Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰу хабаршысы



Pdf көрінісі
Дата01.01.2017
өлшемі254,59 Kb.
#920

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы

                                                          № 1 (80) • 2011 

Н. Ғазизұлы 

АҒЫСЫ ЖЫЛЫ АҚЫН 

 

(Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 



Астана қ.) 

 

Summary 



 

The  unique  style  and  peculiarities  of  the  poet  Zukraya  Sharbakynuly  have 

become the main subject of research of this article. Zukraya Sharbakynuly made a 

great contribution into the development of literature of Mongol Kazakhs as well as 

into poetry and development of the genre of poem. More than twenty poems came 

under  the  pen  of  the  poet  Zukraya  Sharbakynuly.  The  author  of  the  article  also 

pays a special attention to books where these poems belong. 

 

 



Арғысы  халықтың  телегей  теңіз  ауыз  әдебиетінен  ауызданып,  Абай, 

Ақыттардан  үлгі,  өнеге  алып,  бергісі  Ақтандарды  аға  тұтқан  Моңғолия 

қазақтары әдебиетінде поэма жанрының дамуына ерекше үлес қосқан, өткен 

ғасырдың  алпысыншы  жылдарынан  кейін  әдебиетке  келген  бір  шоғыр  ақын 

бар.  Солардың  ішінде  шоқтығы  биік  шоңның  бірі  –  Зуқай  Шәрбақынұлы. 

Ақын  З.  Шәрбақынұлы  осы  сала  жанрында  жиырмдан  астам  поэма,  дастан 

жазған екен.  

З.  Шәрбақынұлы  поэма  жанрының  дамуына  шынымен  де  үлкен  күш 

салған,  сол  жолда  қарымды  қайрат  көрсеткен  қаламгер.  Оның  қаламынан 

күні  бүгінге  дейін  терең  ойлы,  кең  тебіреністі,  толқын-толқын  толғақты 

туындылар туып отыр. Автор әр шығармасына эпикалық жырға  тән әр түрлі 

әдіс  тәсілдер  мен  түрлерді  қолданады,  келеңсіздікке  кекшіл,  халықтың  қара 

өлең үлгісінің өлшемін өзгертпей, дәстүрдің озығын мирас тұта отырып, ойға 

келмейтін  есті  ойды  айтып,  тартысты  тың  тағдыр  тауып,  тебірентер  түйін 

тастайды.  Айталық,  З.  Шәрбақынұлының  поэма  жанрының  дамуына  қосқан 

қомақты  үлесі,  оның  атажұртқа  келгеннен  кейін  жарық  көрген,  кілең  жіптен 

жаңа  шыққандай  бірінен  бірі  өтетін,  желіден  ағытылған  құйындай  бүкпесіз 

жүйткіген  поэма,  дастандарынан  құралған  «Аспан  асты  кең  мекен»  атты 

кітабы.  Кітапқа  автордың  өзі  жанрларын  айқындаған  «Сол  жылғы  көктем», 

«Қас  қағым  сәт»,  «Туған  жер»,  «Қияғы  сынған  қыран»,  «Өрліктің  өрімі», 

«Күйік»,  «Жан  наласы»,  «Мезгілсіз  сөнген  шырақ»,  «Ажалдың  үзіп 

құрсауын», «Ақ таңдар күліп атқанда», «Отар оты» атты 8 поэма, 2 дастан, 1 

мұңлы  толғау  және  өлеңдері  енген.  Оқыған,  ой  түйген  адам  байқаған  болар 

бұл тек Моңғолиядағы қазақтар әдебиетінің ғана жетістігі емес, жалпы қазақ 

әдебиетіне  қосылған  арнасы  кең,  ағыны  күшті  өзен  деуге  әпден  лайық 

туынды.  Олардың  әр  қайсысының  көтерген  жүгі  әр  алуан:  өткеннің 

өкініштері  мен  өршіл  рухы,  өзінің  өмірден  көрген  өзек  өртер  қайғы  өрті, 

бақытты  тұрмыс,  жырғаулы  тірлік,  қорғасындай  қою  ойға  қорытылған 

салмақты  да  салиқалы  сана,  ақыл  мен  парасат,  қысқа  жалғанның  құйдай 


Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы

                                                          № 1 (80) • 2011 

тартар  ми  шайқар  мұңы,  зарықтырған  зар,  зарлаған  саз,  солардың  арасынан 

жарып  шыққан,  мәңгілікке  әуелеген  әуен,  қысқасы  –  тарыдай  шашылған 

қазақтың  бір  бөлшегінің  басынан  кешкен  қилы-қилы  қиын  тағдырының  бір 

арнаға тоғысқан жиынтығы десе болады. Бұл біз үшін үлкен олжа. Қазақтың 

қабырғалы  сыншы-зерттеушілері  көңіл  аударып,  зерделі  ой  електерінен 

өткізіп,  кемелденген  теориялық  сараптауға  салып,  әділ  бағасын  берсе  құба-

құп болары сөзсіз.  

Осы  туынды  туралы  кітаптың  редакторы,  белгілі  ақын,  жазушы  һәм 

аудармашы  Жамлиха  Шалұлы:  «Белгілі  ақын,  жазушы  З.  Шәрбақынұлының 

бұл  жинағын  өзінің  болмыс  бітімімен  еліміз  әдебиетіне  қосқан  үлкен  үлес, 

көп  жылғы  қажырлы  еңбегі  деу  орынды.  Жинақтың  басты  ерекшелігі  соңғы 

жылдарда  ақындарымыз  бара  бермеген  эпикалық  үлкен  жанрды  дамытып, 

жаңғыртуға  арналғандығы.  Кітапта  кейіпкерлердің  қай  елде  өмір  сүргені 

емес,  жалпы  қазақ  деген  ұлттың  тағдыры  қамтылғаны  ортақ  ойға  үндейді. 

Бүгінгі  Қазақстан,  Қытай,  Өзбекстан,  Моңғолия  елдеріндегі  қазақтардың 

өмірде  көріп  келе  жатқан  алуан  түрлі  қиыншылықтарын  жан  жақты  көрсете 

алғандығымен  бағаланғандай»  [1,  48]  деп  өз  пікірін  түйіндейді.  Кітапты 

оқып,  ой  елегінен  өткізгендегі  біздің  туындыға  деген  көзқарасымыз  да  осы 

айтылған  ойлармен  қабысатындығын  еш  жасырмаймыз.  Ал  осыдан  кейін 

жақсыға  жаны  құмар  оқырманның  көркемдік  бұлағынан  сусындап  шөлін 

қандырса, сыншы, зерттеуші, әдебиетші қауым назар салар.  

Ахмет  Байтұрсынұлы  тарихи  жырға  мынадай  анықтама  берген  екен. 

«Тарихи  жыр  деп  тарихта  бар  мағұлым  оқиғалар  турасында  өлеңмен 

шығарылған  сөздер  айтылады.  Халықтың  өзінің  есінен  кетпеген,  қазақ 

басынан  кешкен  оқиғалары  толып  жатыр.  Солар  туралы  өлең  етіп  шығарған 

сөздер болса, солар тарихи жыр болады. Мәселен, «Орақ-Мамай», «Абылай», 

«Кенесары,  Наурызбай»,  «Ер  Назар»,  «Бекет»  өлеңдері  –  тарихи  жырлар 

болады» [2, 117].  

Ақын  Зуқай  Шәрбақынұлының  «Қас  қағым  сәт»  поэмасын  тарихи, 

деректі  поэма  десе  де  болғандай.  Поэмаға  Моңғолия  қазақтарын  сол  кезде 

қатты дүрліктірген, тіпті елдің үрейін алып, запы еткен, тарихта айқын ізі бар 

оқиға  себеп  болған.  Бұл  оқиға  Баян-Өлгей  аймағының  бұрын  Құжырты  деп 

аталған  қазіргі  Бұлғын  сұмынының  өлкесінде  өткен.  Уақыт  мөлшерін  автор 

нақты көрсеткен. «Мың тоғыз жүз қырық үш – бұл жылдары, Соғыс пен елге 

батқан аштық зары. Уақыт пен кеңістіктің оқиғаға қатысты басты дәлдіктері 

нақты  көрсетіліп,  бас  кейіпкердің  өткені  мен  бүгінінен  хабар  береді. 

Жиырмасыншы  ғасырдың  қырқыншы  жылдары  елдің  әлеуметтік  жағдайы 

әлсіреп тұрған шағы» [3, 41].  

Поэмада айтылатын трагедиялық оқиға осы кезде өтеді. Ол жайындағы 

әңгіме  ел  аузында  жасырын  айтылып,  аңызға  айналып  кеткен  болатын.  Ол 

туралы  тарихи  кітаптарда,  оқулықтарда  бір  екі  ауыз  сөзбен  ғана  белгіленіп 

қана  өтетін.  Ал  қасыреті  мол  бұл  жағдай  сол  мекеннің  тума  құлыны,  сол 

топырақта  туып,  сол  өлкенің  суын  ішіп  өскен  ақынды  тебірентпей, 

толқытпай  қоюы  мүмкін  емес  еді.  Поэмада  оқиғаның  болған  жерлері,  жүріп 

өткен жолдары географиялық тұрғыдан қолмен қойып, көзбен көргендей дәл 



Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы

                                                          № 1 (80) • 2011 

суреттеледі.  Өйткені  ақын  жер  бедерін,  ойша,  аспаннан  алып  құрастырып, 

құр  фантазиялап  отырған  жоқ.  Өзі  көріп,  өзі  жүрген  өлкенің  әр  бір  тасы 

таныс,  әр  бір  тасы  сайрап  жатқан  шежіре  екені  еш  күмән  тудырмайды. 

Содықтан  да  табиғат  пен  адам  тағдыры  тамаша  үйлесіп  тауып,  жымдасып 

жырланып отырады. Тау да, тас та адаммен бірге тыныстайды.  



«Тітіреп Құжыртының ұзын бойы,  

Дір етті. Білсін бірақ жебір нені.  

Сай сала тау-қыраттар торыққандай,  

Аспанда қайғы бұлты молыққандай.  

Ал, адам бірде батыр, бірде аңғал,  

Жер-ана соны біліп қорыққандай» [4, 46].  

Табиғат ананың бұл тітіркенісі жай бір түршігу емес еді. Ел басына күн 

туған  кездегі  жергілікті  халықтың,  соның  ішінде  кейінгі  «сайрауға  еркіндік 

алған»  бір  мың  тоғыз  жүз  сексен  алтыншы  жылдардан  кейінгі  жылымықта 

ғана  айтуға  ауыз  барған  бір  ауылдың  басынан  кешірген  қасыретті  тағдыры, 

бір бақ халқының, яғни бір аудан жұртының басшысынан бастап қосшысына 

дейін сыртқа сыбыс шығармай Алтайдың теріскей бетінен, Алтайдың күнгей 

бетіне  қашып  өтуге  бел  буған  шақтағы  қайғылы  тұрмыс  тірлігін  ашық 

көрсетеді.  Осыған  қарағанда  бұл  шығарма  кейін  жазылған.  Мүмкін  өткен 

ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан кейін болуы да мүмкін. Өйткені мұндай 

тартымды  туынды  туралы  «Шұғыладан»  еш  дерек  таппаймыз.  Екіншіден 

мұндай  жабық  тақырыптар  тек  демократиялық  өзгерістерден  кейін  ғана 

айтылып, жазылып жатыр. Бұл да соған қатысты болуы әбден мүмкін. Кейін 

бұл қанды оқиға «Құжырты құрбандары» деген атқа ие болды. Осы қасыретті 

оқиға  алдында  Моңғолияда  отыз  жеті,  отыз  сегізінші  жылдардың  репрессия 

ойраны  жүргені  белгілі.  Содан  кейін-ақ  елде  жаймашуақ  дәурен  басталған. 

Жапон  соғысына  қазақтар  тартылғанымен  онда  қан  майданға  тікелей 

араласқан  қазақ  шеріктері  санаулы  болған  сияқты.  Өйткені  Баян-Өлгей 

қазақтарынан  бұ  соғыста  Ікей  атты  жалғыз  батыр  туған  екен.  Ол  туралы 

бірнеше поэма өмірге келген.  

1940  жылы  Баян-Өлгей  қазақ  аймағы  құрылып,  қазақтар  өзін-өзі 

басқару  мәртебесіне  ие  болып  мәре-сәре  болып  жатқан  кез.  Оның  сыртында 

батысты  жалмап  Гитлер  соғысы  жүріп  жатыр.  Қайда  барса  да  Қорқыттың 

көрі  дейтін  қара  бұлт  жапқан,  қаралы  заман.  Енді  Қобда  бетіндегі  қазақтар 

бір  жағадан  бас, бір  жеңнен  қол  шығарып  тыныш  өмір  сүрсе  болмас  па  еді? 

Алда оларды не күтіп тұр? Онда, Алтайда (Қытайда) тыныштық болса Оспан 

Сіләмұлы  атқа  қонып  несі  бар?  Міне  осындай  тарихи  күрделі  жағдайға  тап 

болған  елдің  үркіп,  елден,  жерден  ауа  көшуіне  жауап  беру  поэманың  басты 

мақсаты болған. Оған жетті ме, жетпесе кемшілік неден кетті деген тұрғыдан 

да ойластырып көрдік.  Ал, енді елдің туған жерден қашып, аууына  не себеп 

болды?  Бұл  өзекті  сұраққа  автор  не  деп  жауап  берді?  Бұл  сұрақты  автор  да 

өзіне  қояды.  «Не  көрмек  теріскейден  күнгейге  асып?».  Осы  сыни  сұраққа 

ақын жауап береді. Бізге беймәлім тарихтың көзін ашады. Төңкеріс кезі емес, 

шекара  баяғыдай  ашақ-шашық  жатқан,  аралас-құралас  жүретін  уақыт  емес. 

Кім-кімге қарайтыны жете анықталған,  «Бұлғын,  Шіңгіл екі өзен,  Арада бар 


Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы

                                                          № 1 (80) • 2011 

бір  кезең.  Қайран  жұртым  бөлінді,  Бірі  –  моңғол,  бірі  –  Ежен»  деп  атақты 

Ақыт  айтқандай  Алтай  тауы  қыр  арқасынан  қақ  жарылып  үшке  бөлініп, 

шекара нақты бекіген кез. Алтай тауының күнгейі мен теріскейін мекендеген 

азғана  қазақ  екі  елдің  қарамағында  қалды.  Араға  ала  бағана  орнатылып, 

шекара  деген  темір  тор  тартылды.  Ағайын  екіге  жылап  жарылды.  Жылғада 

қосыларын  бір  құдай  біледі.  Сонымен  қатар  көрші  Қытай  елінде  қазақтарға 

бас  болып  Оспан  батыр  ту  тігіп,  жеке  ел  боламын  деп  жанталасып 

жатқанынан да хабардар болу әпден мүмкін. Алайда поэмада дәл осы бір өте 

ықпалды  оқиғаға  еске  алынбай  кеткен.  Өйткені  елдің  сорпа  бетіне 

шығарларының бәрін қырып тастап, қалғанын әскерге әкетіп, онан қалғанын 

қытайдың  тыңшысы  деп,  әсіресе  шекараға  жақын  қоныстанған  елге  үкімет 

тарапынан  сенімсіздік  те  күшейген  екен.  Сөйтіп  елдің  бір  аумағын  қасырет 

бұлты үйіріледі. Мұны ақын былай көрсетеді.  



«Шындық аз Құжыртыда жеңіс алған,  

Қауесет желмен тарай өріс алған.  

Түзетер түсінігін бұқараның,  

Қайырымға бұл сұмында көп іс арман» [4, 57].  

Поэмада  «қауесет»  жайлаған  елдің  психологиялық  сыр-сипаты  қандай 

болу  керегі  жақсы  пайымдалған.  Ол  қандай  қауесет:  «Он  сегіз  арасында 

қырық  бестің,  Әскерге  алар  десе  дұрыс  дер  кім?!»;  «Алмақшы  үкіметің 

малды  бірақ»;  «Түбінде  бір  арадан  тамақ  беріп,  Ұқсатпақ  орыстардың 

тауығына»; «Кимешек кигізбейді қатыныңа, Тік тұяқ мінгізбейді тақымыңа»; 

«Өсек  сөз  тарап  кеткен  елге  осылай».  Ел  ішіне  осындай  қауесет  тарап,  жан 

алқымға  алып  тұрған  шақта  осы  қасыреттен  құтылудың  бір  жолы  «қашып 

құтылу»  деп  шешкен  бір  рулы  ел.  «Үкімет  жұртқа  қыспақ  жасамайтын,  кең 

етек,  жақсы  жерге  жаппай  қашу».  Бұдан  арғы  беттегі  елдің  сол  шақтағы 

қоғамдық жағдайынан бұқараның мәліметі аз екенін байқаймыз. Қашатын бір 

адам емес, бір рулы ел. Демек, ол кезде де елдің рулық жүйесі де әлі де болса 

тарқай  қоймағанынан  мәлімет  аламыз.  Яғни,  автор  1940  жылдардың 

ортасына  дейін  Моңғолия  қазақтары  арасында  әкімшілік  басқаруда  рулық 

жүйесінің  әлі  де  сақталғанын  көрсетіп  кетеді.  Ру  басы  айтты,  болды. 

Артынан халқы қойша шулап ереді де кетеді. «Кетпекші түгелімен Жәнтекей 

бақ».  

Жәнтекей он екі ата Абақ Керейдің сан жағынан ең көп бас руы. Мұнда 



да  үйірімен  шып-  шырғасы  шықпай  шоғырланып  отырған  бір  бөлшегі. 

Әкімшілік  құрылымдағы  адамдардың  барлығы  да  «бір  атаның  балалары». 

Сол  кездегі  елдің  әкімшілік  құрылымында  мемлекеттік  және  үкіметтік  іс 

басқару орындарындағы қадрлардың бір парасын атап өтеді. Олар мыналар:  



«Сұмынның басшысы да, хатшысы да,  

Сауданың есепшісі, сақшысы да.  

Бәрі де бал жаласқан жамағайын,  

Меденде лау ұстау атшысы да» [4, 76].  

Осындағы  сұмын  –  аумақтық  әкімшілік  бөлік,  басшы,  хатшы  

сауданың есепшісі, сақшы, атшы – мемлекеттік ұйым қызметкерлері. Меден 

–  ат  өртең,  сонау  Шыңғысхан  заманынан  қалған  көлік  байланысы,  ат 



Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы

                                                          № 1 (80) • 2011 

ұстайтын  орын.  Лау  –  атпен  жолаушыларды  тасмалдау  қызмет  түрі.  Осы 

атауларды  барлығы  Зуқай  поэмасындағы  қоғамдық  құрылыс  жағдайын 

шынайы көрсетеді.  

Поэмада бұқараның жаппай ауа  көшуіне тосқауыл болушылар  тарихта 

болған, оқиғаға белшесінен батқан, қан  кешіп, оттан өткен, отан  үшін, елдің 

тыныштығы  жолында  құрбан  болған  белгілі  жандар.  Ел  ішінде  ат  есімі  де 

айқын.  Бұлғын  өзені  бойында  сол  чекиске  арналған  ескерткіш  те  бар  екен. 

Сөйте  тұра  автор  неге  сол  тарихи  белгілі  адамдар  атын  поэмада  өзгертіп 

алғаны  түсініксіз.  Біздің  зерттеу  барысында  анықтағанымыз:  Поэмада 

Қайрым  аталатын,  «қашқындар»  қолынан  қаза  тапқан  чекист  Өткерме  деген 

азамат  екен.  Ол  туралы  ақын  «ежелден  өзі  палуан,  әзілге  кең»  дейді.  Ал 

«Байғасын  –  бақ  бастығы,  ақылшысы,  Іске  епті,  сөзге  місте,  батыл  кісі». 

Байғасын шын өмірде Қабақ деген кісі екен. Сол жолғы шайқаста оққа ұшқан 

деседі.  Ал  поэмада  Салауат  аталып  жүрген  жінтікті  жігіт  тарихтағы  Зия. 

Тарих сорабы осылай дейді. Ал олардың жәдігер ұрпақтары бұл күнде әр бір 

елді мекендеп жүр, елімізге де қоныс аударғандары баршылық. «Шұңғыл көз 

қанды  көріп  тоймағандай»  деп  ауыл  басы  Байғасынға  қаратыла  айтылатын 

авторлық  көқарастар  сол  тарихи  адамдардың  ұрпақтарынан  жасқанды  ма 

екен, әйтеуір олардың шынайы атын атауға батылы жетпеген. Бұл поэманың 

ақиқаттан  ауытқыған  тұсы  болып  табылады.  Ал  тарихи  шындықты  беруде 

поэманың  ағат  кеткен  жері  байқалмайды,  бәрі  де  нақты,  әрі  көркем  тілмен 

әсерлі  жеткізген.  Қазақтардың  басынан  кешкен  қайғылы,  қасыретті 

трагедиясын  уақыт  оздырмай,  ізін  тоздырмай  сұлу  тілмен  баян  еткенімен 

поэма құнды.  

Әдебиеттің қай жанрына болсын бастан аяқ жалаң баяндау әр де, нәр де 

бермейді.  Осы  тұрғыдан  келгенде  З.  Шәрбақынұлының  қай  шығармасын 

алсаңыз  да  кейіпкерлері  уақиға  барысында  сомдалып,  көлемді,  эпикалық 

туындыға түсер жеңіл емес салмақты меңгеріп тұлғаланып тұрады.  

Поэма  тек  тарихи  шындықты  бастан  аяқ  баяндаудан  тұрмайды.  Әр 

кейіпкер  өзінің  атқарған  шаруа,  қызметіне  сай  сомдалып,  образдары 

тұлғаланып  көрінеді.  Мәселен,  поэмада  негізгі  ой  чекист  Қайрымның 

төңірегіне  топталып,  соның  іс  әрекеті  арқылы  өрбіп  отырады.  Негізінде  сол 

кездегі басқару жүйесіне байланысты бүкіл іс шаралар партияның жергілікті 

ұясы  арқылы  жүзеге  асып,  соның  басшылығында  болуға  керек  еді.  Алайда 

поэмада  партия  рөлі  көрінбейді.  Бірақ,  оның  неге  тасада  қалғанын  автор  бір 

ауыз сөзбен меңзейді. Елдің үркуінен толық хабардар болған чекист Қайрым 

өзінің сенімді серігі Тұрашты партия хатшысына хабар беруге жұмсаған.  



«Тұраштың өзін жұмсап хатшы алысқа,  

Деп берген «Заставаға хат табыста».  

Хатшы ойы: «Застав» білген деп құтылу,  

Құдандал болғандықтан қашқындарға» [4, 91].  

Партия  ұясының  хатшысының  бұл  әрекетіне  қарағанда  елдің  екіге 

бөлініп,  бір  жартысының  бүлініп,  басқа  елге  аумағын  сезіп,  білгендігі 

байқалғанымен  еш  әрекет  жасамаған.  Бұл  бір  жағынан  хатшының 

опасыздығы  болса,  екінші  жағынан  «қашпақ»  елдің  саясатымен  ымыралас 


Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы

                                                          № 1 (80) • 2011 

болғандығын көрсетеді. «Қашқын» сөзін тырнақшаға алып отырған себебіміз 

автор  бүкіл  бүтін  рулы  елдің  ауа  кешуіне  түрткі  болған  септерге  оқырман 

көңілін  соншалықты  сендіре  алмағандығына  болып  отыр.  Қаламгердің 

поэмада  оқиғаға  қатысатын  кейіпкерлеріне  таңдап  аттарының  өзіндік  сыры 

бары  аңғарылады.  Мысалы:  чекист  –  Қайрым,  бақ  бастығы  –  Байғасын, 

Қайрым  үзеңгілес  жолдастары  Салауат,  Тұраш.  Қайрым  поэмада  жағымды 

кейіпкер, елге жақсылық жасауға ұмтылған оқыған чекист, яғни қайырымды 

адам. Осыдан Қайрым есімі алынған ба дейміз. Салауат өзі айтып тұрғандай 

салауатты жан. Ал Тұраш атауының түп негізі «тұр» сөзінде тұр. Ол тұрақты, 

бір  сөзді  жан  болмақ  керек.  Ал  Байғасын  атына  келер  болсақ,  ол  –  «бай» 

және  «қалсын»  деген  екі  компененттен  құралғандығын  анықтау  қиынға 

түспейді. Бұл осымен бітсін деген мағынаға саяды. Ақын бұл шығармасында 

кейіпкердің  келбетін,  іш-  тысын,  түр-тұлғасын  суреттеп  жатпайды.  Бірде 

Салауаттың ғана балуан екенін ескертіп өтеді. Кейіпкерлердің барлығы да іс 

әрекетімен  көзге  түседі.  Осы  іс  әрекет  барысында  көзбен  көргендей  оларды 

көз алдымызға елестетіп отырамыз. Кейіпкерлердің әр қайсысының ішкі жан 

дүниесін  түйсінеміз.  Олардың  өз  ісіне  лайық  адамдар  екеніне  көзімізді 

жеткізеді.  

Уақыт пен кеңістік аясында өткен осынау тарихи оқиға тұсында халық 

әлі  де  болса  социалистік  құрылыс  жүйесін  жан  тәнімен  қабылдай  алмағаны 

байқалады.  Ел  ішін  өз  болашағына  деген  сенімсіздік  жайлаған.  Бұған 

қарағанда  бір  рулы  елдің  оқ  пен  отқа  қарсы  тападай  тал  түсте  лап  қойып, 

қырылып  қалуына  тек  «қауесет»  қана  себеп  болмаған  сияқты.  Поэма  шешуі 

әлі  табылмаған  осындай  ауыр  соқпаққа  жол  ашады.  Ол  ертеңгі  шынайы, 

саясаттан  аулақ  тарихшы  зерттеушінің  міндеті.  Поэма  астарында  әлі  де 

айқындап,  зерттеуге  тұрарлық  ақиқат  бүркемеленіп  жатқандығы  байқалады. 

Өз  тарапымыздан  байлам  жасар  болсақ  рулы  елдің  ауа  көшуі  қоғамда 

қалыптасқан  қатыгездік,  әділетсіздікке  білдірген  қарсылығы  болса  керек. 

Бірақ  автор  бұған  төрелік  жасамайды.  Арғы  бетке  асуды  бастаушыны 

жағымсыз  кейіпкер  етіп  көрсетуінен  оның  ұстанған  бағыт-бағдары  дұрыс 

емес  деп  көргенін  байқау  қиын  емес.  Сөйтіп  поэма  қазақтың  жат  жұртта 

жүрген  бір  тобының  басынан  өткен  трагедияны  айту  арқылы  соның 

айналасында  өрбитін  саяси  әлеуметтік  жағдайды  басты  назарда  ұстаған. 

Мұндай  қасыретті  тағдыр  еліміз  тарихында  да  азаматтық  соғыс,  қазан 

төңкерісі, одан кейінгі аштық жылдарында көп болғанын білеміз. Қазіргі шет 

елдерде  быт-шыты  шығып  тарап  жүргендердің  арасында  да  солардың 

ұрпақтары жүр. Автор осы қасыреттің түп тамырына бойлайды. Қалай болған 

күнде  де  «Қас  қағым  сәт»  қазақ  тағдыры  үшін  Херосимаға  тасталған 

Американың атом бомбасынан кем емес қырғынның куәсі екені айғақ. Бұдан 

кейінгі  репрессия  тақырыбындағы  тағы  бір  поэма  –  «Күйік».  Онда  ХХ 

ғасырдың  сексенінші  жылдарының  басында  әскери  борышын  өтеу  үшін  он 

сегіз  жасында  Баян  Өлгей  аймағының  Бұлғын  өлкесінен  Қажымұқан  –  әке-

шешесі  еркелетіп  Қажай  атап  кеткен  бозбала  аттанады.  Жасынан  қатты 

қайырым  жұмысқа  араласып,  «Қажымұқан  атасындай  балуан  болсын»  деп 

атын  ырымдап  қойған  жас  жігіт  атына  заты  сай  болып  ер  жетеді.  Әскерге 



Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы

                                                          № 1 (80) • 2011 

барған  соң  да  міндетін  ойдағыдай  атқарады.  Бірақ  оның  алып  денелі,  алғыр 

ойлы, өжеттігін қызғаныш көрген бөлім басшылары сабап, іші бауырын езіп 

жібереді.  Кісі  қазасына  айыпты  қылмыскерлер  бес  жылға  сотталады.  Әке 

баласының  жылдығын  беріп,  күйіктен  қайтыс  болады.  Бүкіл  уақиға 

кейіпкердің  әкесінің  сөзімен  баяндалады.  Бұл  кезінде  ел  білгенімен  еркін, 

ашып  айта  алмаған  іштегі  жара  болатын.  Және  де  ауыр  қылмыс  жасаған 

қылмыскерлерге  неге  бес-ақ  жыл,  жеңіл  шара  қолданылады?  Міне,  осындай 

сұрақтарды  автор  кейінгі  жылдар  жылымығы,  яғни  сөз  бостандығы 

нәтижесінде  айта  алды.  Мұнда  үлкен  ұлттың  кіші  ұлтқа  көрсеткен 

басымшылығы  мен  ұлтаралық  өзара  наразылық  қоғамның  қазымырлығынан 

қаймықпай ашық жырланған.  



«Ұлттық тірес өз ара оқталыпты,  

Қазақ-монгол деп ойла шоқ қалыпты.  

Алты айдан соң қағазы келтірілді,  

Өлтіргендер бес жылдан сотталыпты.  

Қазақ-қалмақ қырқысып өтпеді ме?  

Зар-запыран тарихтың төккені де.  

Қанымызбен жалғасқан сол өшпендік,  

Осылайша ұрпаққа жеткені ме?  

Қарсы келмес қазақ деп есеп өтті,  

Талайы үнсіз жоғалып есе кетті.  

Айыпкерді ататын заң тұрғанда,  

Жеңіл берді жазаны не себепті» [4, 121].  

деп  қоғамда  орын  алған  ұлтқа  қатысты  әділетсіздікті  жеткізген.  Тасы 

өрге  домалап,  дегені  жүріп  тұрған  коммунистер  билеген  заманда  мұндай 

келеңсіздіктердің бетін ашу жүрекжұтқандық, басын бәйгеге тіккен ерлік еді.  



«Қазағым деп қансырап қара көңіл,  

Мұндай-мұндай көп өтті жаралы өмір.  

Екі ұлттың көмескі тірестері,  

Назар салып, ұқпасаң ғана жеңіл» [4,123]  

Бүркемеленіп, құр мақтану мен жел өкпе мақтаудың астарында қалып, 

айтуға тиым, айтар ауызға құлып салынған өткен өмір ақиқаты арада жылдар 

өткенде осылай ашылып, шындықтың шын беті көрінеді.  

Әйтпегенде,  мұндай  маркстік,  лениндік  идеяға  жат,  түрі  ұлттық, 

мазмұны 


социалистік 

өнерге 


жанаспайтын, 

коммунистік 

идеяға 

қабыспайтын, тәрбиелік мәні өте жұпыны, сүйікті партиямыз белгілеп берген 



сара жолдан ауытқып, социализм құрушы еңбекші қауымның қажетін өтеуге 

келмейтін кемшін туындылар делініп кетуге әбден лайық шығармалар өмірге 

келуі  билеуші  партияның  азуының  мүжіліп,  ақылының  азайып,  қайрат 

күшінің  қуарғанын  көрсетеді.  Осы  «бостандықты»  пайдаланып  жабық 

тақырыптарға  көп  барған  ақыннығң  бірі  де  осы  Зуқай.  Әсіресе  соңғы 

уақыттарда осы салада көп тер төгіп, еңбек еткені байқалады.  

Зуқай Шәрбақынұлы өресі биік, өрісі кең, тегеуіріні күшті, көргені көп, 

көсегесі көк, көз ауласы кең ақын. Ол қазақтың әдеби дариясына әдемі жылы 

ағысымен келіп құйылды.  


Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы

                                                          № 1 (80) • 2011 

Кез келген адамның өзі өмір сүріп отырған қоғамына айтатын ой-пікір, 

ақыл-арманы  мен  көздеген  мақсат-мұраты  идея  болса  керек.  Ақиқат  сол 

қоғамда  болған  шындықтың  анық  жарыққа  шығуы.  Яғни  шындықтың  көзге 

көрінбейтін, айтылмайтын, естілмейтін, сезілмейтін түрлері де болады деген 

сөз.  Біз  атап  отырған  қоғамдағы  сексенінші  жылдардың  аяғындағы  саяси 

жылымық ақын жазушылардың да бауырын жазып, кең құлаш сермеп, бұрын 

бұғып,  бұзып  айтуға  шамасы  келмей  келген  тақырыптарға  баруға 

мүмкіншілік  ашылды.  Соның  нәтижесінде  тарихтан  таса  қалған  халық 

революциясы  атанған  төңкерістен  кейінгі  жылдардағы  халықтың  басынан 

кешкен, қайғы қасыреттері мен қорлық, зомбылықтары туралы біраз туынды 

дүниеге келді. Ол бүгінгі күні де өз жалғасын тауып отыр.  

Бұл  халықтың  аңсаған,  сусап  тұрған,  сұрағы  мол,  бірақ  жауабы 

айтылмаған  замана  зауалдары  жайпап  өткен  кезеңдер  туралы  еді.  Көрнекті 

ғалым Рахыманқұл Бердібаев «Заманның көкейкесті сауалдарына жауап айту 

–  суреткер  атаулының  биік  мұраты»  дейді.  Осы  мұратқа  жетуде  ақындар 

өткеннің  кемін  толтырып,  алымды  еңбектенгені  байқалады.  Ол  әсіресе, 

советтер  елінде  Сталиннің  басшылығында  басталып  Моңғолияда  Елдің  Бас 

министрі Чойбалсанның қолымен жасалған 1937-1938  жылдарда жүргізілген 

репрессияға қатысты қасіреттер еді. Ақындар оны әр түрлі жанрда жырлады. 

Соның  бірі  эпикалық  туындының  қысқа  түрі  баллада.  Ұлы  Мұхтар  Әуезов 

«Баллада – поэзияның барлық көркемдік мүмкіндіктерін бойына сіңірген, ең 

бір кірпияз түрі. Онда оқиғалы сюжет пен лирикалық контраст бояулар, адам 

жанының  ішкі  драмалық  тартыстары  мен  арпалыстары  үнемі  бірін  бірі 

толықтырып,  үндесіп,  шендесіп,  қатар  өріліп  отырады»  [5,  34]деген  екен. 

Ендеше балладаны поэманың бір түрі деп көрсек те қағидадан тым алшақтап 

кетпейміз.  Белгілі  ғалым  Б.Майтанов  әдебиет  теориясын  зерттеуші 

Л.Тимофеев,  З.Ахметов,  З.Қабдолов,  Г.Поспеловтердің  балладаны  оқшау 

оқиғаға,  тарихи  деректер  мен  тың  идеяға,  фольклорлық  не  тұрмыстық 

сюжетке, 

ғашықтық 

сарынға 


байланысты 

құрылатындығына 

тоқталатындықтарын айта келіп, кейде лирикалық поэманы баллада жанрына 

жатқызуға  болады  деп  көреді.  Ол  осы  тұрғыда  Сәкен  Сейфуллиннің 

«Аққудың  айырылуы»,  «Лашын»  поэмаларын  баллада  жанрына  жатқызу 

жайында сөз етеді. Демек, баллада поэмаға түсер салмақты да көтере алады.  

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР  

1. Жұмаханұлы Қ. Әдебиетіміздің ақиығы. // Шұғыла. -№1, 36-40 б.  

2.  Байтұрсынов  А.  Әдебиет  танытқыш.  Зерттеу  мен  өлеңдер.  -Алматы, 

Атамұра, 2003.—208б.  

3. Баятұлы Е. Жақсы жырға жан құштар. / Шұғыла. 1991 ж, -№1, 41-48 

б.  


4. Шәрбақынұлы . Аспанның асты кең мекен. – Алматы: Нур-Принт 75, 

2007.-326 б.  



5. Әуезов М. Уақыт және әдебиет. –Алматы: Жазушы, 1962. 

 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет