Жақсының аты өшпейді ісіменен



Дата07.01.2022
өлшемі24,77 Kb.
#19370
Байланысты:
Жақсының аты өшпейді ісіменен


Жақсының аты өшпейді ісіменен...

Ауыр науқастанып жүргенін білгенмен де, Жексен ағаның қазасын есту-көңілді қозғап, мұңайтып жіберді. Елінің, туған жерінің азаматтарына, жалпы көпшілікке үлгі болатындай істері, дәрігер есебінде өзі бірге қызмет еткен ұжым мүшелерімен қарым-қатынас жасауы, ұжым мүшелерін тәрбиелеудегі еңбегі, жеке адамгершілік қасиеттері оны білетіндердің естерінде сақталмақ.

Ажалға араша, ауруға медет болатын дәрігерліктің дәуірлер өзгерсе де қадірін жоймайтын қасиетті өнер екенін көптеген ісімен дәлелдеп кеткендердің бірі, есімі елге танымал болған Жекеңнің дүниеден өткеніне де жылға жуықтап қалыпты.

Қазіргі кезде ел ішінде орын алып, қалыптасып та келе жатқан бір көрініс бар, ол жекелеген адамдардың өздерінің ата-бабаларының есімдерін ел есінде қалдыруға деген ұмтылысы. Біреулер өз қаражаттарына мешіт үйлерін салса, біреулер ата-бабаларының ел алдындағы еңбегінің атаусыз қалмауына қам жеп, оларға көше аттарын беру жөнінде жергілікті билік орындарымен келіссөздер жүргізу қамында. Осы орайда, әсіресе кең тарап отырған нәрсе, ағайынның, ел жұртының арасында сыйлы, көзі тірісінде жауапты қызметтер атқарған абырой иесі жанның артында қалған ұрпағының, жанұясының естелік кітаптар құрастыруы. Саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласында түрлі деңгейдегі басшылық қызметпен өткізген, осы арқылы туған елінің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес-қолтаңбасын қалдырған аға жөнінде естелік кітап шығару жөніндегі балаларының талпынысы өте құптарлық іс.

Жекең медицина институтын бітіргеннен кейін өзінің туып-өскен жері, Байғанин ауданының сол кездегі орталығына, Жарқамысқа жұмысқа орналасып, 3-4 айдан кейін аудандық аурухананың бас дәрігері болып тағайындалды. Материалдық базасы талап деңгейінен едәуір төмен, түрлі салалардан маман-дәрігерлер, тіпті транспорт құралдары жетіспейтін ауруханаға басшылық жасау оңай шаруа еместі. Тіпті ауылдық жерлердегі фельдшерлік-акушерлік пункттер маман болмауына байланысты көбіне жабық тұратын, ал науқастанған адамдар аудан орталығына шұбыратын. Науқас адамға дәрігер шақыру үрдісі қалыптаспаған кез.

Ауданның жері шалғай, бүгінгідей көлік жоқ жағдайда жұмыс жасауға, аяқ ілігер көлікті пайдаланып, науқастардың шақыруына баруға тура келетін. Алматы мединститутының түлектері Жексен Мазинов, Төлеу Тұрмағанбетов, Аман Алмағанбетов, сәл кейінірек Орынбор медицина институтын бітірген Мышанов Қайырғали келгенше соғыс және соғыстан кейінгі жылдарда аудан көлемінде жұмыс жасаған дәрігерлер, өзге ұлт өкілдері Здравомыслов, Субботский, Райса Субботская, Когандардың елді мекендері шашыраңқы орналасқан ауданда қалай қызмет еткендігіне бүгінгі күні таңқаламыз.

«Қазақта өзіңнен тумай ұл болмас» деген қанатты сөз бар. Дұрыс айтылған сөз. Айтылған қиындықтарға қарамастан басшысы Жексен болып, жоғарыда есімдері аталған ағалар аудан халқына дәрігерлік көмек көрсету ісіне құлшына, білек сыбана, жастық жалынмен кірісті. Нәтижесі де көп ұзамай жұршылыққа байқала бастад. Бірғана мысал. Өткен ғасырдың 50-жылдары соқыр ішектен, аналардың босана алмауынан қайтыс болу жағдайлары аудан көлемінде жиі кездесіп жататын, жас мамандардың елге келіп, жұмыс жасауымен бұл жағдай «сап тиылғанмен де», біршама саябырсыды.

Аудан тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысатын жергілікті халық болғанымен де, 1954 жылдан бастап тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына байланысты халық саны бұрынғыдан өсе түсті, келушілер көбейді. Жұмыс ауқымы кеңейді. Облыс орталығынан шалғай орналасқан, елді-мекендерінің арасы қашық ауданға аурудың жекелеген түрлеріне маманданған дәрігерлерді облыс орталығынан шақырып, олардың сырқатқа көмек көрсетуіне үнемі мүмкіндік бола бермейтін. Осы себепті бұларға, әсіресе Жекеңе «бесаспап» болуға, яғни оташы, гинеколог, балалар дәрігері және т.б. болуға тура келді. Жалпы менің пікірімше, ауылдық жерде жұмыс жасаған медицина мамандарының мейлі ол жоғары білімді дәрігер не орта буын медицина қызметкері болсын іскерлігі, біліктілігі мен шешімділігі қалалық жердегі әріптестеріне қарағанда жоғары деңгейде ме деп ойлаймын. Өйткені олар күнделікті жұмысында науқастың бірнеше түрімен кездеседі. Қасында ақылдасатын, көмек, кеңес беретін ешкім жоқ. Сондықтан өздігінен ізденуге, медициналық әдебиеттерді көбірек оқуларына тура келеді. Жексен ағаның ел сыйлайтындай дәрігер болып қалыптасуына жұмысты шалғай ауданда бастауы да себепші болған болар.

Аудандық аурухананы, дәрігерлік-емханалық салаларды, фельдшерлік-акушерлік пунктерді орта буын медицина мамандарымен қалай қамтуға болады? Осы саладағы көптеген егу жұмыстары, өзге де санитарлық-гигиеналық шаралар бұларсыз бітпейтіндігі бас дәрігерді көп ойландырды. Ақыры облыстық денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен аудан медицина мекемелерінің жолдамамен келетін орта буын медицина қызметкерлерімен толыққа жақын қамтылуына қол жеткізді. Жастық ынта-құлшыныс (энузиазм) болғанмен де, қиырдағы Қазақстанға, оның шөл және шөлейт өңірлерінің бірі – Байғанинге, сонау Молдавиядан, медицина училищесін бітірген 30 орта буын медицина мамандарын үгіттеп әкелуге Жекеңе оңайға түспеегендігі белгілі. 1957 жылы аудан үшін «Аспаннан медбикелер жауған» жыл болды. олар бар қадерінше ауылдық жерлерде жұмыс атқарды, тұрғындарды жұқпалы аурулардан сақтандыру мақсатында түрлі себептермен жүргізілмей келе жатқан егу жұмыстары қолға алынып, жер-жерде санитарлық-гигиеналық шаралар жүргізілді. Шаруашылық басшылары тарапынан бұларға тұрмыстық жағдай туғызу, күнделікті жұмыстарына жәрдем көрсету мәселелері де шешілді.

Өткен 60-жылдардың басында ауданның денсаулық сақтау мекемелері осы жердің тумалары – менің сыныптастарым Қаражігітов Қырланбай, Қойшанов Рахмет, Шалабаев Иван, Сәндібеков Асылбек, Жазықов Бақтығали және т.б. дәрігерлермен, көптеген орта дәрежелі медицина қызметкерлерімен толықты. Жаңа келген мамандарға ақыл-кеңесін беріп, біразының кейіннен денсаулық сақтау ісінің ұйымдастырушысы болып қалыптасуына көмегін тигізді.

Қазақта «Түсі игіден түңілме» деген әдемі сөз бар. Оның түр-келбеті қандай болса, мінезі де сондай, етек-жеңі кең, ол бұрынғы ата-бабаларымыздан қалған «Кең болсаң кем болмайсың», деген қағидаларды ұстанған адам еді. Барлық уақытта қолынан келгенінше қарамағындағы адамдарға жәрдем беруге тырысатын, жаманын жасырып, жақсысын асырып отыратын. Қарапайымдылықты қағида еткен отбасында дүниеге келіп, адалдықпен кішіпейілділікті серік еткен жан еді, ешуақытта асып-таспаған, ел-жұртын, достарын, жолдастарын мақтан ететін. Әрдайым бар байлығым балаларым, туыс, ағайындарым деуші еді. Досқа адалдығына бір мысал. Жан-жолдасы Төлеу ауыр науқасқа ұшырап, екеуі ақылдаса келе Москваға бару керек деп шешті. Одақтық Денсаулық сақтау министрлігінің жәрдемімен ауруханаға орналасқаннан кейін де хал-жағдайын білмек болып, әрі емдеуші дәрігерлермен ақылдасу үшін барып қайтты. Москвалық дәрігерлерден де жәрдем бола алмайтындығын көп кешікпей-ақ түсінген Төлеу «мені елге алып кеткенің жөн» деп хабар береді. Тура бағыттап келген ажалға кім ара тұра алады. Жан-жолдасының сүйегін елге жеткізу де оның еншісіне тиген екен.

Одақтық үкіметтің оңтайландыру саясаты негізінде Қазақстанда 3 өлке құрылған кезде аудандарды біріктіру жұмыстары жүргізілгені мәлім. 1963 жылы облыстың Байғанин, Ойыл, Темір аудандары бірігіп, Темір қаласындағы орталықтандырылған аудандық аурухананың бас дәрігерлігіне облыстық денсаулық сақтау басқармасының шешімімен Жексен аға тағайындалды. Жұмыс көлемі тағы да көбейді, бұрынғысынша орта буынды медицина қызметкерлері жетіспеді. Баяғы 30 қыздың бірен-сараны болмаса, біреулері тұрмыс құрып, екіншілері жолдама мерзімі біткесін өзге жаққа қоныс аударды. Осы мәселені шешу үшін аудандық партия комитеті мен аудандық кеңес атқару комитетіне және облыстық денсаулық басқармасының алдына Темір қаласында Ақтөбе медициналық училищесінің медбикелер даярлайтын филиалын ашу қажеттігін ұсынды. Нәтижесінде бұл мәселе облыстық кеңес атқару комитеті тарапынан қолдау тапты. Осы филиалды 100 оқушы бітіріп, олар кейіннен бұрынғысынша қалпына келтірілген 3 ауданның «Жыртығына жамау» болды. осы мысалдардың өзі өз ісіне берілгендіктің, туған жеріндегі халықтың денсаулығын сақтаудың бір көрінісі, жанашыр адамның ісі деп түсінгеніміз жөн. Осындай ауқымды істер жоғарыда айтылған Субботскийлердің тұсында қолға алынбақ түгіл, транспорттың жоқтығын сылтауратып, олардың шаруашылықтардағы сырқаттанған адамдарға да бармаған мысалдарын уаықытында көптеп еститінбіз.

Көлік демекші, мектепті бірге бітірген досым, жолдасым Қазақ радиосы мен телевизиясында комментатор, халықаралық қатынастар бөлімінің меңгерушісі, Жарнама және каммерциялық дирекция директорының орынбасары, директоры және басқа да шығармашылық жұмыс атқарған КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сәлімгерей Сұлтанғалиевтің айтқан бір әңгімесі есіме түсіп отыр, соны келтіре кеткенді жөн санадым.

«Әскерден келгеннен кейін ауданның Крупская атындағы колхозында су таситын (водовоз) машина айдаймын. Жас, әрі жаңа келген шоферға колхоз басқармасы қайбір жарақты машинасын бере қойсын. Ұмытпасам, 1960 жылдың желтоқсан айында колхоз басқармасы шақырып «Бозқолқа» пунктіндегі шопан Ш.Әжіғұловтың әйелінің аяғы ауыр екен, әрі науқастанып қалыпты, ауданға барып, дәрігер алып кел деп жұмсады. Аудан орталығы 40-45 км-дей жер. Ауруханаға келіп, мән-жайды түсіндіргеннен кейін бас дәрігер Жекеңнің өзі жүретін болды. Дәрі-дәрмектерін алғасын жүріп кеттік. Орталықтан 5-6 км шыққаннан кейін Бәкірдің (Тәжібаевтың) әніндегі кәдімгі «Ақбұлағының» маңындағы пунктке жетпей машинаның моторы сөніп қалды. Менің де шоферлік «сауатым» қай бір жетіскен кезім, оталдыра алмай қыстың ішінде біраз әбігерлендік. Пунктегі шопаннан 2 ат мініп «Бозқолқаға да» жеттік. Жәкең жәрдемін көрсетіп, әйелді аман-есен босандырды. Үй-іші, көрші-көлемдері рахметін айтып жатыр. Мамандығына адалдық, жауапкершілікті толық мойындау, «Гиппократ» антына беріктік осындай болса» дегенді.

Аға үнемі ізденуді, білімін жетілдіруді мақсат етіп, 1962 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының ординатурасына түскенді. Ол жылдар қайсыбір шаруашылық болмасын, оның жұмыстары жоғары жақтың талабына бағындырылған жылдар болатын. Талап – мемлекетке ауыл шаруашылық өнімдерін көптеп өткіз, оны өндіріп жатқан еңбеккерлерге қызмет ет, міне осылай қойылатын. Аудандық, облыстық партия комитеттері тарапынан Алматыға, орталыққа хаттар жазылып, оқуды аяқтауға мүмкіндік болмады, 1962 жылдың сәуірінде бұрынғы жұмысына қайта кірісті. Міне, «Менің арбам жүре тұрсын, сенің арбаң тұра тұрсынның» нәтижесі.

Іздену, білімді жетілдіру, ғылым жетістіктерін күнделікті жұмыста пайдалану – бұл уақыт талабы екендігін айтып кеттік. 1966 жылы медицина институтының аспирантурасын бітіргеннен кейін, ол Республикалық онкология ауруханасында бас дәрігер, 1970 жылдан 1993 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін Туберкулез аурулары Республикалық темір жол ауруханасында бас дәрігер болып қызмет істеді. Соңғы деректердің өзі бір мекемеде ширек ғасырға жуық, оның ішінде басшы болып қызмет істеу екінің бірінің еншісіне тие бермейтіндігін көрсетпей ме? Мұның себебі кәсіби және адамгершілік қасиеттерінің жоғарылығында, әріптестері мен жолдастарының арасындағы беделінде жатыр ма деп ойлауға тура келеді.

«Жақсының аты өшпейді ісіменен,

Сыйласқан жасы үлкен-кішіменен», деп айтылғандай, ел-жұртына сыйлылығы болар, біз жыл сайын елге барғанда, амандық-саулықтан кейін, аға буын өкілдері Алматыдағы ел азаматтарының ішінен алғашқылардың бірі етіп «Жексеннің хал-жағдайы, денсаулығы қалай?» деп сұрайтын. Міне, бұл Жекеңнің Байғанин ауданында бас дәрігер болып қызмет еткен уақытында халыққа деген ықылас-пейілінің, сыйластығының қандай болғандығын аңғартады.

Кішіпейілдігі сол ол үлкен-кішімен еркін әңгімелесіп, оларды өзімен тең ұстайтын, еш дауыс көтергенін естімеппіз. Әлдекімдерше бақырып-шақырғанын, біреудің ар-намысына тигенін де көрмеппіз. Орынды сөзі, әзіл-қалжыңы мол, өзінен кейінгіні әрдайым еркелетіп, өз кезегінде көмектесетінді.

Ол медицина саласындағы қажырлы еңбегі үшін жоғары орындардың, ҚР Денсаулық министрлігінің және өзі еңбек еткен мекемелерінің түрлі марапаттауларын лайықты иеленді. Байғанин ауданының «Құрметті азаматы» болды.

Адал азамат, сүйікті жар, үлгілі әке, отбасы қамқоршысы болған аға-жеңгеміз екеуі 6 баланы тәрбиелеп өсіріп, олардың білімді іскер, тәрбиелі болып қалыптасуына үнемі көңіл бөліп отырды. Шал ақын айтпақшы «Жақсы әйел дәулетіңе жан келтірер» демекші Әния жеңгеміз аға өмірінің сәні болды, ұрпағын өсіріп тәрбиеледі, шаңырағының тірегі, жанұяның ұйытқысы бола білді.

Қазақ халқы әкені асқар тауға теңейді, ол-асқар, ол-биік тұлға. Бейнелі сөз болғанымен, әкенің жер-бетіндегі құдырет-күші, отбасына деген панасы асқар таудан кем соқпайтын шығар. Әр отбасы үшін әкенің алатын орны ерекше. Еміренген ел-жұрты, туған-туысқандары, көпшілік көңілдерін білдіріп, көмек қолдарын созғанмен, асқар тау әкенің орнын толтыра да алмас. Бірақ амал жоқ-қой! Бәріне көнеміз-дағы.

Бұрынғы естілер «Жақсының аттан жығылғаны да жақсы» деп жататынды. Жексен ағаның қазасының өзі бізге үлкен ой салып кетті, тірліктің өткінші, дүниенің жалғандығын ап-айқын алдымызға жайып салды. Азғантай өмірде біріңді-бірің дос көріп, қол үшін беру, білмейтінін үйретіп, үнемі ауызбірлікте, сыйластықта болу керектігін көрсетіп кетті.

Пайғамбарымыздың бір хадисінде «Жүрегінде тәкәппарлығы жоқ адамның орны жәннатта» және «Кім кішіпейілділік көрсетсе, Алла оның мәртебесін өсіреді!» - деген екен.



Ие, Жаратушы ием, жаны жайсаң құлыңды бұл дүниеде мың көпірден құлатпап едің, бақидағы қыл көпірден де құлатпашы? Алланың рахымына бөленіп, жаныңыз мәңгілік бақыт бағы-жәннатта, топырағың торқа болсын, жақсы аға!

Сүгірәлі Тайжанов

ауылдас інісі

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет