Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, 1917 жылдың мамыр айында



Дата06.01.2022
өлшемі41,13 Kb.
#11443

Бірнеше ғасыр бойы қазақ халқы араб графикасына негізделген әліпби жүйесін пайдаланып келді. 1929-40 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді жазу жүйесіне енгізіп, 1940 жылдан бері қарай кирил графикасы әліпбиін қолданып келеді.

Шындығы керек, бұл аралықта қазақ халқының мүддесі көзделген жоқ. Бұл алыстан ойластырылған халықты өз тарихи жадынан айырудың амал-тәсілдерінің бірі болатын.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, 1917 жылдың мамыр айында мектепті шіркеуден бөлу және барлық мектеп жасындағы балаларды еңбекке баули отырып тегін, міндетті оқуға тарту жөніндегі бағдарламаның қабылдануы Қазақстандағы оқу-ағарту саласында елеулі өзгерістерді талап етті.

ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап қазақ оқығандарының арасында латын әрпіне негізделген жаңа әліпбиге көшу мәселесі көтерілді. Дегенмен 1924 жылы жазында Орынборда өткен қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде А.Байтұрсынов бастаған араб әрібін қолдаушылар басым түсіп, араб әрпіне лайықталған қазақ графикасы қабылданды.

Жаңа әліппе комиссиясының жұмысына сол кездегі партия мен үкімет қолдау көрсетті. Латын жазуын қолдаушыларының арнайы «Жаңа түрік әліппесінің комитеті» құрылып, «Жаңа түрік әліпбиі» атты кітап бастыртып, мектептерде осы кітаппен оқытуды ұсынды. Сондай-ақ газеттерді бірте-бірте латын әрпімен басу мәселесін өз міндеттеріне жатқызды. Комитет мүшелері халық арасында баспасөз арқылы жаңа әліпбидің қалың бұқара үшін араб әрпіне қарағанда пайдасы мен қолайлылығын түсіндіріп, осы төңіректе пікір алмасуға шақырды.

1925 жылдан бастап жаппай Қазақстанның мектептерінде, жеке кәсіпорындарында және мекемелерінде латыншылардың «Жаңа әліпбишілер үйірмесі» немесе «Латыншылар үйірмесі» құрыла бастады. Соңғылары тек айтыс-тартыс жиналыстарын ғана емес, арнайы жаңа әліпбиді үйрететін үйірме сабағын ұйымдастырды, баяндамашылар үшін тезистер құрастырып, жергілікті газеттерге ұжымдық мақалалар жазды. Осы жылы Н.Төреқұловтың «Жаңа әліпби туралы» атты кітабы басылып шықты.

1926 жылы ақпанда Баку қаласында өткен Бүкілодақтық І түркологиялық съезде латыншылар мен арабшылар арасында пікірталас қызу өтті. Осы съезден кейін түрік республикаларында жаңа әліпби ұйымдары құрыла бастады. Ұйымдардың басты мақсаты халық арасына латын әліпбиінің қолайлылығын түсіндіру болды. Сондай-ақ Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ латын негізіне қойылған жаңа әліппені алуға декрет шығарды.

Латын әрібінің алғашқы нұсқасын жасаушылардың бірі Халел Досмұхамедұлы болған. Ол бастапқыда латын әрібіне қарсы болғандығын: «Нәзір айтқандай, менің латын әрпін алуға қарсы екенім рас. Бірақ латынға қарсы екенімді біле тұра маған латын әріптерінің жобасын жасау тапсырған соң, сол жобаны жасағаным рас. Одан кейінгі «Қазақ тіліне латын әрібін алу мәселесі» деген мақаласында: «Түркі халықтарына араб харіфтерін тастап, латын харіфін алу керек деген сөз көптен бар. Әзербайжандар латын харіфтерін қабылдады, жаһұттар да солай қылды. 1922 жылғы съезінде өзбектер де өз тілін латын харіфтерімен пішті. Профессор Поливанов үлгі жасады» - деген болатын.

Бұдан шығатын түйін, ХХ ғасырдың 20-жылдарының басында-ақ латын әліпбиіне көшу мәселесі кең қойылған да, сол онжылдықтың соңына қарай, шешім қабылданған.

Түркияда Ататүріктің басшылығымен 1928 жылдың 28 маусымында «Алфавит жөніндегі комиссия» құрылып, оған мынандай міндеттерді тез арада шешуді тапсырады:

- латын графикасына негізделген жаңа түрік әліпбиін қабылдайды;

- жаңа грамматиканың жобасын жасайды;

- осы жобаларды қолданысқа енгізу жолдарын көрсетеді.

Түркияда латын әліпбиіне өту кезеңі бар-жоғы бір жылға ғана созылды. 1928 жылдың 1 қарашасында М.К.Ататүрік «Жаңа түрік әріптерінің қабылдануы мен қолдануы туралы» Заң шығарды. Бұл заң бойынша 1929 жылдан бастап мемлекеттік мекемелердің латын әліп­биіне өтіп, араб графикасын қолдануына рұқсат берілмеді. 1929 жылдың 1 маусымына дейін ғана қатар қолданылып келген араб графикасына іс-қағаздар жүргізуде мүлде тыйым салынды.

Сөйтіп, Түркияның латын әліпбиіне көшуі бір жылға ғана созылды. Бұл аралықта биліктің мығым саясаты мен бағыты шешуші рөл атқарғаны білінеді.

Кеңес өкіметінің ыдырауына байланысты кеңестік түркі халықтарының арасында тағы да латын әліпбиіне көшу мәселесі қайта қозғалды.

1991 жылы 25 желтоқсанда Әзірбайжан Республикасының Президенті А.Муталибов «Латын графикасы негізіндегі әзірбайжан әліпбиін қалпына келтіру туралы» заңға қол қояды. Бұл заң бойынша Әзірбайжанда 1940 жылға дейін қолданылған 32 әріптен тұратын латын графикасындағы әліпби азын-аулақ өзгерістермен қалпына келтірілу ұйғарылды. Бұл шаралар Кеңес үкіметі құлағаннан кейінгі кеңістіктегі түркі мемлекеттерінің егемендік алуымен байланысты ұлттық сананың көтерілуімен, өз рәміздерін, ұлттық нақышын белгілеу процесінің жемісі болды. Оның үстіне Әзірбайжан елі шекаралас жатқан бауырлас Түркия мемлекетімен тығыз мәдени қарым-қатынасы да осы үдерістің Әзірбайжанда бірінші болып басталуына себепші болды. Әзірбайжан зиялылары елде ХХ ғасырдың 90-жылдары үлкен отаншылдық серпіліс, ұлттық сананың асқақтап көтерілген кезеңі болды дейді.

Әзірбайжан ғалымдарының айтуынша, 1991 жылы Әзірбайжанда түрік тілінің нұсқасындағы әліпби қабылданды. Алғашқы заң қабылданғаннан кейін ел ішінде осы мәселеге қатысты әртүрлі көзқарастар болды. Осыны ұзаққа созып, аяғын ушықтырып жібермес үшін Үкімет қатаң қадағалау саясатын ұстанды. Артық-ауыс пікір білдіруге теріс қарады, тіпті агрессиялық қатаңдықпен барлық қарсылықтарды тыйып отыруды ұстанды. Осының нәтижесінде елде негативті жайттар көп орын алған жоқ. Елдің беті бірден латын әліпбиіне бұрылды. Біржақтылықты ұстанған саясат өз жемісін беріп, қазіргі кезде Әзірбайжанда латын графикасына өту үдерісі аяқталды. Осы уақытқа дейін аталған мәселе бойынша айтарлықтай наразылық болған жоқ. 1993 жылы 2 қыркүйекте Өзбекстан Респубикасы «Латын графикасы негізіндегі өзбек әліпбиін енгізу туралы» заң қабылдады. Өзбекстан Республикасы мәжілісінің 1995 жылы 21 желтоқсанда қабылдаған «Мемлекеттік тіл туралы Өзбекстан Республикасының заңын жүзеге асыру тәртібіне қатысты» жарлығы бойынша Өзбекстан республикасының латын жазуына көшуінің соңғы кезеңі болып 2005 жылдың 1 қыркүйегі белгіленді.

Латын әліпбиіне көшу туралы мәселе Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдардан бермен қарай көтеріліп, халық арасында кеңінен айтылып, әр алуан жұмыстар жүргізіліп келеді.

2006 жылы Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», - деген салихалы ойын білдірді.

Одан кейінде Елбасы бұл мәселеге қайта оралып, кезекті Жолдауында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу туралы ойларын таратып айтты. «Бұл ой еліміз тәуелсіз алғаннан кейін мені жиі мазалады. Бірақ біз көп ұлтты халықпыз. Әр ұлттың ой-пікірі бар. Қазіргі кириллица арқылы қазақтардың да, қазақстандықтардың да бірнеше буыны тәрбиеленіп, білім алды. Өмірді таныдық, дүниені көрдік. Сондықтан латын қарпіне көшкен жағдайда да кириллица көпке дейін қатар қолданылады, екеуі біразға дейін бірге пайдаланылады деп ойлаймын» дей келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» - деген болатын.

Елбасы қандай да бір ойды тектен-текке айтпайды. Солай бола отырып, бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен келуімізді талап етеді. Біздің еліміз көп ұлтты мемлекет, яғни латын әліпбиіне көшуді жан-жақты саралай, бірте-бірте жүзеге асырудың қажеттігін ескертеді.

Ғалымдар, әдебиетшілер, көпшілік қауым арасында бұл мәселеге қатысты екі жақты пікір байқалады. Бірі қажет дейді, бірі қажет емес дейді. Пайдасы мен зияны жөнінде де әр алуан пікірлер білдіріліп жатыр.

Белгілі ғалым Шәкір Ыбыраев әліпбиді латынмен ауыстырғанда ұтатын жақтарымызды былай таратады: Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек.

Лингвист Шерубай Құрманбайұлы латын әрпіне көшудің қиындықтары болғанымен, латын әрпіне көшу уақыт талабы екенін айта келіп, кейінгі ұрпақ қазіргі 42 әріпке қарағанда 33 таңбадан тұратын латын әліпбиін тез үйреніп алады деген ойын білдіреді.

Тұтастай алғанда, латын әліпбиіне көшуді қолдаймыз. Бұл ретте, әсіресе, жастар латын әліпбиіндегі қазақ жазуын тез игеріп алады. Мектепте ағылшын тілі пәнін оқуы, басқа әлеуметтік-қажеттілік жағдайлары олардың жылдам меңгеруіне мүмкіндік жасайтыны сөзсіз.

Ең басты мәселенің бірі – қолданылуға өте ыңғайлы, әлемдік жаңа технологияларға ыңғайланған, қазақ тілінің, сондай-ақ Қазақстанда тұрып жатқан басқа сан ұлттың тілдік жайларын да қамтитын жақсы латын харпіндегі алфавитті құрастыру болып табылады. Бұл - өте күрделі және басты жұмыс. Біздің ойымызша, өзге түркі халықтарының да жазуын оқитындай ортақ үлгіде болып жатса, құба-құп деп білеміз. Түркі халықтарының арасындағы рухани байланысты орнатуға мүмкіндік берсе, тіптен жақсы.

Екінші күрделі мәселе – Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің бұл жазуға көшу жайы. Орыстілділердің көшуі қалай болады? Олардың уәжінде кирилица жазуын қатар қолдана берейік деуі және бұл процесс тым ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Қазіргі уақытта, жасыратыны жоқ, елімізде мемлекеттік тіл өз дәрежесінде, биігінде тұрған жоқ. Бір кездегі мемлекеттік тілге деген құлшыныс, қызу қозғалыс қазір көп бәсеңсіп қалған тәрізді. Мұнда да үлкен кедергі келтіріп, қолбайлау болып отырғандар орыстілділер болып табалады. Және биліктің басым бөлігі олардың қолында. Қазіргі мемлекеттік тіліміздің жайы тәрізді ертең латын әліпбиіндегі жазуға көшу тым ұзаққа созылып, сиырқұйымшақтанып кетпей ме? Бұл үшін мемлекет тарапынан жан-жақты ойластырылған жоспарлы, мақсат-мүдделі жұмыс қажет.

Үшінші күрделі мәселе – әрине, бұл екінші мәселемен байланысты, дегенмен өз алдына бөлек айтса да жөн болады. Ол – БАҚ мәселесі. Қазақстанда қазақ тілінде шығатын газет-журналдан гөрі орыс тілінде шығатын мерзімді басылымдар әлдеқайда көп және таралуы жағынан да басым. Олардың өзіндік уәждері де болуы мүмкін. Мәселен, «біздің газет Қазақстанда да, көршілес Ресей мемлекетінде тарайды» деуі мүмкін. Екі жазуда шығару тиімсіз. Сонда ол газет Қазақстанда орыс алфавитімен жазылған қалыпта тарай бере ме, оның мыңдаған оқырмандары орыс алфавитімен жазылған қалыпта оқи бере ме? Біздіңше, бұл да өте күрделі мәселе.Сондықтан да бұл мәселелерді осы кезден жан-жақты ойластырып, мемлекет тарапынан бір нақты шешімге келіп, бағдарламамен жұмыс атқарылуы тиіс. 2025 жылға дейін уақытты күтіп жатудың қажеттілігі жоқ. Дайындық, насихат жұмыстары белсенді орындалуы тиіс. Ол үшін арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс істеп, нақты мақсат-міндеттермен, шешілуі тиісті мәселелермен айналысуы керек. Қоғамдық пікірді ұйымдастыру қажет. Орыстілділердің мәселелері зерттеліп, оны шешудің ғылыми, оңтайлы жолдары іздестірілуі тиіс.

Бүгінгі күнгі бұқаралық ақпарат құралдары мен зиялы қауым өкілдері арасында кеңінен талқыланып жатқан мәселелердің бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру үрдісі.  Себебі жазу – белгілі бір әріптердің жиынтығы ғана емес, ұлттың өзіндік болмысын танытатын таңбалар жүйесі, сол ұлттың тарихы, мәдениетінің таңбаланған жәдігері. Әр халықтың рухани, мәдени өсуін, ғылымы мен білімінің, барлық саладағы даму деңгейін көрсететін маңызы зор әлеуметтік-мәдени құбылыс.   Жазу арқылы өткен мен бүгінгі және болашақ өміріміз жалғастық табады. Ол – ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін алтын көпір. Ал, жазудың өзгертілуі сол халықтың қоғамдық өмірінің барлық саласына, рухани әлемі мен мәдени деңгейіне, тіпті, әлеуметтік психологиясына әсер етеді.

Бұқаралық ақпарат деректеріне сүйенсек, бүгінде әлемнің 70% елдері латын жазуы арқылы білімді игеріп, ғылыми зерттеулермен танысуда . Бұл дегеніміз – білім, ғылым, саясат пен техника, мәдениет пен өнер, спорт т.б. қатысты жазбаша ақпараттың барлығы дерлік латын графикасымен беріледі, қоғамдық өмірдегі жаңалықтардың басым бөлігі осы графиканың негізінде таралады дегенді білідерді.  Демек, латын әліпбиінің біздің отанымыздың әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу талабының орындалуы жолында маңызды роль атқаратыны сөзсіз.

Түркітектес халықтар тілінде латын әліпбиі 1926 жылдан бастап қолданылады. Латын әліпбиін алғаш қолданысқа енгізгендердің бірі – Түркия мемлекеті. Біздің елде ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақ зиялылары латын әліпбиіне көшу мәселесін көтерді. Қазақ тілінің табиғатына сай әліпби үлгісін жасап, қолданысқа енгізген болатын. Қазақ тіл білімінің, әліпбиінің негізін салған бірегей ғалым А.Байтұрсынұлы: «Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білу керектігі одан да артық», - деген болатын.  Бұл – ХХ ғасырдың басындағы қоғамдағы коммуникациялық үрдістерді зерделеуден туған ой болатын. Қазір адамзат баласы ХХІ ғасырға аяқ басып отыр. Жазудың маңызы бұрынғыдан бірнеше есе өскен заман. Сондықтан, әлемдегі елдердің басым бөлігі, соның ішінде туыстас  түркі  халықтары қолданатын латын әліпбиіне көшу – жаһандану дәуіріндегі рухани жаңғырудың алғашқы да маңызды сатысы болмақ...

Латын әліпбиіне көшкенімізбен оны қолдану мерзімі ұзақ болмағаны тарихтан белгілі. Бұл – кешегі кеңестік идеологияның салдары еді. Түркітектес ұлттардың түбі бір түркі екенін, тамырын тереңге жайған түбегейлі тарихы мен мәдениеті бар елдер екенін ұмыттыру үшін жасалған сұрқия саясаттың айла-шарғысы болатын. Ал  рухани жаңғыру дәуірінде құлдық санадан арылып, бұрынғы құндылықтарымызды қайта қалпына келтірудің қажетілігі өз-өзінен түсінікті жайт.

Былтырғы жылы Түркия мемлекетінде студенттерге дәріс беріп қайттым. Сондағы байқағаным, түріктермен, ондағы қырғыз, өзбек, ажербайжан ағайындармен аудармашысыз-ақ  түсінісіп  кетуге болады. Себебі – бәріміздің түбі бір түркі тілінде сөйлейміз. Мені қинағаны – ойларымызды қағаз бетіне түсірсек, кімнің не жазғанын оқи алмай, аман-саулықтың өзін ағылшын тілінде жазуға мәжбүр болғанымыз. Түркілерге ортақ әліпбидің жоқтығы туысқан халықтардың интеграциялануына  қаншалықты кедергі болып тұрғанын өз басымнан өткердім десем болады.

Латын әліпбиіне көшу мәселесі өткен ғасырдың 90-жылдары көтерілді де тез басылып қалды.  Тілші ғалымдар латын әліпбиіне көшудің  тиімді жақтарын жан-жақты дәлелдеп берген болатын. Солардың басты-бастыларын атап көрсетейік:


  • шет елдердегі (Қытай, Монғолия, Түркия т.б. ) қазақтармен мәдени, рухани байланысты нығайту үшін қажет;

  • қазақ тілінің төл дыбыстарын таңбалауда ұтымды мүмкіндіктер туады, ол өз кезегінде тіл үйренушілерге жеңілдіктер береді;

  • қазақ тілінің әуезділігі, орфоэпиялық заңдылығы қалпына келеді;

  • түркі тектес мемлекеттердің интеграциялану үрдісіне оң ықпал етеді;

  • ағылшын тілін меңгеру оңтайлана түседі;

  • Кеңес заманында жазылған, қазіргі заманға қажетсіз дүниелерден арылу үшін, қажетті рухани жәдігерлерді елеп-екшеп алуға мүмкіндік туады.

Латын әліпбиіне көшудің ұтымды жақтары бұл айтылғандармен шектелмесе керек. Оны уақыттың төрелігіне қалдырайық.

Латын әліпбиіне көшуге қатысты біздің жоғары оқу орнында жасалып жатқан шараларға тоқталып өтсек. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген 6 бағыт бойынша нақты іс-шаралар жоспарын талқылап бекітті. Кешенді жоспар университет ректоры Ә.Ө.Қуандықовтың тапсырмасы бойынша оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры И.В.Ровнякованың тікелей жетекшілігімен жасалды. Жоспарда латын әліпбиіне көшу үрдісін оқу-әдістемелік және ғылыми жағынан қолдаудың маңызды міндеттері белгіленді. Бұл ретте, болашақ педагог кадрларға қосымша білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру, латын әліпбиінде жазылған оқу-әдістемелік, мультимедиялық құралдар әзірлеу, латын әліпбиінде іс жүргізуді жолға қою, ПОҚ біліктілігін арттыру, университет сайтын латын әліпбиіне көшіру  т.б. маңызды шаралар қарастырылды.

Стратегиялық даму және ғылым жөніндегі проректор А.Б.Мырзагалиеваның бастамасымен ШҚО әкімдігіне «Тіл-лұғат» атты жоба ұсынылды. Жоба бойынша университет ғалымдары 2018-2021 жылдар аралығында мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіруге дайындық кезеңінде барлық сала кадрларын латын әліпбиін еркін әрі сауатты қолдана білуге үйрету, ғылыми-әдістемелік жағынан қолдау мақсатында жұмыла еңбектенбек .Жоба бойынша төмендегідей міндеттерді шешуді көзделеді:

- қазақ жазуының тарихымен таныстыру;

- латын әліпбиін көпшілікке насихаттау;

  -әліпбидің ұсынылып отырған нұсқаларының ішінен классикалық 26 таңбалы латын әліпбиін қолдау;

 - әліпби бекітілген соң мектеп мұғалімдері мен мемлекеттік қызметшілерді, барлық сала кадрларын оқыту, іс жүргізуді үйрететін қысқа мерзімді курстар (он-лайн семинарлар, вебинарлар) ұйымдастыру;

 - Латын әліпбиіне негізделген орфографиялық сөздіктер құрастыру (соның ішінде электронды);

- ШҚО топонимдерінің (латын әліпбиіне негізделген) сөздігін жасау, жергілікті елді-мекен атауларының дұрыс жазылуы үшін ауылдық, аудандық, облыстық әкімдіктерге ұсыну;

 Антропонимдік сөздік жасау (Кісі есімдерін дұрыс ресімдеу үшін АХАЖ бөлімдеріне ұсыну);

 - Латын әліпбиіне негізделген іс қағаздарының анықтамалығын ұйымдастыру (соның ішінде электронды) т.б.

Оқу орнының «Рухани жаңғыру» бағдарындағы бұдан басқа да жобаларын ШҚО әкімі аппараты алдында қорғаған А.Б.Мырзагалиева арнайы комиссия жобалардың ғылыми құндылығы мен практикалық маңызын атап өткенін,  қызығушылық туғызғанын көрсетті. 

Ұлттық жаңғыру бағытында атқарылатын шаралардың бірі ретінде Елбасының қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі туралы айтқан ойлары жұртшылықтың, әсіресе, тіл мамандарының ерекше қолдауына ие болып отыр. Бұл мақала қазақ әліпбиі мен жазуын латын графикасына көшіру арқылы елімізді рухани жаңғыруға бастайтын маңызды құжат. Қазақ әліпбиі мен жазуын латын қарпіне көшіру мәселесі туралы еліміз егемендік алған алғашқы жылдардан бастап ғылыми ортада сөз қозғала бастаған еді. Ғылыми қауыммен кездесулерде, басқа жағдайларда да тіл мәселесіне ерекше назар аударып жүретін Елбасымыз Қазақстан халықтары Ассамблеясының 2006 жылғы 24 қазанында өткен ХІІ сессиясындағы сөзінде «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік»,- дей келіп, «біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», - деген болатын. Одан кейін 2012 жылғы «Қазақстан - 2050» «стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл - ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруге, ең бастысы - қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», - деп тағы да атап көрсеткен еді. Ал осы жылғы сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек»,- деп, нақты тапсырма берген болатын. Латын әліпбиі туралы алғаш сөз қозғалғаннан бері ғылыми ортада латын әліпбиінің мүмкіндіктері мен оны қазақ әліпбиіне көшіру мәселесі жөнінде түрлі дәрежедегі талқылаулар болып, көптеген ғылыми зерттеу мақалалар да, түрлі авторлардың құрастырған әліпбилері де жарияланды.

«Қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деп Елбасы атап көрсеткендей, қазақ жазуын латын әріптеріне көшірудің басты мақсаты - бұл қазақ тілін дамыту үшін жасалып жатқан шаралардың бірі. Қазіргі орфографиямызды жетілдіру, сөзіміздің қазақ тілінің табиғи үндесіміне сай жазылуын қамтамасыз ету болып табылады. Заман ағымына сай тіл де үнемі дамып, сөздік құрамы толыға түседі. Күнделікті өмірде танылған барлық заттар мен құбылыстар сол тілде сөз арқылы қолданыс табады. Егер осы сөздер өз ана тілінде, немесе ана тілдің заңдылығына бейімделіп қолданылмаса, онда кез-келген тілдің сөздік қоры жұтаң тартып, ол тілдің табиғи заңдылықтары бұзыла бастайды. Барлық уақытта да тілдің өзіндік заңдылықтарын ескеріп, үнемі жетілдіріліп отыруы керек. Қазіргі жазуымызда басшылыққа алатын негізгі емле ережелеріміз 1983 жылы қабылданды, одан бері тілімізге енген сөздер де көбейді. Сондықтан сөзіміздің қазақ тілінің басты заңдылығы-үндестік заңына сай жазылуына назар аударған жөн. Мысалға, қазақтың Жанар, Айнұр, Өтеміс деген аттарын Жанара, Айнура, Утемис деп айтуға үйреніп кеттік. Қазақтың үндесе айтылатын сөздерін Ысмайыл-Смайл, Ысқақ-Сқақ, Ырысты-Рысты деп тіліміздегі дыбыстар тіркесін, айтылым заңдылығын бұзып жүрміз. Мұндай мысалдар өте көп. Қазақ тілінде қанша дыбыс бар екенін, қазақ сөзін сол дыбыстармен айтып-жазу керек екендігін де сақтамай, кейінгі ұрпақты шатастыра бастадық. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде «х» дыбысы жоқ. Сондықтан қабар-хабар, қош-хош, қат-хат, қан-хан деген сөздерде қазақтың «қ» дыбысының орнына орыс тілінің «х» дыбысын жазғаннан сөздің мағынасы өзгеріп тұрған жоқ. Бұл бір дыбысты екі әріппен жазу деген сөз, басқаша айтсақ, бір адамның екі түрлі төлқұжаты бар дегенмен бірдей болады. Бұл тіл заңдылығын бұзу болып табылады, яғни грамматикалық және орфоэпия-орфография заңдылығы бұзылды.

Қазақ тілі - мемлекеттік тіліміз болып табылады. Осы тұрғыда қарағанда, жазуымызды латын әріптеріне көшірудің мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданыс аясын кеңейтуге де қосар үлесі зор деп білеміз. Қазіргі таңда мемлекеттік тіліміз керегесін кеңге жайып, егеменді елімізбен қатар дамып, мемлекеттік тілге деген сұраныс та артып келеді. Сондықтан Қазақстан сияқты бүкіл әлемге танылған елдің мемлекеттік тілінің жазуы да заман талабына сай келуін күнделікті өмірдің өзі талап етіп отыр. Қазір шетелдермен әр түрлі саладағы байланыстардың күшеюіне байланысты осы шараларды рәсімдеу құжаттарын жазуда латын әріптерінің қажеттілігі анық байқалады. Сондай-ақ Елбасының мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы сарабдал саясаты, оның шетелге барған сапарында БҰҰ мәжілісінде қазақ тілінде сөйлеуі қазір мемлекеттік қызметтегі адамдарға ерекше ықпал етті деп айта аламыз. Қазір шетелден келушілер саны көбейіп, Қазақстанға әлемнің назары ауып отырған тұста еліміздегі өзге ұлттармен қатар, шетел азаматтарының да мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтасы артып отыр. Мысалы, кешегі Қытай жерінде өткен ән додасында жерлесіміз Димаш Құдайбергеновтың қазақ тілінде ән айтып, елді аузына қаратуы, әншінің шетедік жанкүйерлерінің қазақша ән айтуға, қазақ тілін үйренуге деген ықыласын оятқаны баршаға аян. Қазіргі Қазақстанның дамып, әлем көз тіккен талай маңызды шаралардың ұйтқысы болуы, оның мемлекеттік тілі мен жазуының да осы биіктен көрінуіне түрткі болып отыр. Осындай көптеген жағдайлар, күнделікті өмірдің өзі, жаңа технологиялар заманы қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің қажеттілігін алға тартты.

Сонымен бірге қазақ жазуының латын әріптеріне көшірілуі ел болашағы - жас ұрпақтың оқу-білім және ғылым жолындағы ізденістеріне де жол ашады. Қазіргі заман - жазу заманы, ғылым мен техника, оқу-білім, ақпарат, жаңа технологиялар заманы. Адам жазу арқылы білім алады, жазу арқылы бір-бірімен байланыс жасап, жүрген-тұрғанын, жасаған жұмыстарын да жазып отырады, яғни хаттама, түрлі қатынас іс қағаздары, компьютер, интернет, агент т.б. арқылы хабарласулар - бәрі де жазу арқылы жүзеге асады. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатаны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер т.б. латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Осы жаңа заманда өмір сүріп, білім алу, еңбек ету, белгілі бір мамандықты игеру, т.б. адамның белсенді іс-әрекеттері мемлекеттік тіл мен ағылшын тілінен, оның жазуынан айналып өте алмайды. Сондықтан латын әріптері өркениеттің жазуы ретінде өмірдің өзі талап етіп отырған басты қажеттіліктердің бірі деп білеміз. Латын әріптерімен жазу арқылы басқа тілді де меңгеру, оны жазу да бір-біріне жақындап, бір әріптен екінші әріпке ауысып отыру қиындығын жеңілдетіп, тілдің қолданысына да оң әсер етеді. Осындай жағдайда білім алып, мамандығын шыңдап жатқан жастарға әлемнің қай жерінде жүрсе де кедергі келтірмей, жұмысын жеңілдете түсуге ықпал етеді. Ендеше латын әліпбиінің болашағы да зор.

Латын әріптері туралы айтқан кезде латын халқы, оның тілі және әліпбиі туралы да айта кеткеніміз жөн. Латын тарихы өте терең, оны қысқаша айтсақ, Италия жерінде Этрусс, Лациум және Кампан деген үш жазықтық жатыр. Лациумнің орталығы б.з.д. VIII ғ. латын тайпасы негізін қалаған Рим қаласы болды. Б.з.б. I ғасырдың аяғында көп жерлерді жаулап алған Рим үлкен мемлекет боп V ғасырға дейін өмір сүрді, бүкіл Жерорта теңізі, Испаниядан Грецияға, Кіші Азия мен Египетке дейінгі және қазіргі Франция территориясы, Англия мен Германияның кейбір бөліктері т.б. жерлер Римнің қол астында болып, римдік мемлекеттің тұрғындары латын тілінде сөйлеген. Осы уақытта билік жүргізген империялық Рим мемлекетінің ресми тілі де латын тілі болғандықтан оның тілі мен жазуы бүкіл антик әлеміне тарап, еуропалық өркениетінің негізі болған. Кейіннен Рим мемлекеті ыдыраған кезде оның құрамындағы түрлі ұлттар да бір-бірінен алшақтап, олардың тілдері де өз жолдарын тапты. Сондықтан қазір латын халқы жоқ, лингвистикалық классификация бойынша латын тілі өлі (яғни, қазіргі кезде қолданылмайтын) италийлік тілдерге жатады. Латын тілінің негізінде ұлттық тілдер, яғни романдық тілдер - итальян, француз, испан, португал, румын және молдаван т.б. тілдері өз алдына қалыптасқан екен. Латын алфавитінің қазіргі бізге жеткен таныс түрі б.з.д VI-ІІІ ғ.ғ. қалыптасқан. Орта ғасырда Латын әліпбиі Еуропаға тарады, Африка, Америка және Азия халықтары пайдаланды.

Классикалық латын әліпбиі 26 әріптен тұрады, олар 6 дауысты, 20 дауыссыз дыбысты таңбалайды: Аa, Bb, Cc, Dd, Ee, Ff, Gg, Hh, Ii, Jj, Kk, Ll, Mm, Nn, Oo, Pp, Qq, Rr, Ss,Tt, Uu,Vv,Ww, Xx,Yy, Zz. Латын әріптері роман, герман және басқа да тілдердер жазуына негіз болған. Бірақ барлығы да латын әріптерін алғанмен, әр халықтың әліпбиіндегі әріптердің бәрі де бірдей фонемаларды таңбалай бермейді, әр әліпбидің өзіндік ерекшеліктері мен өзгешеліктері бар. Әріптің аз болуы әр тілдің дыбыстар санына сай келмегендігінен, бір дыбысты бірнеше әріппен біріктіріп таңбалау қажет болған. Бір дыбысқа бір таңба ұстанымы толық сақталмады. Әріп тіркестері алынып, бір дыбысқа екі әріп ұстанымы қоса жүрді. Барлығы да латын әріптерін қолданса да, Европа халықтарының әліпбиінде өзгешеліктер бар. Мысалы: «Х» фонемасы: неміс тілінде - Ch, ағылшын тілінде -Kh, француз тілінде - Kh, ал «Ш» фонемасы; неміс тілінде - sch, ағылшын тілінде - Sh, француз тілінде – sz таңбалары арқылы жазылады. Француз тілінде 17 дауысты, 18 дауыссыз, неміс тілінде 16 дауысты, 21 дауыссыз, ағылшын тілінде 15 дауысты, 15 дауыссыз және дифтонг бар.

Латын әліпбиіне түрік тілі 1928 жылы, әзірбайжан тілі 1991 жылы, өзбек тілі 1993 жылы көшірілген. Әліпби жасалған тұста дыбыс саны толық анықталмауы салдарынан түрік тіліндегі үш дыбысты таңбалайтын «қ», «ң», «ә» әріптері түрік әліпбиіне енбей қалған екен. Ал өзбек тілінің әліпбиін жасауда тілші ғалымдарға қарағанда компьютерлік техника саласы мамандарының ұсыныстары басымдық алып кеткен, сондықтан қазіргі өзбек әліпбиі интернет желісіне икемді болғанымен, ұлттық тілдің мүддесінен шықпай отыр деген көзқарастар бар. Өзбек тілінің әліпбиінде «ң» дыбысы латын әліпбиінің «ng» әрпінің тіркесі арқылы белгіленуі де кей жағдайда дұрыс оқымауға әкеліп соқтырады екен. Ал әзірбайжан әліпбиінде классикалық латын әліпбиінен тыс, кирилл әліпбиінен де алынған әріптер бар екен. Әзірбайжан тіл мамандарының айтуынша, тілдерінде өте жиі қолданылатын «Ә» дыбысын кирилл әліпбиіндегі осы графемамен таңбалаған, себебі өте жиі қолданылатын болғандықтан оны латынның «А» әрпінің үстіне екі ноқат қойып таңбаласа, жазу кезінде мәтін үстінде нүкте таңбалары жыпырлап, мәтінді оқу - жазу қиындап кетеді екен. Қазір біздің ғалымдарымыз бауырлас түрік халықтарының латын жазуына көшу кезіндегі жетістіктері мен жіберілген кейбір кемшіліктеріне назар аудара зерттеп отыр.

Жұртшылықпен кездесулерде: «Қазақтың жаңа латын әліпбиінде неше әріп болады, қазіргі әліпбиіміздегі 42 әріпті латын әрпімен ауыстыра саламыз ба?» - деген сұрақ көп қойылады. Орынды сұрақ. Көпшілік жұрт әліпби ауыстыру дегенді бір таңбаны екінші таңбаға алмастыра салу деп түсінеді. Ол дұрыс емес. Біз үш мәселеге назар аударуымыз керек, алдымен тілдегі дыбыстар санын анықтау, одан кейін сол дыбыстарға сай әріптермен таңбаланған әліпби жасау, одан кейін осы әріптермен жазудың емле ережелерін жасап бекіту қажет. Біз қазіргі әліпбиіміздегі 42 әріпті латын әрпімен сол қалпында ауыстыра салатын болсақ, оның пайдасы болмайды. Біз алдымен таза қазақы әліпби жасауымыз қажет. Ол үшін алдымен тілімізде қанша дыбыс бар деген сұраққа жауап беру керек. Қазір көпшілік ғалымдарымыз алғашқы кезекте, жаңа қазақ әліпбиіне қазақ тілі дыбыс жүйесіндегі 28 фонеманы (9 дауысты, 19 дауыссыз) алып, бұған қоса, кірме сөздердегі «в», «ф», «һ» сияқты әріптерді де қоса алу керек деген көзқарасты ұстанып отыр. Ал одан кейінгі кезекте, орыс сөздерін жазуға қажет болатын әріптерді таңдап алынып,содан кейін қазақ жазуының емле ережелерін қайта қарастыру керек болады. Ал екінші бір ғалымдарымыз қазіргі әліпбиіміздегі 42 әріпті латын әрпімен сол қалпында ауыстыра салу керек деген көзқарас танытып, сөзіміздің айтылуын дәл береміз деп жүріп, қазіргі әліпби құрамындағы қыруар әріпті жат дыбыстарға жатқызып, әліпби құрамынан шығарып тастасақ, емлені шешуі қиын өте күрделі түйінге айналдырамыз деген пікір айтады. Сонымен қатар, қазір компьютер заманына сай қазақ жазуын латын әріптеріне көшіруде автоматтандыруға ыңғайлы латын әліппесінің нұсқасын жасаушылар да бар.



Кейбір адамдар халықтың жаңа әріптерді меңгеруі, әсіресе, қарттардың оқып-жазуға бейімделуі қиын болатынын алға тартып жатады. Қандай іс қылсаң да, ол оңай бола қоймайды, оның қиындығы да қоса еріп жүреді. Сондықтан «Шегірткеден қорққан егін екпейді» дегендей, қиындықтан қорықпау керек. Тілдің болашағы - елдің болашағы. Жазуымызды латын әліпбиіне көшіру бір күннің ісі емес, ол осы жазуымызбен қатар жүріп, елдің көзі үйреніп, көңілі орнына түсіп, жаңа әліпбиді әбден меңгеріп кетуіне мүмкіндік жасайды. Қазірдің өзінде жастар ұялы байланыс кезінде бір-біріне осы латын әріптерімен хабарлама жібереді. Айналадағы түрлі мекемелер, банктер, машина маркалары, көше жарнамалары, т.б. латын әріптерімен жазылған сөздерді барлығымыз да жатсынбай оқып, түсініп жүрміз. Ал жастарымыздың барлығы да мектептегі ағылшын сабағынан латын әріптерін жақсы меңгергенін білеміз. Әр істің өз қиындығы бар дегендей, орыс мектептерінде оқитындар бұрынғы жазумен жүретін болса да, көштен қалмай,олар да осы елдің азаматтары ретінде латын әріптерін меңгеруге ұмтылады. Ал кейбір пікір айтушылардың латынға көшкен кезде «орысша оқығандар латын әріптерін меңгермей қалады, қазақша оқығандар орыс тілінен алыс қалады» деген сөздері ешбір қисынға келмейді. Қазір біздің жастарымыз ағылшын тілін аз уақытта қалай меңгеріп алса, орыс тілін де солай тез меңгереді. Себебі қазіргі өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі өте жақсы, елімізде қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқуға ерекше қамқорлық жасалып отырғаны да баршаға аян.

Қорыта айтқанда, кез-келген әліпбидің міндеті графикалық (әріптің дыбысты таңбалау, көру, оқу, жазуға оңтайлы болуы), лингвистикалық (тілді дәл жеткізуі), техникалық (баспа ісі, компьютер, телефакс, интернет т.б.) талаптарға сай болуы керек. Қазіргі таңда латын әліпбиі осы талаптар биігінен көрініп, үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Қазіргі әліпбиімізге байланысты жазуымызда орын алған қиындықтарды түзетіп, тіліміздің табиғи айтылымына қайшы келетін кемшіліктерімізден арылатын кез келді. Әр сөзді бабалар салған жолмен ұлттық үндесіміне қарай айтуымыз үшін жарыса қапталдап кедіргі келтіріп келген ескі әліпбиімізді латын әліпбиіне ештеңеден қорықпай алмастыра салуға мүмкіндік туды. Латын әліпбиін кезінде профессор Қ.Жұбанов та қолдап, осы әліпбиді қазақ тіліне бейімдеу бағытында белсене жұмыс жасаған еді. Қазір әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдері латын әліпбиін қолданады, латын әріптері – өркениет жазуы, өмір талабы, сондықтан оның бұл артықшылығын ескеріп, біз де өз мақсатымызға сай латын жазуының игілігін көруіміз қажет.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет