Эссе Қазіргі заманның Қазақстан жастарының этикалық құндылықтары



Дата25.11.2023
өлшемі15,2 Kb.
#127059

Эссе
Қазіргі заманның Қазақстан жастарының этикалық құндылықтары
Орындаған: Субханов Мұхтар
Топ: СФ204А
Қазір далада XXI ғасыр. Заман басқа, талап басқа, соған байланысты қазіргі адамдар да басқа. Біздердің бойымыздан бұрынғы қазаққа тән қасиеттерді табу қиын. Дәлелдің тіпті керегі де жоқ. Қазіргі жастар бәрінен бұрын өзін бірінші орынға қояды, өзін кем көрмейді, өз құқығын талап етеді. Бұл әрине жақсы, адам өзін жақсы көре алуы керек, бірақ кез-келген нәрсенің жаман жағы бар. Бұның теріс жағы – қазіргілердің «ұятын» ұмытқаны бар. Ия, бәрі «өзгенің пікіріне мән берме, өзгелер сені өзгертпесін, өз қалағаныңды жаса» деп өмір сүреді, тіпті мен де. Бір жағынан бұл жақсы, өзін құрметтей алады, бірақ сонда да ар-намысты жерге таптағанын жөн көрмеймін. Сонымен, дәл қазіргі жастардың этикалық құндылығы қандай? Этикалық құндылықтар дегеніміз, ең алдымен, адамның басқа адамдармен қарым-қатынас жасаудағы құндылықтары. Грек тілінен «дағды, әдет-ғұрып» мағынасын беретін бұл ұғым ауқымына адамның ұстанатын салт-дәстүрінен бастап, қоғамдағы өзін-өзі ұстауда көрініс табатын мораль, принциптер мен стереотиптер, адамгершілік қасиеттер, сонымен қатар мейірім мен мәдениет кіреді.
Қазіргі жастар ғылымда «z буыны» делінеді. Бұлар өзгеше. «Мені тыңда, түсін, менімен сөйлес, мені бағала» деген ұранмен өмір сүреді. Осы тұсын біздің қазақ сәл кері түсінеді, жастарды түк білмейтін ақымақ көретіндер де бар: жастар әбден тозып біткен, телефон, интернет қате ой салған дейді. Бірақ, менің ойымша қазіргі қазақ жастары кеңес идеологиясынан босап шыға алғандар. Біздің бойымызға аға буындар өздері үйренген кеңестік идеологияны сіңдіре алмады, мен осыған қуанамын. Жастар еркін, үлкендер ойлайтындай ұлттық құндылығымыздан безіп жатқан жоқ, керісінше жаңартуға, жандандыруға тырысуда. Мысалға, ұлттық киімдердің жаңа үлгіде күнделікті киімге бірте-бірте айналуын алуға болады: оюлы көйлек, костюм, корсет, тақия, т.б.
Бұрынырақ, шамамен 10-15 жыл бұрын қазақтар арасында «крутой» болу дегеніміз – танысы бар, мәселені жұдырықпен шешетін адам болған, әрине, теріс идеологияны бәрі бірдей қолдамайды, бәрі осылай ойлаған деп топырақ шашудан аулықпын. Ал қазіргі жастар арасындағы «крутой» адам – білімі бар, өзінің орнын тапқан, өзге үшін емес өзі үшін идеалды болуға тырысқан адам. Және осының бәрінің қасына намаз оқитын, тура жолдағы адам болса, қазіргі жастар үшін ол – керемет адам. Ия, соңғы уақыттарда жастар арасында дінге ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргілер жоғарыда сипатталған адам секілді болғысы келеді. Және қоғам пікірінен аулақ болуға ұмтылады, туған-туыстың, ата-ананың «ұят боладысы» әсер етпейді. Қазіргілер үшін бақыт деген комфортты өмір және баланстағы отбасы емес, бақыт – өзінің қойған мақсатына жету, қалаған ісімен айналысу. Көбіне осылар жетіспейді, қарбалас болса да осындай өмірге жетуге тырысады. Байқаған болсақ, жастар көбіне өзін дамытады, жоғарыда айтылғандай өзі үшін идеал болуға ұмтылады, біз үшін жоғарғы білім алу міндетті емес. Бірақ өкініштісі осы, ата-анамыз біз қаламаған іске итермелеуі жиі кездеседі, олардың ойынша қажетті білімді алып, мемлекеттік жұмысқа орналасып, тұрақты өмір сүру керек. Бұл біз үшін түкке тұрғысыз, іш пыстырарлық өмір. Шынымен де, қазіргі жастар «өмір сүру» ұғымын керемет түсінеді, өмір белсенділігі жастар үшін маңызды, бір орында тоқтап қалмау керек. Өзен ағысымен жылжу жастарға жат, олар керек болса қарсы жүзуге дайын.
Қазақ жастарының бір кемшілігі – тілдің шұбарлануы. Күнделікті өмірде өз тілімізге өзге тілдің сөзін қосып, слэнгтермен сөйлейміз. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деп А. Байтұрсынұлы айтып өткендей тілімізді жоғылтып алу – ең қорқыныштысы. Әлеуметтік желіде тіл мәселесі жастар арасында жиі көтерілуде, бірақ бәрі бірдей қолдамай жатқаны бар, орыс тілін ығыстырып шығару қиын болып жатыр. Осы соңғы жыл таза қазақша сөйлеген адамдар туралы әлеуметтік желіде жылы пікірді жиі кездестіруге болады, бұл қуантарлық жағдай, болашақта ана тілімізді бірінші орынға шығару қолымыздан келеді!
«Цифрланған уақыттың жастары кітап оқымайды» деген пікірді жиі кездестіруге болады. Смартфон арқылы қажетті ақпаратты тез-ақ алуға болады, жастарға кітаптың қажеті қанша дейді біразы. Бірақ бұл да менің ойымша қате пікір. Мен кітапты жиі оқимын, жалғыз мен барлық жастарға мысал бола алмаспын. Бірақ мен өз оқу тобымды айта аламын, 15 студенттің 10-ы кітап оқиды, арамызда кітап туралы әңгімелер де болып тұрады. Бір бірімізге «мына кітапты оқыдың ба?» , «қандай, қанша кітапты оқып аяқтадың?» деген секілді қызығушылықтан туатын сұрақтар біраз пікірталас тудырады. «Жастар кітап оқымайды» деген пікір менің ойымша, кітапханаға жастардың баруының аз болуынан шығар. Онлайн кітапхана қолыңда тұрғанда, барып оқудың қажеті қанша? Бірақ мен кітапты қолға алып оқығанды жөн көремін, сонда да кітапханаға барып-келуге уақыт құртқым келмейді.
Кітап дүкенінен сатып алу мен үшін ең дұрыс шешім.
Қорытындылай келе, қазіргі қазақ жастарының этикалық құндылықтары үлкендер ойлайтындай олай қатты қате емес екенін түсіндіре алдым деп ойлаймын. Жастар қазақи құндылықты заман талабына сай жаңғырту үстінде, кез-келген дүниеге уақыт керек. Сонда да, жастар кейде тым дөрекі әрі еркінсіп кетеді. Бірақ бұл өзін жақсы жаққа қарай өзгертуіне кедергі емес. Қазіргілердің бойында – байсалдылық , рахым, қанағат, ұждан этикалды қасиеттері толық қалыптаспағанымен, алға ұмтылу,қайсар мінездері көрініс табады. Заманауи қазақ жастары Конфуцийдің «өзіңе не тілесең өзгеге де соны тіле» дегеніне қарама қарсы дүниеге ие.
http://emirsaba.org

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет