша жедел шаралар қабылдау мақсатында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылауды жүзеге асырады.
Жұмысшыларының саны 50-ден асатын өндірісте еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтау үшін ішкі бақылауды жүзеге асыру мақсатында жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметін құрады. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі өз мәртебесі бойынша негізгі өндірістік қызметтерге теңестіріледі.
Жұмысшыларының саны 50-ге жетпейтін жұмыс беруші қызмет ерекшелігін ескере отырып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі мамандық лауазымын енгізеді не еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі міндетті басқа маманға жүктейді.
Өндірісте еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы кәсіпорында қоғамдық бақылауды кәсіподақ комитеті, ал кәсіподақ болмаған кезде қызметкерлердің жалпы жиналысы сайлайтын еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспектор жүзеге асырады. Жұмысшылардың республикалық, салалық, өңірлік бірлестіктері кәсіпорындарда еңбек заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылауды ұжымдық шарттарда бекітілген жағдайда жүзеге асырады.
Әрбір министрлік өзіне бағынатын өнеркәсіптерде еңбекті қорғау жөнінде салалық бақылау жүргізеді.
Өнеркәсәп орындарының әкімшілік тарапынан да еңбекті қорғау бойынша үш сатылы бақылау жүргізіледі.. Бақылау жұмыс орындарында, өндіріс учаскілерінде, цехтарда жүргізіледі.
саты бойынша бақылауды күн сайын учаске бастығы және еңбекті қорғаудың қоғамдық инспектрі жүргізеді.
саты бойынша цех бастығы және еңбекті қорғау бойынша аға қоғамдық инспектор басқарған комиссия жүргізеді.
Саты бойынша директор немесе бас инженер басқаратын комиссия жүргізеді.