13-дәріс
ӘЛЕУМЕТТАНУ ТЕОРИЯСЫ
3-тарау. Қазіргі заманғы әлеуметтану
теориясы: негізгі мектептер
Ғасырдың ортасына дейінгі
әлеуметтану теориясы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ
АШЫҚ
УНИВЕРСИТЕТІ
Кітап:
Тарау:
Дәріс:
Әлеуметтану теориясы
3. Қазіргі заманғы әлеуметтану теориясы: негізгі мектептер
13. Ғасырдың ортасына дейінгі әлеуметтану теориясы
2
Гарвардтың өркендеуі. Шырмауық лигасы және құрылымдық функцио-
нализм
Гарвардтағы әлеуметтанудың өрлеуін сол жерге 1930 жылы Питирим Сорокиннің келуі-
мен байланыстырады. Сорокин Гарвардқа келгенде әлеуметтану бөлімі болмаған еді, бірақ ол
келген жылдың аяғына қарай осы бөлім ұйымдастырылып, Питирим Сорокин оның меңгерушісі
болып тағайындалды. Сорокин – әлеуметтану ғылымының териясын қалыптастырушы.
1960 жылдарда еңбектері кең тараған, алайда ең қызығы, бүгінде олар сирек еске алынады.
Сорокиннің Гарвардта әлеуметтану бөлімін ашып, Толкотт Парсонсты сол жерде экономика
бойынша оқытушы қызметіне алуы маңызы зор оқиға болды. Парсонс әйгілі әлеуметтану
теорияларын жазумен бірге, ірі әлеуметтанушы шәкірттер даярлаған әрі америкалық қауымға
Еуропа теорияшыларын танытқан аса беделді тұлға еді.
Толкотт Парсонс (1902–1979)
1937 жыл Парсонс пен америкалық әлеуметтану теориясы үшін шешуші, мерейлі жыл
болды. Осы жылы оның «Әлеуметтік әрекеттің құрылымы» атты еңбегі жарық көрді. Бұл
кітаптың Америкадағы әлеуметтану ғылымындағы маңызы негізгі төрт себеппен ерекшеленеді.
Біріншіден, ол ұлы еуропалық теорияларды кең америкалық қауымға таныстырудың алғышарты
болды. Екіншіден, Парсонс Маркс пен Зиммель сияқты ғалымдарға мүлдем көңіл бөлмеген.
Нәтижесінде, осы күнге дейін марксистік теорияның легитимдік әлеуметтанудан алшақтығы
жалғасуда. Үшіншіден, «Әлеуметтік әрекеттің құрылымы» әлеуметтану теориясында заңды
және ғылыми әлеуметтік белсенділікке ие болды. Құрама Штаттар топырағында пайда болған
теориялар ішінде Парсонс еңбектерінің маңызы өте зор. Төртіншіден, ол әлеуметтануға нақты
ықпал ететін арнайы теорияларын бекітті. Осылайша, Парсонс өзін және басқалар да оны іс-
әрекет теорияшысы деп қабылдады. 1937 жылдың соңына қарай ол кең ауқымды әлеуметтік
және мәдени жүйелерге бағытталып құрылымдық функционализм теориясын дамыта бастады.
Бұл теория әлеуметтануда күшке айналып, өз беделін 1960 жылдарға дейін сақтап тұрды.
Парсонстың теориядағы беделі мен құрылымдық функционализмі ірі әлеуметтік құрылымдар
мен институттар арасындағы қатынастарды анықтауда байқалды. Әлеуметтік құрылымдар
ауызбіршілік, келісім мен тәртіпке негізделуі тиіс деп санады.
Джордж Хоманс (1910–1989)
Бостоннан шыққан бай адам Гарвардта бакалавр дәрежесін 1932 жылы алған. Итальяндық
әлеуметтанушы Вильфредо Паретоның теориясына ерекше қызығушылық білдіреді. Джордж
Хоманстың Паретоға қызығушылығы «Паретоға кіріспе» атты кітаптың жазылуына түрткі
болды, шығарма 1934 жылы жарық көрді. Бұл кітаптың шығуы Хомансты әлеуметтанушы етті,
алайда Паретоның еңбегі оған дейінгі әлеуметтанудан оқыған жалғыз туынды болды. 1934
жылы Хомансқа Гарвардтың ғылыми қызметкері лауазымы берілді. Шындығында, ол ешқашан
PhD дәрежесін алмаған, алайда өз заманының атақты әлеуметтанушы ғалымы болды.
Хоманс – Парсонс еңбегінің кейбір аспектілерін жоғары бағалайтын, дегенмен оның тео-
риялық көзқарастарын айрықша сынға алды. Көптеген кітап пен басылымдарда екі ғалымның
арасында ұзақ мерзімге созылған тартыс басталды. Оның пікірінше, Парсонс теориясы
шын мәнінде теория емес, бар болғаны ғылыми аспектілерге қатысты жай интеллектуалды
категориялар жиынтығының жүйесі ғана. «Теорияның қалыптасуы әлеуметтік әлемді басынан
бастап зерттеуге негізделуі керек» деп есептеді. Ал Парсонс теориясы жалпы теориялық
деңгейден бастау алып, эмпирикалық зерттеуге қарай бағытталды. Хоманс өз жұмысында
біраз жылдар бойы эмпирикалық бақылауларды жинақтай келіп, тек 1950 жылдары осы
ақпараттарды талдауға мүмкіндік беретін теориялық әдісін қолданды. Бұл әдіс Гарвардтағы
әріптесі – психолог Ф. Скиннер ұсынған психологиялық бихевиоризм бағыты болатын. Осы
3
Кітап:
Тарау:
Дәріс:
Әлеуметтану теориясы
3. Қазіргі заманғы әлеуметтану теориясы: негізгі мектептер
13. Ғасырдың ортасына дейінгі әлеуметтану теориясы
перспектива негізінде өзінің айырбас теориясын дамытты. Ең маңыздысы гарвардтық мек-
теп пен құрылымдық функционализм 1930 жылдары үздік деп мойындалып, символикалық
интеракционизм мен чикаголық мектептің орнын алмастырды.
Марксистік теорияның дамуы
1900 жылдардан бастап 1930 жылдарға дейін марксистік теория әлеуметтану теория-
ларының негізгі легінің ішінде, сыни мектептің немесе ертеректегі гегельдік марксизмнен
бөлініп шыққан Франкфурт мектебінің пайда болуын санамағанда, тәуелсіз түрде дамып келді.
Әлеуметтік зерттеу институты 1923 жылы Германияның Франкфурт қаласында ресми түрде
қалыптасты. Соңғы жылдары марксистік көзқарасты қорғаушылардың көбі сыни мектеппен
тығыз байланыста болды: Макс Хоркхаймер, Теодор Адорно, Эрих Фромм, Герберт Маркузе,
Юрген Хабермас пен Аксель Хоннет.
Институт Германияда 1934 жылға дейін қызмет атқарып тұрды, алайда елдегі әсіреұлт-
шыл тәртіп кесірінен жұмыс істеу өте қиынға соқты. Әсіреұлтшылдар арасынан марксистік
идеяны қорғайтын адамның табыла қоюы екіталай еді, өйткені оны қолдаушылардың көбі
еврей болатын. 1934 жылы институт басшысы Хоркхаймер Нью-Йоркке келіп, осы ғылыми
орталықтың болашағы жөнінде Колумбия университетінің президентімен өзара пікір алмасты.
Институт университетпен біріктіріліп, оған кампус территориясынан жеке ғимарат ұсынған
да, Хоркхаймердің таңданысында шек болмады. Осылайша, марксистік теория орталығы
капиталистік әлем орталығында орналасты. Институт соғыс аяқталғанға дейін сонда жұмыс
істеді, бірақ соғыстан кейін оның Германияға қайтып орнығуына қысым жасалды.
1949 жылы Хоркхаймер Германияға қайтып оралды, өзімен бірге институтты да ала келді.
Институт Германияға көшкенімен, оның қызметі көптеген аймақтарға ортақ болды. Алғашқы
жылдарда институтпен қатынасы барлар, әдеттегідей, дәстүрлі марксистер болды, олар
көбінесе экономикаға көңіл бөлді. Алайда 1930 жылдары айтарлықтай өзгерістерден кейін
осы ғалымдардың бірқатары экономикадан гөрі мәдениет саласына, яғни жаңа капиталистік
қоғамда тегеурінді күшке айналып отырған «мәдениет индустриясына» назар аудара бастады.
Бұл кезде капиталистік замандағы мәдениеттің рөлі шарықтаған еді. Осы тұста ертедегі Георг
Лукач сияқты гегельдік марксистердің позициясы нығайып, кең қанат жайды. Мәдениет
саласын тереңірек тану үшін сыни теорияшылар Макс Вебердің еңбектеріне ден қойған
болатын. Маркс пен Веберді біріктіру арқылы олар «Веберлік марксизм» ұғымын тудырып,
әлеуметтанушылар алдында сыни мектептің беделін өсірді, сөйтіп марксистік теорияны
жақтаушылардың қызығушылығын оятуға септігін тигізді. Сыни мектеп өкілдерінің тарапы-
нан жасалған екінші маңызды шара – америкалық әлеуметтанушылар дамытқан әлеуметтік-
ғылыми әдістердің қатаң алгоритмін марксистерді қызықтыратын сұрақтарды зерттеуге
қолдануы болды. Бұл, веберлік теорияны қабылдау сияқты, негізгі әлеуметтанушылардың
сыни мектепті қабылдауына жол ашты.
Үшіншіден, сыни теорияшылар Вебер мен Маркстің еңбектерін қоғамдық және мәдени
деңгейде фрейдтік теория арқылы тұлғалық бағыттың бірігуіне күш салды. Көптеген әлеу-
меттанушылар, Олардың жеке ұсынған теорияларына қарағанда, барлық жағынан қамтылған
кең ұғымды теория болып қабылданды. Бұл интеллектуалдар қабылдауға қарсы болған біраз
теорияларды біріктіруге итермелеуші күш болды. Сыни мектеп 1920 жылдардан бері пайдалы
үлкен ауқымды жұмыстар атқарды, көбінесе бұл әлеуметтанушылар үлесіне тиесілі. Бірақ
сыни мектепке 1960 жылдардың аяғын «күтуге» тура келді, себебі содан кейін ғана америкалық
теорияшылар бұл мектептің маңызын түсініп, мойындаған еді.
Құрылымдық функционализм: шырқау шегі мен құлдырауы
1940–1950 жылдар қарама-қайшылыққа толы құрылымдық функционализмнің үстемдік
құруы мен құлдырауының бастамасы болды. Осы кезде Парсонс өзінің әрекет теориясынан
Кітап:
Тарау:
Дәріс:
Әлеуметтану теориясы
3. Қазіргі заманғы әлеуметтану теориясы: негізгі мектептер
13. Ғасырдың ортасына дейінгі әлеуметтану теориясы
4
құрылымдық функционализмге ауысуын анық көрсететін ең маңызды тұжырымдамаларын
жасады. Бірақ әлеуметтану теориясында үстем бола бастаған құрылымдық функционализм
бірте-бірте сынға алынатын нысанға айналды. 1960 жылдары әлеуметтанудағы құрылымдық
функционализм беделіне шындап қауіп төне бастады.
Джордж Хуако құрылымдық функционализмнің өрлеуі мен құлдырауын АҚШ-тың әлемдегі
орнымен байланыстырады. Америка 1945 жылдан кейін әлемдегі жетекші орынға шыққан
соң құрылымдық функционализм өрлей бастады. Құрылымдық функционализм Американың
әлемдегі үстемдігін екі жолмен қолдады. Біріншіден, «әрбір модель өзінен ірі жүйеден сақтануға
және өзін-өзі қамтуға талпынады» деген пікірді ұстанды, ол Құрама Штаттардың әлемдік
гегемониялық беделін дәріптеуден еш айырмашылығы болмады. Екіншіден, құрылымдық
функционализм теңдікті сақтауға бағытталды. 1970 жылдардағы Құрама Штаттар ықпалының
төмендеуі әлеуметтанудағы құрылымдық функционализмнің құлдырауымен дөп келді.
Америкадағы радикалды әлеуметтану: Ч. Райт Миллс
Миллстің әлеуметтану теориясында марксистік теорияның айтарлықтай ұзақ уақыт ор-
нығуына барынша ықпал еткенін атап өту керек. Миллс марксист болған жоқ, тіпті Маркстің
еңбектерін 1950 жылдардың ортасына дейін оқымаған. Миллс өзінің радикалды саяси
көзқарастарын паш ететін екі маңызды туындысын жазды, олар оның марксистік теориямен
қайшылықтарын да атап көрсетті. Алғашқы еңбегі – «Ақ жағалылар», ол интеллектуалды
мамандық иелерінің жұмысының мәртебесін сынға алған болатын. Екінші еңбегі – «Элиталық
күш», Америкадағы белгілі бизнесмендер, әскери адамдар мен саясаткерлердің топтары үстем
болғанын атап өтеді. Осы еңбектермен бірге Миллстің ең күрделі теориялық кітабы жарық
көрді, ол «Кейіпкер және әлеуметтік құрылым» деп аталды және бұл туынды Ханс Гертпен бірге
жазылды. Миллстің радикализмі оны америкалық әлеуметтанушылардың шеттетуіне әкеп
соқтырды. Ол үлкен сынға ұшырады және өз алдына әлеуметтану ғылымының ірі сыншысына
айналды. Оның сыни көзқарастары «Әлеуметтанулық көрініс» аталатын кітабында толық
көрініс тапты. Ең үлкен сыны Толкотт Парсонсқа бағытталды, оның атақты теориясын аяусыз
сынады.
Конфликт теориясының дамуы
Құрылымдық функционализмге балама болатын конфликт теориясының дамуы марксис-
тік пен әлеуметтану теориясының шынайы одағы пайда болғанының тағы бір белгісі еді.
Мұндай сындардың бір пайдасы – кейбір әлеуметтанушыларды құрылымдық функционализм
мәселелерін құрылым мен конфликтіге қатысты қызығушылықты біріктіру арқылы шешуге
құлшындырды. Бұл жұмыс конфликт теориясының құрылымдық-функционалдық теорияға
балама ретінде дамуына жол ашты. Өкінішке орай, бұл теория болмашы ғана интеллектуалды
ерекшеліктеріне қарамастан, көбіне құрылымдық теорияның айнадағы елесі сияқты әсер
қалдыратын. Теорияның алғаш аталуын Льюис Козердің әлеуметтік конфликт функциясына
қатысты кітабынан кездестіруге болады. Ол еңбекте әлеуметтік конфликтіні құрылымдық-
функционалды көзқарас шеңберінде зерттеуге тырысқан. Дегенмен конфликт теориясының
позитивті функцияларын зерттегеннен гөрі, конфликтінің өзін қарастыру арқылы көбірек
дерекке қол жеткізуге болады.
Ральф Дарендорфтың жұмысы конфликтіге қатысты ерекше жағдай ретінде қарас-
тырылады. Дарендорф – Маркс теориясымен жете таныс еуропалық ғалым. Ол өзінің
конфликт теориясын марксистік дәстүрде ұсынуға тырысқанымен, нәтижесінде ең басты
еңбегі «Индустриялы қоғамдағы топтар тартысы» конфликт теориясы жөніндегі ең беделді
шығарманың бірі болды, көбіне жетекші бағытты ұстанған әлеуметтанушылар оны құрылымдық
функционализмнің бір көрінісіне көбірек ұқсатты және өте құнды еңбек ретінде бағаланды.
Бұл Дарендорфтың құрылымдық функционалистермен бір деңгейде талдау жасап, бірдей
5
Кітап:
Тарау:
Дәріс:
Әлеуметтану теориясы
3. Қазіргі заманғы әлеуметтану теориясы: негізгі мектептер
13. Ғасырдың ортасына дейінгі әлеуметтану теориясы
мәселелерді қарастырғанын білдіреді. Ол әлеуметтік жүйелердің аспектілері бір-біріне сәйкес
келгенімен, олардың арасында елеулі конфликтілер мен шиеленістердің болуы ықтимал екенін
мойындады. Ақырында, конфликт теориясы әлеуметтану теориясының тарихындағы өтпелі
оқиға ретінде қарастырылуы тиіс. Ол марксистік теорияға бағытталмағандықтан құлдырады.
1950–1960 жылдары америкалық қоғамға толық марксистік бағытты қабылдау әлі ерте еді.
Бірақ 1960 жылдардың аяғына қарай ол бағыттың мойындалуына конфликт теориясы айрықша
ықпал етті.
Айырбас теориясының туындауы
Маңызды теориялық зерттеулердің бірі – айырбас теориясының пайда болуы. Бұл саланың
дамуына зор үлес қосқан әлеуметтанушы Джордж Хоманс еді, оның шығармашылығына
Б.Ф.Скиннердің психологиялық бихевиоризмі ерекше әсер етті. Скиннер бихевиоризмі
әлеуметтік айырбас теориясының, сонымен қатар Хоманстың айырбас теориясының негізі
болып саналады. Алғашында Хоманс көгершіндердің мінез-құлықтарын түсіндіретін Скиннер
теориясының әлеуметтік жүріс-тұрысты зерттеуге қалай көмектесетінін білмеді. Алайда ол
кіші топтарды әлеуметтік зерттеуге және примитивті қоғамдарды антропологиялық тұрғыдан
зерттеуге тереңірек үңілген сайын, Скиннер бихевиоризмінің қолдануға келетініне және
Парсонс стиліндегі құрылымдық функционализмге теориялық балама бола алатынына көзі
жетті. Осылайша, 1961 жылы өзінің теориялық позициясын «Әлеуметтік мінез-құлық: оның
қарапайым түрлері» атты кітабында толық ауқымда мазмұндайды. Бұл шығармалар айырбас
теориясын әлеуметтанудың келешегіне қатысты маңызды бір қадам ретінде ұсынады.
Хоманс «әлеуметтанудың негізгі мәні – дара мінез-құлықтарды және қарым-қатынастарды
зерттеу» деп есептеді. Ол, негізінен, адамдардың іс-әрекетінің себебін түсіндіретін қуаттану
моделі, марапатталу немесе салдар тарихын зерттеуді нысанына айналдырды. Осылайша,
«егер адамдар белгілі бір іс-әрекеті үшін ерте кезде марапатталса, олар сол іс-әрекеттерін
осы күнге дейін жасайды» деп түсіндіреді. Керісінше, ерте кезде сәтсіздікке ұрындырған іс-
әрекеттерін жасамауға тырысады. Жеке адамның іс-әрекеттерін түсіндіру үшін біз, біріншіден,
оның марапатталу және жазалану тарихын зерттеуіміз керек. Сонымен, әлеуметтанудың
назарында сана, әлеуметтік құрылымдар мен институттар емес, қуаттану модельдері болуы
тиіс. Аты айтып тұрғандай, айырбас теориясы жеке адамның іс-әрекеттерін ғана емес, адамдар
арасындағы қарым-қатынасты, жүлделер мен шығындар арқылы айырбасты зерттейді. Ең
басты алғышарттарында қарым-қатынас жалғасу үшін жүлделермен алмасу болуы шарт деп
айтылады және керісінше, бір жаққа немесе екі жаққа да шығын әкелген қарым-қатынас ұзақ
жалғаспайды деп түсіндіріледі. 1964 жылы жарық көрген Питер Блаудың «Әлеуметтік өмірдегі
өзгеріс пен күш» атты кітабын айырбас теориясының екінші негізгі тұжырымдарының бірі деп
атауға болады. Блау, жалпы, Хоманс идеяларын ұстанған, бірақ маңызды айырмашылығы да
бар. Хоманс, негізінен, іс-әрекеттердің қарапайым формаларын қарастырса, Блау мұны жеке
адамдардың арасындағы айырбастан бастап соның негізінде пайда болған ірі құрылымдарға
өту арқылы, құрылымдық және мәдени деңгейдегі айырбастармен толықтырғысы келді. Блау
ауқымды құрылымдар арасында болатын айырбасты зерттеуге тоқталды. Бұл тәсіл Хоманс
ұсынған теориядан толықтай ерекшеленеді. Көп жылдар бойы Хоманс пен Блаудың көлеңкесінде
жүрсе де, Ричард Эмерсон айырбас теориясының басты қайраткеріне айналды. Атап айтқанда,
бұл теориясының біріктірілген микро-макротәсілдерін дамытуға қосқан үлесі үшін танымал
болды. Қазіргі таңда айырбас теориясы әлеуметтік теорияның маңызды құрылымдық бөлігіне
айналып, жаңа ізбасарларды тартуды, сондай-ақ жаңа бағыттарды зерттеуді жалғастыруда.
Драматургиялық сараптама: Эрвинг Гоффманның еңбегі
Эрвинг Гоффман жайлы Чикаго мектебінің ең соңғы ірі ойшылы ретінде жиі айтылады. Оны
ХХ ғасырдағы Американың ең беделді әлеуметтанушысы деп санайды. 1950–1970 жылдар
аралығында Гоффман символдық интеракционизмнің басқа нұсқасы ретінде драматургиялық
Кітап:
Тарау:
Дәріс:
Әлеуметтану теориясы
3. Қазіргі заманғы әлеуметтану теориясы: негізгі мектептер
13. Ғасырдың ортасына дейінгі әлеуметтану теориясы
6
анализ жайлы бірнеше кітаптар мен очерктер жазды. Гоффман кейінірек өзінің көзқарастарын
өзгерткеніне қарамастан, драматургиялық теорияның негізін қалаушы ретінде танымал болды.
1959 жылы Гоффманның драматургиялық теория жайлы айтылатын атақты «Күнделікті
өмірдегі менің таныстырылымым» кітабы жарық көрді. Ол театрланған көріністер мен
күнделікті өмірде, қарым-қатынас кезінде қолданатын «ойын/act» арасында байланыс көп
екенін аңғарған. Әлеуметтік қарым-қатынастар өте нәзік құбылыс ретінде қарастырылады.
Дұрыс орындалмаған немесе сәтсіздіктер театрланған қойылымдардың баламасы ретінде
әлеуметтік қарым-қатынасқа үлкен қауіп деп санады. Гоффман сахна мен әлеуметтік қарым-
қатынасты бір-біріне балама түрінде өте жиі салыстырумен болды. Әрбір әлеуметтік қарым-
қатынаста театр қойылымдарындағы авансахна секілді алдыңғы орын болады. Сахнадағы
актерлерге сыртқы бейне, киім, реквизит қаншалықты маңызды әрі керек болса, күнделікті
өмірде де адамдарға олар соншалықты қажет. Одан бөлек екеуінде де дайындалып алу үшін
сыртқа шыға тұратын артқы орын бар.
Театр терминімен айтар болсақ, орындаушылар ол жақта өз «бетперделерін» шешіп,
өздерімен-өздері бола алады. Драматургиялық анализ символикалық интеракционизммен
тамырлас. Ол актерлерге, әрекеттерге және өзара әрекеттесуге баса назар аударады. Дәстүрлі
символикалық интеракционизм тәрізді алаңда жұмыс істеу арқылы Гоффман сол театрдағы
ойынды әлеуметтік процестерге айналдырудың керемет жолын тапқан болатын.
Күнделікті өмір әлеуметтануының дамуы
1960–1970 жылдар күнделікті әлеуметтану деген бір ұғымға біріктіруге келетін бірнеше
теориялық перспективалардағы серпілістің куәгері болды.
Феноменологиялық әлеуметтану және Альфред Щюцтың еңбегі (1899–
1959)
Феноменологиялық әлеуметтанумен 1932 жылы Германияда жарық көрген Альфред Шюц-
тың «Әлеуметтік әлемнің феноменологиясы» атты еңбегі арқылы танысуға болады. Шюц
адам өз санасының толқынында өмір сүрген кезде өзгелердің санасын қалай түсінетінін
зерттеді. Сондай-ақ, Шюц әлеуметтік әлемді, білімнің әлеуметтік табиғатының мәнін түсіну үшін
интерсубъективтілікті қолданды. Шюц еңбектерінің үлкен бөлігі өмір-әлемі немесе күнделікті
өмір-әлемі деп аталатын әлеуметтік әлем аспектісіне негізделген. Бұл адамдар өздерінен
бұрынғылар құрған әлеуметтік және мәдени құрылымдарды ұстанатын әлеуметтік шындықты
қалыптастыратын интерсубъективті әлем деп аталады. Өмір-әлемнің үлкен бөлігі бөлінгенімен,
бұның жеке аспектілері бар. Шюц өмір-әлемінде жеке қатынастарды және алыстатылған
жеке емес қатынастарды бөліп көрсетті. Жеке қатынастар өмір-әлемде үлкен маңыздылыққа
ие болғанымен, әлеуметтанушыға жеке емес қатынастарды ғылыми тұрғыдан зерттеу оңай
болды. Ол санадан өмірдің интерсубъективтілі өмір-әлеміне ауысқанымен, шын мәнісінде
сананы, адамдардың мотивтері мен мәні туралы ойларын түсінуді ұсынды. Жалпы алғанда,
Шюц әлеуметтік әлемде оларға дейін өмір сүргендерден мұраға қалған әлеуметтік, нақты
бағытталған әлеуметтік және мәдени шындықты тудыратын диалектикалық қатынастардың
маңыздылығына баса көңіл бөлді.
Этноәдіснама (Ethnomethodology)
Өзара үлкен айырмашылықтарының барына қарамастан, этноәдіснама мен феномено-
логия бір-бірімен тығыз байланысты деп есептеледі. Жаңа теориялық көзқарасты ойлап
табушы Гарольд Гарфинкельдің Альфред Шюцтың шәкірті болуы бұл байланыстың тікелей
себептерінің бірі болды. Ең қызығы, Гарфинкель – Толкотт Парсонстан білім алған, сол
7
Кітап:
Тарау:
Дәріс:
Әлеуметтану теориясы
3. Қазіргі заманғы әлеуметтану теориясы: негізгі мектептер
13. Ғасырдың ортасына дейінгі әлеуметтану теориясы
себепті парсонсшылдар мен шюцшылдардың бірігуі этноәдіснама саласының ерекше бағытта
өрістеуіне айрықша ықпал етті. Негізінде, этноәдіснама – «қарапайым қоғам мүшелері өз
жолдарын тауып, жағдайға қарай әрекет ететін процестер мен түсініктер тобы мен саналы
білімді» зерттеумен айналысады. Бұл дәстүрді сипаттаушылар күнделікті өмірді зерттеу
бағытына ерекше көңіл бөледі. Феноменологиялық әлеуметтанушылар адамдардың не
туралы ойлайтынына назар аударса, этноәдіснама саласының мамандары адамдардың шын
мәнісінде немен айналысатыны туралы ізденеді. Осылайша, этноәдіснамашылар қарым-
қатынастарды тереңірек зерттеуге баса көңіл бөледі. Ондай мәселелер көптеген маңызды
әлеуметтанушылардың бюрократия, капитализм, еңбек бөлінісі мен әлеуметтік жүйе сынды
абстракциялардағы қызығушылықтарымен қарама-қайшы келеді. Этноәдіснамашылар ол
құрылымдардың өздігінен пайда болуына емес, күнделікті өмірде қалай пайда болатынына
назар аударды.
Марксистік әлеуметтанудың өркендеуі мен құлдырауы
1960 жылдардың соңына қарай марксистік көзқарас америкалық әлеуметтану теория-
сында маңызды орын ала бастады. Әлеуметтанушылардың көпшілігі Маркстің алғашқы ең-
бектеріне бет бұрып, кейінірек марксистердің қатары кеңейіп, әлеуметтану теорияларының
саны көбейді, бұл марксистік әлеуметтанудың дамуына жол ашты. Алғашында америкалық
теорияшылар Марксті оқи бастады, бірте-бірте америкалық әлеуметтанушылардың арасында
марксистік мектеп өкілдерінің саны көбейе түсті.
Америкалық теорияшылар сыни мектептің жұмыстарына аса қызықты, олардың ішінде
марксистік және веберлік теорияның бірігуі ерекше орын алды. Америкалық әлеуметтану
қауымдастығының Марксистік әлеуметтану секциясы 1977 жылы құрылды. Америкада
тек алғашқы теорияшылар ғана емес, екінші ағым ойшылдары да көзге түсті, әсіресе Юрген
Хабермас пен үшінші ағымдағы Аксель Хоннет те танымал болды.
Америкалық әлеуметтану марксистік көзқарас бойынша дамып, бірнеше бағытта жаңа
сапалық деңгейге көтерілді. Олардың ішінде маңызды топтардың бірі – марксистік көзқарасқа
сәйкес тарихи әлеуметтанушылар. Тағы бір маңызды топ – экономиканы әлеуметтану көзқарасы
бойынша зерттеумен айналысатындар болды. Басқалары көбінесе дәстүрлі эмпирикалық
әлеуметтанумен айналысты, алайда олардың жұмыстарында марксистік теорияның ықпалы
айқын байқалады. Қазіргі кезде кеңістіктік марксизм бағыты дамып келеді. Белгілі әлеуметтік
ойшылдар әлеуметтік географияны да марксистік көзқарас тұрғысынан зерттей бастайды.
Алайда Кеңес Одағының құлдырауымен және әлемде марксистік режимнің құлауына
байланысты 1990 жылдары марксистік теория ауыр жағдайды бастан кешті. Кейбіреулері
бұрынғыша марксизмді жақтады, басқалары марксизмнің түрленген жаңа типтерін таныстыра
бастады. Үшіншілері марксистік теориядан бас тарту керек деген оймен келісті. Соңғы
көзқарасты ұстанған «Марксизмнен кейін» атты еңбектің авторы Рональд Аронсон. Кітаптың
ең басында: «Марксизм аяқталды, енді әрқайсысымыз өз жолымызбен кетеміз», – деп жазды.
Неомарксистік теориялар жаһандану жағдайында әлемдегі теңсіздік пен өзге де
әділетсіздік нәтижесінде бай елдер бай бола береді, кедей елдер кедейлене түседі деген түсінік
қалыптасқан кезде бұрынғы дәрежесіне жете алмаса да, кіші ренессансты бастан кешіп жатты.
Көптеген марксист авторлардың ойынша, міндетті түрде ауыздықталған капитализммен және
қанағатсыздықпен қоян-қолтық бірге жүретін жаһандану бүкіл әлемнің ашық болуына ықпал
етті. Егер, шындығында, жоғарыда айтылғандай, қайшылық барған сайын асқына түссе,
жаһандық капиталистік экономикаға қолдануға келетін марксистік теорияға қызығушылық
туындауы әбден мүмкін.
Феминистік теорияның қиындықтары
1970 жылдары америкалық ғалымдар марксистік теорияны мойындай бастаған кезде
әлеуметтану саласынан тыс жаңа теориялық ағым пайда болды, ол марксизм бағытындағы
Кітап:
Тарау:
Дәріс:
Әлеуметтану теориясы
3. Қазіргі заманғы әлеуметтану теориясы: негізгі мектептер
13. Ғасырдың ортасына дейінгі әлеуметтану теориясы
8
ғалымдарға, тіпті Маркс теориясының өзіне бәсекелес бола бастады. Бұл радикалды әлеу-
меттік ойлардың ең кейінгісі – заманауи феминистік теория. Батыс қоғамдарында 500 жыл
бұрын жазылған феминистік шығармаларды көруге болады және 150 жыл бұрын әйелдердің
ұйымдасқан саяси қозғалысы болғаны да тарихтан белгілі. Америкада 1920 жылы әйелдер
еркектерден кейін 55 жылдан соң дауыс беру құқығына ие болды. Осы ерекше жеңістен кейінгі
30 жыл ішінде америкалық әйелдер қозғалысы ауқымы жағынан да, қуаты жағынан да біршама
әлсіреп қалды да, 1960 жылы қайтадан күшейді.
Феминистік белсенділіктің жаңа формасының пайда болуына үш фактор әсер етті: сол
тұстағы сыни ойлаудың жалпы атмосферасы; либералдар мен радикал ерлердің әйелдер
белсенділігіне қатысты сексизмі, сондай-ақ әйелдердің жұмысқа орналасуы, жоғары білім алуы
барысында сезілетін дискриминация мен кемсітушіліктің болуы. Осы себептер үшін, әсіресе
соңғысының салдарынан, әйелдер қозғалысы 1960 жылдары басқа ағымдардың бәсеңдеп
қалғанына қарамастан, ХХІ ғасырда да жалғасын тапты. Осы жылдар ішінде әйелдердің
белсенділігі көптеген қоғамдарды қамтитын халықаралық құбылысқа айналды.
Бұл халықаралық әйелдер қозғалысының ең басты объектісі – әйелдерге арналған жаңа
әдебиеттің пайда болуы, ол, өз кезегінде, әйел өмірі мен басынан кешкен қиындықтарын ашық
түрде көруге және талқылауға мүмкіндік берді. Әдебиетті әйелдерді зерттеу немесе әйелдер
туралы ғылым деп атауға болады, олар түрлі мемлекеттер жазушыларының шығармашылық
өрісін кеңейтті, университет қабырғасында пайда болып, тек қоғам алдына емес, арнайы
академиялық аудиторияға да ұсынылды. 1990 жылдары бұл теория интерсекциялық әдісті
қамтыды. Интерсекциялық теорияшылар «қысым көрсету мен дискриминация қоғамдық
фактімен емес, гендер, нәсіл, тап, сексуалдыққа және икемділікке байланысты» дейді.
Феминистік теория гендерлік аспектілер мен сексуалдықты кең мағынада зерттеген
еңбектерді қамтыды. Бұл ілімнің үлкен бөлігі квир теория деп аталатын теориялық перс-
пективасынан туындады. Квир теориялар 1990 жылдардың басында түрлі ғылыми конфе-
ренциялар, саяси ұйымдар мен мақалалар жарияланымдарынан туындады. Оның теориялық
тамыры феминистік зерттеулер, әдеби сын, әсіресе әлеуметтік конструктивизм мен постструк-
турализмді қамтитын түрлі салалардан бастау алды. Академиялық тұрғыдан квир теория Ми-
шель Фуконың, Джудит Батлердің, Ева Кософски Седвиктің, Тереза де Лоуретистің ертеректегі
еңбектерінен бастау алады. Квир теориясы нақты интеллектуалды идеяларды қамтиды,
біздің кім екенімізді анықтамайтын, тұрақты және белгіленген бірегейлік тұжырымдарына
негізделген.
Феминистік мектеп көп жобалы еңбектермен және квир теориясымен теңесе тұрып,
адамдарды жыныс пен сексуалдылығына қарай жіктейтін жүйенің күрделілігін сипаттайтын
көп деңгейлі бейнені ұсынады. Ол әлемге гендер мен сексуалдылық тұрғысынан қарайды,
әлемімізді құру барысында тап, жас, жыныс, нәсіл, міндетті гетеросексуалдық пен геоәлеуметтік
теңсіздіктің қатынасын анықтайды. Бұл көзқарас толықтай қоғамдық өмір түсінігін өзгертеді.
Осы тұрғыда, феминистік теорияшылар әлеуметтану теорияларына қарсы шыға бастады,
әсіресе оның классикалық үлгісі мен ерте кезеңдегі зерттеулеріне қарсылық білдірді.
Нәсіл және отаршылдық теориялар
Заманауи әлеуметтік теорияның тағы бір маңызды жаңалықтары нәсілшілдік пен
отаршылдық теориясы дүниеге келді. Олардың өз кезіндегі және бүгінгі таңдағы маңызды-
лықтарына қарамастан, ғалымдар нәсілшілдік пен отаршылдық теориясына көп көңіл бөл-
меген. Нәсіл У.Э.Б. Дюбуа айтқандай, өзінің америкалық және жаһандық қоғамда басты
ұйымдастырушылық қызмет атқаратыны үшін маңызды. Барлық заманауи нәсіл теориялары
нәсілдің табиғи, биологиялық категория еместігімен келіседі. Керісінше, ол уақыт пен орынға
қарай өзгере алатын әлеуметтік құрылым. Осы тұрғыдан келгенде, заманауи нәсілдердің
құрылымында отаршылдықтың алатын орны ерекше маңызды. XVI ғасырдан бастап,
XX ғасырдың ортасына дейін еуропалық елдер Африкада, Азияда, Латын Америкасында,
Солтүстік Америкада өз отарларын құрды. Әлеуметтік дарвинизм сияқты, нәсілдік иерархия
нәсілдік зорлық-зомбылықты заңдастыру үшін ғылыми теорияларды пайдаланды.
9
Кітап:
Тарау:
Дәріс:
Әлеуметтану теориясы
3. Қазіргі заманғы әлеуметтану теориясы: негізгі мектептер
13. Ғасырдың ортасына дейінгі әлеуметтану теориясы
Нәсіл, әсіресе отаршылдық теориясы бойынша аса маңызды талдау жасаған автордың
бірі – Франц Фанон. Ол психиатр әрі философ еді, оның идеялары нәсіл мен отаршылдық
тақырыбындағы көптеген әлеуметтік теорияларға ықпал етті. Фанон «Қара нәсіл, ақ бетперде»
атты еңбегінде адамдардың психологиялық жағдайын сипаттады. Фанон «Қарғысқа ұшыраған
жер» еңбегінде Маркстің теориясымен қанаттанып, отаршылдық революция теориясын
тұжырымдауға ұмтылды. Онда ұлттық сана дамуы мен отаршылдық үстемдіктің алдын
алудағы зорлық-зомбылық революциясының орнын сипаттайды.
ХІХ ғасырдың ортасында әлемнің біраз бөлігі деколонизацияланды. Бірақ, постколониалды
теорияшылардың ойынша, деколонизацияға қарамастан, отаршылдықтың билік құрылымы
өзгеріссіз қалды. Постколониализм теориялары әдебиеттік зерттеулерде пайда болды.
Осылайша, колониалды және постколониалды биліктегі мәдениеттің рөлін айқындады.
Постколониалды феминизм мен трансұлттық феминизм саласындағы зерттеулер әйелдердің
нәсіл мен топ, жыныс пен отаршылдық интерсекциясының әсерін қарастырды. Ол әдебиет
теориясына негізделгендіктен, постколониалды идеялар әлеуметтану теориясында кең
таралмаған болатын.
Структурализм және постструктурализм
Структурализм туралы пікірді структуралистік бағыттың қолдаушылары арасындағы не-
гізгі айырмашылықтарды сипаттау арқылы қалыптастыруға болады. Кейбіреулері «сананың
терең құрылымы» ұғымына көңіл бөліп, аталмыш феноменнің сырын түсіндіреді. Олардың
ойынша, бұл бейсаналық құрылымдар адамдарды өздері қалағандай ойлауға және әрекет
етуге итермелейді. Осындай көзқарастың мысалы ретінде психоаналитик Зигмунд Фрейдтің
шығармашылығын алуға болады. Өзге структуралистер қоғамның көзге көрінбейтін ең ірі
құрылымдарын басты орынға қойып, оларды адам іс-әрекетінің негізгі көзі деп қабылдайды.
Маркс кей кезде структурализмнің осы түрін ұстанды, өйткені капиталистік қоғамдағы
көрінбейтін экономикалық құрылымға назар аударды. Енді біреулер құрылымдарды әлеуметтік
әлемді құрайтын үлгілер ретінде қарастырады. Ақырында, структуралистердің тағы бір тобы
индивидтер мен қоғамдық құрылымдар арасындағы диалектикалық байланысты зерттеумен
айналысты. Олар сана құрылымы мен қоғам құрылымы арасындағы байланысты зерттеді.
Бұл көзқарастың қалыптасуына антрополог Клод Леви – Стросстың еңбектері тиісті дәрежеде
ықпал еткені даусыз.
Структурализм әлеуметтану шеңберінде дамыды, әйтсе де әлеуметтанудан тыс струк-
турализмнің ерте кезеңгі алғышарты саналатын қозғалыстар постструктурализмнің пайда
болуына алып келді. Мишель Фуко постструктурализмнің негізгі өкілі ретінде танылды, тағы
біреуі – Джордж Агамбен. Өзінің ертедегі жұмыстарында Фуко құрылымдар туралы жазған,
кейінірек ол құрылым шегінен асып, билік пен білім арасындағы тәуелділік құрылымымен
айналыса бастады. Жалпылай алғанда, кең ауқымда жұмыстар жүргізу үшін постструктуралистер
құрылымның маңызын түсінген, олар оның шегінен де асып, басқа мәселелерді де қамтыған.
Постструктурализм өзінің постмодерндік әлеуметтік теорияның алғышарты болуымен
де ерекшеленеді. Расында, постструктурализм мен постмодернистік әлеуметтік теорияның
аражігін ажырату қиын, тіпті мүмкін емес деуге болады. Осылайша, постструктуралист Фуко,
көбінесе постмодернист ретінде бағаланады, ал постмодернист атауы берілген Жан Бодрийяр
өз қызметінің басында-ақ постструктуралист деген атаққа ие болған.
Достарыңызбен бөлісу: |