I-тапсырма тақырыбы: Ұғым. Сөз. Мағына. Сөздің анықтамасы
Сұрақнама:
1. Ұғым – логикалық категория.
2. Сөзге тән белгілер. Сөзге берілген анықтамалар.
3. Мағына туралы түсінік.
4. Ұғым мен мағынаның айырмашылығы.
Тапсырмалар:
1-тапсырма. Мәтіннен белгілі ұғымды білдіретін сөздерді бір бөлек, жеке тұрып
белгілі ұғымды білдіре алмайтын сөздерді бір бөлек көрсетіңіздер. Жеке ұғымды білдіре
алмағанмен, ол сөздердің қалыптасқан мағынасы бар екенін мысал арқылы дәлелдей
отырып, сөздің ұғымы мен мағынасының арасындағы байланысты, айырмашылықты
ашыңыздар.
Найман-Ана жолаушылардың көзінше сыр берген жоқ. Әлгі хабарды естігенде шай
құйып отырған әйелдердің түрі өзгеріп, өртеніп кеткенін ешкім байқамай да қалды.
Саудагерлерден әйел әлгі мәңгүрт туралы егжей-тегжейлі сұрап көрмекші болды да, сол
естігеннен артық хабар білудің өзінен қорқып кетіп, тілін тістей қойды. Кеудесінде бір
күдік жаралы құстай шар етіп еді, өзін-өзі әрең тежеп, тіл қатпады... Бірте-бірте сорлы
мәңгүрт мүлде ұмытылып, әңгіме ауаны басқа жаққа көшті. Дүниеде не болмайды, соның
бірі де тәйірі. Ал Найман-Ана тұлабойын билеп алған үрейді, қолының дірілін білдірмеуге
тырысып, кеудесіндегі шар еткен жаралы құстың үнін өшіргендей болып, тек бурыл
басын көптен бері түспей келе жатқан қаралы жаулықпен бүркемелей берді (Ш.А.).
2-тапсырма. Тілде ұғымы бар және ұғымы жоқ сөздерге мысал келтіріп, оның
мағынамен байланысын түсіндіріңіздер.
Сұрақнама:
1. Лексикалық және грамматикалық мағына.
2. Лексикалық мағынаның негізгі типтері.
3. Сөз мағынасы ауысуының ішкі және сыртқы себептері.
4. Сөз мағынасы ауысуының негізгі тәсілдері (метафора, метонимия, синекдоха).
5. Көп мағыналы сөздер және олардың негізгі белгілері.
6. Омоним. Омонимдерге ұқсас тілдік құбылыстар.
Тапсырмалар:
1-тапсырма. Мәтіндегі сөздердің грамматикалық және лексикалық мағынасын
ажыратып, айырмашылығын түсіндіріңіздер.
Дәрмен іркілген жоқ. Сұлу жүзді, қиылған қара мұртты, ақсұр жігіт домбыраны
шешен сарнатып отырып-отырып барып, жортып бастап кетті. Үлкен қара көздері сәл
қанталай түсіп, шабыт отын маздатады. Ширақ, сергек қайратына ызалы жүрек оты
араласқан, әділет жоқшысы туғандай. Жас, асқақ ақын жаңа сазға бой ұрған. Бұл кәрі
заманға жаңа буынның сынын айтатын, кекшіл қыран нәсіліндей. Бір жағы Абай ұясынан,
тағы бір тегі әділ қазы – халықтан шыққан. Бар жылаулардың жаңа жоқшысы.
Ол дастанын әсем туған халық қызы – Еңлікті көріктеп, мадақтаудан бастаған. Атасы
кәрі Ықан – Хан тауының бауырында адал, момын еңбекпен күнелткен әзіз жан. Екі абзал
кәрінің ұлы да қызы да өзі боп, сыпайы өскен Еңліктен сөз кетеді (М.Ә.).
2-тапсырма. Қарамен берілген сөздердің тура я ауыспалы мағынада қолданылып
тұрғандығын ажыратып, егер ауыспалы мағынада қолданылса, оның тура мағынасын
өздеріңіз ойлап табыңыздар.
1. Осы ашудың әлегімен Раушанның өтінішіне саңырау болды. 2. Қожыр беттің
ашуымен таяғын сындырып алғаны былайғылардың күлкісін келтірді. 3. Осы жаманмен
біраз күн өмір өткіздің ғой (Б.М.). 4. Айнала қарап тұрғанында жердің семіз қара
топырағы жасыл ала шөптен көрінбейді. 5. Енді торғындай майда ескектің жібектей
жұмсақ гүлден алған жас демі балбыраған денені сергітіп тастады (С.С.). 6. Осы өлең аса
бір аяулы шағымның белгісіндей маған әлі ыстық (Т.А.). 7. Қол ұшы тисе, не үзіліп
кетердей, не өзі әлі естімеген соншалық ыстық үн төгіп жіберердей (С.Ш.). 8. Сендер
болсаң мынау, осындайда дұрыстап қол ұшын да бермейсіңдер. 9. Тамағына әлдене
тұрып қалғандай, сөзі шорт-шорт үзіліп, үні бітті (М.И.).
3-тапсырма. Төмендегі сөздердің тілде қандай мығынада қолданылатынын көркем
шығармалардан мысалдар келтіре отырып түсіндіріңіздер.
Қас, жау, қыс, от, жаз, жалын, сал, жай.
4-тапсырма. Сөйлемдерден омоним сөздерді тауып, олардың мағыналарын
анықтаңыздар.
1. Ойыма келген нәрселерді жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын
(Абай). 2. Қой-ешкі, сиыр өріске кеткенімен, ауыл ақтан тарықпай отырған сияқты (С.Е.).
3. Жұмыр басты пендеге өлім ақ (Мәтел). 4. Талайды осы күні-ақ жүрмін көріп, жалқауды
қақпалайсыз аттай мініп (С.Т.). 5. Үстінде қызыл торғын шапан, омырауында алтын алқа
(И.Б.). 6. Әнім бар алғыс атты, махаббатты, Алқа топ алдын көрген жерде айтылар (Қ.А.).
7. Бұл ақ тікен қурай болып өсетін алқа дейтін арамшөпке туыстас өсімдік (Б.М.).
Достарыңызбен бөлісу: |