ЖылдардағЫ Қазақ Әдебиеті



Дата11.12.2023
өлшемі133 Kb.
#137422



1960-1980 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ

Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті дамуының бұл кезеңі алдыңғы дәуірлерге қарағанда бірсыпыра өзгешеліктерімен ерекшеленеді. Бұл өзгешеліктер, ең алдымен, кеңес қоғамының мемлекеттік-саяси беталысындағы жаңалықтармен, И.В.Сталин қайтыс болғаннан кейін оның диктаторлық режимін жұмсарту саясатымен, осы салада жаңа шешім қабылдаған КПСС ХХ съезінің (1956) қаулыларымен байланысты басталды. Съезд И.В.Сталиннің жеке басына табыну кезінде орын алған қателіктерді сынап, демократиялық нормаларды қалыпқа келтіру саласындағы бірсыпыра істерге мұрындық болды. Кеңес адамына сенімсіздік көрсетіп, одан үнемі жаулық іздеу, көрші мемлекеттермен ылғи да қырғиқабақ болу, дүниежүзілік мәдениет пен экономика дамуынан өздерін оқшау ұстау саясатын айыптады. Мұның әдебиет пен өнер ісін жақсартуға да едәуір әсері тиді. Әдебиет дамуы жайындағы кейбір жалған теориялар, оның ішінде “тартыссыздық”, “уақыт дистанциясы”, “шындықтың сыртын жылтыратып бейнелеу” сияқты ұғымдар сынға ұшырады. Жазушылардың өмірмен байланысын арттыру мәселесі көтерілді, творчестволық ынталылыққа жол ашу, қаламгерге деген сенімсіздікті жою мәселесі сөз болды. Мұның өзі өмір талаптарынан туындаған дүниелер болатын. Оның бірталай белгілері өмір мен әдебиетте 50-жылдардың бас кезінде-ақ белгі берді де, И.В.Сталин өлгеннен кейін-ақ мойындала бастады. Елімізде демократиялық нормалардың бұзылуы мен оны пайдаланған және жазықсыз қудаланған адамдар бейнесін белгілі орыс жазушысы Л.Леонов “Орыс орманы” романында батылдықпен суреттеді. В.Овечкиннің, В.Тендряковтың, А.Калининнің шығармаларында қоғам дамуының қайшылықтары, әсіресе, ауыл шаруашылығының артта қалуы, жауырды жаба тоқу фактілері шындықпен өткір көтерілді.


СССР Жазушыларының екінші съезі (1954) осы жайларды қарай отырып, әдебиеттің өмірмен байланысын арттыру мәселесіне айрықша мән берді. Екі дәуір шекарасында туған осындай жаңа лепті қорғауға батыл қадамдар жасалды. Сөйтіп әдеби дамуға жаңа бағыт сілтеді. Әрине, бұл әдебиетті партия бақылауынан босату емес еді. Қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі қайшылықтарды көрсете отырып, билеуші коммунистік партия әдебиет дамуын бұрынғыша қадағалауды жалғастырды.
Партия съезінің шешімдеріне сәйкес 1937 жылдары жазықсыз қараланған қаламгерлер ақталды. Қазақстанда С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Шәріпов, М.Дәулетбаев сияқты жазушылар есімі мен шығармалары әдебиет тарихына қайта кірді. Ө.Тұрманжанов, Х.Есенжанов, М.Қаратаев, С.Талжанов, З.Шашкин тағы басқалар қайтып оралып, жазушылық жолын жалғастыруға мүмкіндік алды.
1946-1948 жылдар ішіндегі партияның идеология саласындағы қаулыларында кеткен қателіктер мен оны орындау кезіндегі асыра сілтеушіліктер біртіндеп қалпына келе бастады. Орталық Комитет 1958 жылы “Ұлы достық”, “Богдан Хмельницкий”, “Шын жүректен” операларын бағалауда жіберілген қателер туралы” жаңа қаулы қабылдады. Бұл қаулының негізгі қағидалары бүкіл кеңес әдебиеті мен өнерінің дамуында маңызды рөл атқарды.
1957 жылы Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті “Қазақ халқының әдеби-поэзиялық және музыка мұрасын зерттеудің, сын тұрғысынан қарап пайдаланудың жайы және оны жақсарту шаралары туралы” арнайы қаулы қабылдап, онда бұрынғы дәуірлерде туған халықтық шығармаларды ғылымдық тұрғыда зерттеп, пайдаланудың шараларын белгіледі. Осының негізінде әдебиет пен өнерді, тарихты зерттеу саласындағы бұрын тиым салынып келген деректерге жол ашылды. Осы қаулыға сәйкес 1959 жылы “Мәдени мұра және оны зерттеу” тақырыбына үлкен ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды. Қазақ халқының бай фольклорлық және тарихи-әдеби мұрасын түгелдей ұлттық мүдде тұрғысынан әділ бағалауға көтеріле алмағанмен, бұл конференция бұрынғы асыра сілтеулерден арылу, әдебиеттің халықтығын анықтау саласында едәуір ілгері басқандықты көрсетті.
1958 жылғы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі, осы кезеңде шақырылған Қазақстан жазушыларының ІV (1959) және V (1966) съездері республикадағы әдебиет дамуының мәселелерін талқылап, оның жаңа міндеттерін белгіледі. Қазақстан жазушыларының қатары білімді, дарынды жастармен толықты. Жас таланттар қазақ әдебиетінің ауыр жүгін арқалап келген аға буын өкілдерімен ынтымақтаса, бірлесе әдебиеттің жаңа міндеттерін шешуге қатысты. Саяси-әлеуметтік жағдайдағы өзгеріс, қаламгерлер ортасының ынта-ықыласы жаңа творчестволық еңбекке жол ашты, тың ізденістерге бастады. Әдебиетшілер ортасында бұл дәуір “жылмық” (И.Эренбургтің осы аттас повесінің атымен) деп аталды.
Мезгілі жағынан отыз жылдан астам уақытты қамтитын бұл кезең қоғам дамуы мен идеологиялық ұстанымның, ой-пікірдің алмасуы жағынан біркелкі емес. Кеңес мемлекетінің И.В.Сталиннен кейінгі басшысы Н.С.Хрущев заманында басталған осы “жылмық” одан кейінгі Л.И.Брежнев тұсында біраз тежеуге түсті. Хрущевтің көп реформаларынан кеңес тұсында қалыптасып қалған дәстүрді ыдыратып алу қаупі туды да, партияның Орталық Комитеті оны қызметінен босатып тастады. Брежнев бұрынғы қатал режимге бармағанмен (оның күні өткені белгілі еді), идеология саласында партиялық принциптің бұрауын қайта күшейтуге тырысты. Бұл саясатты мойындамаушылар қуғынға ұшырап, әдебиет пен өнердің кейбір қайраткерлері шетелге кетуге мәжбүр болды. Алайда бір адамның билігіне құрылған қоғамның И.В.Сталин өлгеннен кейінгі жағдайы жөнделе қоймады. Социализм экономикасы құлдырауға түсті. Жамап-жасқауға тырысқан М.Горбачевтің “қайта құру” бағыты да оған пайдалы ықпал ете алмады. Мұның аяғы 90-жылдардың басында СССР-дің тарауына әкеліп соқты.
Әдебиет бұл дәуірде осындай күрделі қоғам шындығын бастан кеше отырып дамыды. Дегенмен ол билеуші партияның ықпалынан шығып кете алған жоқ. Коммунистік партия бұрынғыша әдеби процеске басшылық жасады. Бұл дәуірлерде өткен коммунистік партияның ХХІ (1959), ХХІІ (1961), ХХІІІ (1966), ХХІV (1971), ХХV (1976), ХХVІ (1981), ХХVІІ (1986) съездері әдебиеттің партиялық бағытын жалғастыруды міндет етіп қойды. Оны Қазақстан Компартиясы мен Жазушылар ұйымдарының кезекті съездері де қолдап, “бірауыздылық” танытты. Оларда көркемдік творчество үшін жауапкершілікті арттыру, әдеби шығарманың идеялық дәрежесін көтеру айрықша аталды. Әдебиет, негізінен, партия белгілеген дәуір міндеттеріне сүйенді, сол дәуірлердің үні болуға тырысты.
1967 жылы СССР-дің құрылуының 50 жылдығы атап өтілді. Осымен байланысты алынған қаулыда: “СССР-де социализм мен коммунизм орнату жылдарында адамдардың тарихи жаңа қауымы – совет халқы пайда болды. Ол өндіріс құрал-жабдығына қоғамдық меншік, экономикалық, әлеуметтік-саяси және мәдени өмірдің бірлігі, маркстік-лениндік идеология, жұмысшы табының мүдделері мен коммунистік мұраттары бірлігі негізінде құрылды”1 – деген тезис қабылданды. Ал, елу жылдыққа арналған салтанатты жиналыста Л.И.Брежнев соңғы жылдар ішінде елде болған ірі-ірі өзгерістерді атай келіп, сол түбірлі өзгерістердің нәтижесінде “кемелденген социалистік қоғам құрылды”2 деп жариялады. Бұл – И.В.Сталин құрған социализмнің тігісі сөгіле бастаған тұста, оның атын өзгертіп сақтаудың амалы еді. “Кеңес халқы” деген ұғым кеңес халықтарының әрқайсысына тән өзгешеліктерді мойындамау, олардың психологиясымен санаспау, бәріне бір көзбен қарау саясатының көрінісі болды. Осы негізде партия бір тұтас мәдениет туралы пікірді кіргізді. “Советтік социалистік мәдениеттің алуан түрлі ұлттық формаларынан ортақ, интернационалдық сыйпаттар барған сайын айқын көрініп отыр… Жаңа коммунистік мәдениеттің – ұлттық кедергілерді білмейтін, еңбек адамдарының барлығына бірдей тең қызмет ететін мәдениеттің негізі осылай қаланады”3 – деді Л.И.Брежнев. Бұл партия саясаты мен ұлттық мәдениеттің айырылатын жері еді. Саяси-қоғамдық ғылымдар саласында бұл ұғымдар жиі қайталанғанмен, көркем әдебиет өзінің ұлттық сыйпатынан айырылып кете алмады. Әр халықтың қаламгерлері өз ұлтының тағдырын, өмірін жазуға тырысты. Әдебиет ұлттық категория боп қалды. Бұл жағдайлар партияны әрқашан сескендіріп келді. Сондықтан да олар әдебиеттің бетін бүгінгі заманды мадақтауға бұрып, тарих тақырыбынан алыс ұстауға тырысты. Мезгіл-мезгіл тарихи тақырыптың басып бара жатқанын ескертумен болды. Мұндай ескерту қазақ әдебиетінің адресіне жазушылардың VІ съезінде (1971) жасалды. Ал, партияның ХХVІІ (1986) съезінде М.С.Горбачев “Ұлттық томаға-тұйықтыққа, жершілдікке ұмтылушылық” бой көрсетіп қалатынын, “әдебиет пен өнердің кейбір шығармаларында, ғылыми еңбектерде біздің идеологиямызға, социалистік өмір салтына, ғылыми дүниетанымға қайшы келетін, реакциялық-ұлтшылдық және діни сарқыншақтарды сүйсіну сарында көрсетуге тырысушылық”4 барын атап көрсетті. Ол да “ғасырлардың терең қойнауына саяхат тартып, хандар мен байлардың өзара қатынастарына” көбірек әуестенушілер барлығын айтты.
Қазақ халқының ұлттық ой-санасының жүдеп бара жатқанын көрген зиялы азаматтар 60-70 жылдардан бастап, халық тарихының оқиғалары негізінде ұлттық сананы оятып тәрбиелеуге көркем әдебиетті пайдалану мақсатын қойған еді. Ол үшін М.Әуезов негізін салған тарихи роман дәстүрін жалғастыру қажет болды. Қазақ тарихының әр қилы беттері жаңаша бажайланып, көркем бейнелеуге ие болды. І.Есенберлиннің, Ә.Әлімжановтың, С.Сматаевтың, Ә.Кекілбаевтың, М.Мағауинның романдары жарық көрді. Мұндай ұлттық оянуды көптеген туысқан халықтар да басынан кешірді. М.С.Горбачевтың “Ұлтшылдық – реакциялық” деп шошынуы осының әсері болатын.
Қазақ тарихына жұрт назарын аударуда әдебиеттің жетекші рөл атқаруы, қоғамдық ой-пікірдің басқа салаларына ықпал етуі жоғарыдағы авторлар шығармаларымен тікелей байланысты. Елуінші жылдардың бас кезіндегі қазақ тарихына байланысты талқылаулар, көрнекті тарихшылар мен әдебиетші ғалымдардың қудалануы әдебиет алдында тарихи тақырыпты біржола жауып тастағандай болып еді. Орыс халқымен достықты жазған жекелеген шығармалар болмаса, қазақ тарихының көптеген күрделі мәселелері жабық жатты. Әсіресе, Кенесары қоғалысының кертартпа реакциялық тұрғыдан бағалануы халық тарихындағы азаттық идеясын көтеруге тиым болды. Осындай ұзақ үнсіздікті алдымен, алпысыншы жылдардың аяғында І.Есенберлин бұзды. Оның ең бір даулы, қиын тарих беттеріне арналған “Қаһар” (1969) романы әуелде көп адамды шошытты, әрі таңқалдырды. Әуелгі әсер біртіндеп басылды, роман оқылды, орнықты. Көп дауға түскен жоқ. Бұған бірінші себеп – қоғамдағы идеологиялық бақылаудың әлсірей бастағаны болса, екіншіден жазушының Кенесары қозғалысын бағалаудағы екіжақты көзқарасы болды. Патша отаршылдығының күшейіп, халықтың тұрмыс-тіршілігінің ауырлауы жағдайында көтерілген Кенесары қозғалысының алғашқыда халықтық сыйпат алғанын, тілектес жұрттың оның соңынан ергенін көрсете отырып, Ілияс Кенесарының хан көтерілгенінен кейін көтерілістің халықтық сыпаты әлсіреп, жеке бастың хандық мүддесі үстем бола бастағанын суреттеді. Кенесары соңынан ергендердің одан қол үзіп айырыла бастауы да осыған байланысты. Мұндай концепция билеуші идеология саясатына онша қиғаш та келмейтін еді. Олар көтерілістің осылай бағалануына келіскендік білдірді. Негізінен, Кенесары қозғалысының екіжақты сыйпаты жайлы осындай пікір ұстана отырып, Ілияс патшаның отаршылдық саясатының қазақ халқының өмірін ауырлатып жібергені, Кенесары көтерілісінің туу заңдылықтары, Кененің жеке басының әскери басқарушылық таланты жайлы жазды. Онда халық адамдарының арман-мұраты мен өкініші, күйініш-сүйініші, олармен тілектес ел басшыларының (Кене және оның айналасы) бейнесі жаңа ұғым-түсінікте жасалды. Бұрын хан, би, жырау сияқты ел билігіне араласқан адамдар тек үстем тап адамы есебінде теріс бағаланып келсе, Ілияс бірінші рет қазақ әдебиетінде олардың ісі, арман-тілегі, ой-пікірі халық тағдырымен байланысты болғанын ашты.
Сөйтіп “Қаһар” тарихты қайта қозғаудың басы болған, халықтың отаршылдыққа қарсы азаттық күрестері жайлы елдің есіне салып, оның санасын оятуға көмектескен шығарма боп тарихқа кірді. Қазақ тарихының ХV ғасырдан басталған ұзақ тарихы жайлы жаңа романдар (“Алмас қылыш”, “Жанталас”) жазған Ілияс кейін оны осы серияның үшінші кітабы етіп қосты. Бәрі бірігіп “Көшпенділер” деген трилогияны құрады.
Қазақ-Ресей қарым-қатынастарының басталуы мен оның күрделі жағдайда өрістеуін суреттеген М.Мағауиннің “Аласапыран” (1981-1983), оның кейінгі тарихын жазған Ә.Кекілбаевтың “Үркер” (1981), “Елең-алаң” (1984), қазақ пен қалмақ жаулаушылығының оқиғаларына арналған С.Сматаевтың “Елім-ай” (1979), Ә.Әлімжановтың “Жаушы” (1974) романдары ел тарихының әр алуан сырын көркем бейнелей алуымен, оқырман бойында отаншылдық, елшілдік сезімдерді оята білуімен бағалы.
Қазақтың бұл тұстағы тарихи романында тарихтың әр кезеңінде өмір сүрген ұлы тұлғалардың өмірі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесін негізге ала суреттеу дәстүрі қалыптасты. Сәбит Мұқановтың Шоқан Уәлихановқа арналған “Аққан жұлдыз” (1967-1969), Ж.Молдағалиевтың Ыбырай Алтынсарин туралы “Алғашқы қоңырау” (1978), Д.Әбілевтің “Сұлтанмахмұт” (1965-1971), С.Жүнісовтің “Ақан сері” (1971, 1978), З.Ақышевтің “Жаяу Мұса” (1981) романдары әдебиет тарихында елеулі мән-мағынаға ие болған туындылар. Бұлардың бәрі де ғұмырнамалық мәліметтер негізінде жазылған. Қоғам өмірінде анық ізі қалған оқиғаларды іріктей отырып, авторлар нақты заман кейіпкерінің қыры мен сырын ашуға ұмтылды. Алайда көркемдік ізденістері жағынан олар біркелкі емес еді. Олардың ішінде ұзын сонар баяндауларға, тарихи оқиғаларды тізбелеуге құрылған, характерлік мінездеуден гөрі әңгімелеп түсіндіруге тырысқан туындылар да кездеседі. Дегенмен, тарих сырын тануға, қазақ халқының ұлы тұлғалары жайлы мәлімет алуға пайдалы еңбектер болғаны даусыз.
Бұл дәуірдің бірталай тәуір шығармалары қазақ халқы бастан кешкен тарихи кезеңдердің шындығын ондағы тарихи қайраткерлердің тұлғасын танытуға арналды. Халықтың азаттық жолындағы күресі, жаңа өмір үшін талас бұл шығармалардың негізгі өзегі болып табылады. Бұл салада Ғ.Мұстафиннің “Дауылдан кейін” (1957), “Көз көрген” (1963), С.Мұқановтың “Есею жылдары” (1963), Х.Есенжановтың “Ақ жайық” (1957-1965), Ә.Нұрпейісовтің “Қан мен тер” (1961-1970), Ғ.Слановтың “Асау арна” (1962) Ш.Мұртазаның “Қызыл жебе” (1978-1984), Қ.Сәрсекеевтің “Қызыл жалау” (1979-1983) сияқты романдарының атап айтарлық маңызы бар. Тарихи оқиғаларды терең талдап, олардың қоғамдық өмірдің өзгерістерін түсінудегі маңызын ашуға ұмтылыс бұл шығармаларды көп жағынан туыстырады.
Тарихи романдар бұл дәуірде үлкен прозаның белгілі бір саласын толықтырып, халық тарихының өзекті мәселелерін көтеру арқылы оқырман үшін аса мағыналы танымдық қызмет атқарды. Қазақ халқының көне дәуірлерден (Д.Досжанов: “Жібек жолы”, “Фараби”) басталған тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрі барын, ел қамын жеген басшылары мен өнерінің, ғылымының үлкен тұлғалары болғанын әйгіледі. Олардың халықтық ойларымен таныстырды. Осы мәселелерді биік идеялық-көркемдік дәрежеде бейнелеу қазақ қаламгерлерінің де шығармашылық өнерде өскендігін танытты. Бұл шығармалардың таңдаулы үлгілері әлем әдебиетінің қорына қосылды.
Тарихи романдардың табыстары мен идеялық-көркемдік концепциясы бүгінгі заман тақырыбына шығарма жазушылар үшін де мектеп болды десек, артық емес. Жаңа заманды жырлаушылар да белгілі тарихи кезеңнің шындығын суреттей отырып, оның заман мен адам үшін қалдырған ғибратын, өнегесін көруге тырысты. Қазақ халқының тағдыры туралы ойларға ой қосты.
Осы дәуірде туған прозалық шығармаларда бүгінгі заман тақырыбын жырлаудың өзі жаңа позицияда қойылды. Өмірді күнгей жағынан ғана алып, боямалап көрсету фактылары сынға ұшырағаннан кейін қазақ жазушылары бүгінгі заман шындығындағы қайшылықты құбылыстарды көріп зерттеуге, көркем бейнелеуге ұмтылыс жасады.
Бұл саладағы жаңаша ізденістің бір үлгісін алғашқы кезеңнің өзінде-ақ Мұхтар Әуезов көрсеткен еді. Ол “Өскен өркен” (1962) романы арқылы бүгінгі күн тақырыбын игеруге жаңа бағыт сілтеді. Әдебиетте өз замандастарының бейнесін эпикалық түрде бейнелеуді ойлаған жазушы өмірінің соңғы кезінде республиканы көп аралап, еңбек адамдарымен танысып, өмір сырына ой жібере қарады. “Өскен өркенде” ол Қазақстандағы бүгінгі мал шаруашылығының жайы және онда еңбек етіп жүрген адамдар тағдырын суреттей отырып, сонымен байланысты моральдық-этикалық, ұлттық дәстүрлер мен олардың жаңаруы, салт-санадағы ескі ұғымдар мен өзгерістер, жаңа адамды тәрбиелеу мәселелері тәрізді көптеген проблемаларды қозғады. Бүгінгі тіршіліктің күнгей жағын ғана қудаламай, дамуға бөгет болып отырған қиындықтар мен қайшылықтарды шыншылдықпен ашты. Романның бүкіл сюжеттік-композициялық, идеялық-көркемдік негізінен туатын қорытынды – мал шаруашылығын өркендетудің сенімді шараларын ойласудың қажеттігі (өмір бойы мал басының өсуіне бөгет болған жұт әлі бар, малшылардың көшпелі күйінде өзгеріс аз) мен санадағы ескілікпен аяусыз күресу (Айсұлу-Сағит оқиғалары) керектігі. Мұны жазушы кейіпкерлердің белсенді әрекеті мен іскерлігін күтіп отырған проблема етіп көтерді.
М.Әуезов “Өскен өркен” арқылы қазақ әдебиетіндегі ұнамды кейіпкерлер туралы ұғымды кеңейте түсті. “Біздің замандасымыз – барша қауымның бақытын тілейтін, жалпақ дүниенің жан лебін жүрегімен ұғатын адам. Оны тебірентпейтін нәрсе жоқ – ел өмірі, достар мен қастар жайлы ойын бөледі, саясат та, ғылым да, өнер де, еңбектегі жеңіс пен жетімсіздік те, отаршылдыққа қарсы күрес те бәрі-бәрі де оны толғандырады. Жеңісіміздің әр сәті – кеңес еңбеккерінің жан-жүрегінің жарқ еткен сәулесі, жалт еткен ұшқыны іспетті. Ол – “өзі осындай адам” – деп жазды “Қазіргі роман және оның қаһарманы” атты мақаласында.5
Көркем прозадағы заман жаңалықтарын кең ашып, адамдардың өсу жолының күрделілігін көрсету, сол арқылы дәуір ерекшеліктерін диалектикалық тұрғыда танытудағы осы бастама Т.Ахтановтың “Боран” (1963) романында қолдау тапты. Жазушы онда күресте шыныққан, бойында рухани қуаты мол, моральдық сапасы биік еңбек адамының жаңа бейнесін жасады. Шығарманың сюжеттік желісінде ұзақ сонар баяндау жоқ. Онда шопан Қоспанның малымен ақ түтек боран астында қалып, бір отар қойды қалай аман алып қалу жолындағы арпалысы суреттеледі. Сол арқылы Тахауи Қоспан тағдырына, оның ішкі сырына, ол бастан кешкен дәуірдің өзгешеліктеріне үңіледі. Боранмен алыса жүріп, өз басынан кешкен өмір белестерін еске алады, терең ойға батады. Шығарма композициясын ұстап, тұтастырып тұрған да осы ойлар, қаһарманның ішкі монологы. Қоспан тағдырына үңіле қарасақ, оны тағдыр маңдайынан сипап өсірмегенін көреміз. Ол ылғи өмірдің кедергілеріне кездесіп, соларды жеңе жүріп өсіпті, өмірдің зіл салмағын көтеріпті. Көрген рахатынан бейнеті көп осы азаматты қажытпай алып келе жатқан – Қоспанның өмір сүйгіштігі, жандүниесінің тазалығы, рухани байлығы. Жазушы шығарма идеясын осыны көрсетуге құрады. Осы бір тұстағы әдебиетке қойылған талап – өмір шындығын жеңілдетіп көрсетпей, кейіпкер бейнесін терең тартыста, күресте таныту Тахауиға жаңа ой салғаны көрінеді. Осы үлгідегі ізденістер Т.Әлімқұловтың “Ақбоз ат”, С.Жүнісовтің “Жапандағы жалғыз үй”, З.Шашкиннің “Теміртау” сияқты романдарында танылды.
Кейінгі қазақ романы ішінде де біздің замандастарымыздың бейнесін олардың жұмыс орындарындағы мамандығымен, ондағы өзіндік қарым-қатынастары арқылы көрсетуді де мақсат тұтқан тәуір шығармалар аз емес. Өндірістегі еңбек адамдарының да өмірі мен проблемаларын суреттеген З.Қабдоловтың, Ш.Мұртазаның, М.Сәрсекеевтің, А.Жақсыбаевтың, Р.Сейсенбаевтың романдары мен ауыл өміріне арналған К.Ахметбековтің, М.Сүндетовтің, Д.Досжановтың романдары туды. Бұларда өндіріс пен ауыл проблемаларын фон етіп алып, рухани әлемі бай, қоғамдық іске жауапкершілігі мол, адамдық, азаматтық қылықтары көңіл толтыратын кейіпкерлердің жаңа бейнелерін ашуға ұмтылыс жасалды.
Бірқатар қазақ романына кешегі өткен соғыс пен соғыс кезіндегі ел өмірінің шындығы негіз болды. Адам тағдырына әлеуметтік және адамгершілік тұрғыдан қарау және оның философиялық сырын ұғыну соғыстың шындығы арқылы танылатын, адамның өмір мен өлім шекарасында өзімен өзі кездесуін ашатын шығармалар тудыруда Т.Ахтановтың еңбегі үлкен. “Қаһарлы күндер” (1956) “Шырағың сөнбесін” (1981) романдары соғыс шындығы арқылы көрінетін адамдық қасиеттерді бекіте түседі.
Б.Соқпақбаевтың “Өлгендер қайтып келмейді” (1967) романының тақырыбы – соғыстың өзі емес, оның алыс қазақ аулындағы жаңғырығы. Соғыстың оған қатысушылар үшін ғана емес, тылдағы ел үшін де үлкен апат, дүрбелең болғанын, сол тұстағы жоқшылық, қысаңшылдық өмірді жазушы кең суреттейді. Сол арқылы соғыс кезінде майданмен тең сынға түскен ел бейнесі, ел намысын қорғаған жандардың адамдық кейпі жайлы мәселе қозғайды.
Бұл жылдары жастар ішінде романшы жазушылар өсіп жетілді. Олардың шығармалары тақырыбы жағынан шектеуге келмейтін дәрежеде өсті. Ә.Таразидің, Қ.Ысқақовтың, Р.Тоқтаровтың, Ж.Нәжімеденовтің, Т.Әбдіковтің, С.Досановтың романдары негізінен адам тағдырын нысана етіп, қоғамдық ортаның әрқилы сырын танытуға ұмтылысымен ерекшеленеді. Оларда адамды тану оның әрқилы тіршілік қалпындағы ой-сезімін, жан толғанысын суреттеу арқылы беріледі. Өмірдегі қайшылықты құбылыстарға негіздеп, бұрынғы социалистік принциптерге, оны бекітуге ұмтылған әдебиет үлгісіне, ұнамды кейіпкер тағдырына жаңа көзқарас танытқан шығармалар да көрінді. Бұл шығармалар әдебиетте қазіргі заман шындығын суреттеу жалаң тақырып қуалау емес, адамдардың биік сапасын ашу, адамгершілікті сақтау, бастан кешкен қиындықтарға қарамай, қайткенде адам боп қалу проблемаларымен байланысты қойылғанын байқатады. Тақырып кейіпкерлердің еңбек еткен ортасын, олардың қоғамдық міндетке деген көзқарасын, қатысын таныту үшін алынады. Ал, адам – қайда болса да адам, әдебиет осы адамның бүгінгі бейнесін танытуға ұмтылды.
Мұндай жаңа бағыттағы ізденістерді қазақ әдебиетінің басқа жанрларынан да байқау қиын емес еді. Ғ.Мүсіреповтің “Кездеспей кеткен бір бейне” (1967), “Ұлпан” (1974) повестерінде эпикалық проза дәстүрі шебер жасалған адам тұлғалары, дәуір суреті, көркем бейнелі тіл өрнегі арқылы жаңарта дамытылса, С.Шәймерденов повестері (“Жыл құсы” – 1969, “Мәжнүн тал” – 1978) қазақ даласындағы жаңа өмір орнатудың қайшылықты жақтарын аша суреттеген шыншылдығымен, лиризмімен көңіл аударады. Бұл жанрды дамытуға алпысыншы жылдардың бер жағында әдебиетке келген жастар айрықша еңбек сіңірді. С.Мұратбековтің, О.Бөкеевтің, Д.Исабековтің, Ә.Кекілбаевтің, Т.Нұрмағамбетовтің, Б.Мұқаевтің, А.Мекебаевтың шығармаларында өмірді социалистік мұрат тұрғысынан кең понарамалық суретке түсіруден бас тартып, оның қарапайым шындығын деталь арқылы, жеке адамның жандүниесін тану арқылы суреттеуге ұмтылыс жасалды.
Елімізде жеке адамға табынушылықты сынаумен байланысты идеологиялық шектеушілік пен ой-пікірге салынған тұсаудан босау қазақ поэзиясының қанатын кең жазуына, өмір шындығын бейнелеуде ақындық ойды шалқыта еркін жырлауына жол ашты. Бұрын саясатқа құрылған науқандық өлеңдердің үгіттік сыпатына көбірек көңіл бөлінсе, енді жалпы адамның рухани тіршілігіне, оның қуанышы мен қайғысын, сүйіспеншілік сезімдері мен табиғатпен сырластығын жырлауға мүмкіндік туды. Осындай тұста әдебиетке келген жас ұрпақ тежеу көрмеген қалпы еркін араласып поэзияны, әсіресе, лириканы жаңа сапаға көтерді. Олардың басында елуінші-алпысыншы жылдары әдебиетке келген Ғ.Қайырбеков, І.Мәмбетов, Т.Молдағалиев, Қ.Мырзалиев, С.Жиенбаев, М.Мақатаев, Е.Ибраһим, Ш.Мұхамеджанов, Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов, С.Асанов, Ә.Абайділданов, т.б. бар еді. Бұлардың шығармашылығы шындықтың бетіне жалтақсыз қарап, ойын бүкпесіз ашық айтуымен, поэзиядағы әр алуан жазу өрнегін байытуымен, біріне-бірі ұқсамайтын стильдік өзгешеліктерімен ерекше көзге түсті. Олардың ақындық “мені” адамзат рухымен, оның байлығымен тұтасып, заманның кеңес қоғамына тән сырын оңашаламай, әлемдік ой-пікірдің дәрежесіне көтеруге көмектесті. Ақындық пафостың жоғарылығы, өмірге бейнелі көзбен қарап, оны өлеңге айналдыру мәдениетін көтеруде де бұлар қазақ поэзиясына өз жаңалықтарымен келді. 70-80 жылдары бұл қатарды Ф.Оңғарсынова, М.Айтхожина, Қ.Жұмағалиев, Е.Зікібаев, М.Шаханов, С.Иманасов, К.Салықов, Ш.Сариев, Т.Есімжанов, К.Ахметова, И.Оразбаев, Т.Рақымов, Ж.Жақыпбаев, С.Тұрғынбеков, И.Сапарбаев, Ұ.Есдәулетов, Е.Раушанов, т.б. толықтырды. Өлең мәдениетін көтеруде, таптаурын конондарды сындырып жаңартуда жастар көп еңбектеніп келеді. Дәуірдің осы жаңалықтарын ұғынып, қоғам алдындағы азаматтық міндетін шабытпен атқаруға аға ақындар да (Ә.Тәжібаев, С.Мәуленов) қалыспай еңбек етті. Олар жаңаны өмір тәжірибесі тұрғысынан қарап, түсінуге тырысты. Эпикалық поэзиядағы Т.Жароковтың (“Тасқынға тосқын”), Қ.Бекхожиннің (“Тұрлаулы тағдыр”), Х.Ерғалиевтің (“Құрманғазы”), Ж.Молдағалиевтің (“Мен қазақпын”), Ә.Тәжібаевтың (“Мен кешеден келдім бүгінге”), А.Шамкеновтің (“Жайлау – дастан”) тағы басқалардың еңбектері де заман шындығын жаңаша танудан туған. Бұл саладағы ізденістерді кейін жас таланттар кеңейтіп алып кетті.
“Тартыссыздық теориясының” күйреуі, жеке адамға табыну кезінің таршылығынан босау драматургияның дамуына қолайлы жағдайлар туғызды. Драматургияда бүгінгі заман тақырыбын көтеруде, ондағы қоғамдық қайшылықтар мен адам тағдыры тартысын ашуда батыл қадамдар жасалды. Бұл белгі, әсіресе, Ә.Тәжібаевтың (“Жалғыз ағаш орман емес”, “Көңілдестер”, “Дубай Шубаевич”), Ш.Хұсайыновтың (“Кеше мен бүгін”, “Рабиға”), Қ.Мұхамеджановтың (“Бөлтірік бөрік астында”, “Көктөбедегі кездесу”), Т.Ахтановтың (“Сәуле”, “Ант”), С.Жүнісовтің (“Өліара”, “Жаралы гүлдер”), Ш.Мұртазаның (“Бесеудің хаты”), Ә.Таразидің (“Індет”), Қ.Ысқақовтың, Б.Мұқаевтың, Т.Әбдіковтің пьесаларында байқалды. Драматургияда сыншылдық, сатиралық сарындар, комедиялар туа бастады.
Драма - қиын жанр екені белгілі. Онда жазушылық суреттеу мен мінездеудің жоқтығы, тұлға жасауды әр адамның өзіне лайық бейнелі тіл арқылы жүзеге асырудың қажеттігі оны қиындатпай қоймайды. Оның үстіне өмір шындығын шынайы тартысқа құру арқылы характерлерді психологиялық жағынан шыңдау қажет. Осы талаптардың бәрінің бір-біріне сай келуі оңай емес. Әсіресе, ондай жетіспеушілік жастар еңбектерінен байқалады. Сюжет, оқиға ұқсастығы, кейіпкерлер әрекеттерінің қайталануы, тіл жұтаңдығы жиі ұшырайды. Комедия жасауда “Ревизор” үлгісінен шыға алмау байқалады. Сонымен қатар бұрын драматургияда қалыптасқан классикалық драмадан бой тарту, жанрдың жеңілдеу үлгілеріне еліктеу де көзге түспей қалмайды. Соңғы жылдары сахналарда режиссердың күшімен қойылған құранды туындылар көбірек көрсетіледі. Терең драмалық тартысқа құрылмаған, режиссер қиялынан туған жасанды көріністер киноның үзіктері сияқты тез көрініп жоқ болады. Бұлардың бәрі біздің драматургтерімізді ойландыруы керек. Театр мен драматургия күшті характерлерге зәру.
Әдеби процестің ұлғаюы, жаңа туындылардың көбеюі оны зерттеп, ғылыми бағалап отыратын әдебиет сыны мен әдебиет туралы ғылымның баюына да мол материал беріп, оның дамуын тездетті. Сын кітабы көп басылатын болды. Мұндай өнімділік бұрынғы әдебиет дамуы кезеңдерінің ешбірінде болған емес. Жеке зерттеулер мен әдебиетші ғалымдардың сыншылдық ойларын қорыту түрінде 6 томдық “Қазақ әдебиетінің тарихы” (1960-1967) жасалды. Онда қазақ ауыз әдебиеті мен әдебиет тарихы, кеңестік дәуірдегі әдебиеттің даму жолы белгілі жүйеге түсіп, жинақталды. Орта және жоғары мектептерге арналған әдебиет оқулықтары ауыз әдебиеті мен ақындар шығармаларының текстері көптеп басыла бастады.
Қазақ әдебиеті сыны мен әдебиеттану ғылымының осы дәуірде қарқынды дамуы, ең алдымен қоғамдық ой-пікірде еркіндік тууымен байланысты болғаны даусыз. С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров мұраларының халық игілігіне қайтуы, 1957 жылы Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің “Қазақ халқының әдеби-поэзиялық және музыка мұрасын зерттеудің, сын тұрғысынан қарап пайдаланудың жайы және оны жақсарту шаралар туралы” қаулысы, 1959 жылы қазақ халқының әдеби мұрасына арналған ғылыми-теориялық конференция шешімдері әдеби мұраны пайдалану мәселесін түбегейлі шешпегенмен, бұл саладағы іске бөгет болып келген көптеген жағдайлардың бетін ашып, ауыз әдебиеті мен әдебиет тарихына арналған жаңа зерттеулер жазуға мүмкіндік туғызды.
Бүгінгі әдеби процесс пен тарихи әдебиетке қатысты әр кезде пікір айтып, ақыл-кеңестерімен көмектескен, тіпті зерттеулер жасауға қатысқан аға жазушылардың еңбектері бұл саладағы іске мұрындық болды десек артық емес. М.Әуезовтің “Әр жылдар ойлары” (1959), “Уақыт және әдебиет” (1962) атты мақалалары мен зерттеулері, С.Мұқановтың “Өсу жолдарымыз” (1960) атты мақалаларының жинағы мен “Жарқын жұлдыздар” (1964) деген Шоқан мен Абайға арналған зерттеуі жарық көрді. Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетінің тірі куәсі және әдебиет тарихының білгірлері боп танылған бұл екі жазушының ой-пікірлері кейінгі зерттеушілерге көп ой салды.
Қазақ халқының ауыз әдебиетіне арналған жаңа зерттеулер оны тұтас жинақтап көрсетуге де, ауыз әдебиетінің жанрларын талдауға да, жеке ақындардың шығармашылығын бағалауға да мүмкіндік ашты. М.Әуезовтің, Х.Досмұхамедовтің, С.Сейфуллиннің 20-30 жылдары жазылған кітаптарының концепциясы мен мазмұнын толықтыра, қайта қарай отырып, бұл еңбектер фольклор жөніндегі ғылымның бүгінгі деңгейіне лайық жасалды. Бұлардың ішінде 6 томдық “Қазақ әдебиеті тарихының” бірінші томы (бірінші, екінші кітаптар), М.Ғабдуллиннің “Қазақ халқының ауыз әдебиеті” (1959), Е.Ысмаиловтың “Ақындар” (1956) атты монографиялары көрнекті орын алады. Қазақ әдебиетінің тарихына арналған Қ.Жұмалиевтің (“Қазақ эпосы мен әдебиеті тарихының мәселелері” – 1958, “Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі” – 1960), Б.Кенжебаевтың (“Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары” – 1958) еңбектері, Абай шығармашылығына арналған (М.Әуезов, М.С.Сильченко. З.Ахметов, Қ.Мұхамедханов, Х.Сүйіншәлиев, А.Нұрқатов, Қ.Бейсенбиев, Ә.Тәжібаев, Ә.Жиреншин), Ыбырай Алтынсарин (Б.Сүлейменов, Ә.Дербісалин), ХХ ғасыр басындағы әдебиет жайлы тың зерттеулер (Б.Кенжебаев, С.Қирабаев, Ә.Дербісалин, Т.Әбдірахманова) жарық көрді.
Бұл жылдардағы зерттеу еңбектердің, негізгі саласы кеңестік дәуірдегі әдебиетке арналды. Партия әдебиет зерттеушілердің назарын осы дәуір әдебиетіне бұрып, солардың негізінде кеңестік заманның “артықшылығын”, осы мезгілдегі әдебиет дамуының жетістіктерін баса айтуға бағыттады. Шындығында да, жалпы әдеби істің ілгерілеуінде, әдебиет жанрларының тууы мен баюында, әдебиеттің қоғам ісіне батыл араласуында, ақын-жазушылар қатарының өсуі мен әдебиеттің тақырыптық арнасының кеңеюінде бұл дәуір әдебиеті аса үлкен орын алатын еді. Сондықтан күнделікті әдеби сыннан басқа бұл дәуір әдебиетіне келелі зерттеулер жасалды.
Кеңестік дәуірдегі әдебиет дамуын ғылыми қорытындылауға арналған тұңғыш еңбек – “Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі” 1949 жылы жарық көрген еді. Кезінде ол сол дәуірдің идеологиялық талабына жауап бермейді деген сылтаумен сынға ұшырады. Оны жаңарту талабы осы кезеңде жасалды. Осы аттас кітаптың жаңадан жасалған нұсқасы (1958) басылды. Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиеті туралы толық зерттеу “Қазақ әдебиеті тарихының” үшінші томы (бірінші, екінші кітаптар) күйінде жарық көрді (1967). Осы ұжымдық зерттеулерге қосымша әдебиет дамуының кезеңдері мен әдебиет процесінің ерекшеліктері жайлы шолу сипатты жеке авторлардың кітаптары (Б.Кенжебаевтың “20-жылдардағы қазақ совет әдебиеті” – 1962), С.Сейітовтің “40 жылда” – 1960) жарияланды.
Әдеби процесс жанрлық, тақырыптық даму тұрғысынан да, жеке ақын-жазушылардың шығармашылық жолын жинақтау, әдебиет тәжірибесін теориялық қорыту жағынан да зерттеле бастады. Ә.Тәжібаевтың “Өмір және поэзия” (1962), С.Ордалиевтің “Қазақ драматургиясының очеркі” (1964), Б.Шалабаевтың “Қазақ романының тарихы” (1966), Ш.Ахметовтың “Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі” (1960), Ә.Сатыбалдиевтің “Рухани қазына” (1964) атты жанрлық зерттеулеріне қоса М.Базарбаевтың “Қазақ поэзиясындағы еңбек адамының образы” (1961), М.Хасеновтің “Ұнамды образ және типтендіру” (1966), Т.Кәкішевтің “Октябрь өркені” (1962), М.Дүйсеновтің “Әдебиеттегі мазмұн мен форманың бірлігі” (1962) тәрізді проблемалық зерттеулері туды. З.Ахметовтің “Қазақтың өлең құрылысы” (1964) атты көлемді монографиясы мен Қ.Жұмалиевтің “Стиль – өнер ерекшелігі” (1966) атты кітабы жарық көрді. Әдебиет дамуына аса зор еңбек сіңірген классик жазушылардың өмірі мен шығармашылық жолын толық күйінде қарастырып, олардың әдебиетке қосқан үлесін айқындауда С.Қирабаевтың “Сәкен Сейфуллин” (1962), “Ғабиден Мұстафин” (1956), Е,Ысмайыловтың “Ақын және революция” (1964), Т.Нұртазиннің “Жазушы және өмір” (1960), “Бейімбет Майлиннің творчествосы” (1966), М.Дүйсеновтің “Ілияс Жансүгіров” (1965), “Ақын мұраты” (1967), А.Нұрқатовтың “Мұхтар Әуезовтің творчествосы” (1965), Т.Ахтановтың “Ғабит Мүсірепов” (1956) сияқты монографиялары маңызды рөл атқарды. М.Әуезов пен С.Мұқанов шығармашылығына арналған арнаулы жинақтар шықты.
Сонымен бірге бұл дәуірде сын мақалалар жинақтарын жариялау дәстүрлі қалыптаса бастады. М.Қаратаевтың, Е.Ысмайыловтың, Б.Кенжебаевтың, Т.Нұртазиннің, Т.Әлімқұловтың, С.Қирабаевтың, Р.Бердібаевтың, А.Нұрқатовтың, Қ.Нұрмахановтың, М.Базарбаевтың, Б.Сахариевтің кітап болып басылған еңбектері сынның әдеби процестегі рөлін көтере түсті. Сыншылдық ой-пікір жаңа сапалық қасиеттермен толықты. Қазақ сыншылары бірігіп, әдебиеттің даму бағытын айқындап, оның өзекті мәселелерін шешуге қатысты.
Жетпісінші жылдардың бер жағында қазақтың әдеби-көркем сыны мен әдебиеттану ғылымы бұдан да кеңірек дамуға мүмкіндік алды. Оған бастаушы партияның өзі бас-көз болып, көркем әдебиеттің дамуы жолындағы сынның атқарар рөліне мән бере қарауы да белгілі дәрежеде көмектесті. 1972 жылы КПСС Орталық Комитетінің “Әдеби-көркем сын туралы” қаулысы шықты. Партия сынды өркендету, оның қырағылығын арттыру арқылы әдебиетті бақылауда ұстап отыруға тырысқанмен, жалпы алғанда, бұл қаулы сынның өркендеуіне қажет бірсыпыра ұйымдастыру жұмыстарына негіз салды. Әдеби сынның дамуы мен бүгінгі мәселелеріне арналған Жазушылар одағының арнаулы пленумы өткізілді. Одақ жанындағы сын кеңесі жұмысын жандандырып, әдебиеттің өзекті мәселелерін жиі талқылау дағдысына көшті. Сын кітаптары көптеп басыла бастады. Күнделікті баспасөзде сын еңбектерге көңіл аударылды. Жыл сайын шығып тұратын “Уақыт және қаламгер” атты сын еңбектер жинағы қалыптасты. Ең бастысы – сын еңбектердің көркемдік-теориялық дәрежесін көтеруге, олардың әдебиет тәжірибесін жинақтап, халық арасында кең насихаттап отыруына жол ашылды. Осы тұрғыда жарық көрген М.Қаратаевтың, С.Қирабаевтың, Р.Бердібаевтың, З.Қабдоловтың, Ш.Елеукеновтің, Н.Ғабдуллиннің, Қ.Нұрмахановтың, І.Омаровтың, С.Сейітовтың, Ә.Жәмішевтің сын кітаптары өз дәуіріндегі әдеби процесте елеулі оқиға болды. Оларда қазақ әдебиеті дамуының негізгі мәселелері сөз болды. Жеке жазушылардың творчестволық еңбегі, басты шығармалары, әдеби процестің даму бағыты, жанрлардың дамуы, туысқан халықтар әдебиетінің байланысы, т.б. жайлар әдеби сын тұрғысынан бағаланды. Аға сыншылар дәстүрін жалғастырып, бір топ талантты жас сыншылар тобы әдебиетке келді. Олардың ішінен С.Әшімбаевты, З.Серікқалиевті, Т.Тоқбергеновті, Р.Нұрғалиевті, Б.Ыбрайымовты, Т.Жұртбаевты, Т.Шапаевты атауға болады. Олар сын жанрындағы белсенді қызметімен және әдеби дайындығының молдығымен көзге түсті. Осы дәуір ішінде олардың әрқайсысы бірнеше сын кітабын жариялады.
Әдеттегідей, бұл жылдарда да біздің әдебиеттік ой-пікіріміздің дамуына қазақ жазушылары белсене қатысты. Олардың пікірлерінің бағалы жағы – әдебиет туралы ойларды өз тәжірибесіне сүйене, жазушы лабораториясымен таныстыра айтуында. Сондықтан жазушылардың әдебиеттік ойлары, көбінесе, шеберлік мәселесін, өмірмен байланысты арттыру жайларын қозғайды. Бұл жылдары әдеби-сын мақалаларын бастырған Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С.Шаймерденов, М.Әлімбаев, Ғ.Қайырбеков, Қ.Мырзалиев, Ә.Кекілбаевтың кітаптары мен газет-журнал беттерінде жарияланған Ә.Тәжібаевтың, Х.Ерғалиевтің, Қ.Бекхожиннің, тағы басқалардың мақалалары әдебиеттік ой-пікірге қосылған үлес болып саналады. Әсіресе, әдеби тіл, көркем шығарманың тілі мәселесін бірнеше дүркін арнайы сөз еткен Ғ.Мүсіреповтің мақалалары айрықша бағалы.
Әдеби сыншылдық ой-пікірдің баюы оның әдебиеттік зерттеулермен байланысын көтеріп, қазіргі әдеби процестің ерекшеліктері мен жалпы кеңестік дәуір әдебиеті тарихының мәселелерін әдеби-теориялық жағынан жинақтауға көп себін тигізді. Осы негізде кеңестік қазақ әдебиетінің дамуы кезеңдерін айқындау, ондағы жанрлардың есеюі мен табыстарын қорытындылау, жеке жазушылардың творчестволық жолы мен әдебиеттегі орнын белгілеу мәселелері қолға алынды. Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит, Мұқтар, тағы басқа кеңестік классиктердің творчествосы туралы зерттеулер жалғасты. С.Сейфуллин (С.Қирабаев, Т.Кәкішев), Б.Майлин (Б.Наурызбаев), С.Мұқанов (Қ.Ергөбеков), М.Әуезов (Ә.Байтанаев, Е.Лизунова, Ы.Дүйсенбаев, З.Ахметов, Р.Нұрғалиев, Т.Жұртбаев), Ғ.Мүсірепов (Х.Әдібаев, Н.Ғабдуллин), Қ.Аманжолов (Т.Абдрахманова), Қ.Бекхожин (Ә.Нарымбетов), С.Мәуленов (Ә.Шәріпов), Қ.Жұмалиев (М.Атымов), З.Шашкин (С.Байжанов), Ғ.Сланов (С.Оразалинов) шығармашылығы туралы монографиялар жарық көрді. Әдебиеттің жанрлық ізденістері мен табыстарын ғылыми қорытындылауға арналған еңбектер өсті. Олардың ішінде романға арналған Р.Бердібаевтың, Е.Лизунованың, Ш.Елеукеновтің, М.Атымовтың, Б.Майтановтың зерттеулері едәуір табысты саналады. Қазақ повесінің өсу, өркендеу жолын Ә.Нағыметов, Ә.Әзиев қарастырды. Қазақ поэзиясының мәселелерін, лирика мен поэманың көркемдік ізденістерін М.Базарбаев, Ә.Нарымбетов зерттеді. Драматургия жанрының өсу жолы мен проблемаларын зерттеуге Ә.Тәжібаев, Р.Нұрғалиев, Е.Жақыпов қатысты. Ал, сын жанрының тарихын зерттеуге Т.Кәкішев көп еңбегін арнады. Әдебиеттің проблемалық мәселелері (Ә.Шәріпов, Б.Майтанов, Ф.Оразаев), кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетін дәуірлеу мен оның негізгі кезеңдерін бағалау (С.Қирабаев, Р.Бердібаев, М.Дүйсенов пен Т.Кәкішев) зерттеуге түсті. З.Ахметов пен З.Қабдолов әдеби-теориялық зерттеулер жүргізді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жүргізілген жанр, стиль, дәстүр мен жаңашылдық, көркемдік мәселелеріне арналған зерттеулер қазіргі әдебиеттану ғылымында бүгінгі әдебиет проблемаларының кең қойылып, зерттеліп келе жатқанының дәлелі бола алады.
Қазақ әдебиетінің басқа салаларында да бірқатар табысты зерттеулер жүргізілді. Бұл тұрғыда осы дәуірде мәдени мұраны бағалауға, оның тарихи-танымдық, қоғамдық-ғылыми маңызын түсінуге деген жаңа көзқарастың қалыптасқанын атау орынды. Соның нәтижесінде қазақ ауыз әдебиетінің көп томдық үлгілерін басып шығаруға мүмкіндік туды. Алғашқы томдардың ішінде қазақ халқының батырлық, ғашықтық эпосы, айтыстар, ертегілер, тарихи жырлар, дастандар үлгілері жарияланды. В.Радлов, Г.Потанин, Ә.Диваев жинаған халық әдебиетінің үлгілері кітап болып шықты. Фольклорлық жанрлар жіктеліп, олардың әрқайсысы жөнінде зерттеулер жасалды. Олардың арасында қазақтың ертегіге жатпайтын прозасы (С.Қасқабасов), қазақтың шешендік өнері (Б.Адамбаев), қазақ эпосы (Р.Бердібаев, Ш.Ыбраев), қара өлең (А.Сейдімбеков), халық өлеңдері (Б.Уақатов), тұрмыстық ертегілер (Е.Тұрсынов), лиро-эпос (Ы.Дүйсенбаев) туралы зерттеулердің бағалылығын айтуға болады.
Қазақ фольклорының көне үлгілері, тарихилығы, фольклорлық шығармаларда шындықтың көрінісі проблемалары зерттелді. “Қазақ фольклористикасының тарихы” жасалды. 6 томдық қазақ қолжазбаларының сипаттамасы басылды.
Халық әдебиетінің кеңес дәуіріндегі дамуы проблемалары да зерттеуден тыс қалған жоқ. Бірқатар авторлар (М.Дүйсенов, Н.Төреқұлов, Қ.Сейдаханов) Жамбыл бастаған халық ақындары творчествосын зерттеумен, олардың шығармаларының көркемдік ерекшеліктерін талдаумен шұғылданды.
Қазақ әдебиетінің тарихы жайлы деректер бұрынғы зерттеулерде ХVІІІ ғасырдан бері ғана белгілі болып келсе, бұл жылдары оның тарихын көне дәуірден, түркі тектес халықтардың ортақ жазба мұраларынан бастау жөніндегі пікірлер үстемдік алды. Одан бергі кезеңде қазақтың ұлттық төл әдебиеті туғаны, оның қазақтың дербес ел болуынан, қазақ хандығының құрылуынан бастау алатыны ғылыми дәлелді пікірлермен толықты. Бұл тұрғыда А.Қыраубаева, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, Х.Сүйіншәлиев еңбектерінің маңызы үлкен. Көне түрік мұралары “Бабырнаме”, “Огузнаме”, “Мухамеднаме”, Қожахмет Ясауидің “Дивани хикмет” кітабы қазақ тіліне аударылып басылды. Бұл еңбектер қазақ әдебиеті тарихының басталуын әрі қарай бірнеше ғасырға жылжытып, біздің қоғамдық ой-пікірімізге жаңалық болып қосылды.
ХVІІІ ғасырдың бер жағындағы қазақ әдебиетінің тарихын жаңа деректермен байыту, оны жаңаша бағалау жүйесінде де көптеген жұмыстар атқарылды. Қазақ әдебиетінің бұл дәуірлердегі көрші халықтар әдебиеттерімен байланысы, өзара үйрену, шығармашылық әсер мәселелері көтерілді. Әдебиет дамуындағы бұл өзгерістер қаншалықты елеулі көрінгенмен, оның кеңестік идеологияның ыңғайымен жүргізілгенін ұмытпау керек. Оларда, негізінен, кеңестік өмір салтының “артықшылығы” асыра дәріптелді. Әдебиет те, сын да социалистік реализмнің арнасында қызмет етті. Социалистік реализм өмір шындығын біржақты ғана, тек күнгей жағын алып көрсетуді, социализм қоғамдық дамудың ең биігіне жеткен шыңы екенін дәлелдеуді мақсат етті де, сол өмірдің екінші беті – көлеңкелі жағы ескерілмеді. Бұл ұғымға сексенінші жылдардың орта тұсында біздің қоғамымызға кірген қайта құру идеясы біраз өзгерістер кіргізді. М.Горбачев КПСС ХХVІІ съезіндегі баяндамасында кеңес әдебиеті дамуының олқылықтарын орынды көрсетті. Ол кеңес әдебиетін шындықтың сыңаржақ алынып, өмірдің бірыңғай күнгей жағын сурттеу әдетке айналғанын атай отырып, “Шындық – жалпылама емес, нақты түсінік. Ол халықтың жасампаз істері мен қоғам дамуының қайшылықтарында, еңбекпен өткен күндердің қаһармандылығы мен үйреншіктілігінде, жеңістер мен сәтсіздіктерде, яғни өмірдің өзінде, оның бүкіл алуан қырлылығында, драматизмі мен ұлылығында”6 – деді.
Бұл пікірдің біз үшін маңыздылығы – шындықты тек халықтың жасампаз істері мен үйреншікті тіршілігінен ғана емес, қоғам дамуының қайшылықтарынан, сәтсіздіктерден, өмірдің драматизмінен де іздеу қажеттігі туралы ойлары. Мұндай талаптар бұрын әдебиетке қойылмайтын, қайта әдебиетте қоғам дамуының қайшылықтарын айналып өту, одан жалтару әдетке айналған еді. Мұндай өмірді боямалап көрсету жұртты алдауға құрылғаны жалпыға мәлім болды. Партия мұны көріп, бұлтара алмай қалды. Сондықтан ол осы съезде “бірқатар жылдар бойы объективтік факторлар ғана емес, сондай-ақ ең алдымен субъективтік себептерге байланысты партия мен мемлекет органдарының практикалық іс-қимылдары уақыттың, нақты өмірдің талаптарынан артта қалып келгенін, елдің дамуындағы проблемалардың шешілуінен гөрі тууы шапшаңырақ болғанын, басқару әдістерінің тоқырауын, бюрократизмнің үдеуін, жұмыс қарқынының төмендеуін” мойындауға мәжбүр болды. Сәл кейін КПСС-тің январь (1987) пленумында М.С.Горбачев “Жазушылық творчествоға партиялық көзқарас қалыптастыруды әдеби процеске жөнсіз араласу арқылы, идеялық ықпал етуді әкімшілік шешімдермен алмастыру арқылы жүргізу”7 саясатын сынады. Мұның барлығы коммунистік партия билігінің әлсіреп, өмір құбылыстарының өктем күшін мойындай бастағанының белгісі болатын.
Бұл жағдайлар қаламгерлер ортасында тың көзқарастар туғызды. Бұдан кейінгі дәуірде кеңес қоғамының дамуы жолында қазақ халқы бастан кешкен қиыншылықтарға, аштық, халықтың қырылуы, жер аууы оқиғаларына көңіл аударыла бастады. Кеңестік бюрократтық жүйенің жұмыс әдістері сыналды. Адамдардың табиғатына осы жүйенің жетпіс жыл бойында күштеуі мен зорлауының қатты әсер еткені сөз болды. Мұндай сарындар Ә.Тәжібаевтың өлеңдерінде, Б.Қыдырбекұлының “Алатау”, С.Елубаевтың “Ақбоз үй”, “Мінәжат” романдарында, С.Жүнісовтің “Аманай мен Заманай” повесінде, тағы басқа соңғы жылдар жазылған шығармаларда көрініс берді. Ол еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де ұлғая түсті.
Идеологиялық саясатта кеңестік жүйенің қатал тәртібі босаңси бастағанын пайдаланып, қазақ халқының әдеби-мәдени мұрасын кеңірек қарастыру, олардың бұрынғы идеологиялық талапқа жауап бере алмаған бөлігін зерттеу, жекелеген ақын-жазушылар шығармашылығын қайта қарау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті Алашорда қозғалысы мен оған қатысты деген ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығын зерттейтін комиссия құрды. 1988-1989 жылдары осы комиссияның шешімі бойынша Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, т.б. ақталып, олардың кітаптары басылды. Әдебиет өмірінің “ақтаңдақ” беттері ашылып, ғылыми айналымға түсе бастады. Аталған ақын-жазушылардың мұрасын насихаттау және зерттеу мақсатында ғылыми-теориялық конференциялар өтті. Ш.Сатпаеваның “Шәкәрім Құдайбердиев” (1994), С.Қирабаевтың “Жүсіпбек Аймауытов” (1993), Ш.Елеукеновтің “Мағжан” (1995) атты зерттеу кітаптары жарық көрді. Алашорда қозғалысына көзқарастың өзгеруіне байланысты Сұлтанмахмұттың шығармашылығы қайта қаралып, оның жаңа жинағы екі том (1993) болып шықты. Осы тұста өткен Ы.Алтынсариннің, Абайдың, Жамбылдың, Ақан серінің 150 жылдық тойлары олардың мұрасына қатысты жаңа көзқарас қалыптастыруға көмектесті. Олардың шығармалары қайта қаралып басылды. Абай тойы күндері З.Ахметовтің, Ж.Ысмағұловтың, М.Мырзахметовтің, Қ.Мұхамеджановтың еңбектері мен “Абай” энциклопедиясы, тағы басқа көптеген кітаптар жарияланды. 1997 жылы М.Әуезовтің 100 жылдығы атап өтілді. Осыған байланысты жазылған жаңа зерттеулердің ішінде З.Ахметовтің, З.Қабдоловтың, Р.Бердібаевтың, Т.Жұртбаевтың, М.Мырзахметовтің, тағы басқалардың кітаптары бар. Бұл еңбектер қазақ халқының әдеби мұрасын бүгінгі егемендік алған елдің рухани сұранысы тұрғысынан қайта қарау мақсатында жазылды. Қазақ әдебиетінің ұзақ ғасырлар бойы аңсап жырлаған тәуелсіз ел болу, отаршылдыққа қарсылық, ел бірлігін көксеу идеялары бүгінгі әдебиет зерттеу ғылымының негізгі ұстар қазығы болып отыр. Қазір бүкіл қазақ әдебиетінің тарихы осы тұрғыдан қайта қаралу үстінде.
Жалпы алғанда, 60 жылдардың бер жағындағы дәуір Қазақстандағы әдеби қозғалыстың қарқынды өткен жылдары болды. Қаламгерлер қатары молайып, 600-ге тартты. Егер 1959 жылы өткен V съезде оның қатарында 158 адам болғанын ескерсек, мұның үлкен өсу екенін көреміз. Әдебиет жанрларының барлық түрі өзінің тұрақты кадрларын дайындап, қатар, тең дамыды. Реалистік әдебиеттің беталысын танытатын проза, оның үлкен жанрлары кең көлемде өрістеді. Поэзия заманның озық идеялары мен жаңалықтарын танытуда ұшқырлық танытты. Театр репертуарын байытуда қазақ драматургтері мол үлес қосты. Әдебиеттің негізгі жанрларын байытудағы және қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі белсенді қызметімен сөз өнерінің жас күштері алға шықты. Олар осы кезеңде өздерінің мол творчестволық мүмкіндіктерін айқын танытты. Қазақ әдебиетінің табысы одақ және дүниежүзі көлемінде мойындалып, олардың тәуір шығармалары орыс және шет ел тілдеріне аударылды. Ғ.Мүсіреповке Социалистік Еңбек Ері атағы берілуі, Ж.Молдағалиев пен Ә.Нұрпейісовтің СССР мемлекеттік сыйлығын алуы, О.Сүлейменов пен М.Шахановқа одақтық жастар одағы сыйлығының, С.Шәймерденов, З.Қабдолов, Р.Сейсенбаевқа одақтық кәсіподақтар сыйлығының берілуі қазақ әдебиеті жетістіктерін танудың белгісі еді. Т.Молдағалиев халықаралық Фзули сыйлығын, А.Шамкенов пен Ә.Әлімжанов Ж.Неру сыйлығын алды. Әдебиетіміздің дамуы, қазақ жазушыларының шеберлікке шыңдалуы реализмнің бай мүмкіндіктерін игеру жолындағы әр алуан көркемдік ізденістердің нәтижесі еді.
Бұл дәуірдегі қазақ әдебиетінде халықтық поэзияның жаңа сапаға ие бола дамуы айрықша көзге түсті. Әсіресе, халық әдебиетінің өміршең жанры айтыс өрістеді. Жаңа айтыс ақындары шығып, бір кез ұмытыла бастаған бұл өнерді өз дәрежесіне қайта көтеруге қызмет етті. Жыраулық, жыршылдық дәстүр қайта жаңғырды.
Қаралып отырған дәуір қазақ әдебиетінің әлем әдебиетімен қарым-қатынасқа түсіп, халықаралық байланысының ұлғайған кезеңі болды. Қазақ әдебиетінің тәуір туындылары дүниежүзіне таныла түсті. М.Әуезовтен кейін С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Ғ.Мұстафиннің, Т.Ахтановтың, Ә.Нұрпейісовтің, Ә.Әлімжановтың, О.Сүйлейменовтің, І.Есенберлиннің, Т.Әлімқұловтың, Ә.Кекілбаевтың шығармалары бірнеше шет тілдерге аударылып тарады. Жеке жинақ күйінде шыққан қазақ фольклорының материалдары мен жазушылардың кітаптары көптеп саналады. Абай мен Жамбыл жырлары Европа мен Азия халықтарының бірқатар тілдеріне аударылды. Ә.Нұрпейісовтің “Қан мен тері” Прага театрында қойылды. Қазақ әдебиеті туралы зерттеулер, оқулықтар, жеке мақалалар көптеп басылды. Оларды жазуға Л.Арагон, А.Стиль, М.Бори, В.Баум, А.Курелла, А.Вюрмсер, П.Филибер, т.б. шетелдің көрнекті әдебиетшілері қатысты. Керісінше, қазақ жазушылары әлем әдебиетінің көптеген туындыларын қазақ тіліне аударуға жәрдемдесті. Халықаралық жазушылар қатынасына, Азия-Африка жазушылары қозғалысына Ғ.Мүсірепов, Ж.Молдағалиев, Ә.Шәріпов, Ә.Әлімжанов, О.Сүлейменов белсене араласты. Мұның бәрі қазақ әдебиетінің интернационалдық негізінің нығайып, оның кемелдене түсуінің белгісі еді.
Қазақ әдебиеті дамуының 60-80 жылдар ішінде дамуы жағдайын, әдеби процестегі өзгерістер мен жаңалықтарды бұл айтылғандар анық айқындайды. Аталған дәуір ұлттық сөз өнері үшін баю, кемелдену, танылу кезеңі болды. Мұның нақты дәлелін жеке жанрлардың өрістеуі жайындағы шолу мен талдаулар толық дәлелдейді.

1 Ñîöèàëèñòiê ²àçàºñòàí, 1967, 8 ºà»òàð.

2 Ñîíäà, 4 ºàðàøà.

3 Ñîíäà.

4 Ñîöèàëèñòiê ²àçàºñòàí, 1986, 26 àºïàí.

5 °óåçîâ Ì. Øû¹àðìàëàð 20 òîìäûº. 20 òîì. Àëìàòû, 1985. 319-320-áåòòåð.

6 Ñîöèàëèñòiê ²àçàºñòàí, 1986, 26 àºïàí.

7 Ñîöèàëèñòiê ²àçàºñòàí, 1987, 27 ºà»òàð.


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет