Менің университетім
«Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!»
«Алақ» сүресі, 1,2-аяттар
1993 жылы ақпан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Мысыр еліне алғаш ресми сапары болды. Египет Араб республикасының Президенті Хусни Мубаракпен кездесуде тәуелсіздікке жаңа қол жеткізген елге «ерекше сый» жасалды. Қос президент Мысыр елінің қолдауымен Қазақстанда Ислам орталығын салу жайлы келісімге қол қойды. Міне, осылайша 1993 жылы 16 маусымда әсем қала Алматының төрінен асыл дініміз Ислам құндылықтарын қайнар бұлағынан дәріптейтін мәдени орталықтың іргетасы қаланды. Араға жеті жыл салып тамыз айында университет толық пайдалануға берілді. Түрлі өңірден келген 83 талапкерден басталған оқу ордамыз бүгін де 2000-ға жуық білім алушыға тәлім беруде.
Екі елдің ынтымақтастығымен бастау алған университет сол дәстүрден әлі де жаңылмаған. Басқару мәселесінде де көркем үндестік тапқан. Университет ректоры – профессор Мұхаммад аш-Шаххат Абдулхамид Мұхаммад әл-Жинди, проректор – PhD доктор, доцент Қайрат Құрманбаев. Мыңдаған талапкердің арманына айналған университет қабырғасында білім алу – біз үшін нығмет. 20 жылдық тарихы бар іргелі ордамыз қазіргі күні 4 бағыт бойынша ілім талап етушілердің сұранысын қанағаттандырып отыр. Атап айтар болсақ, исламтану, дінтану, араб-ағылшын және жалпы-университеттік гуманитарлық пәндер кафедралары қызмет етуде. «Ғалымдар – пайғамбарлар мирасқорлары» демекші, білімнің тұнығын алған ғалымдар да, сол ғалымдарды тәрбиелеп шығарар асыл ұстаздар да осында. Атмосферасының өзінен мұсылмандықтың иісі аңқып тұратын оқу орнында білім алу бақыты маған да бұйырыпты! Университет ашылған күннен өз жұмысын бірегей бағытта бастаған «Исламтану» мамандығында студент болып, білген сайын білмейтіндігімізді ұғудамыз. Әлем мойындаған әйгілі әл-Әзһар университетінен келген доктор, профессор, ең бастысы, таза араб ұлтынан дәріс алу сезімі тым бөлек! Қазақ ұстаздарының ғылым дәрежесінен биік белестерге шығып, түрлі тақырыпта ой қозғатып, білім көкжиегіне қалықтатып жатқандарын көргенде, еріксіз таңдай қағасың! Отандық ғалымдар Ислам құқық негіздері, Құрандағы мораль мәселелері, Отбасы ғылымхалы, ислам теологиясы, Құран ілімі, хадис ілімі, хадисшілердің әдістері пәндері бойынша сабақ береді. Адамзаттың өмір сүру әдебінің өзегіне айналған Ислам дінінің біз ойлағаннан да кең аспектілерін үйреніп, көкірек көзіміз ашылып жатыр. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп ұлы ойшыл әл-Фараби бабамыз айтқандай, университетіміз студенттердің тәртіп, мінез-құлық ережелерін де бақылауда ұстайды. Қазақтың ұл-қыздарын бәсекеге қабілетті, жүрегіне иман ұялаған, діннің қызметінде болар және Отанын сүйер ұлтжанды тұлғалар етіп өсіруде нұрлы орданың алар орны ерекше.
Әл-Фараби атындағы көше - Алматының көркі. Ал сол көшенің көркі –қазақтың маңдайына біткен Қазақ Ұлттық университеті мен Нұр-Мүбарак дер едім. Ғимаратының өзі көз тартар әдемі, Пайғамбар мешітін еске салар жасыл күмбезді мешіт бірден назарыңды өзіне аударады. Одан әрі көз жүгіртер болсаңыз, тарихы тереңде жатқан ескі ғимарат бар. 2 қабаттық корпуста әлі күнге дейін дәрістер өткізіледі. Шетелдік ұстаздардың да жағдайы, тұратын жайлары оңтайлы ойластырылған. Университет іші заманауи үлгіде жасақталған. Ешнәрседен қысылмай, тек оқу-біліммен айналысуға бар жағдай жасалған. Компьютерлік сыныптар, дәріске дайындалатын студенттер бөлмесі, әр пәнге сай жасақталған кабинеттер, кітап қорына бай кітапхана. «Артық білім – кітапта» деп хакім Абай атамыз айтпақшы, кітаптың адамзат өмірінде алар орны ерекше. Университет кітапханасын ғылыми, оқу-әдістемелік, көркем әдебиет, мерзімді басылымдар және электронды оқулықтар құрайды. Сондай-ақ кітапханада студенттердің жан-жақты және замануи талаптарға сай қалыптасулары үшін ықпал ететін арнайы мәдени шаралар ұйымдастырылып отырады. Түрлі мәдени ошақтарға, табиғат аясында демалуға, мемлекеттік мерекелерді жоғарғы дәрежеде атап өтуімізге кітапхана тарапынан көмек беріледі. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) «Күшті мұсылман әлсіз мұсылманнан жақсырақ. Бірақ екеуінде де һайыр бар» деген. Осы мақсатта, студенттердің салауатты өмір салтын ұстанып, физикалық тұрғыдан да, иман тұрғысынан да күшті мұсылман болулары үшін де жағдай жасалған. Университет жанынан орын тепкен спорт кешені – сөзімізге дәлел. Сабақтан тыс уақытта қаланың басқа шетіне жүгірмей, өз ауласында спортпен шұғылданушыларға таптырмас мүмкіндік. Ер балалар мен қыздарға бөлек-бөлек салынған жатақхана жайы да көңіл тыныштандырады. Секцияларға бөлінген бөлмелер, таза, жылы жатақхана студенттердің еш алаңсыз білім алуларына жасалған жағдайдың бір көрінісі. Азық –түлік алатын дүкен де, кез келген уақытта дәмді ас іше алатын асхана да тым жақын орналасқан.
Нұр-Мүбарак ЕИМУ негізгі ерекшелігі – исламтанушыларды дайындау. Сондықтан болашақ студент діни қағидаларды терең меңгеруімен қатар, өзге де зайырлы қоғамға қажетті пәндерді игеруі тиіс. Оған 4 жылдық бакалавриат бағдарламасының аздық етуі тәжірибеде жиі байқалғандықтан, білім сапасын арттыру мақсатында дайындық курстары ашылуда. Университетке түсу әрі бакалавриат бағдарламасын оңтайлы меңгерулері үшін шәкірттер арнайы сараптау емтихандарынан өтеді. 1 жылдың көлемінде негізгі базалық білімді игерген жеткіншектер жаңа белеске сақадай сай болады. Мұндай дайындық курстары еліміздің әртүрлі өңірлерінде бой көтеруде.
Бүгінгі таңда университетті кеңейту жұмыстары үргізілу үстінде, студенттерге арналып тоғыз қабатты жаңа корпус салыну жоспарлануда. Өзіндік мұражайы, жер асты тұрағы, дәріс залдары бар ғимарат заман талабына сай салынып жатыр. Ел мен дін мақтанышына айналған киелі ордамыз дамып, өркендей берсін! Салиқалы ұрпақтың кірпішін қалап, сауаптың саудасында жүрген асыл ұстаздарымызға Алла разы болсын! Біз де өз кезегімізде ел мен дін мүддесі үшін аянбай қызмет етіп, үлесімізді қосуға сөз береміз!
«Исламтану» мамандығының қысқ. «Алиф» тобы
3-курс студенті
Баяхметов Д.Б.
Достарыңызбен бөлісу: |