М. Әуезовтың 125 жылдығына арналған сынып сағаты
«Асқар тау алыстаған сайын айқын көріне түседі...»
Мақсаты:
Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің өмірі мен шығармашылығымен таныстыру, Абай жолы романымен таныстыру. Оқушыларды ұлылардың өмірінен үлгі алуға баулу, шығармашылық танымдарын толықтыру.
Жабдығы: мультимедиялық орталық, ноутбук, баннер, плакаттар,
Мұхтар Әуезовтің портреті
«Мұхтар Әуезов - біздің бүгінгі адамзатқа ортақ мәдениет шеруіне қатысуға жолдама алып берген елшіміз»
Н. Ә. Назарбаев.
Ашылу салтанаты
1 - жүргізуші: - Армысыздар, текті елімнің текті ұрпақтары!!!
2 - жүргізуші: - Армысыздар, кешке жиналған көпшілік қауым! Мұхтар Әуезовтің 115 жылдығына арналған әдеби кешімізді ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!!!
1 - жүргізуші: Бүгінгі әдеби кешіміз қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының тұңғыш докторы, профессор, Қазақ КСР - ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жылдық мерейтойына арналады.
2 - жүргізуші: Әдебиеттің асқары іспеттес тұлғаның өмірі де, өзі де дара, дана. М. Әуезов - жомарт табиғаттың жарық дүниеге тым сараң сыйлайтын бір туары. XIX ғасырдың асқар белі Абай болса, ХХ ғасырдың заңғар биігі - Мұхтар Әуезов.
1 - жүргізуші: Осынша қазақ үшін дара тұлға туралы кемеңгерлердің, белгілі тұлғалардың өздері тебірене естелік айтыпты:
- «Мұхтар Әуезов - біздің бүгінгі адамзатқа ортақ мәдениет шеруіне қатысуға жолдама алып берген елшіміз» Н. Ә. Назарбаев.
2 - жүргізуші:
- «Орыс мәдениеті үшін Пушкин қандай болса, шығыс халықтарының мәдениеті үшін Әуезов сондай» Ш. Айтматов.
1 - жүргізуші:
- «Қазақстан үшін Әуезов - екінші Абай» Николай Погодин.
ІІ бөлім
«Мұхтардың өзі де үлгі, өмірі де».
Мұхтардың ғұмырнамасы
1 - жүргізуші: Туған жері бұрынғы Семей уезінің Шыңғыс болысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы). Әкесі Омархан мен атасы Әуез сауатты кісілер болған. Атасы Әуез бен әжесі Дінасылдың тәрбиесінде болған бала Мұхтардың алғаш сауатын ашушы да атасы. Ол сол арқылы алты жасынан Абайдың өлеңдерін жаттап ауылдастарына оқып беретін дәрежеге жетеді.
2 - жүргізуші: 1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан орыс мектебінің дайындық курсына ауысады.
1 - жүргізуші: 1910 жылы бес кластық орыс училищесіне түседі. Осы жерде оқып жүріп «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады.
2 - жүргізуші: 1915 жылы Семей қалалық мұғалімдер семинариясына қабылданады. Оқып жүргенде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» дастаны негізінде «Еңлік - Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде тіркестіріп тіккен киіз үй сахнасына шығарады.
1 - жүргізуші: 1918 жылы М. Әуезов Семей қаласының өкілі ретінде Омбы қаласында өткен жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Құрылтайда «Алашорда» үкіметі мен Алаш қозғалысының бағытын ұстанған «Жас азамат» атты Бүкілқазақстандық жастар ұйымы құрылады. Ұйымның белсенді мүшесі бола жүріп, «Абай» ғылыми - көпшілік журналын шығаруға (Ж. Аймауытовпен бірігіп) атсалысады.
2 - жүргізуші: 1919 жылы — Семей губревкомының жанынан ашылған қазақ бөлімінің қызметкері, 1. 1920 жылдың ақпанынан бөлім меңгерушісі. «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болып тағайындалады.
1 - жүргізуші: 1921 жылы Семей облревкомының төралқа мүшесі, атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады. 1921 жылғы қараша айында Қазақ АКСР - і ОАК - нің төралқа мүшелігіне сайланып, онда саяси хатшы міндетін атқарып, кадр мәселесімен айналысады. Мұхаңның «Еңбекші қазақ» газетіне басшылық жасайтын тұсы да осы кезеңмен дәлме - дәл келеді.
2 - жүргізуші: 1923 жылы Ленинград университетінің қоғамдық - ғылымдар факультетіне, әдебиет - лингвистика бөлімінің славян - орыс секциясына түседі. М. Әуезов көркем әдебиеттен сабақ береді, әрі «Шолпан», «Сана» журналдарында қызмет істейді.
1 - жүргізуші: Орта Азия мемлекеттік университетінің тюркология кафедрасына аспирантураға түсіп, сол кезде қазақ халық ағарту институтында орыс және қазақ әдебиет пәндерінің оқытушысы болып қызмет атқарды. Қазақтың мемлекеттік университетіне ауысты да, оның жалғастығы өмірінің соңына дейін үзілмеді.
2 - жүргізуші: «Москва, как много в звуке этом» - дегендей М. Әуезов өмірінде Мәскеу университетінің орны ерекше. Өзін Мәскеу студенттері алғашында салқын қабылдайды. Бірақ шын тұлпар шабысына біртіндеп барып енеді емес пе? Академик Виноградов өз кезегін Әуезовке ұсынып, студенттермен бірге отырып тыңдайды. Бұл кезең Әуезовті ерекше ширықтырғандай еді.
1 - жүргізуші:“Қорғансыздың күні ” (1921) – жазушының алғашқы жарық көрген әңгімесі. Мұнда Ғазиза деген панасыз жетім қыздың адам айтқысыз озбырлық, қорлыққа шыдамай, боранға ұрынып, үсіп өлгені айтылған. Бұл шығармада Ақан сияқты қара ниет ауыл әкімінің тағылық қылықтары әшкереленеді.
2 - жүргізуші: “Ескілік көлеңкесінде” ескі салт бойынша өлген апасының орнына кәрі жездесіне тоқалдыққа баруға ризалық білдірген, өзін сүйген жігіт Қабыштың тілегімен есептеспеген Жәмеш деген қыздың хәлі әңгімеленген. Мұхтар Әуезов өмір қайшылықтары мен теңсіздіктерін әр қырынан көрсету арқылы қазақ әдебиетінде психологиялық прозаның үлгілерін тудырды.
1 - жүргізуші: “Қараш-қараш оқиғасы” төңкеріс қарсаңындағы қазақ қоғамының шындығынан туған, ескі ауылдағы әлеуметтік теңсіздік тәрізді өткір тартысқа құрылған. Мұнда да 20 жылдардың әңгімелеріндегідей дала билеушілерінің заңсыз жуандығы – байлардың кедейлерге жасар өктемдігі, зорлығы, кедейлердің байлардан көрер қиянаты, қорлығы сөз болады.
2 - жүргізуші: “Қилы заман” повесінде 1916 жылғы ұлт – азаттық қозғалыстың барысы, әділетсіздікке төзбей, ел бастап шыққан ерлердің бейнесі көрсетілген.