Ыбырай Алтынсарин. "Әке мен бала" (әңгіме)
Бір адам он жасар баласын ертіп, егіннен жаяу келе жатса, жолда қалған аттың бір ескі тағасын көріп, баласына айтты:
—Анау тағаны, балам, ала жүр, — деп.
Бала әкесіне:
— Сынып қалған ескі тағаны алып неғылайын, — деді.
Әкесі үндемеді, тағаны өзі иіліп алды да, жүре берді.
Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң, әкесі қайырылып, манағы тағаны соларға үш тиынға сатты. Одан біраз жер өткен соң, шие сатып отырғандардан ол үш тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен, шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бірем - бірем алып жеп, баласына қарамай, аяңдап жүре берді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артында келе жатқан бала да тым - ақ қызығып келеді екен, жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып, аузына салды. Бітегенеден соң және бір шие, онан біраз өткен соң және бір шие, сонымен әр жерде бір әкесінің қолынан түскен шиені он шақты рет иіліп, жерден алып жеді. Ең соңында әкесі тоқтап тұрып айтты:
— Көрдің бе, мана тағаны жамансынып жерден бір ғана иіліп көтеріп алуға еріндің, енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Мұнан былай есінде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң — көп жұмысқа тап боласың, азға қанағат ете білмесең — көптен де құр боласың, — деді.
Бір адам он жасар баласын ертіп, егіннен жаяу келе жатса, жолда аттың ескі тағасын көріп, баласына:
— Балам, анау тағаны, ала жүр! — дейді. Бала әкесіне:
— Әке, сынып қалған ескі таға ғой, пайдасы жоқ, не қыламыз оны, — дейді. Әкесі үндемейді. Тағаны өзі иіліп жерден алады да, жүре береді.
Олар қалаға жақындайды. Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, әкесі жолда тапқан ескі тағаны сол ұсталарға үш тиынға сатады.
Одан біраз жер өткен соң, саудагерлерден үш тиынға шие сатып алады. Әкесі шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бір-бірден жеп, баласына қарамай, жүре береді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Соңынан ілесіп келе жатқан бала жерге түскен шиені жерден алып, аузына салады. Біраздан соң әкесінің қолынан тағы бір шие түсіп кетеді. Содан кейін тағы бір шие жерге түседі. Сонымен бала әржерде әкесінің қолынан түскен шиені он рет иіліп, жерден алып жейді. Ең соңында әкесі тұрып:
— Көрдің бе, тағаны жарамсыз деп жерден бір ғана иіліп көтеріп алуға ерініп едің, енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Бұдан былай есіңде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң — көпжұмысқа тап боласың, азға қанағат ете алмасаң — көптен де құр қаласың, — дейді.
Бала ұялып, әкесінің сөзін түсініп, өмір бойы ұмытпапты.
Достарыңызбен бөлісу: |