2023-2024 ОҚУ ЖЫЛЫ БОЙЫНША КІРМЕ БАҚЫЛАУ ЖҮМЫСЫ ТАПСЫРМАЛАРЫ
1-тапсырма
Төменде берілген мәтінді оқыңыз.
Жер күні Жер күні – халықаралық деңгейде аталып өтетін қоршаған ортаны қорғау шараларының бірі. Жер күні – жер планетасының дүниедегі ерекше орнын атап өтуге арналған. Жердің биологиялық әр алуандылығы туралы білу және оны қорғау – адамзаттың міндеті. Бұл шараның мақсаты әлемдегі барлық адамдарды өсімдіктер мен аңдарды қорғауға және өзіміз өмір сүретін жерді таза ұстауға ынталандыру және ол туралы адамдардың білуіне ықпал ету. Көптеген елдерде жер күнін 22 сәуірде, ал кейбір елдерде бір ай бұрын, яғни жер мен күн теңескен күні 21 наурызда атап өтеді. Бұл шара қалай пайда болды? Жер күнін атап өтуді ұсынған АҚШ сенаторы Гэйлорд Нелсон. Оның бастауымен ең бірінші Жер Күні 1970 жылы 22 сәуірде Америкада аталып өтті. Адамзат жер қойнауындағы табиғи көздерді жауапсыз қолдану арқылы судың, жердің және ауаның ластануына себепші болады. Мысалы, ластанудың әсерінен ауаның озон қабатында пайда болған тесік. Зерттеушілер ауа ластанған сайын озон қабаты жұқарып, тесіктер көбейе түседі деп санайды. Бұл ультракүлгін сәулелер қоршаған орта үшін қауіпті. Тағы бір мысал, әлем мұхиттарына төгілген қоқыстан үйілген пластик аралдардың пайда болуы. Ұзындығы мен ені бірнеше шақырым бұл аралдар мұхиттағы тіршілікке орасан зиян келтіріп жатқаны сөзсіз. Жер Күні планетамыздың қамын ойлайтын жалғыз күн емес, Жер Күні бүкіл адамзаттың күнделікті өмір сүру салтын өзгерту қажеттілігін еске салатын күн. Мысалы, егер күніне миллиондаған адамдар мектепке немесе жұмысқа жаяу немесе велосипедпен барса, машиналар, автобустар және ұшақтар шығаратын газ мөлшерін азайтуға үлесін тигізер еді. Жер мен ауаның тазалығында ағаштардың орны бөлек екені белгілі. Ағаштар оттегін шығарып, ауаның тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймайды, олар сондай-ақ жауын-шашын, күн сәулесі және желдің ауа райына әсерін азайтып, климатты реттеп отырады. Олай болса адамзат өзі аямай қолданып отырған ағаштардың орнын толтыруға да жауапты. Жерді таза сақтаудың тиімді әдістерінің бірі – қайта қолдануға болатын материалдарды қайта өңдеу. Оны іске асыру мүлдем қиын емес. Ескі заттарға жаңа өмір беру, ескі заттардан мүлдем басқа зат жасап шығару арқылы қаншама жер байлығын үнемдеуге болар еді. (300 сөз) Мәтіннен мына сөздердің сәйкес мағыналарын табыңыз. Айрықша – Алғашқы – ____________________________________________________________ Пайдалану – Үлкен – ______________________________________________________________ Халық – ______________________________________________________________ 2-тапсырма
«Бабалар» арманы тақырыбында эссе жазыңыз