КОНЦЕПТ ЖӘНЕ ӘЛЕМДІК ТІЛДІК БЕЙНЕСІ
Джулаева Гулзат Мырзагаликызы
2-курс магистранты, филология факультеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті
Gulimka_85@mail.ru
Аңдатпа: Тіл білімінің қазіргі даму кезеңінде когнитивтік лингвистика тіл біліміндегі ең озық және ең дамып келе жатқан бағыт екендігіне жан-жақты дәлелдер келтіріле отырып айтылады.
Тірек сөздер: когнитивтік тіл білімі, таным, концепт, әлемдік бейне.
Аннотация: На современном этапе развития языкознания говорят о том, что когнитивная лингвистика является наиболее передовым и развивающимся направлением в языкознании.
Ключевые слова: когнитивная лингвистика, познание, понятие, образ мира.
Annotation: It is said that at the present stage of the development of linguistics, cognitive linguistics is the most advanced and developing direction in linguistics.
Keywords: cognitive linguistics, knowledge, concept, image of the world.
Қазіргі уақытта когнитивтік тіл білімін дамытудың алдында үш негізгі мәселе тұр: тіл білімі табиғатының мәні, тілді меңгеру процесі және оны қолдану. Танымдық тіл білімі аясында осы мәселелерден шығатын негізгі зерттеу бағыттары мынадай: а) білімнің түрлері мен типтерін, сонымен бірге белгілердің білім әлеміне ену механизмдерін, яғни интерпретация процесі қалай жүріп, ережелері қалай қалыптасатынын қарау; б) танымдық тілді реттейтін белгілер мен заңдылықтардың пайда болып, дамуының шарттары; в) танымдық тілде көрініс табатын тілдік белгілер мен мәдени бірліктердің ара қатынасы. Танымдық тіл білімі мәселелерінің өзегінде «таным – концептілеу – категориялау – қабылдау» процестері арасындағы ішкі тәуелділік пен қатынастарды анықтауға байланысты сұрақтар тұр [Кравченко, 1996]. Когнитивтік лингвистика аясында тілдік құбылыстар адам когнициясының призмасы арқылы қарастырылады, ал когницияның өзі әлемді қабылдаудың танымдық және психикалық процестерінің жиынтығынан, сонымен бірге осы процестердің нәтижелерінен құралады. Когниция – когнитивтік лингвистиканың негізгі ұғымы, ол білім мен ойлауды, олардың тіл арқылы жүзеге асырылуын қамтиды. Міне сондықтан да когниция мен когнитивизм тіл білімімен өте тығыз байланысты. Қазіргі уақытта когницияға адам рухын құраушы нәрселермен (ес, білім, сана, ойлау, елестету, шығармашылық, жоспар құру, толғану, логикалық шешім шығару, мәселелерді шешу, байланыстыру, қиялдау, арман) бірге, қабылдау, ойша бейнелер, еске алу, назар аудару және білу секілді процестер де енеді [Кубрякова, 2012]. Осылайша, когниция әр түрлі механизмдерден құралса, ол механизмдердің әрқайсысы негізгі танымдық қабілеттерді жүзеге асырады. Демек, таным – дүниені қабылдау, бақылау, жіктеу, ойлау, сөйлеу, елестету және басқа да психикалық процестердің жиынтығы деген сөз. Танымды адамның ақыл-ой, интеллектуалдық қабілеттерінің көрінісі ретінде, өзін және қоршаған әлемді сезіну және бағалау, әлемнің ерекше бейнесін жасау, яғни адамның саналы әрі мағыналы әрекеттеріне негіз болатын барлық қабілеттері ретінде түсіндіруге болады.
«Концепт» концептісінің құрылымы халықтың санасында, мәдениетінде және тілінде бір мезгілде орнап, бір тектілікті көрсетпейді және күрделі көп өлшемді құрылымға ие болады. Бір жағынан, «түсінік» құрылымына енетіннің бәрі соған қатысты болса; екінші жағынан, концептінің құрылымы оны мәдениеттің атрибуты мен бөлігі ететін нәрсені, яғни бастапқы формасын немесе этимологиясын, заманауи бағалауларды, ассоциациялар мен коннотацияларды қамтиды. Осы себепті авторлардың концепт құрылымының негізгі компоненттері туралы пікірлері әртүрлі. Ғалымдар концептінің қандай компоненттері бар деп санайтын қарастырайық.
Ю.С.Степанов концептінің құрылымын құрайтын үш компонент бар деп есептейді [Степанов, 1997]: 1. негізгі, өзекті белгісі, яғни күнделікті, жалпыға белгілі мәні; 2. қосымша «пассив» белгісі, бұл өзекті емес, «тарихи» белгі, яғни тілдің жекелеген өкілдеріне ғана белгілі мәні және мұндай белгі бірнеше болуы мүмкін; 3. ішкі формасы, мұны әдетте тіл өкілдері елей бермейді әрі ол сыртқы, сөз түрінде қалыптасуы мүмкін, мысалы оған тарихи және этимологиялық мәліметтер жатады. С.Г.Воркачев концептінің түсініктік (белгілік және дефинициялық), бейнелік (когнитивтік метафоралар) және мағыналық (концептінің тілдік лексика-граммматикалық жүйеден орнын анықтап беретін) құрылымы болады деген тұжырым жасайды [1. Воркачев, 2004]. Тілші ғалым В.И.Карасик болса концептінің құрылымынан бейнелік-перцептивтік «түсінік» компонентін (ақпараттық-фактілік компонент) және құрамдас бағалаушы (бағалау және өзін ұстау нормалары) бөлігін көреді [2. Карасик, 2004]. З.Д.Попова мен И.А.Стернин концептінің үш базалық элементін ерекше бөліп көркеткен, олар – сезімдік образ, ақпараттық мазмұн және интерпретациялық өріс [З.Д.Попова, И.А.Стернин]. Сезімдік образ екі бөліктен құралады – перцептивтік (қабылдау) және когнитивтік (метафоралық) образ. Перцептивтік образға негізгі сезімдерге – көру, есту, дәм, иіс, текстура, т.б. байланысты образдар енеді. Когнитивтік образ материалдық әлемге абстрактілік концептіні жіберіп, тілді тасымалдаушылардың санасына оның көрнекі бейнесін қалыптастырады да, ол бейнеге ойлаудың ерекше кодымен бекітілетін мазмұн береді. Концептінің түрлі когнитивтік белгілерін біріктіретін бірнеше аймақты бөліп көрсетуге болады: Бағалау аймағы – концептіге эстетикалық, эмоционалдық жалпы баға береді. Энциклопедиялық аймақ – концепт болып тұрған нәрсені зерттеу нәтижесінен алынған ақпаратты қамтиды, мәселен: су – екі түрлі газ атомдарынан тұратын қосылыс. Қолдану (утилитарлық) аймағы – концептіні күнделікті тұрмыстық жағдайға байланысты қабылдап-түсінуден туындаған танымдық белгілер жиынтығы: мәшине – артық шаруа, қымбат жөндеу, бірақ оның арқасында біраз жұмыс бітеді деген секілді тұжырымдар. Регулятивтік (реттеушілік) аймақ – концептіге қалай қатынас жасау керектігі туралы пікірлерді білдіреді: мысалы, тісті уақытында емдеу керек дегендей ойлар. Паремиологиялық аймақтың не екенін мақал-мәтелдермен, қанатты сөздермен түсіндіруге болады, яғни концепт туралы нақты шешімдер мен елестету аймағы, мысалы: білімнің оңай жолмен келмейтінін, оны меңгеру үшін көп еңбектену қажеттігін «оқу инемен құдық қазғандай» деген сияқты тұрақты тіркеспен жеткізу. Осы жерде бұл аймаққа халықтың белгілі бір концепт туралы тарихи ақпараттары да енетінін айтып өту қажет. Сонымен қатар концептінің бұл элементі аз құрылымдалып, өз ішінде бір-біріне толық қарсы келетін белгілерді де қамти алады. В.А.Маслованың ойынша, концептінің құрылымдық шектері нақты емес, сондықтан оны практикалық зерттеулер кезінде фрейм, скрипт, сценарий, т.б. тәрізді айтарлықтай формалды модельдер қолданылуы мүмкін [В.А.Маслова, 2001].
Көріп отырғанымыздай, әр ғалым концептіні әртүрлі құрылымда көреді, нақтыланған ортақ шешім орнамаған. Алайда концептіге қатысты мынадай инвариантты элементтерді атап өтуге болады: олар – концептінің физикалық бейнесі, концептінің тікелей мағынасына байланысты ақпарат, концептіні қабылдаудың ұлттық-тарихи ерекшеліктеріне байланысты ақпарат және концептінің метафоралық құраушы бөлігі.
Жоғарыда айтылғандарды ескерсек, сөйлеу арқылы әлемнің тілдік бейнесі мен концептілік бейнесі қалыптасатынын көреміз.
Когнитивтік лингвистиканың негізгі өзек түсінігі – концептілеу және категориялау. Осы екі маңызды процесс адамзат санасындағы білім жүйесінің (әлем бейнесі) концептілер мен категориялар ретінде қалыптасуымен өте тығыз байланысты. «Әлем бейнесі» деген түсінік жаңадан пайда болған жоқ, оны философия, психология, мәдениеттану, когнитология, лингвомәдениеттану, тіл білімі сияқты ғылым салалары көптеген жылдардан бері қолданып келеді. Танымдық тіл білімінде «концептосфера» түсінігі пайдаланылса, психологияда – «әлем бейнесі», лингвомәдениеттануда – «ұлттық әлем бейнесі» [Гачев, 1998], «әлем моделі» [Гуревич, 1995], т.б. түсініктер кең тараған. Бұл түсініктердің арасын ашып көрсету қажет, себебі «әлем бейнесі» деген терминді ғылымның әртүрлі салаларында түрліше түсіндіріліп, әр алуан қырынан қарастырылады. Жалпы айтқанда, әлем бейнесін ақиқатты интуициялық елестетулердің жүйесі ретінде көрсетуге болады. Ал концептосфера деп нақты бір тұлғаның, әлеуметтік немесе этникалық топтың санасындағы когнитивтік стереотиптердің жиынтығымен сипатталатын шындықты түсіну мен қабылдаудың ерекше тәсілі ретіндегі менталитетті көрсететін ойлар мен білімдердің сферасын және осы айтылғандардың ықпалымен туындаған ұғым-түсініктерді айтуға болады. Менталитет пен концептосфераны қоса алып қарасақ, олар әлемнің ұлттық танымдық және ұлттық концептілік бейнесін түзеді [3. Семейн, Тарасова, 2005]. Қазіргі тіл білімінде ғалымдар сөздің концептілену процесіне және оның жалпы халыққа кең тарауына танымал тұлғалардың әсерін зерттеу мәселесіне назар аударып отыр. Ұлттық тілдегі осы процеске «жай адам емес... өзіндік күрделі де қайшылықты ішкі әлемі бар, дүниедегі (материалдық, идеялық) зат, құбылыстарға өзіндік көзқарасы, қарым-қатынас межесі қалыптасқан,.. өзі және жаратылыс атаулымен ерекше диалог орната білетін үлкен сана мен тіл иесі, шын мәніндегі Адам болу керек» [4. Нұрдәулетова, 2010]. Шынымен де, кез келген халықтың тіліне, ақын-жазушыларының шығармаларына қарасақ, олар қалыптастырып концептіге айналған әйтеуір бір сөз немесе тіркес табамыз. Тіліміздегі Абай, Шәкәрім, Ахмет айтқан сан алуан концептілер осыған дәлел. Дәл осы секілді әрбір халықтың классик ақын-жазушылары мен басқа да салада жүрген тұлғалары өз тілінің дамуына, соның ішінде концептілену процесіне айтарлықтай үлесін қосқан. Осы жерде айта кететін тағы бір нәрсе бар: белгілі бір заманда өмір сүрген тілдік тұлғалардың концептілерін қазіргі жастар түсіне бермейді. Яғни шығарманы немесе концептінің беретін мағыналық сферасын көп оқып ізденетін адам ғана толық түсінеді. Сол секілді қазіргі ғылыми-технологиялық жаңалықтарға, гаджеттерге байланысты туындап жатқан сөз оралымдарын оларды көрмеген бұрынғы тұлғалар түсінбес еді.
Танымдық тілдегі айырмашылықтардың негізгі үш факторын немесе себебін атауға болады, олар – табиғат, мәдениет және таным.
Бірінші фактор – табиғат. Себебі ол – түрлі халықтардың өмір сүруіне талаптар қойып, тілдерінен әртүрлі көрініс алатын сыртқы шарт. Адам өзі көрген жануарларға, өсімдіктерге, жерлерге, сонымен қатар өзі сезінген табиғат жағдайларына атау береді. Табиғат жағдайлары адамның танымына, сол арқылы тіліне қабылдау талаптарын қояды. Бұл талап адамның түсті қабылдау сезімінде де орындалады. Бір түстің әр түрлі реңктерін білдіруде қоршаған орта нысандарының түстерін ажыратудың семантикалық белгілері немесе сол нысандардың атаулары қолданылады, демек нысан ассоциацияға айналады [ Апресян, 1976]. Мысалы, қазақ халқы сары түске келгенде «бидай өңді», «алтын түстес», «шабдар», «күзгі жапырақтай», «сарғалдақтай» деген сөздер пайдаланылса, осылардың ішінен «алтын түстес» нұсқасын «әлем халықтарының бәрі дерлік қолданады» деп сеніммен айтуға болар. Себебі айтпаса да түсінікті. Тек табиғат қана өзі аясына алған адам баласының санасына әсер етіп, тіліне ықпал етеді, танымын ассоциациялар базасымен байытып, теңеулер, метафоралық, ауыспалы мағыналар қалыптастырады.
Екінші фактор – мәдениет. Материалдық және рухани қызметтің нәтижелері, әртүрлі ұрпақ буындары мен әлеуметтік топтар ерекшелейтін әлеуметтік-тарихи, эстетикалық, адамгершіліктік және басқа да нормалар мен құндылықтар әлем туралы әртүрлі концептуалдық және лингвистикалық идеяларда бейнеленеді. Мәдениет саласының кез келген ерекшелігі тілде бекітіледі. Сондай-ақ тілдік ерекшеліктерді ұлттық салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, фольклорлық және мифологиялық бейнелер, белгілер арқылы анықтауға болады.
Үшінші фактор – танымға келетін болсақ, ең алдымен әр адамның дүниені қабылдаудың рационалды, сезімдік және рухани тәсілдері арқылы ерекшеленетінін айту керек. Әртүрлі адамдар мен түрлі халықтарда дүниені тану тәсілдері бірдей емес. Әртүрлі халықтардың тілдік бейнелеу ерекшеліктері мен тілдік сана ерекшеліктерінде өз көрінісін табатын танымдық іс-әрекет нәтижелеріндегі айырмашылықтар осыған дәлел.
Бұл айтылып отырған мәселе қазақ лингвистикасы үшін енді дамып келе зерттеу бағыты болса да, бұған қатысты кейбір жекелеген сұрақтар Қ.Жұбанов, А.Байтұрсынов еңбектерінде сөз болады. Концептілер әр халықтың өмір салтына байланысты туындайды. Зерттеуші М.Т.Күштаева өз еңбегінде бір ғана тары шаруашылығына байланысты көптеген концептілер туралы кеңінен баяндаған [5. Күштаева, 2020].
Танымның тілдік айырмашылықтарға ықпалының маңызды көрсеткішін В.Гумбольдт «заттарды көрудің әртүрлі тәсілдері» деп атаған [6. Гумбольдт, 1984]. Белгілі бір не басқа жағдайды немесе нысанды қабылдау субъектіге, оның негізгі біліміне, тәжірибесіне, күтулеріне, өзінің қай жерде орналасқанына және не көріп тұрғанына тікелей байланысты екенін ескеру қажет. Бұл өз кезегінде бір жағдайды әртүрлі көзқараспен, тұрғыдан сипаттауға мүмкіндік береді, бұл оның түсінігін кеңейтетіні сөзсіз.
«Әлемді құру» процесі қаншалықты субъективті болғанына қарамастан, ол жағдайдың ең алуан түрлі объективті аспектілерін, әлемдегі істердің нақты жағдайын есепке алуды тікелей қамтиды; бұл процестің салдары «объективті дүниенің субъективті бейнесін» жасау болып табылады. Сонымен, тіл білімінің қазіргі даму кезеңінде дүниенің тілдік үлгілері гуманитарлық ғылымдар кешені аясында суреттеу мен түсіндіру объектісіне айналып отыр деп айтуға болады. Кез келген тіл әлемінің суреті белгілі бір халықтың фольклоры, мифологиясы, мәдениеті, тарихы, әдет-ғұрпы, психологиясы тұрғысынан ғана емес, тіл білімі аясында да қарастырылады.
Қорытындылай келе, тілді зерттеудегі осы заманауи «танымдық бағыт өзін пәнаралық ғылым ретінде көрсете алады және философ, психолог, нейрофизик, мәдениеттанушы және т.б. секілді түрлі сала мамандарын өзінің зерттеу жұмыстарына тарта алады» деген шешім шығаруға болады. Тіл білімінің қазіргі даму кезеңінде когнитивтік лингвистика тіл біліміндегі ең озық және ең дамып келе жатқан бағыт болып отыр.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Воркачев С.Г. Счастье как лингвокультурный концепт М.: Гнозис, 2004. — 192 с.
2. Карасик В. И. Языковой круг: личность, концепты, дискурс / Волгоград. Гос. Пед. Ун-т; Н. -И. Лаб. "аксиол. Лингвистика". - Волгоград: Перемена, 2002. - 476 с.
3. Семейн Л. Ю., Тарасова И. А. Когнитивные аспекты лингвокультурологии. - Омск: Вариант-Омск, 2005. - 72 с.
4. Нұрдәулетова Б.И. Когнитивтік лингвистика. Алматы, 2010. – 342 б.
5. Күштаева М.Т. Этномәдени концептінің семантикалық құрылымы мен лингвомәдени мазмұны. Ақтөбе, 2020. 216 б.
6. Гумбольдт Вильгельм фон. Избранные труды по языкознанию. М.: Прогресс, 1984. — 400 с.
Достарыңызбен бөлісу: |