Ә.Қоңыратбаев және халық өлеңдерінің зерттелуіне қатысты пікірлер



Pdf көрінісі
Дата12.03.2017
өлшемі331,76 Kb.
#8870

Ә.Қоңыратбаев  және  халық  өлеңдерінің  зерттелуіне  қатысты 

пікірлер 

 

ХҮІІІ  -  ХІХ  ғасырларда  қазақ  даласына  жолы  түскен    А.Левшин, 

П.Паллас,  А.Голубев,  И,Георги,  Г.Клапрот,  Г,Спасский,  М.Поспелов,  

В.Даль, 


Н.Северцев, 

Ф.Назаров, 

Г.Мейендорф, 

Е.Малевский,           

П.Семенов  –  Тян  -  Шанский,  В.  Небольсин,  В.Васильев,  Н.Ханыков, 

Г.Данилевский,    А.Гумбольдт,    П.Чихачев,  П.Массачетов,  М.Киттары  және 

т.б.  пікірлері  мен  Ш.Уәлиханов,  В.В.  Радлов,  Г.Н.Потанин,  Ә.Диваев 

еңбектерінен  бастау  алған  қазақ  фольклортану  ғылымы  А.  Байтұрсынов, 

С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайлов, Ә.Марғұлан, 

Н.Смирнова,  М.Ғабдуллин, Ә.Қоңыратбаев еңбектері арқылы қазақ ғылымы 

мен  мәдениетіндегі  тың  тараулардың  бетін  ашып,  Р.Бердібаев,  Б.Уахатов, 

О.Нұрмағанбетова,  С.Қасқабасов,  Е.Тұрсынов,  Т.Сыдықов,  С.Садырбаев, 

Ш.Ыбыраев,  Т.Қоңыратбаев  және  т.б.  зерттеулері  арқылы  жаңа  ғасырға 

қадам  басқаны  белгілі.  Ал  қазақ  халық  өлеңдерін  зерттеп,  зерделеуде 

профессор  Ә.Қоңыратбаев  пікірлерінің  маңызды  болғандығын,  олардың  әлі 

де талай зерттеу еңбектерге ғылыми негіз болатынына күмән жоқ. 

Ә.Қоңыратбаевтың  қазақ  фольклорының  тарихына,  жіктелуіне  қатысты 

сүбелі  еңбектерді  өмірге  әкелгені  бәрімізге  аян.  Оны  толық  талдай  қарап 

шығу  –  үлкен  де  терең  зерттеулердің  еншісі.  Сондықтан  біз  тек  жоқтау 

өлеңдеріне байланысты мәселелерді ғана әңгіме арқауы етпекпіз. 

Әдет  –  ғұрыпқа    байланысты  туған  өлеңдердің  үлкен  бір  саласын         

мұң  –  шерлі,  зарлы  өлеңдер  деп  білсек,  сол  мұң  –  шерлі,  зарлы  өлеңдердің 

ішінде  сонау  көне  дәуірлерден    келе  жатқаны,  әрі    көлемділері  –  жоқтау   

өлең  –  жырлары.  Қазақ    халқының    салт    –  дәстүрімен,    әдет  –  ғұрпы,    

тұрмыс  –  тіршілігімен    тығыз  байланыста  өмірге  келген  мұндай                 

өлең  –  жырлар  әлемнің  көптеген  халықтарында  бар  екені  белгілі.  Мәселен, 

ассирияның  ұлттық  эпопеясы  –  «  Гильгамеш»  пен  үнді  халқының  көне   

эпосы  –  «  Махабхаратада»  да,  гректің  жер  жүзіне  әйгілі  болған  «Илиада» 

поэмасында да, Египет елдерінің жырлары мен ескі еврей әдебиеттерінде де 

жоқтаудың  көне  түрлері  кездеседі.  Адамзат  дамуында  бақилық  болған 

адамды  жоқтау,  жылау,  шерлі  өлеңдер  арнау  барлық  ұлт  пен  халықтарға 

ортақ  дәстүр  болса  керек,  себебі,  қай  елді,  қай  дінді  алсақ  та  адам  қазасы 

кезінде  жоқтау  жырлары  айтылған.  Бұл,  сірә,  адамзат  баласының  жоғары 

дамыған  санасына  қатысты  болса  керек.  Тіпті,  жоқтау  өлеңдерін  ежелгі 

замандарда  Римнің  философ  –  ақындары  Катулла  мен  Виргилия  да,  гректің 

трагиктері де  айтқан,  ол  –  Африкадағы  негрлердің де,  Европадағы немістер 

мен  француздардың  да  және  Орта  Азия  халықтардың  өмірінде  де  бар  [10.  

218 – 219 –б.б.] 

Жоқтау өлеңдерінің өте ерте замандарда туғандығына қатысты көптеген 

деректер,  жазба  ескерткіштер,  тастағы  жазулар,  әдебиет,  өнер  үлгілері  бар. 

Кей  еңбектерде  [  6.]  «  мұны  көріс  деп  те  атайды»  дегенді  айтады.  Бірақ 

жоқтаудың көріс емес екендігі дәлелдеп жатуды қажет етпейді деп ойлаймыз. 

Жоқтау өлеңдеріне байланысты академик Ә.Марғұлан: «Жоқтау - әдебиеттің 


ең  ескі  түрі.Оның  шығуы  үй  ішінде,  ел  ортасында  болған  игі  адамдардың 

дүниеден  өткеніне  (өлгеніне)  өкініп,  оларды  еске  түсіру  ретінде  айтылатын 

өнер.Жоқтау  Орхон  жазуларының  түбегейлі  аялғысы.Оның  ең  бір  жарқын 

түрін  Күлтегін,  Бегре  –  тас  жазуларынан  көруге  болады»,  -  дейді  [9.  97-б.]. 

Ал,  Б.Уахатовтың  еңбегінде:  «Жоқтаудың  ескіліктен  келе  жатқандығының 

бір мысалын Шеге шешен өлгенде айтылған өлеңнен көруге болады.Шегенің 

келіні дауыс қылып: 

                                    Әуеден ұшқан ылашын

                                    Ылашын жаяр құлашын. 

                                    Атамды алған құдайдың 

                                    Келіні мендей жыласын !   

Осындағы соңғы шумақ құдайға тіл тигізу екендігін аңғарсақ, жоқтаудың 

ислам  дініне  дейін  болғандығын  көрсетеді»  -  дегенді  [10.  219-б.]  айтады. 

Жоқтау  жырларының  ислам  дініне  дейін    болғаны  анық,  ал  бірақ    Шеге 

шешен қай кезде өмір сүрді,  дәл осы шумақ ислам дініне дейін өмірге келді 

ме  -  бұларды  әлі  анықтау  қажет  деп  ойлаймыз.  Бұлай  айтуымыздың  бір 

себебі: жалпы қазақ әйелдерінің сөз қолданысында құдайға қарсылық сияқты 

көрінетін  «құдай  бар  болса»    (құдайдың  бар  екеніне  күмандану),  «соқыр 

құдай» сияқты тіркестер болғандығы, қазақ халқында «жаны күйген құдайды 

қарғар» деген де сөздің барлығы белгілі. Екінші себеп: ислам діні енбеген кез 

болса әлгі әйел құдайды қайдан білген?  Міне, бұл орайда біз Б.Уахатовтың  

әлгі шумақты ислам дәуіріне дейінгі өлең - деп, дәл осылайша  кесіп – пішіп 

айтуы  артықтау  демеске  шарамыз  жоқ.  Ал  Ә.Қоңыратбаевтың  жоқтау 

өлеңдері  туралы  пікірлерінен  нақтылықты,  дәлдікті  байқаймыз.  «Жаназалау 

өлеңдерінің көп тараған бір түрі – жоқтау. Жоқтау көбіне жауда қаза болған 

қас  батырлардың  ерлік  істерін  еске  түсіруден  туған...  Онда  батырдң  елге 

көрсеткен  қызметі,  өмір  жолы  мұң  –  шер  рухында  баяндалады.  Жоқтау 

семьялық  шеңберде  туып,  көпшілік  жыры  болған.  Мысалы,  Отан  соғысы 

жылдары  жас  келіншек,  жүрегі  жаралы  аналар  өздерінің  майданда  қаза 

тапқан  ерлері,балалары  жайлы  көптеген  жоқтаулар  туғызған.  Олар  қысқа, 

бірақ жан шеріне толы келеді». [8.54-б.]  

Жоқтаудың  біздің  елден  басқа  көптеген  халықтарда  бар  екенін,  оларды 

да көне замандардан келе жатқандығын айтып өттік. Дегенмен, әр халықтың 

жоқтауларына  қатысты  ерекшеліктер  де  жоқ  емес.  Мәселен  оларда  жоқтау 

өлеңдері  жаттамалы  түрде  айтылған.  Сондықтан,  тәжірибелі  жоқтаушы 

әйелдер  (орыстарды  –  плакальшица)  мұны  кәсіп  қылған,  ақыға  жалданып, 

жоқтау  айтқан.  Ал  біздің  елдегі  жлқтаудың  ерекшеліктері  бар,  қаза  болған 

үйге  ілінер  аза  туларының  түсі  туралы  құнды  деректер  қалдырған 

Ш.Уәлиханов жоқтау жырларын  «Табыт басындағы зар» деп атаған. 

Біздегі жоқтаулардың саз, әуенінде аймақтарға қатысты көп өзгешеліктер 

болмағанмен,  мәтіндер  айырмашылығы  байқалады  және  оның  бұлай  болуы 

заңды  да.  Осы  тұста  жоқтау  мазмұнына  қатысты  қате  де  пікірлер  бар 

екендігіне  тоқтала  өтпекпіз.  Мысалы  Б.Уахатов  жоғарыда  атап  өтілген 

еңбегінде: «Бертін шыққан жоқтаулардың мазмұны күнделікті өмір,тұрмысқа 



жақын.  Мұнда  қоғамдық  тартыс,тап  қайшылығы,  қанау  –  зорлық,  соған 

қарсы, тіпті сын – мін айтылып, наразылық, алыс – шалыстар да көрінеді: 

                                        Сексенге келген Кеңгірбай

                                        Ішің толды параға. 

                                        Парадан алған көк мақпал 

                                        Өлгенде жайылды қараңа ! 

Бай өлсе байлар жағы мақтап,кедейлер жағы қарғап айтатын жоқтаулар – 

таптық  сана,  теңсіздіктен  туған  дүние»  -  деген  [10.  220  –  221-б.]  тұжырым 

жасайды. Біздің бұл тұжырымға келіскіміз жоқ. Өйткені, бұған бірнеше себеп 

бар. Біріншісі – жоқтау өлеңдері қайтыс болған адамға арналып, оны жоқтап, 

қаза  үстінде  шығарылған  өлең  –  жырлар  дейтін  болсақ,  қазақтың  өлген 

адамды  қаза  үстінде  жамандамайтын,  даттамайтын    қалпы  бойынша  сынап, 

мінеп жоқтау шығарылуы тіпті мүмкін емес нәрсе. Екіншісі - жоғарыдағы бір 

шумақ өлеңнің қай жерде, қандай жағдайда шыққаны белгісіз. Бұл Б.Уақатов 

жоқтау  деп  отырған  шумақтың  тіпті  жоқтау  болмауы  да  мүмкін  екендігін 

көрсетеді.Үшіншісі  –  жоқтау  өлеңдерге  байланысты  еңбектерде    бұл 

шумақтың    айтылмауы.  Төртіншісі  –  баспадан  жарық  көрген  жоқтаулар 

жинағында  Кеңгірбайға  қатысты  жарияланған  жоқтаудың  мазмұны  тіпті 

басқа екендігі. 1730 жылдары туып, 1815 жылдары қайтыс болған Кеңгірбай 

заманында  елге  сыйлы,  дәулетті  адам  болған.  Ол  Абайдың  бесінші  атасы. 

Оның  бәйбішесі  айтқан  деп  болжам  жасалып  отырған  [5.]    бұл  жоқтаудың 

мәтінінде ( В.В.Радлов жазып алған нұсқа)  сынау,мінеу,даттау деген атымен 

жоқ, керісінше мадақ басым 

                               Алты атасы бай өткен

                               Алты атанға жүк артқан. 

                               Жеті атасы бай өткен, 

                                         Жеті атанға жүк артқан. 

                                Үйде сұңқар түлеткен, 

                                Қиядан сұңқар тілеткен.... 

                     ... Жеті рудан қол жиған. 

                                Әуелі құдай қалаған, 

                                Асылы нұрдан жаралған

                                Ақ сұңқардай түлеген. 

                                Тояты әбден қонған соң, 

                                Алыстан дұспан аттанса, 

                                Қар, жаңбырдай бораған... 

                  ... Ақсұңқар үйде тұрғанда, 

                             Күнде, түнде базарым! 

                             Хан иеміз кеткенде, 

                             Бетімнен кетті ажарым!»   [ 5. 35-36-б.б.] 

 Жоқтау  өлеңдерін    ақындар  мен  жыраулардың    өздері  шығарып, 

өздерінің  айтқан жағдайлары да, айтушыларға шығарып берген жағдайлары 

да  бар.  Екінші  жағдайда    оны  айтушылар  –  қайтыс  болған  адамның  әйелі, 

қызы,  қарындасы  не  ата  –  анасы  болып  келеді.  Жоқтау  өлеңдерін  ер 

адамдардың айтуы -  балалары, не жары, не елдің, халықтың ардақты азаматы  


қайтыс болған  жағдайларда  ғана  кездеседі. Мәселен, жоғарыда айтып өткен 

Кеңгірбайдың  жоқтауын - әйелінің ерін жоқтаудың үлгісі деп қарасақ,  Бұқар 

жыраудың  Абылай  ханды  жоқтауы  халық  ардақтысын  жоқтаудың  үлгісі 

болады.[5.29-30 –б.] Кезінде Ш.Уәлиханов  жазып алған осы жоқтауды, орыс 

зерттеушісі  А.Е.Алекторов    1898  жылы  жазып  алып,  орысшаға  аударып 

бастырған    Байтоқ  ақын  шығарған  Жәңгір  ханның  жоқтауын,  алғаш 

М.Мағауин  жариялаған  Үмбетей  жырау  шығарған    Бөгембай  батырдың 

жоқтауын  және  т.б.  халық,  ел  ардақтысын  жоқтаудың  үлгілері  ретінде 

қараймыз. Зұлпықардың баласын жоқтауы, Аралбай Оңғарбайұлының баласы 

Берекетті  жоқтауы,  Абайдың  баласы  Әбдірахманға  шығарған  бірнеше 

жоқтаулары  және  т.б.  әкенің  балаға  шығарған  жоқтау  үлгілері.  Бұл  тізімді 

осылайша  жалғастыра  беруге  болады,  айтушысына,  шығарушысына  қарай 

топтастыра  беруге  болады.  Жоқтау  өлеңдеріндегі  қайталаулар  кейде  ұйқас 

үшін алынса, кейде асқан талғампаздықпен сараланған жағдайда қайталанып, 

көркемдікке қызмет етеді. Мұндай  жағдайда ол қайталаулар ерекше ырғаққа 

әкеп,  бейне  қайырма  сияқты  қызмет  атқарады.  Бұған  дәлел  ретінде 

Аралбайдың    баласы  Берекетті  жоқтауын  айтуымызға  болады.    Жоқтау 

мәтінінде  «Мен – ботасы  өлген боз мая, тұлыбына келіп ыңыранған».- деген 

тармақ  қайталана  келіп  [5.197–199-б.]  бөлек  ырғақ,  көркем  нақыш 

жасайды.«Жоқтау  өзінің  тілі,  өлшемі,  көркемдік  сипаты  жағынан  ауыз 

әдебиеті  үлгісінде  жасалған.  Әрбір  жоқтаудың  арнаулы  сарыны  болған. 

Жоқтау тілінде батырлар жырлары стиліне тән асқақ метафора, теңеулер өте 

көп»  -  дейді  [8.54-б.]  Ә.Қоңыратбаев  осы  өлең  түрлерінің  көркемдігіне 

қатысты.  Жыр  алыбы  Жамбылдың  баласы  Алғадайға  арнаған  жоқтау  өлеңі, 

Бұдабай  Қабылұлының  Әйеке  қайтыс  болғанда  шығарған  жоқтауы, 

Аралбайдың баласы Берекетті жоқтауы  және т.б. осындай көркем дүниелер. 

Жоқтауларыдң  өзіндік  сазы,  музыкасы  бар.  Кейде    көңіл  айту,  не  зар 

өлеңдерін  де  жоқтау  ретінде  қараушылар  бар.  Мәселен,  «Қыз  Жібек» 

жырында  айтылатын  Қыз  Жібектің  зарын  қалай    жоқтау  деп  айтарсың?! 

Сонымен, қорыта айтар болсақ,  жоқтау - өзіндік ерекшелігі  мол, көркемдігі 

жоғары      мұң  –  шерлі,  зарлы  өлеңдердің  бір  түрі  ғана  емес,  Ә.Қоңыратбаев 

айтқандай  [  8.],  бұл  –  синкретті  өнер  түрі.  Ғалымның    жоқтау  өлеңдеріне 

қатысты  пікірлері  бұл  өлеңдерді    әлі  де  терең  зерттей  түсу  қажеттігін 

көрсетеді. 

 


 

Әбілов  Алдажар  Әбдірасуллеұлы  - 

Филол.ғ.к. доцент. Қорқыт ата атындағы ҚМУ 

 

 

 



 

 

 



Пайдаланылған әдебиеттер: 

 

1. Әлем. Альманах - Алматы; Жазушы, 1991. 

2. Әуезов М   Уақыт және әдебиет - Алматы; МКӘБ, 1962. 

3. Байтұрсынов А.   Ақжол - Алматы; Жалын, 1992. 

4. Бердібаев Р.  Дәстүр тағылымы - Алматы; Жазушы, 1973. 

5. Боздағым  - Алматы; Жазушы, 1990. 

6. Бозінген. Монголия қазақтарының өлең – жырлары  

-Алматы;  Жазушы, 1971. 

7. Қазақ фольклористикасы.  -  Алматы; Ғылым, 1972. 

8. Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы - Алматы; Ана тілі, 1991.   

9. Марғұлан Ә.   Шоқан және Манас - Алматы; Жазушы, 1971. 

10.Уахатов Б.   Қазақтың халық өлеңдері - Алматы; Ғылым, 1974.           

                                            

 

 



 

 

 

 

 

 

 

 

 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет