I. Шығысты білу 1910 жылдың 13 маусымында Артур Джеймс Бальфур Қауымдар палатасында «Мысырда шешуді қажет ететін мәселелер туралы» дәрісін оқыды



бет1/2
Дата10.04.2023
өлшемі65,96 Kb.
#81250
  1   2

I. Шығысты білу
1910 жылдың 13 маусымында Артур Джеймс Бальфур Қауымдар палатасында «Мысырда шешуді қажет ететін мәселелер туралы» дәрісін оқыды. Бальфур бұл мәселе «мүлдем басқа категориядан» және «Уайт аралына немесе Йоркширдің батыс аумағына тән емес» деген пікір білдірді. Артур Бальфурдың ерекшелігі - Британ парламентінің көп жылдан бергі мүшесі, лорд Солсберидің бұрынғы жеке хатшысы, Ирландия мен Шотландияның бұрынғы басшысы, бұрынғы премьер-министр, көптеген шетелдік экспедициялар кезінде болған қиыншылықтардың, жетістіктер мен өзгерістердің куәгері болған. Империялық қызметке келгенде Бальфурдың әміршісі, яғни Британия монархы 1876 жылы Үндістан Патшайымы деп жарияланды. 1882 жылы Британияның Мысырды оккупациялау уақытында, Фашод дағдарысында, атақты Омдурман соғысы, Африкадағы бурлар соғысы және орыс-жапон соғысы кезінде Бальфур Британ империясының маңызды шешім қабылдайтын жоғары лауазымды қызметкері болды. Сонымен қатар оның халық арасындағы беделі, дүниетанымының кендігі мен білімінің тереңдігі - Бергсон мен Гендель, теизм мен гольф туралы тең деңгейдегі жазбалары - Итон мен Кембридждегі (Тринити колледжі) тәлім алуы әрі империялық қызметтегі жоғары деңгейдегі жетістіктері Қауымдар палатасында айтылған сөзіне толық құзырет берді. Бірақ Бальфурдың бұл дәрісінің маңыздылығы бас- қада болатын. Дәріс барысында Бальфур «Мысырдағы Англия» жағдайының ақ пен қарасын ажыратып, түсіндіріп беруді мақсат етті. Тайнсайд аймағынан келген британ парламентінің депутаты Дж. Робертсонның пікіріне қарсы Бальфур мынадай сұрақ қояды: «Сіздің шығыстық деп атап отырған адамдардан қандай артықшылығыңыз бар?». Еуропада біреу шығыстық тұлға, шығыстық атмосфера, шығыстық ертегі, шығыстық деспотизм немесе шығыстық өндіріс формасы деп айтса, меңзеп отырғаны бірден түсінікті еді. Маркс қолданған сөзді енді Бальфур да дәрісінде пайдаланды және оның таңдауы түсінікті: «Мен үстемдіктен аулақпын. Бірақ менің сұрағым (Робертсон мен басқаларға)… тарихқа үстірт қараушыларға арналады, олар Мысыр немесе Шығыстың басқа да бір халқына үстем позициядан қарайтын британ азаматтарының кездестіретін фактілеріне шынайы қараса. Біз Мысырдың көне тарихы мен сыры туралы көп білеміз. Бұл өркениеттің тарихы бізден анағұрлым алыста жатыр. Мысыр өркениетінің шарықтау шегі аяқталған заманда біздің дәуіріміз әлі басталған жоқ еді. Басқа да Шығыс мемлекеттеріне назар аударыңыз. Басымдық пен артта қалутуралы сөз айтпаңыз». Бұл пікірде негізгі екі мәселе басымдыққа ие: білім мен билік. Бальфур британиялықтардың Мысырды отарлауы қажет екнін дәлелдегенде, оның ойы экономикалық немесе әскери басымдықтан гөрі «біздің» Мысыр туралы білімге негізделді. Бальфурдың білім дегені - өркениеттің пайда болуынан бастап, шарықтауы мен құлдырауына дейін зерттелуі және, әрине, осындай зерттеу жасай алу қуатында. Білімнің зерттеу объектісінің түрлі өзгерістерге төтеп беру қабілеті әлсіз, бірақ бұл объект - дамып, өзгерсе де немесе өркениеттерге тән түрлі трансформацияларға ұшыраған күннің өзінде де іргелі, онтологиялық мағынада тұрақты болатын «факт». Осындай объект туралы білімге ие болу - ол объектіні толық бағындыру мен оған билік ету. Сонымен бірге бұл жағдайда билік ету деген сөз - ол объектінің автономиясын мойындамау. Бальфур британдықтардың басымдығы мен мысырлықтардың артта қалғанына күмән келтірмейді, ол мұндай жағдайды Шығыс туралы білімді сараптай келе, табиғат заңдылығы деп есептеген:
«Біріншіден, мәселеге қатысты фактілерге назар аударайық. Батыс халықтары тарих сахнасында пайда болған сәттен бастап, өзін-өзі басқару мүмкіндігін дәлел- дейді. …өздеріне тиесілі бағасын ала отырып… Сіз Шығыстың бүкіл тарихын алып қарасаңыз, өзін-өзі басқарудың бірде-бір нышанын байқамайсыз. Олардың бүкіл алтын ғасырлары, оларды шынымен алтын деп атауға болады, деспотизм мен абсолюттік биліктің кезінде өтті. Адамзат өркениетіне қосқан орасан үлестері де осындай басқару кезеңдерінде еді. Жиһангер жиһангерді басып алған; бір үстемдік басқа үстемдікпен ауысқан; бірақ бірде-бір кезеңде бұл елдер біз батыстық көзқараспен өзін-өзі басқару деген жүйені құрмаған. Бұл - факт. Бұл үстемдік пен әлсіздік туралы емес. Менің ойым- ша, Шығыс даналығы біздің Мысырдағы өкіметімізді философтың жұмысы ретінде емес, қайта бұлар лас, төмен дәрежелі, бірақ қажеттіліктен туындап отырған қара жұмысты жасап отыр деп бағалайды».
Фактілер туралы ойын жалғастыра отырып, Бальфур мынадай дәлелді тілге тиек етті:
«Бұл ұлы халықтар үшін, мен олардың ұлылығын мойындаймын, біздің басқарып отырғанымыз, яғни абсолютті биліктерінің біздің қолымызда болғаны жақсы ма? Менің ойымша, бұл - дұрыс нәрсе. Егер тарихқа жүгінсек, осындай жағдай - олардың бүкіл өткен шағында болмаған ғажап дүние және бұл тек олар үшін ғана емес, бүкіл өркениетті Батыс үшін күмәнсіз тиімді… Біздің Мысырда болуымыз тек мысырлықтар үшін ғана емес; біздің Мысырда болуымыз бүкіл Еуропа үшін қажет».
Бальфур үшін мысырлықтардың пікірі маңызды емес, себебі мысырлықтың тарапынан британ билігіне қарсы айтылған пікір «қиындықты тудыру мақсатындағы агитация» деп қабылданатын, оның орнына қазіргі қиындықтарды уақытша деп санап, болашақты ойлаған жақсы мысырлықтың пікірі маңызды еді. Сонымен, этикалық мәселелерден кейін Бальфур соңғы практикалық сұраққа көшті:
«Егер басқару біздің міндетіміз болса әрі ол құрметпен немесе мүлдем құрметсіз орындалса да, халыққа бостандықты алып келудегі шығындарымызды есептемегенде және оларға беретін көзге нақты көрінер игіліктеріміз есепсіз болса һәм бұл біз үшін міндет болса, ондай басқаруды қалай жүзеге асыру керек?»
Англия «біздегі бар жақсылықты бұл халықтарға» экспорттауда деп, Бальфур ойын жалғастырды. Британияның жанкешті басқарушылары өз борышын «басқа діндегі, басқа нәсілдегі, басқа дәстүрдегі я болмаса басқа өмір салтындағы он мыңдаған адамдардың арасында» адал атқарып жүр. Оларға басқару жұмысын атқаруға көмек болып отырған нәрсе - елдегі үкіметтің қолдауы мен жағдай жасауы: «…жергілікті халық инстинкті түрде оларды басқарып отырған адамдардың артында күш, билік, бедел, симпатия, яғни оларды жіберіп отырған мемлекеттің тарапынан толық қолдау барын сезбесе, онда олар өмір сүріп отырған өркениеттің тәртібі толық негізсіз деп біледі және біздің офицерлер билігінен айырылады, ал бұл жұмыс істеп отырған ортасына, яғни жергілікті халыққа зиян келтірері сөзсіз». Мысырлықтар үшін Мысыр - Англияның жаулап алып, басқарып отырған жері; шетелдік оккупация - қазіргі Мысыр өркениеті үшін «табиғи негіз»; Мысырға қажет талап етілетін нәрсе - Британияның оккупациясы. Бірақ парламенттің кесірінен Мысырдағы билік пен халықтың арасына жік түссе, онда «үстем халықтың билігі әлсірейді, ал ол, менің ойымша, үстем болып қала беруі керек». Бұдан тек Англияның беделіне ғана нұқсан келмейді; «бұл жұмыс жасап жатқан Британия қызметкерлері үшін де үлкен соққы болады, оларға қолдарыңыздан келгенше мүмкіндік беріңіздер, басқа жағдайда олар біз ғана емес, бүкіл өркениетті әлем жүктеген ұлы міндеттерді Мысырда адал атқара алмайды». Риторикалық көрініс ретінде Бальфурдың дәрісінен оның қандай кейіпте болғаны, әртүрлі мінездерді репрезентациялауын байқау өте маңызды. Ұлы елдің өкілі ретінде пайдаланған «Біз» деген «ағылшындарға» арналған сөзі назар аудартады. Оның тікелей Шығыс халықтары атынан сөйлеу себебі бұл халықтардың тілдері басқа еді; бірақ Бальфур олардың тарихын, өзі сияқты адамдарға көзқарасы мен үміттерін білгендіктен, сезімдерін түсінетін. Соған қарамастан, Шығыс халықтарының пікірін сұраса немесе оларға сұрақ қойылып және олар сұраққа жауап берсе, қандай ойды айтатындарын Бальфур анық білдірді: олар бағынышты ел, бағындырған елдің олар туралы білімі бар әрі оларға не жақсы екенін өздерінен жақсы біледі. Бағын- дырылған елдің ұлы кезеңі артта қалды; олардың қазіргі уақытта өмір сүру себебі - қуатты һәм заманға сай империялардың оларды құлдыраудан алып шығып, адамзатқа қажетті өндірістік колонияларға айналдыра алуында болатын. Мысыр - айтылған пікірді қуаттайтын өте жақсы мысал және Бальфур осыны жақсы біле тұра, Англияның парламент мүшесі ретінде елінің атынан, Батыстың, Батыс өркениетінің атынан Мысыр туралы жоғарыдағы пікірді білдіруге құқылы екенін жақсы түсінген. Мысыр Батыс империализмін ақтайтын дәлел болды; Англияның отарына айналғанға дейін ол Шығыстың артта қалуының мысалы еді; 1882 жылдан бастап, Араби атты Мысыр ұлтшылдары қолбасшысының жеңілісіне дейін және 1907 жылы Мысырдағы Англияның өкілі, Мысыр басшысы Ивлин Бэринг лорд Кромер еді. 1907 жылғы 30 шілдеде Британ парламентінде Бальфур Мысырдағы қызметі үшін Кромерге зейнеткерлік сыйлық ретінде 50 мың британ фунтын беруді ұсынды. Британияның Мысырға жасаған экспорты бүкіл Африкадан көп еді, әрине, бұл екі мемлекеттің де экономикасына оң әсерін тигізді. Бірақ даусыз болатын нәрсе - ол Батыстың Шығыс мемлекетін толық қамқорлығына алуы. Ғалымдар, діни миссионерлер, кәсіпкерлер, әскерилер мен мұғалімдердің отарлауды дайындап іске асыруы Кромер мен Бальфурға Мысырды шығыстық қараңғылықтан дамуға алып келдік деп айтуға негіз болды. Мысырлықтардың тыныс-тіршілігі Бальфурдың Шығыс халықтарының өркениеті туралы айтқан пікірі мен Кромердің тікелей басқаруына тәуелді болды. Ең маңыздысы, бұл теория ХІХ ғасырдың алғашқы он жылында өте сәтті іске асты. Бұл аргумент қарапайым формаға айналғанда, өте анық, нақты әрі жеңіл қабылданды. Бұл - Батыстың адамдары, ал мыналар Шығыстың адамдары. Алдыңғылары басқарушы болса, кейінгілері – бағынушы. Алда көретініміздей, Бальфур мен Кромердің адамдарды осындай төмен деңгейдегі мәдени және нәсілдік негізге түсіруі - олар қолдана бастаған кезде, бұл басты доктринаның басымдық пен тиімділік көрінісіне айналуынан болды. Бальфурдың Шығыс халықтары туралы тезистері әмбебап бағытта болса, тікелей басқаруында болған, алдымен Индияда, одан кейін Англия империясының ерекше консул-генералы атануға себеп болған жиырма бес жыл бойғы Мысырдағы қызмет тәжірибесінің арқасында Кромердің Шығыс халықтары туралы ойлары нақтырақ еді. Бальфурдың Шығыс халықтарын, Кромер 1908 жылы «Edinburgh Review» атты басылымдағы көлемді мақаласында «басқарылатын нәсілдер» деп атаған. Тағы да, басқарылатын нәсілдер немесе Шығыс халықтары туралы білім - оларды пайдалы басқаруға көмектесетін құрал. Кромердің пікірінше, Англия империясының тұрақтылығы іште миллитаристік жүйе мен коммерциялық эготизмді, ал колонияларда «еркін институттарды» сақтап отыруына байланысты. Өйткені, Кромердің пікіріне сәйкес, «бұл логика бүкіл Шығыс халықтарының өмірі еленбеуді қажет ететінін дәлелдейді», оларды басқарудың ең дұрыс әдісі - Шығыс халықтарына қатысты аса күрделі ғылымды пайдаланбау. Олар дамымай қалғандарын түсініп, «басқарылатын нәсілдерде барынша күш салып, жақсы жақтарын табу әрі бұл басқарушы мен басқарылатындардың арасында орнауы мүмкін бірлікке жол ашады». Отарланған халықтарды бейбітшілікке әкеліп, алайда араларында бар екеніңді білдіртіп отыру - империяның құдіреті. Нақты айтсақ, коммерциялық рухтың белгілі бір бақылауда болуы дегеніміз үнділер немесе мысырлықтармен, шилуктар немесе зұлыстармен қарым-қатынасқа түскенде, ең алдымен олардың қандай халық екені туралы ойлануды білдіреді. Кім екендері, ұлттық тұрғыдан қарастырғанда, белгілі деңгейде statu pоpulari мағынасында, өздері туралы ойлары мен олардың мүдделеріне назар аудару маңызды, осының бәрі - мұқият зерделеуді қажет ететін мәселе. Негізгісі, әрбір мәселе Англияның ұлт ретінде қазіргі, немесе болашақ мүддесі тұрғысынан, бірінші кезекте батыстық білім мен жергілікті тәжірибеге негізделе отырып, басқарылатын нәсілдердің мүддесі тұрғысынан қарастырылуы шарт. Британдықтар ұлт ретінде бұл қағидатты әрқашан қатаң ұстанса, олардың арасында нәсіл немесе тілге негізделген патриотизм сияқты ұқсас сезімге ешқашан жол бермейміз, қайта асқан талант пен жанкешті жұмысқа және берілген атақ пен атақ берушілерге негізделген космополиттік сезімді арттырамыз. Мысырлық ұлтшылдыққа қарсы тұру үшін билеуші қаншама мәселеге мән беруі керек. Тәуелсіз төл институттар, сыртқы басқыншылықтың болмауы - өз бетімен тұрақтылықты қамтамасыз ете алатын тәуелсіздік: Кромер бұл қисынды талаптарды тоқтатып отырды, ол еш күмәнсіз «Мысырдың шынайы болашағы… тек мысырлықтарды қамтитын тар ұлтшыл бағытта емес… одан артық үлкен космополитизм жолында» деп жазатын. Басқарылатын нәсілдерде оларға ненің жақсы екенін түсіндіретін білім жоқ. Олардың көбі Шығыс халықтары болғандықтан, Үндістан мен Мысырда жинаған тәжірибесі арқылы Кромердің олар туралы білімі жеткілікті еді. Шығыс халықтарын басқаруға қатысты тәсілдер түрлі жағдайларға байланысты өзгеруі мүмкін болса да, жалпы басқару әдісі біркелкі. Әрине, бұл - Шығыс халықтарының әр жерде орналасуымен бірдей болуында. Ғылыми әрі тәжірибелік білім - ғасыр бойы заманауи Батыстың ориентализмі деген атпен дамып, Кромер мен Бальфурға жеткен білім: Шығыс халықтары туралы және Шығыс халықтарының білімі, олардың нәсілі, мінезі, мәдениеті, тарихы, дәстүрі, қоғамы мен мүмкіндіктері туралы. Бұл білім өте тиімді болды: Кромер оны Мысырды басқару үшін пайдаланғанына сенді. Сонымен қатар бұл - тексеріліп, өзгеріске ұшырамаған білім, «Шығыс халықтары» («Orientals») барлық практикалық мақсатта платондық ұғым еді және бұны әрбір шығыстанушы тексеріп, түсініп, көрсете алатын. Дәлел ретінде Кромер өзінің бүкіл тәжірибесі мен жетістіктеріне арнаған «Modern Egypt» атты екі томдық еңбегінің отыз төртінші тарауында Шығысты танудағы даналыққа айналған жеке қағидасы туралы жазады:
Бірде маған сэр Альфред Лайель былай деген еді: «Нақтылық - Шығыс санасы үшін қабылданбас нәрсе. Әрбір ағылшын-үнділік бұл қағиданы естен шығармауы керек».
Нақтылықты талап етсеңіз, ол жеңіл өтірікке айналып шыға келеді, бұл - шығыстық сананың негізгі сипаты. Еуропалықтар тумасынан кез келген нәрсеге күмәнмен қарайды және кез келген нәрсені шындық ретінде қабылдау үшін дәлелді талап етеді. Ал Шығыс адамының ақылы, колоритті көшелер сияқты, әрқашанда симметрияны талап етеді. Ежелгі арабтар диалектиканы айтарлықтай жоғары деңгейде меңгергенімен, олардың ұрпақтары қисынға зәру. Көп жағдайда олар қарапайым алғышарттардан өздеріне ақиқатты көрсететін қорытындыны шығара алмайды. Қарапайым мысырлықтан түсінікті ұғымды есту үлкен күшті талап етеді. Оның түсініктемелері өте ұзақ әрі нақтылауды қажет етеді. Айтар сөзін бітіргенге дейін бірнеше рет қарама-қайшы пікір айтуы мүмкін. Осыдан келіп, Шығыс халықтары немесе арабтар өте тұрақсыз, «энергия мен инициативадан алшақ», «асыра мақтауға» жақын, пәлеқор, қу және жануарларға мейірімсіз бейнеде сипатталады. Шығыс халықтары жолмен немесе жаяу жүргін- шілерге арналған жолмен жүре алмайды. Шығыс халықтары - түзелмейтін өтірікшілер, олар «жалқау және бәріне күмәнмен қарайды». Кромер өзі басқарған Британ отарларындағы Шығыс халықтарын әрқашан тек адами материал ретінде қарастырғанын жасырмады. «Мен дипломат әрі бас- қарушы болғандықтан, міндетім адам табиғатына мұқият мән беру еді. Бірақ тек оларды басқару тұрғысынан», Кромердің айтуынша, «…Менің түйген ойым: ол Шығыс халықтарының әрекеті, сөздері мен ойлау жүйесі еуропалықтарға қарама-қайшы болатын». Шығыс халықтарының басқа да аталған сипаттарын түсіндіргенде, ол ортодокс ғалымдардың тұжырымдарына жүгінген. Ол кез келген білімнің өзінің айтқан пікірін растайтынына күмән келтірген жоқ. Бұл оның қарапайым қайта тексеру арқылы Шығыс адамының алғашынан кінәлі екеніне күмән келтірмейтін. Шығыстың Шығыс болып дүниеге келуі - қылмыс және бұл пікірді дәлелдеу үшін еуропалық логика мен ақыл-ойға негізделген қисынға жүгінудің керегі де жоқ еді оған. Мысыр жайында жасаған соңғы сараптамалық есебінде ол мысырлық, ұлтшылдық туралы «толығымен жаңа идея» және «табиғи дамудан гөрі экзотикалық ауытқу» деп жазған. Адам әр кезенде әлемді түрлі аймақтарға бөліп келген және әр аймақтың шынайы немесе қиялдан туған ерекшелігі жасалып отырады. Шығыс пен Батыстың демаркациясы жылдар, ғасырлар бойы құрастырылған. Әрине, сол аралықта қисапсыз саяхаттар жасалған; сауда мен соғыс арқылы қатынастар болған. Бұдан басқа, XVIII ғасырдың ортасынан бастап Шығыс пен Батыстың арасындағы қатынасқа қатысты негізгі екі қағидат қалыптасты: біріншісі, жүйелі түрде Батыстың Шығыс туралы білімінің жиналуы отарлық биліктің негізінде бағындырылған, алайда беймәлім халықтар туралы кең қызығушылықтың арқасында мүмкін болды. Шығыс пен Еуропаның арасындағы байланыстың басқа қыры - Еуропа әрдайым доминациялық позицияда. Доминацияны эвфемизм ретінде пайдалануға болмайды. Екі арадағы қатынасты сипаттайтын түрлі формалар қолданыста болды: Бальфур мен Кромер әдетте бірнешеуін пайдаланатын. Шығыс «иррационалды», «құлдыраған», «дамымаған», «өзге». Қарым-қатынас пайда болған жағдайда әрдайым Шығыстың өзге, жан-жақты ұйымдастырылған өзіндік әлемінің бар екені көрсетілетін бұл әлемде ұлттық, мәдени, эпистемиологиялық кеңістіктермен қатар, ішкі қарым-қа- тынасты реттейтін қағидаттардың болуы да айтылатын. Күштің арқасында пайда болған білім Шығысты, шығыстықты және оның әлемі деген ұғымдарды дүниеге әкелді. Кромер мен Бальфурдың лексикасындағы Шығыс біреу міндетті түрде соттайтын, біреу зерттеп, көрсететін, біреу тәрбиелейтін мекен ретінде бейнеленеді. Шығыс туралы айтылған әрбір мысалдың тек күшпен шектелген кеңістікте өмір сүріп, көрініс табуы - жоғарыда айтылған ойдың негізі. Бұл сонда қалай пайда болды? Мәдени басымдық тақырыбы туралы пікір айту оңай шаруа емес, сондықтан сараптау, иллюстрациялау мен рефлексия арқылы ориентализмді мәдени басымдықтың нәтижесі ретінде көрсету - осы еңбектің мақсаты. Бірақ XIX-XX ғасырлардағы Батыс туралы сөз қозғалғандықтан, Шығыс анық формада төмен тұрған құбылыс деп айтылмаса да, Батыс тарапынан мұқият түрде коррекциялық мақсатта зерттелуі керек деген пікір айтылды. Ориентализм - шығыстық нәрселерді университеттік аудиторияға, сот залына, түрмеге немесе зерттеуге арналған нұсқаулыққа, ғылыми зерттеулерге, соттауға, тәрбиелеуге немесе басқаруға бағындыратын, орналастыратын білімнің жинағы. XХ ғасырдың басында Бальфур немесе Кромер сияқты адамдар Шығыс туралы пікірлерін қалаған сөздермен жеткізе алатын. Себебі өткен ғасырдағы шығыстану туралы ғылымының дәстүрі оларға қажетті сөздік қорды, қиялды, риториканы мұраға қалдырды. Сонымен бірге аталған уақытқа қарай ориентализмнің күш-қуаты айтарлықтай артты, ориентализм Еуропаның немесе жалпы Батыстың, жер бетінің көп бөлігіне иелік етуі арқылы ғылымға да иелік етті. Ориентализм ғылымына қатысты институттардың және мазмұнның көбеюі Еуропа экспансиясымен тұспа-тұс келді: 1815-1914 жылдар аралығында Еуропаның тікелей басқаруындағы отарлардың жер бетіндегі үлесі 35%-дан 85%-ға дейін өсті. Британия мен Франция ең ірі екі империя еді: кейбір жағдайларда одақтас әрі әріптес болса, кейбір жағдайларда бір-біріне жау болатын. Шығыста, яғни Жерорта теңізінің жағалауынан бастап Үндіқытай мен Малаяға дейін олардың отарлық иеліктері мен империялық мүдделері тоғысып, көп жағдайда бір-бірін қоршап және бір-бірін жаулап отырды. Бірақ тек Таяу Шығыста, яғни мәдениет пен нәсіл мәселесін ислам діні белгілейтін жерде, британдықтар мен француздар бір-бірін және «Шығысты» ерекше күрделілікпен айқындап отырған. 1881 жылы, лорд Солсбери айтқандай, XIX ғасырдың біраз бөлігінде Шығыс туралы ортақ пікір шытырман әрі проблемалық мәселелерге толы еді: «Біздің мүддеміз бар елге сенімді одақтасымыз қызығушылық білдірген жағдайда үш жол бар: мүддемізден бас тарту, мүддеміз бар елді бағындыру немесе бөлісу. Мүддемізден бас тартсақ, онда француздар Үндістанға апаратын жолымызды жабады. Толық бағындырсақ, соғыс қаупі төнеді. Сондықтан бізге ең тиімдісі - Шығыс елін одақтаспен бөлісу». Ориентализм ортақ және кейбір жағдайда бірлесе отырып пайдаланатын ақпараттық кітапхана немесе архивке айналды. Архивтерді біріктіретін идеялардың топтамасы әрі түрлі жағдайда қажеттігін дәлелдеген құндылықтар жиынтығы болды. Бұл идеялар Шығыс адамдарының іс-әрекеттерін түсіндіретін; аталған идеялар Шығыс халықтарына діл, өмір сүру атмосферасын берді; ең маңыздысы, еуропалықтарға Шығыс халықтарын өздеріне түсінікті ұғымдармен көріп, қарым-қатынас жасауға мүмкіндік жасады. Бірақ кез келген тұрақты идеялар секілді, ориенталистердің зерттеулері Шығыс деп аталған халықтарға және Батыс деп аталатын еуропалықтарға әсер етті. Қысқаша айтқанда, ориентализм - Шығыс туралы түсініктің шегарасы мен шектеулерін анықтайтын доктриналар жиынтығы. XIX ғасырда Үндістанда немесе басқа да Шығыс елдерде қызметте жүрген 55 жасқа толған Британия азаматының зейнетке шығу тәртібі бұл ориентализмнің мақсатын одан сайын күрделендіре түсті, яғни бірде-бір Шығыс адамы қартайған және қауқарсыз Батыс адамын көрмеуге тиіс. Ориентализм идеялары XIX-XX ғасырларда түрлі формаларда болды. Біріншіден, Еуропада өткен уақыттан бері Шығыс туралы сан түрлі әдебиет жиналды. XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басын қамтитын уақытта ориентализмнің жаңа кезеңі басталды, мұны Эдгар Кине есімді ғалым Шығыс ренессансы деп атаған. Бұл түсініктің қалыптасуына жаңадан табылып, аударылған санскрит, зенд және араб тілдерінде жазылған шығармалар, сонымен қатар Шығыс пен Батыстың арасында пайда болған жаңа қатынастар әсер етті. Осы еңбекте Таяу Шығыс пен Еуропаның арасында пайда болған жаңа қатынастың мысалы ретінде Наполеонның 1798 жылы Мысырды жаулауы туралы айтылады. Наполеоннан кейін Шығыс деген ұғымды Батыс ғылымының пәні ретінде қарастырсақ, ол едәуір модернизациядан өтті, бұл ориентализмнің XIX-XХ ғасырлардағы өмір сүру формасын қалыптастырды. Эрнест Ренанның семит тілдерін 1848 жылы зерттеуі, мысалы, сол заманғы салыстырмалы грамматика, салыстырмалы анатомия және нәсілдік теорияға негізделіп жасалған еді. Бұл оның ориентализмінің мәртебесін өсірді, ал, екінші жағынан, ориентализмді Батыстың жаңа заман ойының алдында бұрын ешқашан болмағандай қызықты етті. Ориентализм ұғымы империализм, позитивизм, утопизм, историцизм, дарвинизм, расизм, фрейдизм, марксизм мен шпенглеризм сияқты ағымдардың астында қалды. Жаратылыстанумен әлеуметтік ғылымдар сияқты, ориентализмнің жеке зерттеу «парадигмалары», өзінің ғылыми ортасы болды. XIX ғасырда ориентализмнің мәртебесі айтарлықтай өсті, бұл Societe asiatique, the Royal Asiatic Society, Deutsche Morgenlandiche Gesellshat және American Oriental Society сияқты ғылыми орталықтардың әсері еді. Осы орталықтар дамып, бүкіл Батыс елдерінде Шығысты зерттейтін ғалымдардың саны көбейе бастады. «Fundgraben des Orients» сияқты мерзімді басылымдардың шығуы ориенталистер мен ориентализм туралы білімнің жандануына ықпалын тигізді. Алайда осы орталықтардың аз бөлігі ғана тәуелсіз формада дамып отырды, себебі ориентализм Шығыс туралы ойға өз шектеулерін салатын. Шығыс адамдары өз әлемінде, «біз» өз әлемімізде өмір сүрдік. Осы көзқарас пен материалдық болмыс бір-бірін толықтырып, аталған ойды күшейтіп отырды. Тек Батыс қана қарым-қатынастың белгілі бір деңгейінде еркін болатын, себебі Батыс мәдени тұрғыдан қуатты еді, тек Батыс қана өзге әлемге кіріп, онымен соғысып, ұлы азиялық жұмбаққа кейіп пен мағына бере алатын. Бірақ, менің ойымша, бұған дейін мән берілмеген мәселе - Батыстың аталған басымдық аясындағы сөздік аппараты мен көзқарастың салыстырмалы түрде шектеулі болуында. Менің негізгі ойым, ориенталистік болмыс адамзатқа қарсы және тұрақты болып келеді. Оның ауқымы, институттары мен кең таралған ықпалы осы күнге дейін бар. Бірақ ориентализм қалай жұмыс істеп келе жатыр? Оны тұтастай тарихи феномен, ойлау формасы, қазіргі заманның проблемасы мен материалды болмыс деп қалай сипаттауға болады?
«The Government of Subject Races» атты еңбегінде Кромер индивидуалистерден құралған Британ империясының отарларын қандай негізгі қағидалар арқылы басқару керектігі туралы ойларын ортаға салады. Отар туралы арнайы білімімен қоса, ағылшын-саксондық индивидуализмді меңгерген «жергілікті агент» пен Лондонда орналасқан орталық билікті салыстырады. Жергілікті агент басқаруы арқылы адамдарға зәбір көрсетіп қана қоймай, империя мүддесіне де қауіп төндіруі мүмкін. Бірақ орталық биліктің мақсаты - аталған қауіптердің алдын алу. Неге? Себебі орталық билік «машинаның барлық тетіктерінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етуге тиіс» және «отарларды басқаруға қажетті барлық мүмкіндіктерді пайдалануы керек». Кромердің пікірінше, Батыста шоғырланған үлкен қуат - Шығысқа қарай сол қуатты жеткізетін машина секілді, бұл машинаны орталық басқарып, оның тұрақтылығын қамтамасыз етіп отырады. Машинаның Шығыстан алып отырған азығы - адами материал, білім, материалдық байлық және бұның бәрі де машинадан өңделіп шығып, қуатқа айналады. Мамандар Шығысқа ғана тән заттарды түсінікті және қажетті нәрсеге бірден айналдырып отырды: мысалы, Шығыс адамдары бағынышты нәсілге айналып, «шығыстық» менталитеттің нақты мысалы ретінде метрополияның қуатын арттыру үшін қызмет етеді. «Жергілікті мүдде» - ориенталистердің ғана мүддесі, ал «орталық мүдде» - бүкіл империялық қоғамның мүддесі. Негізінен, білім алдымен арнайы маманмен жергілікті деңгейде реттелсе, кейін орталық биліктің әлеуметтік мүдделерімен реттеледі. Жергілікті және орталық мүдделердің қарым-қатынасы күрделі болғанымен, бейберекет емес. Кромердің империя әкімшісі ретіндегі мысалында «адам да дұрыс ғылыми зерттеудің пәні болу керек» деп айтылады. Шығыс халықтарын дұрыс зерттеу дегенде ориентализм ғылымын атауға болады, ол - басқа ғылымдардан қажетті деңгейде оқшауланған, өткен уақыттан бері жинақталған барлық білімді қамтитын материалдық әрі әлеуметтік болмысқа қосымша білім мен қажеттілік беретін ұғым. Суверенитеттің тізбегі Шығыстан Батысқа қарай келген, бұл кезінде Киплингтің сөзінде анық көрсетілген еді: Қашыр, жылқы, піл немесе өгіз өзінің айдаушысына бағынады, айдаушы - сер- жантқа, сержант - лейтенантқа, лейтенант - капитанға, капитан - майорға, майор - полковникке, полковник - бригадирге, бригадир - генералға, генерал - вице- корольға, ал вице-король болса Патшайымға бағынышты.
Киссинджер Шығыс халықтарының нақтылықтан алшақ жатқанын айту үшін Кромер сияқты, сэр Альфред Лайельдің сөзіне жүгінбейді. Киссинджердің келтірілген аргументі дәлелді қажет етпейді. Бізде ньютондық революция болды, ал Шығыс халықтарында ол болған жоқ. Ой тұрғысынан біз олардан жоғарымыз. Өте жақсы, Бальфур мен Кромер сияқты, Киссинджер шекара сызығын тартады. Британ империалистері мен Киссинджердің арасында алпыс жыл уақыт өтті. Көптеген соғыстар, революциялар, Вена конгресіне дейінгі аралықтағы заманда ньютондық революцияны білмеген Шығыс елдеріне тән өмір салтының артықшылықтарын Киссинджер мойындайды. Қайтадан Бальфур мен Кромерден бөлек, Киссинджер ньютондық революция болмаған елдерге ерекше құрметпен қарап: «Олар осы замандағы революцияларға қарсы тұра алды», — дейді. Киссинджердің пікірі бейтарап болып көрінгенімен, ориенталист ғалымдардың пікірлерімен ұқсастық бар. «Пайғамбарлық», «нақтылық», «ішкі», «эмпирикалық болмыс» және «тәртіп» сияқты сөздер Киссинджердің еңбегінің әр жерінен табылып, тартымдылық немесе ұқсастықты, қажетті құндылықтарды, жүйесіздікті, үрей мен ерекшелікті білдіреді. Ориенталистер сияқты, Киссинджер мәдени ерекшелікті, біріншіден, майдан шекарасы деп белгілеп, одан кейін Батысты басқаларды басқаруға, бақылауда ұстауға дәлел ретінде келтіреді. Осындай бөлініске әкелген шығындарды айтпасақ та болады. Киссинджердің сараптамасына тағы бір сипаттама дәл келеді. 1972 жылдың ақпан айында америкалық «Психиатрия» журналында АҚШ Мемлекеттік департаментіне қарасты Барлау мен зерттеу бюросының зейнетке шыққан маманы Гарольд Глидденнің «Араб әлемі» атты мақаласы жарық көрген. Бұл мақаланың мазмұны таза ориентализм ғылымына тән еді. Екі бағанға бөлінген төрт беттік мақалада 100 миллионнан астам халықтың 1300 жылды қамтитын бейнесі көрсетілген. Айта кетерлік нәрсе, Глидден мақаласында төрт түрлі ғана сілтеме жасаған: Триполи туралы жақында шыққан кітап, мысырлық «Әл-Ахрам» газетінің бір басылымы, «Oriente Moderno» атты журнал және Мәжит Хаддури есімді ориенталистің кітабы. Мақаланың негізгі мақсаты — бізге «ерсі», бірақ арабтар үшін дұрыс болып көрінетін «араб мінезінің табиғатын ашу». Осындай бастамадан кейін автор арабтар конформизмге көңіл бөліп, ұятқа негізделген мәдениетте өмір сүреді және бұл мәдениеттің «абыройлық жүйесі» ізбасарларына клиент-патрон формасын кеңінен ұсынады. Сонымен бірге мақалаға сәйкес арабтар тек шиеленісті жағдайда ғана өмір сүре алады. Қоғамда абыройға жету тек өзгелердің басқаруы арқылы жүреді. Ал ұятқа негізделген мәдениет, яғни ислам діні де, кек алуға кеңінен жол ашады екен (дәлел ретінде Глидден 1970 жылғы 29 маусымда шыққан «Әл-Ахрам» газетінде басылған ақпаратты келтіреді: «1969 жылы 1070 адамның өліміне әкелген қылмыстың 20%-ы кек алу мақсатында жасалды, 30%-ы шын немесе ойдан шығарылған қателіктерден туындаған ызадан, ал 31%-ы қанды кек алу мақсатында жасалды»). Батыс әлемінің адамы үшін «осындай жағдайда жалғыз жол мәмілеге келу болса, араб үшін бұл — қисынсыз нәрсе және қисынға жүгіну — араб жүйесінің табиғатына жат құбылыс». Глидден өз ойын мынадай құлшыныспен жалғастырады: «арабтардың құндылықтар жүйесі бірлікті қажет еткенімен, сол бірлікті бұзатын қарсыластықты ынталандырады». Араб қоғамында тек «сәттілікке жету» мен оң нәтиже игілікті болып саналады. Арабтар «табиғи» жағдайда өмір сүріп, барлығына күмәнмен қарайды және осындай жағдай еркін тараған өшпенділік деп аталған, «айла мен қулық — араб және ислам әлемінде кеңінен етек алған нәрсе», кек алу — араб адамы үшін аса маңызды мәселе. Себебі оның орындалмауы жеке эгоны жоятын ұят сезіміне әкеледі. Сондықтан Батыс адамы үшін бейбітшілік пен уақыт үнемділігі жоғары құндылық болса, арабтардың құндылықтары басқаша болып келеді. «Шын мәнінде, бізге айтылған дәлелге сәйкес, араб тайпаларында (арабтардың құндылықтары пайда болған орта) экономикалық дамудың бір жолы жаугершілік болса, онда бейбітшіліктен гөрі жаугершілік өмір салтына айналды». Осы айтылған ғылыми көзқарастың мақсаты деп Батыс пен Шығыстағы «құндылық ұғымдарының салыстырмалы түрде әр деңгейде орналасуын» айта аламыз. Батыс адамдары үшін рационалдылық, бейбітшілік, либералды көзқарас, логика, шынайы құндылықтарды ұстану қабілеті тән болса, Шығыс адамдарына бұл айтылғанның қатысы жоқ. Осындай тұжырымдар қандай жалпы немесе жеке көзқарастардан пайда болды екен? Бальфур, Кромер немесе біздің замандастарымызда осындай пікірді қандай арнайы тәсіл, қиял әсері, институттар мен дәстүрлер қалыптастырады екен?


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет