Әдеби кеш Тақырыбы: Сырбай – сыршыл ақын
Ұйымдастырушылар: Жаксыбаева Шолпан,
Асанова Гүлдәрі
2022-2023 оқу жылы Шараның мақсаты – жас ұрпаққа қазақ лирикасы классигінің әдеби мұрасын насихаттау, ақын өлеңдерінің көркем сөздің жоғары үлгісі екенін таныта білу.
1-жүргізуші. Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі кешіміз соғысқа қатысқан майдангер ақын Сырбай Мәуленовтің 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Сырбай – сыршыл ақын» атты мерекелік кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер!
Өткен ғасырдың елуінші жылдары қазақ әдебиетінің рухани кемелденуіне өзіндік қолтаңбасымен келген үлкен тіректі тұлғаның бірі -Сырбай Мәуленов. Оның қаламынан туған өлең өрнектері өміршеңдігі құнды. Соғыстан кейінгі қазақ әдебиеті бір кездегі рухани биігіне қайта көтерілу жолындағы ізденісті өте тездетті. Осы ізденісті тездетуге майданға барып, өмірдің ащы шындығын көріп келіп, адамдық болмыстың бүкіл тұңғиық тереңдеріне өзінің көркемдік нақты тәжірибесі арқылы көз жеткізіп келген ұрпақ көп себепші болды. Мәселен, сол ұрпақтың үлкен рухани көсемі ретінде біз Қасым Аманжоловты алатын болсақ, осы Қасымдар бастаған рухани сардарлардың ішінде алдымен көзге түсетін ақын Сырбай Мәуленов болды. Сырбай осы жылдардан бастап қазақ поэзиясында оқырманды нағыз сыршыл сезімімен де, ойымен де, көркемдік бейнесімен де бірден баурап алатын шынайы поэзияның орнығуына ықпал ете білген ақын.
Өлеңім сырласатын серігімсің,
Өзіммен бірге жасар өмірімсің.
Адамзат жүрегіме үңілгенде
Әр уақыт сен арқылы мені білсін, - деп ақынның өзі айтып кеткендей бүгін Сырбай ақынның өлеңдері арқылы сырлы өміріне жол ашамыз. Ортаға Аяп Бекарысты шақырамыз.
1-жүргізуші. Өте жақсы. Ал енді Сырбай Мәуленовтің өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметпен таныстарайын.
1-жүргізуші: Сырбай Мәуленов 1922 жылдың 17 қыркүйегінде Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Торғай кентінде туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Абай атындағы Алматы Мемлекеттік Ұлттық университетін бітірген. 1943-1950 жж. Қостанай облыстық радиокомитетінде редактор, "Большевиктік жол" газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, 1951-1955 жж. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редакция меңгерушісі, 1957-1961 жж. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, "Қазақ әдебиеті" газетінде бас редактордың орынбасары, 1964-1971 жж. "Жұлдыз" журналының, 1955-1957, 1971-1977 жж. "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы болды.
ҚР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері (1970), Қазақстанның Халық жазушысы, 1-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту, Халықтар Достығы, "Құрмет Белгісі" ордендерімен және медальдармен марапатталған. Алматы қаласындағы орталық көшелерінің біріне есімі берілген.
«Арманым жоқ көкірегімді кең ашып,
Туған елге тарту етсем барымды» - деп ақын артына өшпес із қалдырды. Жалынды жырларын жұртына тастады. Бүгінде Сырбай Мәуленовтің көптеген жыр жинақтары жарық көрген.
Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер ретінде С.Мәуленовтің шығармашылығында соғыс тақырыбы үлкен орын алады.
1-жүргізуші. «Мен он сегіз жасымда армияға алынып, Дондағы Ростовта болдым да, көп ұзамай ауруыма байланысты әскери қызметтен босатылдым. Соғыс басталғаннан кейін бір жыл өткен соң, денсаулығым түзелгесін өз өтінішіммен майданға аттандым. Әскери өмір менің өлеңімнің де мектебі болды. Соғыс мені күйретті де, көп нәрсеге үйретті. Тәніме өшпейтін таңбасын түсірді.» - дейді ақын. Ендігі кезекті осы майдан жырларына берейік. 5 «Г» сынып оқушыларын ақын өлеңдерін мәнерлеп оқуға шақырамыз.
1-жүргізуші. Рақмет. Жарайсыңдар!
Қоңырау қағылып,
Жылжыды эшелон.
Сағымды жамылып,
Қалды артта неше жон.
Қалды артта туған үй,
Қара түн жасырып.
Дауыл боп тула күй
Жарқыра жас үміт.
Мен енді жауынгер
Қатерге буған бел
Батысқа жол тарттым
Сен үшін, туған ел.
Бұл 1942 жылдың қоңыр күзінде, «Жаркөл» стансасында қан майданға аттанып бара жатқанда жазылған өлең. Ортада қазақ биі.
1-жүргізуші.
Соғыстан соң Сырбай ауа, күн, жел, тау, тас, өзен - көл - жалпы, туған табиғат туралы көп толғанып, поэзия әлеміне парасатты, көрікті жырлар ұсынды. Табиғат ақынның жүрегін оятатын, сұлу сезімге бөлейтін, қиял құсын қияға ұшырататын шабыттың шақпақ оттарының бірі. Мәселен, сұлулық символы ақ қайыңды қалай жырлайды,
«Ақ қайың» өлеңі Тұр аққайың түнде де,
Сұңғақ бойын сақтап тік.
Құйылады гүлдерге.
Айдан саулап аппақ сүт.
Ауылдың ір шетінде,
Жатыр өзен ұйықтап.
Дірілдейді етінде
Әлгі аппақ сүт ұйып қап
Мәнерлеп оқуға 5 «Б» сынып оқушыларын шақырамыз.
1-жүргізуші. Қазақ әдебиетінің поэзия саласына тұтас бір майдан сарынын алып келген даладай дарынды ақын Сырбай Мәуленов кезеңі өлең өлкесінде өшпес із қалдырды. Осы орайда қуатты қаламгер,туындыларын әлем таныған Әбіш Кекілбаевтың мына бір ғибратты сөзі еске түседі.
«Біз бала кезімізден бастап Сырбайша оқуға, Сырбайша жазуға, Сырбайша сөйлеуге ұмтылып өскен ұрпақпыз. Қазіргі әдебиеттегі алпысқа келгендер мен төменгі буынның барлығының болмысында міндетті түрде Сырбайдың рухы, Сырбайдың әсері бар десем асыра айтқан болмаспын. Сырбай - тек өз мектебі бар ақын ғана емес, қазақ поэзиясын жарқыраған жаңа кезеңге көтеріп бере алған кемел құбылыс. Бұл тұрғыдан келгенде Сырбай - қазақтың ұлттық әдебиетінің классигі». 6-сынып оқушылары ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқиды.
1-жүргізуші. Ал, оқушылар! Міне, енді сендер ақын С. Мәуленов жайлы біраз мағлұмат алдыңдар деген сенімдемін. Бүгінгі ақынға арнаған кешіміз өз мәресіне жетті. Баршамызға сәттілік тілейміз! Сау болыңыздар!