Эссе «Мұғалім – мәртебелі мамандық» «Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік
жүгін арқалап келеміз».
Н.Ә. Назарбаев
Мұғалім – барлық білім беру жүйесінің діңгегі, түп тамыры, жаны мен жүрегі. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, шеберлікті, икемділікті, мейірімділікті, ерекше шәкіртжандылықты қажет ететін де ұстаздық. Олай дейтінім, бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелейді. Ұстаз - үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, «білсем, үйренсем» деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған мәртебелі маман. Сондықтан да қазіргі заманғы мұғалімдер ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болу керек. Бұл нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Оқыта отырып тәрбиелеп, тәрбиелей отырып адамгершілігі мол, рухани бай адамды қалыптастырады. Мұғалімнің негізгі басты мақсаты да осы. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау - әр мұғалімнің борышы. Ол - өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Өз ісіне деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Нәтижесінде талай жеткіншектің жүрегінде мәңгі ұстаз болып қалады. Ұстаздың осыншама қадір-қасиет, құрметке бөленуі - өзін қоршаған орта мен әрбір шәкіртіне асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауында. Өйткені оның білімі, мәдениетті сөзі, қарапайым да сыпайы киім киісі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті шәкіртке де, ата-анаға да, жұртшылыққа да өнеге. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады»,- деген болатын. Бұл - әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет. Сондықтан ұстаз күнбе-күнгі өзінің көп қырлы еңбегінде мазмұны әр түрлі кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап және оның оң шешімін табуға дайын болуға тиіс. Өз кәсібінің майталманы ғана осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салу арқылы жететіні түсінікті. Сондықтан да ұстазды әр баланың жан-дүниесін танып-білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады. Әрбір шәкірт өзіне үлгі-өнеге болған сүйікті мұғалімін «Ұстазым» деп атайды. Осы тұста ұлы Абайдың: «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға»,- деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, өмірден өз орнын тауып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе?!
ХХІ ғасыр - білімділер ғасыры. Ендеше, баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы бола білген мұғалім мейірімге толы жүрегімен, бойындағы білімімен, парасатымен талай шәкіртті ақылды, мəдениетті, интеллектуалдық өрісі кең, заман талабына сай жан жақты ақпараттандырылған, бәсекеге қабілетті заманға еркін енетін белсенді ұрпақты тəрбиелеп, мәртебелі
мамандық иесі бола беретініне мен сенімдімін!