Хаза́р қағандығы (650—969) — хазарлар құраған, орта ғасырлық мемлекет. Хаза́р қағандығы (650—969) — хазарлар құраған, орта ғасырлық мемлекет. Батыс Түрік қағандығында 630 - 651 жылдары дулу мен нушеби тайпалары арасында азамат соғысы жүрді. Нушебилер Орта Азияның бай қалаларына арқа сүйеп, Қытаймен одақтасты. Дулу бастаған жауынгер көшпенділер шығыс түрік ханзадасы Юйгу шадқа сүйенеді. Ал хазарлар нушеби құрамында еді. Осы кезеңде күшейіп алған Таң әулиеті қағандықтың батыс иеліктерін басып алды. Нушебилердің өз арасында да наразылықтар туындап, Қытайды жақтаған Иби - Шегуй ханды қуып жібереді. Дулу тайпасынан шыққан Дулу Хэлу Шаболо хан билікті тартып алған соң, хазарлар іштей бөліне бастады. Хазарлардың алғашқы билеушісі жергілікті билеушілерден емес, тақтан қуылған түрік қағаны болды.
7 ғасырдың ортасында Түрік қағандығының еуропалық бөлігінде екі тәуелсіз саяси құрылым - Хазарлар мен Бұлғарлар құрылды. Хазар қағандығы өз қуатын арттыру мақсатында көрші тайпаларды, әсіресе, туыстас, бірақ жаулық көхқарастағы бұлғарларды бағындыруға кіріседі. Бұлғарлар жеңіліс тауып, Ботбай басқарған бір бөлігі оларға бағынады. Олар кейіннен "Қара Бұлғарлар" деп аталған кубаньдық бұлғарлар тобын құрайды. Хазарларға бағынғысы келмеген бір бөлігі Еділ бойымен жоғары өрлейді, сөйтіп, Еділ бұлғарлары пайда болды. Үшіншісі - Аспарух бастаған болгарлар 660 жылы Дунайға жетіп бекінеді. 679 жылы олар грек әскерін талқандап, ізінше Добрджаға басып кіріп, Дунай мен Балқан аралындағы елдерді түгелдей бағындырады.
Батыс Түркі қағанатынан бөлініп шыққан. Солтүстік Кавказ, Ортаңғы және төменгі Жайық ағысын, қазіргі Қазақстанның солтүстік-батыс бөлігін, Азов теңізі маңын, Қырымның шығыс бөлігін, және Шығыс Еуропаның Днепрге дейінгі даласы мен орманды-даласын мекендеді.
Көптеген жазба деректер, тарихи зерттеулер Хаза́р қағандығының Беленжер, Семендер, Варачен (Сарашен), Итиль, Саркел, т.б. ірі қалалары бар, халықар. сауда, көпсалалы шаруашылық гүлденген іргелі мемлекет болғанын көрсетеді. Мемлекеттің ұйытқысы болған этн. топтың қалыптасуын ғалымдар Қытай жазбаларындағы “ко-са” тайпасымен байланыстырады. Тарихи зеттеулер бойынша түркілердің осы тайпасы Солт. Кавказдың шығыс жағын мекендеп, түркі тілдес “савирларды” (Сібірден шыққан, түркілермен ассимиляцияға ұшыраған, арғы түбі угор-финдік тайпалар) және ирандық, кавказдық шағын топтарды өзіне қосып алған. Бірнеше этн. топтың бірігіп, түркілік ассимиляцияға түсуі нәтижесінде пайда болған хазарлардың осы ерекшеліктері сол кездің жазба деректерінен көрініс тапты. Мысалы, әл-Истахри, ибн-Хаукал хазарлардың екі топқа (“синфқа”) бөлінетінін жазады. Олар мұның бірін өңі қаралығына байланысты “қара хазар” деп атаса, екіншісін өңі аққұба, өзгеше адамдар ретінде атайды. Хаза́р қағандығы Қазақстаннан Қара теңізге дейінгі жерлерді иеленген Батыс Түрік қағандығы ыдыраған соң, Солт. Кавказдың шығысында 7 ғ-дың ортасына қарай жеке саяси құрылым ретінде бой көтерді. Мұсылман жылнамалары Дағыстан өлкесіндегі хазар билеушісін 6 ғ-дың 90-жылдардан бастап “малик”, яғни патша деп атады, ал 7 ғ-да хазар әміршісі Батыс Түрік қағандығына тек шартты түрде ғана бағынып, іс жүзінде дербес саясат ұстанды. Хазарлар көп ұзамай Батыс Түрік қағандығының қиыр батыстағы бүкіл иеліктерін өзіне қаратты. 8 ғ-дың ортасынан бастап, мемлекеттің негізгі иеліктері Солт. Кавказдан Еділ, Дон өлкелеріне ауысты. Дамудың неғұрлым гүлденген тұсына тап келген осы кезеңде мемлекеттің аумағы анағұрлым кеңейді. Қағандық құрамына Шығыс Қырым, Азов өлкелері енді, Еділ болғарлары, буртастар, солт-тегі шығыс славян тайпалары: полян, северян, радимич, вятичтер бағынды, қаған билігі батыста Дунайға дейін жетті. 9 ғ-дың басында хазар иеліктері солт-те Десна, Сейм, Сула, Сож өзендері алқаптарын қамтыды. Құрамына хазарлардан басқа алан, болғар, славян, т.б. тайпалар енген көп ұлтты мемлекетте дінге деген кеңшілік айрықша орын алды. Тәңіршілдік, ислам, христиан дінін ұстанған топтар бірге өмір сүрді. Сонымен қатар иудей дінін ұстанған еврей қауымдары кеңінен тарап, уақыт өте келе көбейе түсті. Елді қаған басқарып, оның айналасындағы ықпалды бектердің беделі жоғары болды, бұдан төмен әскери тархандар тобы тұрды. Бағынышты елдер мен аймақтарды қаған тағайындайтын тудундар басқарды. Ондай елдерден түрлі алым-салық түсіп отырды. Мысалы, Еділ болғарлары түтін басы 1 бағалы аң терісін төлесе, славяндар “әрбір соқадан” 1 күміс ақша — “щеляга” берді. Жақсы қаруланған хазар әскері Шығыс Еуропадағы шешуші күш ретінде танылды.