Егер де біз бұл атаулардың мағынасын тереңдеп зерделесек олардың бәрі де



Дата18.10.2023
өлшемі18,42 Kb.
#118582
Байланысты:
Документ 2


2.2. Қару-жарақ бөліктері атауларының мифологиялық мәні
Тарихи даму барысында қазақ тілінде тек қару-жарақтың атауы ғана емес, олардың түрлерінің, жеке бөліктерінің, элементтерінің де атаулары тиянақты түрде жасалып, түрақталып қалыптасты. Қазақ тілінде әр түрлі ер қаруларындағы функциялары үқсас негізгі конструктивтік бөліктерінің атаулары бірдей болып келеді, яғни барлық қазақ қаруларының негізгі бөліктері бәріне ортақ атаулармен
аталады.
Қазақ тілінде қарудың негізгі зақым салатын бөлігі «басы» деп аталады. «Бас» сөзінің түркі тілдеріндегі семантикалық қатарына «басты», «негізгі», «бастық», «басқарушы», «үстіңгі, жоғарғы жақ», «бастапқы, бастаушы» мағыналары кіреді. Қарулардың басының алдыңғы жағын, кесетін бөлігін «жүзі» деп атайды, ал қарсы (артқы) жағы «сырты» (қылышта) немесе «шүйдесі», «желкесі» (балтада) деп аталады. Оқтың, найзаның, сүңгінің жебесінің семсердің бастарындағы жүзінің екі жағында бетін құрайтын элементтері - «қыры». Кесетін, түйрейтін қарулардың басының «ұшы» бар. Қарудың басы қолға ұстауға арналған «сапқа» орнатылады да, қылыш, семсерлердің басының төменгі жағы «алқымы», «мойны» деп аталса, шоқпар, балталардың басы мен сабының
қиылысқан түсы «сағағы» деп аталады. Қарудың ортаңғы тұсы - «белі», бұл көбіне қарудың қолға ұстайтын тұсы болып келеді.
Егер де біз бұл атаулардың мағынасын тереңдеп зерделесек олардың бәрі де
адамның дене бөліктерінің атауы екенін көреміз. «Жүз» деп адамның алдыңғы бетін айтады, мысалы, «жүзі жылы адам», «жүзінен тану», «жүзін көрсету». «Бет», «қыры» - адамның бір бүйірінен қарағандағы жағы, мысалы «қырынан қарағанда», «қырын түру», «қырынан келу» дегендей.
«Желке», «шүйде», «сырты» деп адам басының артқы жағын айтады. Ал адамның мойны мен басының қиылысқан тұсы «сағағы», мойынның алдыңғы жағы «алқымы». «Бел» адам денесінің орта түсы, сондықтан да «бел» сөзі мен «орта» сөзі қосылып, тілімізде «тура ортасы» дегенді білдіретін «белорта» сөзін тудырған.
Жоғарыда айтылғандардың бәрі барлық түркі халықтарының тіліне ортақ қүбылыс, бұл қарудың және оның бөліктерінің атауларының түркі тілінде өте ертеде қалыптасқанын дәлелдейді.
«Жүз» сөзінің мағынасын жеке алып қарастырғанда түркі тілдерінде кесуді білдіретін мағынасы кейін пайда болған, қарудың кесетін бөлігінің атауы ретінде қолданылуынан соң, кесумен ассоциация тудыратын болғаннан кейін қалыптасқан. Бұл сөз қарудың кесетін элементінің атауы ретінде берілгенде, көне
заман адамы үшін қарудың осы бөлігінің кесетін қасиеті емес, қарудың басының алдыңғы жағы екенін көрсету, алдыңғы жағы болғанда ең мәнді, айырықша маңызды жағы екенін дәйектеу маңызды болған. Ол үшін мифологиядағы ең әмбебап тәсіл - антропоморфтық жүйелеу тәсілі қолданылды. Бұл жерде қарудың
кесетін түсын ең мәнді элемент ретінде антропоморфтық мифологиялық жүйелеу
тәсіліндегі ең мәнді категория - адам жүзі (адам басының алдыңғы жағы) ұғымы
арқылы мәндеу қару жүзінің түпкі семантикалық мәнін айғақтайды. Бұл атаудың негізгі мәні қарудың алдыңғы жағын белгілеу екенін оның адам басының артқы
жағын белгілейтін «желке», «сырт», «шүйде» сөздерімен бинарлық оппозиция түрінде қатар қолданылуы да дәлел. «Қыр», «алқым», «сағақ» атауларының қолданылуына қатысты да осыны айтуға болады. Яғни бүл қару бөліктерінің атауларында оларды заттың қай жағы екенін көрсету, оның адам денесінің мүшелерімен сәйкестендіру негізге алынған.
Ұлттық дүниелерді номинациялау процесінің негізінде халықтың дүниетанымы, оның діни, идеологиялық тағы басқа да көзқарастары көрініс табады [207, 261 б]. Қару бөліктерінің, элементтерінің бұлай аталуының негізінде де түркі халықтарының көне замандағы дүниетанымы жатыр. Сондықтан көшпелі түркі халықтарының мифологиялық дүниетанымына, осы танымның өзегі болатын әлемнің кеңістік-уақыттық моделіне, оның негізгі параметрлерін анықтайтын кеңістіктік-уақыттық континуумына қысқаша тоқтала кету керек. Бұл көне түсінік бойынша әлем үш бөлікті тік, төрт бөлікті көлденең құрылымдардан тұрады. Тік бағытта (вертикаль бойынша) әлем үш қабаттан: жоғарғы (аспан, құдайлар дүниесі), ортаңғы (жер беті, адамдар, жануарлар дүниесі) және төменгі (жерасты, өлілер, зұлым рухтар дүниесі) дүниелерден құралады. Көлденең бойынша (көлденең бағытта) әлем төрт бөлікке: дүниенің төрт тарабына бөлінеді.
Бұл әлем бейнесінің тернарлық құрылымы көшпелі халықтарда өте ерте дәуірде
пайда болған, үш бөлікті космостық моделді скиф-сақтардың мифологиясында
кездестіреміз [357, с. 99-10; 291, с. 121]. Мифологиялық космостың кеңістіктік-
уақыттық моделі оның белортасы саналатын, үш дүниені бойлай өтетін әлемнің осі (кіндігі) арқылы бекітіледі. Көне мифтерде осы кіндік сызықты белгілейтін бірнеше рәміздер (символдар) қалыптасты. Ол символдардың негізгісі - барлық халықтардың көне мифтеріне ортақ «әлемдік ағаш» (мировое древо) бейнесі. Бұл ағаш әлемнің үш дүниесін, төрт тарабын жалғастырып түратын алып ағаш ретінде түсініледі.
Әлемдік ағаш (бәйтерек) дүниенің сакральды центрінде (кіндігінде)
орналасқан да, үш дүниені жалғастыра тік жоғары бағытталған. Сондықтан дәстүрлі дүниетанымда тік бағытталған заттардың бәрі сакральды болып, әлем ағашына изоморфты (ұқсас бейне) болады да, тік тұрған заттың бәрі (өсіп тұрған ағаш, діңгек, адалбақан, бақан, адам денесі т.б) әлем ағашының алломорфы (орнын баса алатын рәміз) саналды. Ағаш сапқа орнатылып, тік бағытталған қару да дәстүрлі мәдениетте әлемдік ағаштың символына айналып, ол да әлемдік ағаш сияқты медиативтік (дүниелерді жалғастыру) функциясын атқаратын. Сондықтан қарудың (әсіресе айбалта, найза, гүрзі сияқты ғұрыптық мәнде
қолданылатын қарулардың) басындағы өрнектер - «әлем ағашы, өмір ағашы» өрнегінің түрлі варианттары. Қарудың сабы да «әлем ағашының» діңі ретінде (сап көбіне ағаштан жасалатынын да ескеру керек) сол мәндес өрнекпен әшекейленген.
Түркі халықтарының дәстүрлі дүниетанымында материалдық ескерткіштердің бәрі де осы бір мифологиялық әлем моделін бейнелейді, бұл - тұрақты құрылымдық конфигурацияның бейнелеудің әртүрлі әдістері, яғни әр-түрлі кодтарды қолдану арқылы мифологиялық құрылымдарды конструкциялаудың жолы. Осы тұрғыдан алғанда дәстүрлі мәдениетте барлық материалдық заттар құрылымы мен мағынасы жағынан өзара байланыстылықта және өзара теңділікте болды. Түркі халықтарының дәстүрлі мәдениетінде мифтік мазмұн түрлі кодтық жүйелермен беріле береді, сондықтан әлемнің бұл кеңістік-уақыттық моделінің түркі халықтарының дүниетанымында заттық та, зооморфтық та, антропоморфтық та бейнелері бар. Адам организмін әлем картинасын бейнелеуге модель ретінде қолдану, кез келген обьектіні адамға үқсату - антропоморфизациялау архаикалық мәдениеттің басты ерекшелігі. Себебі дәстүрлі сана үшін адам организмі мифтік космосты жасаудың ең көрнекті моделі болатын. Түркілік мифологиялық дәстүрде адам денесінің бөліктері жаратылған әлемнің зоналарын белгілейтін жоғары, орта, төмен деген ұғымдармен және дүниенің төрт тарабымен сәйкестендіріледі. Үш бөлікті тік құрылымнан, екі не төрт (екі еселенген екі) бөлікті горизонталь құрылымнан тұратын Космостың антропоморфты моделі қазақтардың дәстүрлі мәдениетіне де тән. Анатомиялық кодтың белгілерімен түркі халықтары қоршаған дүниедегі түрлі құбылыстарды: әлеуметтік құрылымдарды, уақыттың, кеңістіктің, заттың параметрлерін белгіледі.
Әлемдік ағаш та, оның алломорфтары бола алатын материалдық заттар да, яғни біз қарастырып отырған қару да дәстүрлі мәдениетте антропоморфизм заңдылығы бойынша анатомиялық кодтың белгілерімен сипатталды. Сондықтан түркі халықтарының тілінде қарудың структуралық бөліктерінің атаулары адамның дене бөліктерінің атауларымен аталып, ал қару бөліктерінің функционалдық қызметі, мән-маңыздылығы адамның осы дене бөліктерінің мәнімен байланыстырылады және содан туындайды. Қарудың басы қарудың негізгі функциясын
анықтайтын басты бөлігі екенін және оның жоғарғы дүниемен (құдайлар, рухтар
дүниесімен) байланысын, ал белі ортаңғы дүниемен (адамдар дүниесімен) байланысты екенін көрсетеді. Қару адам қолында ұсталып түратындықтан, оның төменгі дүниемен байланыстырылатын төменгі бөлігі жоқ, яғни қарудың төменгі
дүниемен байланысы адам денесі арқылы іске асады. Сондықтан қаруды сабынан, белінен үстап, адам жүмсағанмен, қару басының әрекеті тек адамға ғана
емес, жоғарғы дүниемен байланысты болғандықтан, құдайлардың, рухтардың
әрекетімен де байланысты деп түсінілді.
Анатомиялық код бойынша адам денесінің алды, арты, оң мен солы әлем кеңістігінің төрт тарабымен байланыстырылады. Кеңістік параметрі түрғысынан келетін болсақ, «жүзі» атауы қарудың бүл бөлігінің алға қарай бағытталғанын, «шүйдесі», «желкесі», «сырты» атаулары қарудың бүл бөлігінің артқа қарай бағытталғанын, «беті», «қыры» атаулары қару бөліктерінің оң мен солға бағытталғанын көрсетеді. Түркі халықтарының мифтік дүниетанымында алдыңғы жақ шығыс тарапымен, артқы жақ батыс тараппен, оң жақ оңтүстік тараппен, сол жақ солтүстік тараппен байланысты [357, с.100]. Қару да «әлемдік ағаштың» варианты ретінде әлемнің төрт тарапымен: шығыс, батыс, оңтүстік, солтүстік тараптарымен сәйкестендірілген.
Бұл сәйкестікті дүрыс түсіну және сақтау қаруды соғыста ғана емес, түрмыста
да, діни ырымдарда, түрлі магиялық ғүрыптарда қолданғанда өте маңызды болды. Қаруға қатысты бүл түсініктер көшпелі халықтарда өте ерте дәуірде пайда болған. Қарудың, мысалы семсердің, дүниенің мифтік моделімен сәйкестігін Геродот сипаттаған скифтердің семсер түрінде түсінілген соғыс құдайы Ареске арнаған ғибадатханасының құрылымынан көруге болады . Ондағы төртбұрышты алтарь дүниенің кеңістік-уақыттық параметрін, төрт тарабын түспалдаса және төбе түрінде әлемдік таудың символы ретінде түсінілсе, оның ортасында вертикаль орнатылған семсер - әлемнің кіндігінің символы ретінде әлемнің үш зонасын, үш дүниесін жалғастырып түрған әлем ағашын тұспалдайды.
Бұл жаппай антропоморфизмнің нәтижесінде адамды қоршаған дүниедегі әр заттың жаны бар екендігі туралы сенім - анимизм пайда болды. Сондықтан қарудың да жаны бар саналып немесе онда иесінің жаны орналасады деп түсініліп, қару жанды зат ретінде өзі де әрекет жасауға қабілетті саналды. Мифологиялық сананың басты ерекшелігі онда адам мен табиғаттың, өлі мен тірінің, объект пен субъекттің, себеп пен салдардың, кеңістік пен уақыттың, зат пен атаудың айқын айырылмауында. Осы тұрғыдан алғанда қарудың конструктивтік бөліктерінің қазақ тіліндегі дәстүрлі халықтық атауларының түпкі мағынасы бұл бөліктердің негізгі мәнін анықтайды.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет