Исі қазаққа Зере ананы немесе Зере әжені таныстырып жату артық. Оны мектеп көргеннің бәрі біледі



Дата21.09.2022
өлшемі21,14 Kb.
#39684
Байланысты:
Жоба Зере ақпарат


Исі қазаққа Зере ананы немесе Зере әжені таныстырып жату артық. Оны мектеп көргеннің бәрі біледі.
Зере – ұлт анасының, ұлт әжесінің жиынтық бейнесі.
Зере – дәстүр мен тәлім-тәрбиенің шамшырағы.
Зере – ұлтымыздың рухани төлқұжатына айналған Абайдың әжесі. Дана ақынның даналығының бастауы.
Біріншіден, әрине, Зередей қыз баласын дүниеге әкеліп, ел анасы деңгейіне көтерген туған халқымызға рахмет!
Екіншіден, «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы Зере бейнесін – ұлт берекесі мен дәстүрі кейпінде сомдап шыққан дара жазушы Мұхтар Әуезовке алғысымыз шексіз.
Үшіншіден, бардың қадірін біліп, жоқ іздеп жүрген көзіқарақты замандастарымызға ілтипатымызды жеткіземіз.
Таяуда (16 тамыз) Алаш қаласы – тарихи Семейде кереметтей елдік шара өтті. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті мен кешегі Ақтамберді батырдың, Ақтайлақ бидің тағылымы қалған Жарма ауданының әкімдігі бірігіп «Ұлы Даланың ұлы аналары» атты бұрын-соңды болмаған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Ғылыми жиын жұмысына Астана мен Алматыдан, облыс орталықтарынан елге белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар, қайраткерлер т.б. қатысты. Біз конференция мінберіне көтерілген Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Хангелді Әбжановты, танымал этнограф, ұлт жылқысының сан ғасырлық тағдыр-талайын тереңінен зерттеген профессор, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабайды, көрнекті сұлтанмахмұттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспембетовті, Қазақстанның Халық әртісі, «Біржан сал», «Құнанбай» т.б. көркем фильмдердің авторы әрі басты рөлдерді сомдаушы Досхан Жолжақсыновты, Мәдениет қайраткері, Зере рөлін сәтті ойнаған Нұрсипат Салықованы, шығыс тарихының білгірі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әлімғазы Дәулетханды, Шығыс Қазақстан университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембековті, тағы да басқа тұлғаларды көріп, олардың ой-пікірін тыңдап, мерейіміз артты, мағлұматымыз кеңейді.
Аталған университет ректоры Мейір Ескендіров пен аудан әкімі Нұрлан Сыдықов та конференция қатысушыларын, олардың ғылыми-мәдени қауым үшін маңызды ойларын бір арнаға жүйелі үйлестіріп отырды.
Сол күні түстен кейін Семей қаласының жұртшылығы университетте «Құнанбай» көркем фильмінің режиссері Досқан Жолжақсыновпен және Жамбыл облыстық драма театрының әртісі Нұрсипат Салықовамен кездесті. Көркем туындыға қатысты небір қызық сұрақтар қойып, оның тұшымды жауабын алды. Әсіресе, Зере әже бейнесіне байланысты оң бағалау мен ақ тілек айтылды.
Кешкісін «Еңлік Кебек» кинотеатрында семейлік кәрі-жас «Құнанбай» фильмін тамашалады.
Әрине, мұның бәрі 17 тамыздағы тарихи оқиға - Жарма ауданының орталығы Қалбатауда Зере әже ескерткішін ашуға даярлық еді. Қала мен ауыл рухани сабақтасқандай күй кештік. Шаһар - «Абай тұлғасының уызы һәм тәлім негізі ғылыми деңгейде сөз болды» деп, дала - «бүгінгі қала зиялысы даналық қадіріне жетті» деп қуанды.
Қалбатауда Зере әже ескерткішін ашу салтанаты да елдік деңгейде өтті. Аудан әкімінің, университет басшылығының, ақын ұрпағының ақжарма тілектері, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлерінің нақты, деректі сөздері аудан жұртының танымын тереңдетіп, парасатын арттырды.
Кіріспе және құттықтау сөздерден кейін ескерткіштің ақ жамылғысы сыпырылғанда, жұртшылық қуанышын жасыра алмай қол шапалақтап жіберді.
«Құдай-ай десейші, Зере әжем Қалбатауды бір көтеріп, әруақтарды бір аунатты-ау!» деп кемсеңдеді қайсыбір қария. «Бұрын кітаптан оқып, кинодан көруші едік, енді қасымызда әруағы қолдап жүретін болды!» деп ағынан жарылды бір кейуана...
Ескерткіште айналаны, әлемді білуге құштар немересін алдына алып отырған абыз әже бейнеленген. Әже – Зере (азан шақырып қойған аты – Тоқбала) Бектемірқызы, бала – «білсем, көрсем» деп ұмтылған балақан Абай (азан шақырып қойған аты – Ибраһим) Құнанбайұлы екені түсінікті еді.
Әже мен немеренің отырысы, көзқарасы, түрлі детальдар (кереге үзігі, басқұр немесе сүлгі бейнесі) шынайы көрінеді.
Ескерткіш авторлары - әкелі-балалы жергілікті азматтар. Фамилиялары – Тәти. Әкесі – Ертіс, ауыл мұғалімі. Баласы – Еркебұлан, университет оқытушысы. Абай ауданының тумалары. Семей өңірі екеуін де жақсы таниды. Ең бастысы, осы іске ынта-шынтасымен даярланған. Бала күдерінен ақын айналасының, тек-тамырының әңгімесін құлағына құйып өскен.
Нәтижесі жергілікті халықтың да, зиялылардың да көңілінен шықты.
Әже – ұлт дәстүрінің алтын арқауы (ата туралы да осыны айтамыз). Енді осы түсінік, ұғым қаладан ауылға дейін ескерткішпен шегеленіп, нақтыланып жатса, бұған тек қуанамыз. Өйткені бұл – елдік тәрбиенің жалғастығын көрсетеді.
Қалбатаудағы Зере әже – ұлттың ұлылығын айқындайтын рәміз. Рәмізді ескерткіш. Біз осындай аналарды қадірлеу арқылы ел тарихын қадірлейміз.
Ұлтымыз өрелі, елдігіміз баянды болғай!

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет