Көпшілік қабылдаған ескі шежіре бойынша Абат атаның Бағыс баласынан Байдербіс, Жолдербіс, Жандербіс атты үш немере тарайды.
Бұл күндері «не елсің?» - деген сұраққа бұл үшеуінен тараған ұрім-бұтақтары «Байлар-Жандармыз» -деп жауап қайырады. Ал, ортадағы Жолдербіс ата неге аталмайды, елеусіз, ескерусіз қалғанына не себеп деген ой мені көптен беру мазалап жүрген еді. Себебін іздеп әртүрлі қиялға кеткенім жасырын емес. Қарғысқа ұшырап, атаусыз қалуы мүмкін ғой деген күдік те бой көрсеткені рас. Сөйтсем, ағасымен інісінің ортасында тұрып, атының түсіп қалуына себеп болуы жаугершілік заманда 28 жасында қаза тапқаны екен. Жылдық асынан кейін 43-жасар ағасы Байдербіс әмеңгерлік жолымен «келінімді қосып алайын, балаларын бауырыма басайын, жетім қалдырар жайым жоқ» десе, келіні 16 жасар қайыным «көрпемді көтеріп қойды» деп жауап беріпті. Ағайын арасындағы абыр-сабырды Байдербіс атаның бәйбішесі Бейғам апа тоқтатып «Несі бар, еті тірі, есті қайнысы жоғарыға қол созған шығар» - деп түйінді тарқатады. Жолдербіс атаның артында қалған екі ұлы Құлту мен Күнтудан тараған ұрпақ бұл күндері, мың түтіннен асып жығылады. Бұл шежірені айтушы «Ордабасы» асыл тұқымды қойын шығарған, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сералы Әбжәлов 1970 жылы Бадам станциясында тұрған 75-жастағы Бектас қариядан естіген екен.
Сағынбек Жолбарысхан ҚР Журналистер Одағының мүшесі