Мұхтар Әуезов абайдың Өмірі мен еңбегі



Дата06.01.2022
өлшемі46,09 Kb.
#12595
Байланысты:
Әуезов М. Абайдың өмірі мен еңбегі


http://www.elarna.net/m/kitap_kk.php?id=3773&oku=24590

Мұхтар Әуезов

АБАЙДЫҢ ӨМІРІ МЕН ЕҢБЕГІ

(Ұлы ақынның 100 жылдық юбилейінде

жасаған баяндама)

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма.
Өсер ұрпақ, келер дәурен, туар тарих қауымына ақын арнап кеткен мұңды сырлы бір сәлем, наз сәлем осы еді. Шөл ғасырлардың қу медиен құла түзінен болар заманға, жақын заманға қарай жалғыз аяқ жол тартқан ақын ол еді. Сахараны басқан қара түн түнекті қақ жарып, жалғыз қолда жалынды жалғыз шырақ ұстап, халқына өріс атап, бет нұсқап, "таңың сонау белден атады, күнің осынау жақтан шығады" деп кеткен ақын да сол еді. Рас, қытымыр заманы мен надан қауымға ол ақын жұмбақ еді. Жұмбақ па біз үшін сол ардақты ақын бұл күнде. Жоқ, жұмбақ емес. Ол уақытта заман бұлты бетін бүркеп тұрғанмен, айдың аты ай еді. Біз қазақ әдебиетінің жұмбағы емес, мол бір игі нұры дейміз Абайды.

Соқтықпалы, соқпақсыз дүлей мыңның қарсысына жалғыз алысқан Абай жалғыз да емес бүгінгі күн.


Моласындай бақсының

Жалғыз қалдым, тап шыным,


– деп күңіреніп өтсе, бүгін халқы алып отан тапқанда, ақын асыл халқын тапты. Бір қазақ халқы емес: тілегіне тілегін, табысына табысын қосқан, жарығына жарығын қосқан, жеңісіне жеңісін қосқан қасиетті социалистік отанның – сан қазақтай – ұшан-теңіз халқын тапты... Абай бір қазақтың Абайы емес, Ленин туы астында жасаған Советтік Социалистік ұлы Одақтың бәріне білікті, бәрі қадірлейтін Абай болды.

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма! Кінә емес, қадір тұтады біздің дәурен, біздің ұрпақ... Мыңдар, миллиондар жүрегі боп қадір тұтады. Айғағы оның дәл осы күндер... Қазақ әдебиетінің ұлы бір мереке, мейрамы боп отырған осы күн.

Бүгін ақын туғанына жүз жыл толыпты. Бұл жүз жылдың бойын алсақ: бас кезінде Абайдың балалық шағы, жігіттік кезі, кейін ер ортасы жасы өтіпті... Алпысқа шығар жасында ұлы ақын қайтыс бопты. Өткеніне қырық жыл толыпты. Бірақ біз үшін Абай өткен жан ба?
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?


– демеп пе еді. Өткен жан емес. Ақын жолы халық жолымен, тарих жолымен қабыса табысқан шақта оның өзіне өлім жоқ, өзіне заман, дәурен шегі жоқ. Біздің дәуірімізге әрі бұрынғы, әрі бүгінгі Абай болып, келешек шексіз заман үшін де тарих аспанындағы бір тұрақты нұры боп шырқай бермек. Ол болашақ күндерде де Абай әрі бұрынғы, әрі ар жағындағы келешектің өлмес, өшпес тұрғыласың болмақ, күншуағы айықпас күнгей беті боп тұрмақ. Жай адамның өмір тіршілігін біздің халық мүшелмен санайтын... Оның мүшелі он екі жыл еді. Ақындықтың Әбілхаят суын ішкен, жерден мәңгі тірлік тапқан Абайдай дана, даңғыл ақын тарихтағы өз мүшелін елу жылдан, жүз жылдан қайырмақ... Алтайдан Алатауға аттап түсерлік ертегі тұлпарыңдай бой сайлардан, сахаралардан ғана аттап өтпей, замандардың да талайынан аспандап асып өте бермек. Өзінің қадір білмес ғасырынан бізге жеткенше, Абай солай жетіп отырған жоқ па. Өмірдегі қам-қайғысын халқының бағына бағыштаған барлық дана ақынның өзіне өзі жазған тағдыры сол. Тарихтың да қызғанышсыз қуана берер жүлдесі сол.

Осындай ақынның бір мүшел қайырған жүз жылына тұстас келген біздің мереке нені еске салады. Кеннен шыққан асылды, алтынды қоспасынан айырып қорытып алғандай ақынды да заман ортасымен қоса алып, сол дәуірінен иығы асқан өмір арманын, еңбек қасиетін қорытып алады. Ендеше, біз де ақынның өзі кешкен өмір соқпағына көз салайық... Аз сөзбен өмірбаянын шолып өтейік.

Қазақ халқының ұлы ақыны Абай (Ибраһим) 1845 жылы осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс тауын жайлаған Тобықты ішінде туады.

Ақынның әкесі Құнанбай – ол күнгі сахараның жуан әкімінің бірі. Түгел Тобықтының ұлығы болған.

Абайдың ең алғашқы балалық шағы "күндестің күлі күндес" дейтұғын көп шешенің арасында өтеді. Бірақ өзін тапқан шешесі Ұлжан мен үлкен шешесі Зере жаратылыстан мінезді, әділ, мейірбан адамдар болып, жас Абайды бауырмал, адамгершілік жолымен тәрбиелеуге тырысады. Әкесі қойған Ибраһим деген атты да сол аналар еркелетіп өзгертіп, "ойлы бол, абайлағыш, андағыш бол" деп "Абай" қойған.

Бала Абай сабақты әуелі үй молдасынан оқиды. Кейін Құнанбай сегіз жасар баласын Семейге апарып, Ахмет Риза деген имамның тәрбиесіне береді.

Сол шаһарда, сол медреседе бес жыл тұрып, он үш жасына шейін оқуды үзбей оқығанда зейінді шәкірт Абай көп сауат алады. Ақындықтың ерте білінген қозғауы да осы кезде басталады. Кітаптан оқыған келісті жырды, жыршыны сүйе бастайды. Бұдан бұрын кәрі құлақты әже тәрбиесін алып жүргенде, туған сахарасының аңыз дастанын, аңыз әңгімесін, көркем қазынасын көп тыңдап, көп ұғып, құмартып өскен жас енді араб, иран, шағатай, түркі ақындарын ізерлеп оқып, жадына алады. Тағатшыл имам, намазқой халфе, дүмше молдалар арасындағы қуыс кеуде, құрғақ сопылыққа салынбай, ынталы зерек шәкірт шығыстың ақындық бұлағына, классик тұнық поэзиясына ден қояды.

Осы кезде орыс тіліне ерекше көңіл бөліп, аз уақыт орыс мектебінен де оқып жүреді. Сол бала жастық жылдарында Абай өз өлендерін де жаза бастап еді.

Бірақ әкенің еркі бұл баланың болашағын басқа бетке бұрады. Ел арасы, ру тартысында бірде арбасып, бірде жарғыласып, тәйкелі түсіп жүрген Құнанбайға бала мен ініден серік керек еді. Сол керегі үшін әкесі Абайдың оқуын тоқтатып, қырға қайырады. Өзіндей рубасы, әкім, ұлық етуге әзірлемек болады. Сонымен, жаратылысында үлкен зеректігі бар және қала тәрбиесінен алған білім, тәжірибесі бар естияр жас енді ел іші, рубасылары арасындағы қиын түйін, қым-қуыт айла-тәсіл тартысының қалың ортасына түседі. Ой кезеуін, тіл безеуді керек ететін алғыр, айтқыш, шешен, ділмар болмақ шарт. Сол жолдағы өзінде жоғын халық қазынасынан іздейді. "Аузымен құс тістеген" дейтін ақпа даугер, алмас тілді ақын, әділ билік, тапқыр талас сөздерінің де шебер, көркем түрін тереді. Әкесінен оқымай, халықтан оқиды. Өзінен арғы ақын, жыршыда, әсем жыр мен асыл сөз қорында Абайдың білмегені некен-саяқ болады.

Бұрын жас ақын өз өлеңін кітапша, шығыс ақындарынша күйлейтін еді. Енді елінің ой өнер қазынасын мол танып, меңгерген ойын тың өлең, өзгеше өлең, халқына ұғымды өлең етіп шығара бастайды. Осы жолмен беттеген жас тәжірибесінің өзі де болашақта халық қорымен қабысатын ақынның аңғарын танытушы еді.

Әкенің еркі бойынша амалсыздан өнімсіз тартысқа араласқан Абай жігіт бола есейе түсіп, ес жия сол Құнанбайдай әкенің ісінен, бәсеке, бақталасынан торыға бастайды. Әділеті жоқ қатал әкенің көп талабына қайшы кеп, қарсы шығатын болады. Ел ішінде есесіз кім, мұндар момын, жазықсыз кім, көп тілегін жыр қылып, қақпай тастай қағып-соғып, аунатып жеп жүрген жуандар кім, зорлықшыл қастан кім, соның бәрін ел қамырығынан, ел мұңдысынан ұғынып жүріп Абай әкесінен бөлек бет, бөлек мақсұт көздейді. Әкесі тапсырған көп істі оның еркінше шешпей, өзінің әділет ұғымы бойынша кесетін болады.

Өмірі қатал, суық бетті әке мен қайратты әділ баланың екі арасында енді қайтып ұғыспастай қайшылық, қарсылық еседі. Осының арты барған сайын дами беріп, ақырында, әке мен баланың арасында араздық пен алыстау туады.

Абай жиырма сегіз жасқа жеткенде, әке жолынан мүлде бөлініп, жаңғырар заманның жаңа жол іздер азаматы болуға бет қояды.

Абайдың бар өмірін баян ету бір сөзге сыймайды. Ұзақ өмірінде Абайдың азамат арманынан туған, талай тартысынан туған, ақындық, даналық қылып қасиетінен туған бірнеше ерен белдер бар. Бар өмірін айту орнына біз сол өзгеше кезеңдерін бөліп атап көрмекпіз. Бұл ерекше қалпында Абайдың ақындығы да, бас тірлігі де, өмірдегі жол тартысы да, тарихтық елеулі үлгілі жемісі де түгел танылады. Абайдың Абайлық бітім кескінін, тарихтық тұлғасын танытатын ерекшеліктер осы.

Осындай қасиеттері Абайдың жас жігіт шағынан өлер кезіне шейін әр алуан боп айқындап шығып отырады. Жекелеп санасақ, жас кезіндегі өмірлік, азаматтық ең бірінші ерекшелігі – әкенің ұлы болмай, халықтың ұлы болам деген тартысында "Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адам баласы – бауырың", – деген ой Абайдың сөзі ғана емес, адамгершілік, гуманистік жолы да болатын. Арлан бөрінің соқпағына бөлтірік бөрі ақылы көптіктен түспейді, бөрілік табиғатынан, инстинктпен түседі деп білген Абай жасында әкеден кеткенде ел үшін, ел көшіне, тарих көшіне соны қоныс, тың өріс іздеп табу үшін кеткен... Бұл бір ерен ерекшелігі еді. Осыны ісінде де, өлең еңбегінде де қатар ада қылмақты арман етті.

Екінші ерекшелігі – жуан бел, надан, соқыр рубасылардан бөліне кеткен бетінде бірден халықты, халықтың мұңын тапты. Сол халықтың жоғын берер жаңалықты іздеді. Жеке қазақ тарихы мен топырағынан іздеген жоқ, үлгіні көрші елден, өнерлі орыс халқынан іздеді. Ұлы орыс халқының ғасырлық хан қазынасына өз халқының қолын, жолын жеткізуді мұрат етті. Орыс халқының өткен тарихынан, өзі тұстас тірісінен өзіне де, жұртына да дос көмек тапты... Сонымен бірінші ерекшелігіне екінші қасиет қосты. Абайлықты табудың, толықтырудың айнымас айқын жолы осы еді.

Үшінші ерекшелігі – қос қанаттай биікті меңзеген ақындығын бұрынғы қазақ ақындарының ешқайсысы шығармаған әлеуметтік ұлы тартыс, тарихтық құралына айналдырды.
Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ...

– дей отырып, сол надандықты, сол күнгі қас көрсеткені, ел, тарих паразиті болған жуан соқыр сойқанды табандап ұрып, тура нұсқап, көзіне шұқып жермен-жексен етіп, батыл шабуыл жасады... Бұл шабуыл тарих мешеулігіне жасаған шабуылы еді.

Қазақтың қоғамдық тарихында да, әдебиет қазынасында да дәл осындай ерекшелігі бар Абай сияқты бір жан жоқ еді.

Төртінші ерекшелігі – өзі үшін, елі үшін ізденді де, тапты да, бар тапқаны мен тудырғанын ұстаздыққа салды. Ақын боп өсер ақынды тәрбиеледі. Қазақтың жаңа әдебиетінің, классик әдебиетінің іргесін өзі қалап тұрғызып, ілгері қарай да өзі бағыттады. Әдебиетке басшы, халыққа қамқор қайраткер болды. Осы жолда досты да көп тапты, жауды да көп ұшыратты... Досының күші әлі аз еді. Өйткені ол жас еді. Және көбінше ол болашақта еді. Жауы болса қолма-қол белдесіп, жағаласып алысты. Ұмтылып қуды, тоқай тіресті. Ойда – ұлық, қырда қырсық боп жабылды... Жалғыздық көрсетті. Осымен өксіп өмірі өтті. Ақын туы жығылады... Азамат тарихының туы боп атой беріп, қазақ тарихының биік белінде мен мұндалап тұрып қалды. Бірақ жеке адамдық бейнетін алғанда Абай өз заманында сол биікке бауыры жара, жалғыз қара боп қана шыққан еді. Құлшынып келсе де, күңіреніп өтті. Өмірінің ақыр шағы осы еді. Ақындығының да, азаматтығының да тағы бір ерекше қалып – қабілеті осы болды...

Санай берсек, Абай басынан, өмір, еңбек соқпағынан тағы талай ерекшелік аталар еді. Бірақ өмірбаянын тұлға биігінен қарап жинай түсем дегенге дәл осы аталған төрт күнгей анық Абайлықтың төрт тірек діңгегі сияқты...

Өмірінің, еңбегінің дәл ізімен болжасақ, осы ерекшеліктері айқын танылады.

Құнанбайдың еркінен шығып, өмірін өз ақылы бойынша белгілегенде, Абай ең алдымен орыс тілі, орыс мәдениетіне ұмтылды. Екінші жағынан ендігі досы халықтың ақын, өнерпаздары болды. Көп жылдар ізерлеп орыс тілінде білім кеңейтеді. Орыс оқымыстыларынан дос табады.

Бұл жылдарда ақындыққа да шын бой салып беріле бастап еді. Осымен жасы отыз беске жеткенде, Абай толғаулы ойға толыға бастаған ақын болып және халық үшін арманы анық азамат боп қалыптанып еді. Дәл осы жылдарда Абай Ресейден айдалып келген орыс революционерлеріне кездеседі. Олар орыс халқының ішінен шыққан анық қадірлі асыл жандар еді. Көпшілігі Чернышевский, Добролюбовтар тәрбиесінен шыққан, Шелгуновтың баулуымен өскен отты, шыншыл, білімпаз жастар еді. Солардың ішінен Михаэлис, Долгополов, Гросс, Леонтьевтар сияқты талантты бір тобы Абаймен танысып, табысады. Осы адамдар Абайдың орысша білім алып, ірілеп өсуіне үлкен достық етіп, үнемі көмектеседі.

Абайдың бұл достары патшалықтың отаршыл төрелері жасаған кедергі, кесір, қырсықтардың басынан аттап өтіп, ол күндегі Сібірдің, Қазақстанның халқына орыс халқы турасындағы шындықты айтпақ еді. Ол шындық орыстың ұлы жазушысы, классиктері мен атақты қоғамшыл, саясатшыл қайраткерлерінің еңбектерінде жазылған шындық еді. Сондағы ұлы адамгершілік гуманизм және бүткіл XIX ғасыр бойынша созылған патшалыққа қарсы бостандық арманы, күрес, алыс үгіті болатын. Еңбек халқының езілген, ессіз күйін бетке басып, мұңын жоқтаған зор әлеуметшіл қамқорлық бар еді. Осының бәрі Сібір мен Қазақстанда патшалық отарларындағы қоғамдық жаңа ой-арманды өсіре түсетін жаңа екпін, үлкен тың өріс еді. Абайдың жаңа достары орыс халқының осындайлық ой қазынасынан үлкен сәлем, жолдама әкелген ең алғашқы қадірлі хабаршы, жаршылар еді. Олар зор тарихтық міндет атқарған қымбат елшілер болды. Бұлардың жаңағыдай мақсаттарын ада қылуда Пушкин, Лермонтов, Салтыков-Щедрин, Лев Толстой, Чернышевский, Добролюбовтардың еңбектері ең сенімді, ең асыл құрал болды. Солармен қазақтың Абайдай ақын азаматын таныс етіп, орыс халқының шын қадірлі мәдениетімен таныстыру үлкен іс еді. Барлық Россиядағы еңбек елін ғасырлар бойы басқан қараңғылық пен қанаудан құтқаруда барлық ел қамқоры қайраткерлерінің арман-мүддесі, күрес күші, әлеуметтік бағыты бірыңғай екенін таныту қажет еді. Абайдың айдалып келген революцияшыл достары, айдау жылдарының өзінде, осындай үлкен сүренді үгітшілік, ағартушылық жолына арнады.

Осы арнада Абайға қатты көмектесіп жүріп, Абайдың шығыс тарихынан қалың қазынасына, жол-жорасына, әдет-салт, кәсібіне қанықты білгір адамнан өздері де көп білім, дерек, нәр алды.

Абай болса осы кезеңнен соң ақындықтың кең өрісіне шыққан кезінде:


Ескі бише отырман, бос мақалдап,

Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.

Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,

Келейін сендерге де енді аяндап,


– деп тың жол бастады. Ескіге сын, надандық түнегіне өкім айтам деді. Жасқа жалау, елге ырыс болар жаңалықты айтам. Елді қанау қорлықтан, надан жеміт пәлеқордан, қу мен сұмдай содырдан арылтам. Тарихты қырсық құрсаудан, қызды ноқтадан, ұлды тұсаудан арылтам. Өнер мен білімді арманды жұлдызың, жалғыз жарқын құбылаң деп айтамын, солай бастап, шақырам деді.

Орыс халқының ұлы шыншыл даналары Пушкин, Чернышевский, Салтыков-Щедриндер қалай айтса, соларша қамыңды жеп, алдынды меңзеп айтам деді. Сол алдағыны көбінше ашық айқын сезіп отырды. Өз тұсындағы әлеумет тіршілігінің, бас бейнетінің ауыртпалығы етектен баса берсе де:


Көрмеген көп дүние көл көрінді,

Кірлемеген көңілдің ашығында,


– деп алда, таяуда көрікті көл дүние барын айтты... Көңілдің күнделік болмыстан туған мұң бұлты айыға берсе, сол көл дүниені көз алдында көріп отырды. Осы сарын, кейін 1890 жылдардағы өлең еңбегінде алға қарай талпынтып, ақын ішіндегі сөнбес, талмас нұр жалын боп жалтылдап отырады. Келешекке қарай құлаш ұрғызып, кей-кейде болар заманмен тілдестіріп, табыстырып отырғандай болады. Сондайлық өз тұсының қораш, күйкі көрінісінен ары асып, алысқа көз тастаған ақын ғана:
Қайғы шығып иыққа,

Қамалтпасын тұйыққа.

Сергі, көңілім, сергі енді,

Балапан құстай оңдалып,

Қанатынды қомданып,

Жатпа ұяға қорғанып,

Үш, көңілім, көкке кергі енді,
– деген зор үміт қайрат жалынын ата алады.

Міні, заманынан, ортасынан иығы асып, биіктеп, ұзап шыққан Абайдың ендігі тұлғасы осылай еді. Қырық жастан бастап, өле-өлгенше Абай осы бейнесін өсіріп, дамыта бермесе, кішірейтіп кеміткен жоқ.

Ендігі Абай – ұстаз, сыншыл ақын, күй шығарғыш өнерпаз. Бар қазақтың өнерлі қауымы - мұның досы. Айналасына талантты жас үйіріледі. Үгітіне, өлеңіне халқы анталай құмартады. Сонымен барған сайын Абайдың абырой-атағы артады. Өзі болса сол абыройының бар салмағымен, алмастай алғыр сөзінің қуат алуымен өзі тұстас жуан содырларды соққыға ұшыратады.

Содан ендігі бар өмірінде айықпас жаулық, қастық табады. Жаулары – Тобықтының рубасы, надан партияқор, пәлеқорлары еді.

Абайдың жаңашыл ағартушылық, әлеуметтік үгіттері ұрғанда соларды ұрып жататын. Олардың көбі кейде болыс, кейде би, шетінен шалқып бай болып, өз туыстарының бірі қаладағы ұлыққа сүйеп алысады. Абайдың сыны жалғыз елдегі надандық емес, патшалықтың қазақ ішіндегі құрылысына да қатты соққы боп тиіп жатушы еді. Елдегі Абайдың дұспаны Оразбайларға үн қосып, Семейдің жандаралы да ақынды сахарадан айдамақ боп көріп еді. Бірақ қалың ел ортасындағы үлкен абырой, даңқынан сескеніп, өзіне тиісе алмады да, тек маңындағы айдалып келген достарын алыстатты. Ел жуандары Абайға еріп, шәкірт, серік болған жас достарын қудалады. Абайдың өз басын да арыз-шағымнан, дау-шардан айықтырмай, көп әлекпен бунап жүрді. Сондай пәле-жала талқысына көп түскен шағында Абай кейін налып жырлаушы еді.
Ортаға көп салдым

Өзімде барымды.

Япырмау, неңді алдым,

Сау қоймай арымды?


– деп зар шағушы еді. Бірақ шыншыл, әділ, тура жанды Абай ұлғайған сайын халықтың мұңдас досы болып күшейе беріп еді. Абайдың ем болар өсиетін көксеушілер, әділ, адал билігіне ынтығушылар талай алыс қияннан кеп табатын болады. Шындық іздеген халықтың Абайдай қамқор дана досты тапқан жолы осы еді.

Өлең үлгісі болса, ол да қазақтың барлық жас ұрпағына жайыла тарап өнер серік, айт пен тойда, талап пен ойда өмір серік боп, тәрбие тәлімін үнемі беріп, үдей түсті.

Осыны көріп, сезген сайын қиянатшыл, қызғаншақ, жуан дұшпандар, ел бүлдіргіштер Абайдан тарайтын үлгінің бәріне өшігіп, Абайдың өзіне де қастығын молайтып, асыл еңбек күндерін улата бастады. Айла мен қулық-сұмдыққа шебер, сонымен көзі шыққан қу пысықтар неше түрлі жиренішті пәлелермен ақын жүрегін үнемі жаралап отырды. Жаламен өзін, жазамен жазықсыз досын, бала шәкіртін тоздырып қудалады. Еңбектен қолын, үміттен көңілін, тыныштықтан күнін, тірлігін айырды.

Осындай қастан, қатал дүниенің арасында жүрегі азап күндерінде ақынның бірнеше қимас жандары қаза тапты. Ауыр өлімнің бірі Абайдың "жаңа төлдің басшысы ол" деген, оқытқан, жақсы тәрбиелеп өсірген баласы Әбдірахман өледі. Осының артынан тағы біраз жылдан соң ел дертімен шерленіп, жаулар бүлігімен жараланып жүрген ақынға тағы бір ауыр соққы боп, тағы бір қаза келеді. Ең сүйікті ақын шәкірті және өзін жалғызсыратпай, ой серігі боп ескен ең сүйікті, талантты баласы Мағауия қайтыс болады. Сол өлімнің артынан, қырық күн ғана тірлік етіп, жаны жабыққан, жалғыздық күйігі жеңген, заманынан озып жеке-дара боп үздік шыққан жалқы азамат, жалынды ақын өзі де дүние салады...

Ұзақ жылдар бойындағы үздіксіз асыл ойдың жемісі болған ақын мұрасына қарасақ, ол бір қазақ халқының көп ғасырлық қасиетін бойына жиған ерекше бір қазынадай. Онда дана ақынның өз халқының және жалпы адам баласының өнер, ой байлығынан алған үш үлкен салалы түп-төркіні барын байқаймыз.

Бұның біріншісі – қазақ халқының есте жоқ ескі заманнан жиып сақтап, өсіріп келген өз даналығы, халықтың ауызша әдебиет қоры. Ақын Абай осы қордан көп нәр алып, сол арқылы өз өлеңін көп көркейтті.

Екінші бір қол артқан қазынасы – араб, парсы, түркі тіліндегі шығыстың көркем классик поэзиясы.

Үшінші үлкен нәр, мол азық алған зор саласы – орыс халқының мәдениеті және сол арқылы европа мәдениеті. Осы соңғы өріске құлаш созу Абай заманы үшін әрі жаңа тарих, жаңа дәуір басы, әрі үлкен, ұзақ, кең майдан келешек еді.

Абайдың ақындық бітіміндегі ең бір ірі жағы осы айтқан үш қазынаның қайсысына барса да, құрғақ үйренуші, еліктеуші боп барған жоқ Қайдан алсын, нені алсын, баршасында өзінің үлкен ойлы, терең толғауы ірі ақындық ерекшелігі арқылы, үнемі өз елегінен өткізіп, өз өнерімен мықтап қорытып, өзінің қайнар жүрегінен шыққан бұйым табыс етіп, өз тәні етіп ала білді. Сондықтан бұның алған үлгісінің бәрі де ақынның көркемдік ой, саналық еңбегінің бәрін терең сырлы етіп, ерекше жарастықпен әдемі қып безендіріп отырды.

Бұндай дәрежеде үлгі алып үйренуші өз заманында Пушкиннің ескі антик әдебиетінен, орта ғасыр мәдениетінен, бергі шақтағы батыс әдебиеті өнерінен алған көп арналы үлгі табысы тәріздес. Ендеше, сол Пушкин де, Абай да өз мұрасының маңыз нәрі бойынша халықаралық ақын және сонымен қатар өз елінің тарихынан әрі ұлттық, әрі халықтық ақын.

Енді жаңағы айтылған үш салаға жеке-жеке тоқтай түсейік.

Абайдың сексенінші жыл мен тоқсаныншы жылдар арасындағы ол әндерінің көпшілігі сол кездегі ауылдың, ауылдағы қоғамның өзгеше қалып құрылысына арналған, езінің тұсындағы қауымның тағдырын талдауға арналған. Осымен қатар, өз халқының ой қазынасы барлығын да сынап, саралап шығады. Және қоғам тіршілігіне, қоғамның тарихына жаңалық тілеген ақынның жаңа мұрат жолы, ақындық программасы да көрінеді. Міні, осы алуандас шығармаларының барлығында Абайдың мол араласқаны қазақ халқының өз қазынасы болады.

Бірақ осы кездің өзінде де ақын халық шығармасында айтылмаған тың сөзді айтады. Дүниені өзінің жаңаша тануына орай жаңаша сезім, жаңа ой айтқанда, Абайдың тіл сөздігі (лұғаты да), өлең көріктеу өрнегі де басқаша, өзгеше шығады. Халық шығармаларындағы айтқыштық оралымдылық көрікті де ақын бұрынғыдан биік белес шығарады, сапасын асырады.

Ескі ауылдың көне құрылысын, кертартпа қалпын әшкерелегенде, феодалдық, рушылдық әлек дерттің жақтаушыларын сынап, шенегенде, еңбек елінің, көпшілік бұқараның ауыр күйімен қатар қамтып отырып жырлайды.


Ел жайын біліп, қансаңыз,

Айтайын, құлақ салсаңыз:

Кейбіреуі дүрсіп жүр,

Жер тәңірсіп кер мағыз.

Кейбіреуі – закүншік,

Оңдырмассып, берсе арыз.

Кейбірі пірге қол берген,

Іші залым, сырты абыз.

Кейбірі хажға барып жүр,

Болмаса да хаж парыз.


Міні, бұл айтқанның бәрі ел бүлдіргіш басы жуандар, атқа мінер партия басылар, молдекең, қажекеңдер – жиын аты. Надан дүмше кесірлер. Абайдың өмір бойы алысып өткен қырсықтары осылар басында, осылар ісінде, осылар пәлесінде.
Кітапты молда теріс оқыр,

Дағарадай боп сәлдесі.

Малқұмар көңілі – бек соқыр,

Бүркіген кем бе жем жесі,


– дегені де солардың дүлей тобы. Осымен қатар, сол қомағай еңбексіз бай жуанның көп бейнетқорға ететін таптық, топас қиянатын атайды:
Мал жияды мақтанып білдірмекке,

Көзге шұқып малменен күйдірмекке.

Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар,

Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке...


Осындай құнарсыз, надан, қараңғы қанаудың шырмауында көптің қамалып жүргенін көріп, ақын қамқор азамат боп, назаланып үн қатады:
Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін,

Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін...

Адасып алаңдама жол таба алмай,

Берірек түзу жолға шық, қамалмай.

Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,

Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай...

– деп ғылым, мәдениетке, жаңа мұрат-мүддеге шақырады, өнімді, нәрлі еңбекке шақырады.

Сол сияқты қазақ әдебиетінде ең бірінші рет әйел халін, әйел теңсіздігін барынша қатты масқаралап, ащы мысқыл ызамен айтқанда Абай:


Есерлер жас қатынды тұтады екен,

Жас қайғысын білдірмей жұтады екен.

Ортасында бұлардың махаббат жоқ,

Тұсап қойып қашырар бұқа ма екен.

Бай қартайса, малына берер шылбыр,

Мал өмірді жаңғыртпас, құдай ұрғыр.

Біреудің қызын алып малға сатып,

Баяғыны іздеген қандай құрғыр,


– деп жерлейді. Әйел халін, жар жүрегін, жас назын, адам мұңын жырлағанда Абай бұрынғы халық шығармаларындағы әйел бейнесін суреттемейді. Ондағы әйелдің көбі сырт халының қайғы тартысымен көрінуші еді. Абай сол әйелдің ішін ашып, адамдық асыл сырын суреттеп ашып, сол сыпаттарына тіл бітіреді. Тендік беріп, сүйіп ұқсақ, ол әйел айнымас дос, асыл жан, даналық пен берік жүрек иесі, қызықты, қымбат жар, қадірін біл, қор етпе дейді.

Ақындық өнерінің өзінде де Абай тың көзбен жаңаша қарайды.


Шортанбай, Дулат пенен Бұхар жырау,

Сөзінің бірі жамау, бірі құрау,


– дегенде олардың тек ақындық олақтығын айтпайды. Күрделі тұтас ой жоқ, қоғамды жаңалыққа бастар ой жоқ, әсіресе ғасырлар бойы кертартпа, надан, мешеулікпен алысу жоқ. Қайта сол ескіліктің түбінде ықтап, айналсоқтап тұрып қалған шабандық, надандық бар деп шенейді. Ол қалыпты өзінің ақындығы үшін қанағат қылмайды. Ақындық әлеумет тіршілігінің тартысына арналсын, қоғамға азаматтық қызмет етуді өзінің ең зор, ең қасиетті қарызы санамаса, ол ақындық емес деп ұққан Абай оз өнерінің бәрін сол ғана биік мақсұтқа арнайды. Сонымен заманды өзгертпек, тарихты жаңалық туғызатын заманының кесірін кетіретін тарих болсын дейді. Заманның болып тұрған болмысына көніп ере берген адам қайраткер емес, саналы адам да емес. Заманын жаңғыртам деп еңбек, талап етсін дейді.
Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек.

Заманға жаман күйлемек,

Заман оны илемек,


– дейтінінің мәні сол. Осы жолда еңбек пен тартыс қана, қажырлы талап қана шын адамның серігі болмақ.: Сахараның кедей бейнетқорына есе әперетін де сол еңбек пен тартыс, білім үшін, жарық келешек күткен жас буын үшін де жөн-жосық, жол аңғар салғаны. Осы жолда берік бол да, тұрлаулы бол. Әйтпесе:
Тұрлаусыздық қолынан не келеді,

Ынтасыз қайтіп өнер үйренеді?

Еңбегі жоқ, еппенен мал табам деп,

Сендіре алмай, сене алмай, сенделеді,


– дегеннің керін құшады дейді.

Адам тірлігінің мағына-мәнісінің өзін бұрынғы қазақ ақындарынан мүлде басқа, жаңаша бағалап ұғындырады. Осы жолда өнерлі елдің бәрінен оқы, үйрен, үлгі ал. Адам баласының бәрінің тарихындағы жақсылығынан, өнерінен үйрен. Бұл жолда дін де, ата салт та, ескі құрылыс қалып та кедергі, бөгет болмасын. Болар болса, аттап өт, елең қылма. Кім білім беріп, елдігіңді жаңа белге шығарар болса, сол досың, сол жақының деп, халық, қауымға бет сілтейді. Осы жолда ел тарихының кесірі болатын:


Сабырсыз, арсыз, еріншек,

Көрсеқызар, жалмауыз.

Сорлы қазақ сол үшін

Алтыбақан алауыз,


болып жүрген пәлешіл, ескішіл, керенау, надан рубасыларды еңбек елінің, ел тарихының барып тұрған залалды арамтамақ паразиті деп жариялайды.
Қылып жүрген өнері:

Қарекеті – әрекет.

Өзі оңбаған антұрған

Кімге ойлайды берекет?


деп таңбалайды. Осындай жұрт әлеумет тірлігіне арнап айтқан ұлы ақынның үлкен үн, қатты сынын үнемі көреміз. Сондай ұстаздық сөзінде жаманшылықтың пішін – кескінін аса жиіркенішті етіп, жалтармастан басқа сабап, жарып айтқан ақын қазақ әдебиетінде Абайдан бұрын, дәл бұндай толық боп шыққан емес.

Қазақтың елдігімен, тарихымен, бұрынғы қазынасымен жалғаса отырып, соны өсіріп, өрістетіп Абай айтқан жаңалық бұл саналғандар ғана емес, тағы да әлденеше. Бірақ бар тарауындағы бір ерекшелік – соның бәрін, жаңа дәуірге бастаймын деген ағартушы ақын өзінен бұрынғы ақынның бәрінен басқаша айтуыңда. Сондайлық басқаша, тың жаңалықты Абай шығыс әдебиетінің қорына қол артқан кезде де мол тауып отырады.

Абай өзінің жас шағынан жақсы білген классик ақындары: Фирдоуси, Низами, Шейх Сағди, Қожа Хафиз, Науаи, Физули, Бабурларды өмір бойы зор қадірлеп өткен. Ерте кезде оларға еліктеп жазған шығармалары да болған. Кейінде Низами, Науаи жырлаған Ескендір жәйін, Аристотель жәйін батыс әңгімелерінен алып қосқан жаңа сарындармен көркейте түсіп, жыр дастан етеді.

Абайдың айтуынан кең сахараға "Мың бір түн", "Шахнама", "Ләйлі — Мәжнүн", "Көроғлы" сияқты үлкен асыл мұралардың халықтық ауыз әфсаналары да мол тараған.

Араб, иран мәдениетінің тарихын тереңдеп зерттеген Абай Рашид ад-дин, Мухаммед Хайдар, Бабур, Әбілғазы Баһадур хандай арғы-бергі тарихшылар еңбегін де жақсы білген.

Мантық (логика), философия, ахлақ (мораль) философиясын да білген. Ертеден бергі шығыс ғұламаларының көп еңбектерін бертін уақыттарда да үнемі зерттеп отырған. Және тек ескі шығыс мәдениеті емес, өз тұсындағы жақын шығыс мәдениетінің халінен де хабардар болған.

Татардан шыққан алғашқы ағартушы, жаңашыл ғалым Шихабуддин Маржани еңбектерінен бастап, беріректе майданға шыққан жалған жаңалық, діншіл саясат ағымы – исламшылдық, түрікшілдік (панисламизм, пантюркизм) үгіттерін де білген. Мысырда Мухаммед Ғабдуһи бастап, Жалаладдин Ауғани қостаған исламшылдық үгіті кейін Россия мұсылмандарына тарай жетіп еді. Ол сияқты батыс мәдениетінен бас тартқызып, жұртшылық тарихының ілгері басар қадамын кейін шегеретін кертартпа өсиетке ден қойған қыр феодалы, қажы, молда, пір, ишан қазақ даласында мол еді. Ол ағымның өзіне тиісті газеттері, журналдары да болған. Исмайыл Гаспаринский шығарған "Тәржіман" газеті Абай кезінде қазақ сахарасына да көп тараушы еді.

Бірақ өз халқының келешек табысын, болар тағдырын ұлы орыс халқының мәдениетімен жалғастырып өсіруді өмірлік еңбегінің биік нысанасы еткен Абай жаңағы жалған жаңалыққа ермейді, елікпейді. Оны бүкіл шығыстың сан заманға кейін кенже қалуына себеп болған кесір кедергінің бірі деп танып, енді бірде-бір адым бірге болмайды. Аулақ серпеді. Қауым халқына қызмет етудің жолы европалық кең еркін ойдың бетінде. Орыс классиктерінің өз қоғамына, бүкіл адам баласына нұсқаған кең іргелі адамгершілік, азаттық үгіт өсиетінде деп біледі.

Абайдың сол діншілдік, түрікшілдікті өз уақытында мансұқ етуінің дұрыс екендігін Ұлы Октябрь социалистік революция анықтап ашты. Байшыл, реакцияшыл ұлтшылдықты өзіне тірек еткен бұл кертартпа ағымның залалды сырын Ленин бастаған ұлттар азаттығының революцияшыл күресі, жеңісі әшкереледі.

Абай шығыстың қорынан өзіне үлгі алғанда бұл жақтан алған жоқ. "Масғұт", "Ескендір", "Әзім" сияқты терең мағыналы дастандарды, "Көзімнің қарасы", "Қор болды жаным" сияқты сыршылдық жырларды жазғанда, "Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы" сияқты ақындық, әсем сөздің қадірін айтқанда, шығыс классик поэзиясынан тіл көрікті, жалпы ұзын ырға саз, сарынды ала отырды. Бірақ солардың тұсында да ұлы ақын өзінің өздік өзгеше бітім бейнесін еліктеуге салынып, жеңілге сайып өзгерткен жоқ. Дүниені: әділ мақсұтты, тартыс бағытты атағанда бар ойы, бар ақындық шабыты өте терең шындықпен қабысып отырады. Сол себепті зат әлемін, адам құбылысын, қарым-қатынасын жырлағанда аспан, тағдыр өмірі деп толғамай, үнемі жер басқан адамның күнделік, тарихтық шындық болмысы етіп толғап, тебіренді. Бұл Абайдың ұлы реалистік, өзіндік, Абайлық тұлғасынан туған ерекше қалып-қабілеті еді.

Сонымен, шығыстың көркемөнері мен мәдениеті де Абайда тұманды бұлдыр күйде емес, ақынның сыншы елегінен екшеліп, сұрыпталып өтіп кеп, Абай поэзиясына нәр қосады.

Ақын Абайдың орыс халқының ұлы мәдениетіне бой ұрып, өнеге нәр алуы да әлде қалай, жалаң қабат, жадағай емес. Өмірлік тұрақты негіз нанымында шығыстан батысты артық көріп, таңдап алуымен қатар, ақын өз бетімен оқып, зерлеп-іздегенін тереңдей отырып, орыс пен батыс әдебиетіне ұзақ жылдар бойында көп үңіледі. Пушкиннен бастап алпысыншы жылдар, сексенінші жылдардың әдебиет жаңалығына да әбден қанады. Тек ұлы ақындар емес, Лев Толстой, Салтыков-Щедриндер тәрізді көркем қара сөз аталарын да жақсы біледі. Орысша аудармалар арқылы Байрон, Гетені де таниды. Ескі антик әдебиетімен де мол танысады. Айдалып келген достарының куәлігіне қарасақ, Абай батыс философиясы мен Спенсер, Спиноза мен Дарвин еңбектерін де үнемі оқып, көп шұғылданған дейді.

Сонда орыс классиктерінің мұраларына Абайдың баруы әр сатыда әр алуандас. Мысалы, Крыловты Абай айқын, ашық түрде таза аударушы боп ұғынады да, тек әрбір мысалдың ақырындағы үгітін өзінше қазақ ұғымына ойын жанастыра түйіп беріп отырады. Лермонтовты Абай ерекше бір қызу жалынмен өзі қоса қозып, үнемі қызығып сүйіп, сүйсініп отырып аударады. Ал Пушкинге келсек, Абайдың бұған беттеген ақындық қарым-қатынасы мүлде басқа. "Евгений Онегин" Абай жасаған үзінді аудармалар анығында аударма ғана емес. Ол Пушкиннің әсем романын шабытты ақын жырымен қайталай, жарыса әңгіме етіп беру боп шығады. Абай мақсұты солар арасындағы жүрек толқынын, адамдық шындықты қазақ жастарына барлық бусанып тұрған жанды нәзік ырғағымен түсінікті, қонымды етіп беру болады. Бұл жәй, тегінде, тереңдей, зерттей сөйлейтін пікірлерді керек етер еді. Бірақ осы мәжілісте "Орыс классиктері мен Абай" деген арнаулы баяндама жолдас Ғабит Мүсірепов баяндамасы күн тәртібінде тұрғандықтан, мен жаңағы аталған түйінге айрықша тоқтамаймын. Тек жалпы еске салатынымыз: Абай өз аудармалары арқылы және арнап шығарған әндері арқылы ұлы Пушкин мұрасына зор ықылас беріп, оның екі геройлары Онегин, Татьяна аттарын барлық сахарадағы қазақ жастарына соншалық жақын, соншалық сүйікті етіп танытты. Солардың саналы сезім жырларын бүгінгі күнде де сол сахара жастары сүйсіне күңірентеді. Өздерінің сезім мұңын наз-назымен айтар болса, сол Абайдың өзі тірі шағында-ақ ел жастары сол сонау екі жас тілімен де айта жүретін болған. Бұл айтқанның бәрі Абайдың аударушылық жағы. Оның ар жағында әсіресе бір үлкен Абай жаңалығы, орыстың классик әдебиетіне мейлінше бейіл беріп, туыса, табысқандығының негізінен туған жаңалығы – Абайдың ендігі жазған өз шығармасының әсем саны сапасынан көрінеді.

Бұрынғы қазақ поэзиясындағы екі түр – жыр мен қара өлеңге Абай қосатын он бес, он алты жаңа түр осы беттегі соны жаңалық ізденудің айқын жемісі еді. "Іші алтын, сырты күміс сөз айт" деп, ендігі қазақ поэзиясының сыйы мен сапасы немен өлшенетінін, қалай өсетінін атап еді.

Бұл жолында Абай тағы да Пушкинге ұқсас. Бұл дүние классиктерінің бәрінде көрініп отыратын кең тыныс, ұлы шабыт бірдейлігімен ұқсас. Биікті меңзеген ой құлашының алысқа сермер ағынымен ұқсас. Аласа адыр жан жазықтан иықтары асып, бастарын бұлт құшып тұрған асқар биіктердің ұқсастығындай бір бітімдес ұқсастық.

Сондайлық дүние жүзінің поэзия мәдениетімен терең тамырлы жалғасы болғандықтан ғана Абай жылдың төрт мезгіліндей, сыршыл өлеңдеріндей, ойшыл өлеңдеріндей асыл жауһарларын тудырады. Сол орыс әдебиеті арқылы европаның және бүкіл адам баласының ой өрісіне, мәдениет мұрасына қолы жеткен соң ғана Абай анық өзге қазақ ақынынан үздік озық алып ақын, шын мағынасында классик ақын болады. Дәл осы және бір Абай емес, бар қазақ әдебиет тарихы емес, XIX ғасыр бойында бұрынғы Россияда болған көп ұлттардың көпшілігінің тарихында бір алуандас болады екен.

Армения классигі Хачатур Абовян, Грузия классигі Илья Чавчавадзе, азербайжан асылы Мирза Фатели Ахундов, осетин қадірлісі Коста Хетагуров, тіпті Украинаның ұлы күйшісі, данасы Тарас Григорьевич Шевченконың өзі де және татарда Каюм Насири, қазақ халқына да білікті, сүйікті Ғабдолла Тоқай, бурятта Банзаров, Хангаловтар, қазақта Абайдан басқа қажырлы Шоқан, қадірлі Ыбырай Алтынсарин – бәрі де бір бітімдес. Бірі ілгері, бірі кейін шыққанмен, бірінде халқының мәдениет сатысына қарай, таптық сапасының өсіп-жетілу дәрежесіне қарай революцияшыл-демократтық басым болса, бірінде ағартушылық ағым сарыны басымырақ болуларымен қатар, түгелмен өздерінің ел тарихына қадірлі, қасиетті мұра қалдыруда жаңағы айтқан Абайдай болып бәрі де орыс халқының шын алтын ғасырынан, сол XIX ғасырдың дүние жүзінің әдебиетіне үлгі берген даналық теңізінен суарылып барып, поэзияның құрыш болатына шынығыпты. Бұл жөнде орыс халқының ұлы қазынасына қарыздар емес Россия ішіндегі ұлттар некен-саяқ екен.

Сонда патшалық отаршылдық қысымы бірбеткей жүріп жатса, анық орыс халқының қайнар жүрегінен шыққан асылдары сол ұсақ ұлттарға азаттық ойды да, болар жолды да, алыс-тартыс жолын да өзі үйретіп, өзі баулып жатыпты. Бұл мәселе ғалымдық зерттеудің бір бітімдес ұқсастығы.

Сонда Пушкин, Лермонтовтар, Белинскийлер гуманизмі, ұлы адамгершілігі жаңағы ұлттар классиктері арқылы, ақындық жаңа туыс арқылы қандай түр, сапаға ауысып жатты. Чернышевскийдің азаттық үшін алысар, ағартушылық ұстаздық қасиеттері қалай ұрық беріп, қандай сара жол туғызып жатты – осы жақтардың өзінен зерттегенде де біз социалистік отандағы бүгінгі туыс бауырласымыздың, бұрынғы ұлы жүректердегі тек-төркінін табамыз. Осы жағынан қарасақ, орыс мәдениетіне сол саңылаусыз заманда қазақ сахарасынан шығып, жалғыз өзі жол тартып барып табысқан Абайдың қадір-қасиеті бұрынғыдан да артып, биіктей түседі.

Абайдан қалған асыл мұраның идеялық, көркемдік сапасын шолып өткен қысқа сөз, жалпы тексеруде біз көбінесе ақындығын, поэзиясын айтамыз. Бірақ Абай мұрасы жалғыз ақындықта емес, көркем қара сөзде де, ән-күй өнерінде де бар екені қазақ тарихына әбден мәлім.

Абайдың "Ғақлия" аталған қара сөзі де барлық құрылыс қалпымен, шебер шешен тілімен және өлеңдеріндегі ой толғауының көпшілігінің тереңдеп, еселеп өсіріп жеткізуімен біздің әдебиеттегі тағы бір соны қызықтың, жаңалықтың бірі болатын. Бұнда да сыншыл, ойшыл көрінеді. Орыс әдебиетіндегі Лев Толстойдың кейбір толғау үлгілеріндей, бірақ қазақ халқының өз тіршілігіндегі күнделік болмысынан туған аса бір алғыр, жүйрік және кейде соншалық ащы мысқылы зор, кейде өте шешен орамы мол бір тың өнер көрініп отырады. Сондықтан да Абайдың өз заманында осы қара сөздерді әдейі бөлек жаздырып ап, ерекше қызығып оқитын қазақ оқушылары көп болған.

Абайдан қалған тағы бір әсерлі, әсем мұраның бірі – оның композиторлық еңбегінде, өзі шығарып кеткен көп әндерінде.


Құлақтан кіріп, бойды алар

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй,


– деген Абай құр сүйіп, құр мүлгіп тыңдап қойған жоқ. Ақындық жолда көп іздегеніндей, ән шығаруда да жұрт айтқанды қайталап айтпаймын деп, тың үлгі нақыс, тың, бір;саз, сарын, жаңаша бір сезім ырғақтарын ізденеді.
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,

Оның тәтті оралған мәні оятар.

Кейі сауық, кейі мұң дертін қозғап,

Жас балаша көңілді жақсы уатар,


– деген Абай және ән мен күйді қаншалық ұлы, биік өнер деп білгенін көрсетеді. Өзінің тың түрмен шығарған өлеңдеріне ән шығарғанда анық сол зауықты, зорлықты болар әсерлі жағын ойлайды... Әнде де Абай өзге қазақ өнерлілерінен, әнші-күйшілерінен бөлек. Өзінше тың ізденуі бар, өзіндік ерекше бітім көркі бар композитор болады. Бұнда да Абай ақын... Күй толғауының ақыны... Ол ақын болмай, ақынша білінбей тұра алмайды, өйткені ол үшін ақындық барлық өмірінің тынысы да, шыны еді. Заманының ойы танымай, талап жүрген кезінде, талабы жанбай, қайғы мен арман дерті көп-көп міндетін артып жүргенде де, Абайдың айнымай, қажымай ұстап қалған бір құралы, бір досы барды. Ол – сол ақындық еді... Өзгесінің бәрінен ажыраса да, жалпы айырылмас сол серігі арқылы келер ұрпақ туар тарих жарқын күйімен тіл қатысқандай, қабысқандай болатын. Сондықтан да өзінің жан сырын айтып, келешекке жолдаған жырында өз ақындығы туралы:
Көк қанат бейіс құсындай

Қу ағашқа қонақтай,

Ол бұтақтан қозғалмас,

Өкіріп дауыл, соқса жел.

Өзгеге бола жырламас,

Ыстық күнді жоқтар ол.

Жанымның жарық жұлдызы,

Жамандық күнде жарымсың,

Сөз болсын ескі әр сөзі,

Кейінгіге қалынсын,


– деген. Бұл анық келешектің ыстық, мейірлі күнін жоқтаған, кейінгіге сырын ашқан ұлы ақынның арыздасу сөзі, соңғы бір өсиеті еді.

Мінекей, осындай сипат сымбаты бар, бір жағынан, ел анасының бауырынан өскен, екінші жағынан, ұлы орыс халқының мол мұрасын ой қорегі етіп өскен ұлы Абай қазір бізге өткен заманның аса бір ғажайып жаратылысы сияқты көрінеді. Ол өз халқымыз тарихындағы ең бір биік шың басына шығып, көлеңкесін, жемісін көпке жайып тұрған алып емен, тау емені сияқты.

Барынша тұтас ой ықыласымен ілгергі жарқын заманға ұмтылғандықтан, Абай өз халқының ой санасы өсу тарихында анық прогресс жолын бастаушы болды. Өз заманының, тарихтық кертартпалық бөгетінің бәрінен аттап өтіп, елі, жұртын дүниелік мәдениетке жеткізем деушінің ең алдыңғы бірі болды. Сол талап тартысы арқылы заман мешеулігін жеңіп, қазақтың еңбекші елі мен орыс халқының ой құралдарын бір араға қосып, азаттық жолындағы біріккен күрес қайраткері болды. Сондықтан да Абайдың ардақты жырлары Ұлы Отан соғысында елін, жұртын қорғап жүрген қазақ жауынгерлерінің командирлерінің сенімді серігіндей боп, бар майданда ере жүрді. Олардың барлық ұлы Одақ ұлттарының ұлттарымен жүрекке жүрек, білекке білек қосқан қаһармандық қимылында Абай аға дос боп құптап отырды.

Сондай боп өз халқының адал ұл-қыздарымен қатар қанды жорықтың ауыр жылдарын бірге кешіп өткен Абай біздің шын бақыт дәурені болған социалистік дәуірімізде бұрынғыдан да қадірменді, ардақты боп отыр.



Сондайлық өлмес, өшпес қасиеттері ұлы Абайға қазақтың классик әдебиетінің қадірдан атасы деген, қазақ поэзиясының күншуақты алып асқар биігі деген ат, атақ бергізеді.
Алматы, 1945 ж.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет