Оқушыларға арналған Қазақстан нарығындағы заманауи ойыншықтарды талдау Тәуелсіз Қазақстанда тілі қазақ, түрі қазақ балалар ойыншығын жасаған кәсіпкер Қыдырәлі Болман да «Бал-баланың»
Байланысты: Өнербек Д. Мектепалды даярлықтағы Арт-технологиялар 6 сөж
Оқушыларға арналған Қазақстан нарығындағы заманауи ойыншықтарды талдау Тәуелсіз Қазақстанда тілі қазақ, түрі қазақ балалар ойыншығын жасаған кәсіпкер Қыдырәлі Болман да «Бал-баланың» қуыршақтарына пайда көзі деп қарамайтынын айтты. Бір қуыршақтың өзіндік құны, оның киімін, шашын есептемегенде – 3-5 мың теңге. Қуыршақтың киімдері мен тағы басқа шығындарын қоса есептегенде жиынтығы 8-12 мың теңгенің айналасына барып бірақ тоқтайтын көрінеді. Қытай тәрізді ойыншықтың бір түрін бір мезгілде миллиондап шығарып, қосымша шығынды ойыншықтың сапасымен емес, таралымымен ақтап алатын мүмкіндік бізде жоқ.
«Біз әрбір қуыршаққа 1,5-2 мың теңге үстеме баға қоямыз. Бұл сома қуыршақ бизнесіне мемлекеттен субсидия алып отырған Ресей немесе Қытайдағы сомамен бірдей. Балалар ойыншығы индустриясына бизнес емес, идеология көзі деген көзқарасты қалыптастырмасақ, ертең кеш болады», деді Қыдырәлі Болманов.
Ол қуыршақтарын өткізетін жер іздеп Қазақстанның барлық аймағын аралап шыққанын айтып өтті. Тек бірер облыс қана тапсырыс беруге ниет танытқан. Осыдан кейін қазақтың «Бал-баласынан гөрі шетелден ағылған ойыншықтардың насихаты мықты болып тұр ғой» деген ойға келесің. Әрбір бала сүйіп көретін Монстр Хайдың насихаты мультфильм арқылы баланың санасына сіңді. Сәйкесінше, сатылымы жоғары. Ойыншық өндіру – қыруар қаржы мен біршама уақытты қажет ететін үлкен сала. «Мен бір өзім не істей аламын? Телеарна ашып «Бал-баланың» мультфильмдерін түсіруім керек пе, әлде ойыншық шығаратын зауыт саламын ба? Бүгінгі таңда біз түгіл Американың да, Еуропа елдерінің де зауыт ашып, шаруаны дөңгелетіп әкетуі екіталай. Оған өте қомақты қаржы керек. Зауыт ашып, төл ойыншығымызды шығарған күннің өзінде бағасы Қытайдан жасап әкелгеннен бәрібір қымбат болады. Қытайда ондай зауыттардан аяқ алып жүре алмайсыз. Бірақ сапалылары аз. Сапа сертификатынсыз жұмыс істейтін зауыттарға ұрынып қалмас үшін сенімді серіктес табу керек. Жүздеген зауытты аралап, таныстық. Бала денсаулығына зияны жоқ таза шикізатты пайдаланатын, сертификаты сенімді зауытты табу оңай болған жоқ. Бұл мәселеге Үкімет араласып, мемлекеттік бағдарламалардың санатына кірсе – әңгіме бөлек», дейді Қ.Болманов.
«Балапан» арнасы, Білім және ғылым министрлігі және «Бал-баланың» мүддесі бір болғанымен, әрқайсысы өз бетімен жүр» деген пікірді сарапшылар да жиі айтады. Кәсіпкердің пайымдауынша, осы аталғандардың бірігуі аса маңызды. «Балапан» арнасында «Бал-баланың» бір сағаттық бағдарламасы болса, біздің балаларға айтарымыз көп», дейді Қ.Болманов.
Балаларымыздың көз қуанышына айналған өнімдерді өндіру үшін мемлекеттің қолдауы аз екенін сеземіз. Кеңес үкіметі кезінде Алматыдағы пластмасса өңдейтін «Қызыл Ту» зауытының жанынан бүлдіршіндерге арналған ойыншық шығарылатын. Кейінірек оны «Сұңқар» атты қазақстандық ойыншық зауыты алмастырған еді. Бірақ өзімізде өндірілді деген аты болмаса, керек заттардың бәрін көрші мемлекеттерден тасу зауытқа еш табыс әкелмеді. Бәсекеге төтеп бере алмай жұмысын тоқтатты. Содан бері отандық ойыншық өндіру ісі елімізде күрмеуі шешілмеген мәселе болып келеді.
Бүгінде баланың заманға сай болуына назар аударатындар көп. Балаларымыздың қиялын жаулап алған заманауи кейіпкерлердің ұлттық нақышпен балалар ойыншығына айналғанын қалаймыз. Ұлтының ұлы мұрасына мән бермей, өзгенің қуыршақ бейнесіндегі тұлғаларын ұлықтап өскен ұрпақ ертең кім болмақ?!