Мекен етіп көкшіл теңіз, көкшіл аспан ортасын,
Тұрмын басып құзар таудың қына басқан жартасын.
Төменде мың иретіліп бұрқыраса көк толқын,
Төбемде шың шуақтайды күнге тосып арқасын.
Теңіз, Теңіз?... Теңіз неткен, теңіз неткен ашулы!
Білмейді екен бұ жалғанда ол ашуын бір басуды!
Көкжал толқын айбат шегіп мүйіздесе жағаны,
Жалына кеп жартастардың күс-күс қолы асылды.
Төбемде шың бойын ылғи өрлік, паңдық билеген,
Әлгі айбатты ақ толқынды теңізге бас имеген.
Күн ғана оны еміреніп маңдайынан сүйеді, -
Екеуінің ортасында тұрмын аң - таң күйде мен.
Уа, табиғат, өзің неткен құпияңа беріксің?!
Өрлігіңе, көрігіңе - бар сырыңа жерікпін.
Тауыңның да, дауылдың да, теңіздің де сыры мол, -
Мен ғана тек бұл өмірге құпиясыз келіппін.
Толқыным жоқ теңіз болып тулар едім тағатсыз,
Қыран болып қалықтар ем жаралыппын қанатсыз,
Туғызыпсың дүниеге бір - ақ құлаш бой беріп,
Болар едім асқар таудың төсіндегі абат қүз.
О табиғат! Жараттың ба адамды әлде күңкілдек
Жер бетінде бос қыбырлақ тірлік етіп жүрсін деп, -
Әлде теңіз айбаты мен асқар таудың өрлігін
Өзі көріп, өзі үйреніп, сондай бола білсін деп!
Тағдырдан қайта-қайта жесем таяқ,
Көремін талайымнан некен-саяқ.
Оңаша оқшау кетіп ой толғаймын,
Құлаққа кірмесін деп бөтен хаят.
Көптің аузы қияңқы, пейілі оғаш,
Жолап кетсең былғайтын күйелі ағаш,
Саяқ кетсем, сайтандар сайраңдаған
Үйірімен үркітер-үйіңе қаш.
Үйге безсем, көңіл ит көше кезіп,
Тереді неше секем, неше сезік.
Үміттің үлбіреген нәзік гүлін
Күдіктің көн табаны кетеді езіп.
Көп жүрген жердің бәрі абыр-сабыр,
Жоламас айқай-шуға иман-сабыр,
Жолығар әулие де киесіне,
Жер жұтса, елден безсе, тапса қабір.
Содан ба екен, жаралған жаратқан хақ
Жұп жуытпай, жап-жалғыз, о бастан тақ.
Көппен жүрсең - көлгірлік көлі жұтар,
Жақ болар жалғыздыққа болса ақиқат.
Шындық тақ, өтірік жұп, айла егіз
Айқұшақ аймаласқан фәнилік із.
Бақиға басың жалқы аттанасың,
Өзіне үқсас жаратқан озалда иеміз.