Дәріс № 15.
Тақырыбы: “ Әлемдік саясат. Халықаралық қатынастар”
Жоспар:
Халықаралық қатынастар, халықаралық қатынастар жүйесі.
Қазақстан Республикасы халықаралық қатынастар жүйесінде.
1. Халықаралық қатынастар ғалымдардың терең зерттеуін талап ететін қоғамдық қатынастардың ерекше түрі болып саналады. Олар әлемдік кеңістіктегі әлеуметтік қаууымдастықтардың арасындағы қатынастар ретінде қалыптасады, өмір сүреді және жұмыс істейді. Халықаралық қатынастар алуан түрлі күштер: мемлекеттік, әскери, экономикалық, саяси, қоғамдық және интеллектуалдық т.б. күштер әр түрлі деңгейде ( жаһандық, аймақтық, көп жақты және екі жақты) түйісетін және өзара әрекет ететін кеңістік болып табылады.
Халықаралық қатынастар өзінің дамуында ұзақ тарихи жолды жүре отыра, тек жаңа дәуірде ғана нағыз бүкіләлемдік сипатқа ие болды.
Халықаралық деңгейдегі саяси іс-әрекет жүз миллиондаған адамның өміріне ықпал ететінін, бүтіндей бір мемлекет пен халықтың тағдырын айқындайтынын тарих көрсетіп отыр. Демек, қазіргі әлем бір-бірімен өзара байланысқан көптеген халықтар мен мемлекеттердің күрделі жүйесі болып саналады.
Халықаралық қатынастар үнемі өзгеріп және даму үстінде болады.
Халықаралық қатынастарды реттеу үшін заңдардың емес, қарым-қатынас жөніндегі келісімдер мен келісім-шарттардың маңызы бар екендігін айта кеткен жөн. Халықаралық қатынастардың түрлері:
Саяси, экономикалық және ғылыми –техникалық, идеологиялық, халықаралық құқықтық, әскери – стратегиялық, мәдени және басқа да қатынастар. Бұлардың әрқайсысының өзіндік құрылымы, функциялары, өзінің даму процесі бар. Саяси – басты рөл атқарады, қатынастың басқа барлық түрлерін өзінше ұйғарады, синтез жасайды. Саяси қатынастар саяси жүйе элементтерінің, бәрінен бұрын мемлекеттің шынайы саяси қызметінде өзіндік көрініс табады. Олар қауіпсіздікке кепілдік береді және қалған барлық қатынастардың дамуы үшін жағдай жасайды,яғни ұлттық мүдделерді білдіреді және олардың негізгі жағдайларын айқындайды.
Халықаралық жүйелер объективті түрде бірқатар әлеуметтік функцияларды да орындайтындығын атап көрсету керек. Осы арқылы да осындай құрылымдардың өмір сүруінің мәні дәлелденеді. Бәрінен бұрын, бұл халықаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету функциясы. Бұл олардың басты міндеті.
ХХІ ғасырдың басында әлемдік қауымдастық өмірінің саяси, экономикалық, рухани салаларында, халықтар мен мемлекеттердің әскери қауіпсіздігі салаларында болған өзгерістер барынша айқындылығымен халықаралық қатынастардың жаңа жүйесін қалыптастыру проблемасын күн тәртібіне қояды.
2. ХХ ғасырдың аяғында Қазақстан үшін жаңа мемлекеттің әлемдік қауымдастықтағы орны мен рөлін іздеуге, анықтауға байланысты міндеттер туындайды. Біздің еліміздің халықаралық қатынастар жүйесінде алатын орны ерекше. Қазақ халқының халықаралық саясаты ертеден басталғаны бәрімізге мәлім. Оның әлем өмірінде жаңа сипатта, жаңа қырдан көрінуіне көп жыл болған жоқ. Бірақ бұл аз уақытта еліміздің қол жеткізген табысы өте зор. Қазақстанның сыртқы саясаты бейбітшілік пен ынтымақтастық бағытында нығайып дамуда.
1990 жылы 25 қазанда егемендігін, 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан – халықаралық дүниенің кең арнасына шыққаны айқын. Оның тәуелсіздігін 150-ден астам мемлекет мойындап, 130 мемлекетпен дипломатиялық қатынастар орнатылды. Қазақстан БҰҰ-ң және тағы басқа көптеген ықпалды халықаралық ұйымдардың мүшесі болды. Мұның өзі Қазақстанның басқа елдерге кең танылуына және оның тәуелсіздігіне жол ашты. Оның үстіне демократиялық және зиялы мемлекет ретінде ол барлық мемлекеттермен тең, әрі өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік алды.
Қазақстанның әлемде бейбітшілікті орнатуда, ядролық қарудан бас тартуда сіңірген еңбегі мол.
Сонымен қатар, Қазақстан халықаралық саясатының мемлекеттік ұлттық мүдделерін білдіретін өзіндік бітім сипаты бар. Ол БҰҰ-ң, сондай-ақ, ЮНЕСКО-ң мүшесі ретіндегі белсенді мемлекеттердің біріне айналды.Бұл күндері біздің еліміздің Еуропа Қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы жөніндегі кеңес, Солтүстік Атлантикалық ынтымақтастық Кеңесі сияқты форумдардағы үні анық және салмақты естіледі. БҰҰ-на мүше мемлекеттердің арасында Қазақстан Республикасы өзінің географиялық аумағы бойынша, алтыншы, халқының саны бойынша елуінші орында. Ал ТМД елдері арасында жер аумағы бойынша екінші орында, ал халқының саны бойынша төртінші орында.
Бүгінде Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі ерекшеліктерін бөліп көрсетуге болады:
Қазақстан саяси, экономикалық және басқа да мақсаттарға жетудің құралы ретінде барлық соғыстардан, әскери күш қолданудан бас тартуы;
Біздің сыртқы саясатымызды негізге идеясы Қазақстанның ешбір мемлекетке өзінің қарсыласы ретінде қарамайтындығы;
Қазақстан өзінің өмірлік маңызды мүдделерін қорғайтындығы;
Сыртқы саясат “шығынды” емес, өзара тиімді болуы тиіс.
Еліміздің сыртқы саяси бағытын қалыптастыру негізінде Қазақстан дипломатиясы халықаралық достық пен ынтымақтасудың азиялық және еуропалық бағыттарын құқықтық тең дәрежеде ұстауы принципін алға қойып отыр.
Жұмыс істей бастаған Орталық Азия экономикалық қоғамдастығының түпкілікті қалыптасқаны қуанарлық жайт. Елімізде біздің осы қоғамдастық мемлекеттері басшыларының кезекті кездесулерінің өткізілуі – бұл мемлекеттермен қарым-қатынастарды нығайту Қазақстанның Азиялық аумағындағы қауіпсіздігін саяси –дипломатиялық құралдарымен қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ, рспублика экономикасын Азия аймағындағы серпінді дамып келе жатқан интеграциялық прогрестерге қосу үшін маңызды. Бүгінгі ауқымды және аймақтық проблемалардың кең кешені бойынша бұл мемлекеттермен өзара қарым –қатынас жасауға аса қажет елеулі мүмкіндіктер ашылады. Батыс еуропада, Солтүстік және Оңтүстік Америкада, Оңтүстік Шығыс Азияда ортақ экономикалық және геосаяси мүдделер байланыстырып отырған қуатты блоктар мен аймақтық бірлестіктердің жұмыс істеуі – мұның бәрі Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты бағыттары бар екендігін көрсетеді.
Қазақстан үшін Қытаймен ынтымақтастықтың зор маңызы бар. Оның үлкен экономикалық мүмкіндігі, экономикасының тұрақты дамуы, сауда - саттық көлемі ұлғайып, саяси байланыстар тұрақты түрде дамып келеді.
Қазақстан Жапония және Кореямен тығыз ынтымақтастықта.
Моңғолия үкіметімен де екі жақты қарым-қатынастардың түрлі салаларында тұрақты жұмыс байланыстары жолға қойылып отыр.
Бүгінгі күннің ірі мемлекеттерінің бірі – ортақ проблемаларды шешу үшін өзара тиімді ынтымақтастық мақсатында Түркиямен, Иранмен, әрі экономикалық, әрі саяси байланыстарымыз нығая түсуде.
Сауд Арабиясымен де байланыстарымыз барған сайын арта түсіп келеді және осы мемлекет Астана қаласын көркейтуге үлкен көмек жасады.
Сондай-ақ Қазақстан Оңтүстік Азияның ірі-ірі мемлекеттерімен, атап айтсақ, Үндістанмен, Пәкістанмен достық қарым – қатынас орнатуда.
Еуропа одағы қазірдің өзінде Қазақстанның ең ірі сауда – экономикалық әріптесіне айналды. Бұдан басқа Қазақстан Австралиямен, Ұлыбританиямен, Америка, Африка
Елдерімен ынтымақтастығын дамытуда.
Әсіресе, Қазақстанның сыртқы саяси іс-қимылында Ақш-пен қарым-қатынасын атап айтқан жөн. АҚШ-пен қарым-қатынаста ең негізгісі - екі жақтың да мүдделеріне сай негізделген ынтымақтастықты қалыптастырып дамыту.
Достарыңызбен бөлісу: |