Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген



Дата06.01.2022
өлшемі19 Kb.
#12641
Байланысты:
Жубан М


Мен – қазақпын

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Мен – қазақпын, ажалсыз анамын мен,
Құрсағыма сыйдырам даланы мен.
Пәк сәбимін бесікте уілдеген,
Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен.

Мен – жігітпін, айқасқа, сынға асықпын.
Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың.
Жанартаудай жойқынмын жұлқынғанда,
Шарықтасам, қыран боп шыңға шықтым.

Мен – қара көз сұлумын, сайтан қызбын
Сайрай қалсам, тілімнен бал тамғыздым.
Сүйер болсам, өмірдей өле сүйдім,
Қас батырмен қайрасқам балтам жүзін.

Осындай боп, білмеймін, кімнен тудым.
Бәлки қайсақ, бәлки бір ғұннан тудым.
Деп шатыпты біреулер «күннен тудым».
Жоқ, сірә, мен қара құл, күңнен тудым.

Руым көп солардың аттарындай,
Мінезім бар таулардың қатпарындай.
Ән-жырым бар бабалар хаттарындай,
Әжімім бар бейнеттің таптарындай.

Қаза тапқан солдаттай ізгі өлімнен,
Қалалар да өтіпті түз белінен.
Қаңқалары табылып жатыр қазір
Соғыстар мен жорықтар іздерінен.

О замандас, соларға бір қараңыз:
Әр кірпіші, әр тасы бір қора аңыз.
Өлгендерді тірілтіп, өмірлі етіп,
Өшкендерді табатын бір ғана біз.

Мирасы ма, мұра ма аз ба со да?
Алынбайды алтындай қазбаса о да.
Тереңім көп, тұңғиық тарихым көп,
Жылдар көші том-томдап жазбаса да.

Жаза алмадым, қайтейін, хат білмедім.
Білдім, бірақ, найза мен аттың белін.
Ат үстінде ұмыттым кедейлікті,
Ат үстінде өлсем мен шатпын дедім.

Жетпеген жоқ ғылымға зеректігім,
Сезбеген де емеспін керектігін.
Қала бердім жарыққа жол таба алмай,
Қараңғыға тас батып ер екпінім.

Кейін білдім жердің де шар екенін,
Өз өлшемі, өз шегі бар екенін.
Көк өгіз деп көтеріп тұрған соны,
Ысырап боп жүріпті «бәрекелдім».

Келсе ғой далама бұрын олар,
Коперниктер, Джордано Брунолар!..
Қапы кетті қаншама ұл-қыздарым,
Бағы жанса, солардың бірі болар.

Арылмады басымнан замана – түн,
Үйіп-төгіп жазмыш жаманатын.
Европадан жетпіс жыл соң оқыдым
«Коммунистік манифест» ғаламатын.

Соң оқыдым, талайдан бұрын ұқтым,
Түннен күнге күрт басып бұрылыппын.
Бір бөлшегі болғаным қандай бақыт
Россиядай, Лениндей ұлылықтың!

Ал бүгін ше? Бүгін мен азаматпын,
Жаза алатын, ғылымды қаза алатын,
Жаза алатын дүниелік дастандарды,
Жаза алатын тарихқа қазақ атын.

Күз

Күндері бар қызуы әбден сөнбеген,
Гүлдері бар қызылы әлі сембеген.
Күз де менің елу жасым сияқты,
Жаздар өтіп, қыс келер деп сенбеген.


Қызылы да, қызу да жаз сарқыны,
Тоңазытқан таңғы шықтар салқыны,
Күз де менің елу жасым сияқты
«Ертең» емес, «кеше» болған сол күні.


Жалт ойнайды нажағайлар жырақта.
Шөмелелер өртенбейді бірақта.
Күз де менің елу жасым сияқты
Дірілдейді қарап айна бұлаққа.


Бірде жарқын, бірде бұлттар құрыстап,
Бірде жаңбыр, бірде қары тыныстап.
Күз де менің елу жасым сияқты
Жаз бен күздің шекарасын тұр ұстап.

Сағындым, Жайық

Сағындым сені, Жайық, алма бақты,
Өткізгем өз бойыңда жастық шақты.
Сүюші ем төңкерілген толқыныңды.
Сылқылдап соғып жатқан жарқабақты.


Суыңа қармақ салып, ілгем талай
Күмістей жалтыраған ақ шабақты.
Елімнің, еркіндіктің ерке өзені.
Өзенсің өзегің кең марқабатты.


Сен десе елестейді туған жерім,
Көркейткен мөлдір суын жер бедерін,
Құрбымен, құрдастармен күліп-ойнап,
Желбегей желді түнде жүргендерім.


Жағаңда ойға шомып отырғаным.
Қиялдың кезек басып пернелерін.
Ең кемі, туған жердің топырағыда
Жүрегін толқытады жауынгердің.

Өлкем жайлы ойласам

Жем қайда, Жайық қайда, Сағыз қайда?
Ескі өлең еске түсті бағызда ойға.
Ашылып үрпілері, әне өзендер,
Далаға дән тасқынын ағызған ба?


Тіл білсе толғар еді тұмса Нарын -
Куәсі газ түздердің, құм сонардың.
Қысы жұт, жазы жалақ жылдар өтті,
Тартпады тауқыметін кім солардың?


Шөлдетті Исатай мен Махамбетті,
Құмар боп құмаршыққа атам да өтті.
Күй қылып кісен үнін Құрманғазы,
Қарғаған топан дертті, жапанда орны...


Осындай сыр шертеміз баламызға,
«Төркіндеп» туған жерге барамыз да. -
Білмеймін, сене ме олар, сенбей ме не,
Ұқсайды бәрі ертегі, бәрі аңызға.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет