Қазақ хандығы: мемлекеттің саяси институттары. 1-сабақ
Моңғолдардан кейін Қазақ хандығы шеңберінде XV ғасырдың екінші
жартысы – XVI ғасырдың басында Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс
Қазақстанның, кең-байтақ далалық аймақтың ұзақ уақыт бойы саяси жағынан
бөлшектеліп келген халық жалпы мемлекеттік дамуға мүмкіндік алды. Қазақ
билеушілерінің алдында олар мемлекет болып бөлініп шыққан бойдан-ақ
жаңадан пайда болған мемлекетті нығайту, мемлекет құрамына қазақтар
мекендейтін аумақтарды қосып алу мақсатымен оның шекарасын кеңейту,
сондай-ақ хандықты көрші мемлекеттердің жер жөніндегі талаптарынан
қорғау міндеттері тұрды. XV ғасырдың соңғы үштен бірінде қазақ
хандарының Шайбани ұрпақтарымен және Моғолстан билеушілерімен өзара
қатынастарын сол міндеттер анықтады.
XV ғасырдың соңғы оңжылдықтары – XVI ғасырдың басында Қазақ хандығы
экономикалық жағынан нығая бастады және қазақтардың этникалық жерінің
едәуір бөлігін өзіне қосып алып, аумақтық жағынан кеңейе түсті.
Қазақ билеушілеріне 70-жылдары Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның едәуір
бөлігінде қарсы тұратын күштер болмады. Бұл жағдай олардың
Түркістандағы Қаратау, Сарысу аймағындағы және басқа аудандардағы қазақ
жерлерін біріктіру жөнінде таяудағы жылдардың өзінде-ақ ойдағыдай іс-
қимыл жасауын айқындап берді. Олар жас мемлекеттің сыртқы саяси
жағдайын нығайтуға, қазақтардың этникалық жерлерін біріктіру мен
қорғауға бағытталған тәуелсіз және дербес саясат ұстанды.
60-жылдардың аяғы – 70-жылдардың басында Әбілқайыр хан өлгеннен кейін
мемлекетін бүліктер мен талас-тартыстар жайлап алған Орталық және
Оңтүстік Қазақстаннан қашып келген көшпенділер есебінен Жәнібек пен
Керейге бағынатын қазақ этникалық топтары халқының саны ұлғайды.
Шығыс Дешті Қыпшақтың далалық аудандары мен Оңтүстік Қазақстанның
(Түркістанның) қала орталықтарында үстемдік ету жолындағы күрес XV
ғасырдың 70 – 80-жылдарында Жәнібек пен Керей хандар мен олардың
мирасқоры Бұрындық ханның іс-қимылдарындағы негізгі бағыт болды. Оның
үстіне жазбаша деректемелерде келтірілген негізгі оқиғалар Оңтүстік
Қазақстанда өтті. Олар Жетісудағы иеліктеріне сүйене отырып, өздерінің
алдында Шайбани ұрпақтары мен маңғыттардан құралған қарсыластарының
едәуір күшті одағы тұрғанымен, бұл кезеңде Орталық Қазақстан даласында
нақты саяси күшке айналды.
80-жылдарда қазақ әміршілерінің Қазақстан далалары мен оңтүстігінің
жазираларына билігін кеңейту жалғастырыла берді. Созақ пен Сығанақ бұл
кезде қазақтардың қолында болды. Бірақ хан немесе сұлтан әскерімен белгілі
бір қаладан шығып, қырға кетісімен, қала іс жүзінде қорғаныссыз қалып,
басқа үміткердің оп-оңай олжасына айналатын. Мұхаммед Шайбани сәті
түсіп, Сығанақты басып алды. Сөйтіп, XV ғасырдың аяғына қарай тұтас
алғанда қазақ мемлекетінің нығаюы жолында үлкен маңызы болған алғашқы
қазақ хандары қызметінің елеулі кезеңі аяқталды.
XV ғасырдың аяғына қарай қазақ хандарының мемлекеті едәуір нығайды,
шекарасы кеңейе түсті. Оның құрамына Жетісудан басқа Оңтүстік
Қазақстанның жоғарыда аталған қалалары мен алқаптар, төңірегіндегі
далалық аумақтармен бірге Қаратау өңірі, Сырдарияның төменгі ағыстары
мен Солтүстік Арал жағалауы, Орталық Қазақстанның үлкен бөлігі енді.
Жетісудағы иеліктері де кеңейді.
Керей ханның ұлы Бұрындық хан өз аумағын кеңейту үшін көп күш
жұмсады. Орда Ежен ұрпақтары шайбанилердің Шығыс Дешті Қыпшақта
жеңіліп, XVI ғасырдың басында Мұхаммед Шайбани хан өзінің қол
астындағы тайпаларды Мәуереннахрға алып кетті. Шайбани ханмен болған
шайқастарда Жәнібек ханның ұлы Қасым сұлтан көзге түсті. Әбден
қартайған Бұрындық хан аға хан болып есептелсе де, Қасым сұлтан үлкен
беделге ие болды. Ақсүйектер сұлтанды қолдады, өйткені ол мықты
қолбасшы ретінде танылған еді. 1510 жылы Шайбани ханның сефевилермен
соғыста қаза болуына байланысты Мәуереннахрдың әлсіреуі Қасым ханға
Сырдария бойындағы қалаларды, оның ішінде оңтүстіктегі ең шеткі Сайрам
да қоса қайтарылды.
Қасым хан билігінің нәтижесінде қазақ халқы өз этникалық аумағы
шеңберінде топтасты. Қасым ханның кезінде Қазақ хандығы толықтай
тәуелсіз және егемен мемлекет болды.
Қазақ хандығы: мемлекеттің саяси институттары. 2-сабақ
Қасым ханның өлімінен кейін Қазақ хандығында алауыздық басталды. Қазақ
хандығының құдіреттілігі қайтып, өз жерлерінен айырыла бастады.
Қазақтардың қолында Жетісу мен оларға қосылған қырғыздар ғана қалды.
Өзара қақтығыста Қасымның мұрагері Мамаш хан қаза тапты. Өкімет билігі
Қасым ханның немере інісі Таһир ханның қолына көшті, бірақ ол өзара
тартысты баса алмады. Бұл кезең қазақ халқы үшін қасірет жылдары болды.
XVI ғасырдың II жартысында Хақназар хан мен Тәуекел хан тұсында Қазақ
хандығы қайта өрлеген. Хақназар ханның билік жүргізуі отыз жылдан астам
уақытқа созылды. Оның белгілі бір уақытқа батыс жерлерін қайтарудың,
Сібір хандығының есебінен солтүстіктегі өз иеліктерін
кеңейтудің, 1579 жылы Мәуереннахрдың билеушісімен одақтық шарт
жасасудың сәті түсті. 1580 жылдан кейінгі деректерде Хақназар туралы
ештеңе айтылмайды, оның орнына немере інісі Шығай қазақ ханы деп
аталады. Ол өзбек ханы Абдолламен одақтасып, Ташкент билеушісі Баба
сұлтанмен соғысты. 1582 жылы Шығай хан өліп, орнына баласы Тәуекел хан
болды. Осы жылы ол Баба сұлтанды өлтіріп, Абдолладан сыйға уәлаят алды.
Бірақ бұл одақ 1583 жылы бұзылады. Тәуекел хан Сыр бойындағы қалалар
үшін күрес бастады. 1598 жылы Тәуекел Орта Азияға жаңа жорық жасады.
Аз уақыт ішінде Тәуекел Түркістанды, Ташкентті, Ферғананы, Ахсиді,
Әндіжанды, Самарқандты алды. Бірақ Бұхараны қоршау кезінде қатты
жараланып, Ташкентке шегінді. Осы жылы Бұхарамен жасасқан шарт
бойынша Сырдарияның орта бойындағы барлық қаламен бірге Ташкент те
Қазақ хандығына қарады. Шайбанилерден кейін Мәуереннахрда бір жарым
ғасырдан астам уақыт бойы Аштархан ұрпақтары билік жүргізді. Қазақ
хандары олармен Ташкент және Сырдария бойындағы қалалар үшін
тартысты. Ойраттардың қазақ жеріне жорығы жиіледі. 1598 жылы Есім
сұлтан хан атағын ресми түрде мұрагерлікке алды. Ол өз астанасы етіп
Түркістанды таңдады. Есім хан көптеген жыл бойы билік үшін Тұрсын
сұлтанмен күрес жүргізді. Есім хан өлімінің дәл уақыты белгісіз. Есімнің
орнына билікке Жәңгір хан (Салқам Жәңгір) келді. Қазақ хандығының
билігі 1680 жылы Жәңгірдің ұлы Тәукеге көшті. Ол көреген саясаткер,
ақылды дипломат, құдіретті хан болды. «Жеті Жарғы» деген атпен белгілі
әдеттегі құқық нормаларының жинағы құрастырылып, мемлекеттік
құрылымының негізгі шарттары белгіленді. Үш жүздің басын біріктіруде
билер кеңесі шешуші рөл атқарды. Қазақ-жоңғар қатынастары қатты
шиеленісті. Жоңғарлар маңызды сауда жолдары өтетін Оңтүстік Қазақстанды
басып алуға ұмтылды. 1723 жылы ойрат әскері Талас өзеніндегі қазақтардың
қоныстарына соққы берді және Ертістен Шуға дейінгі орасан майдан шебінде
шабуыл басталды. Әскерді Цеван Рабданның ұлдары Қалдан Церен мен
Шоно Лоузан басқарды. Қазақтардың бір бөлігі оңтүстікке, Ферғана мен
Хорезмге қашты, басқа бір бөлігі Жайыққа қарай көшті. Ойраттар Ташкент
пен Түркістанды басып алды.
1726 жылы Түркістан қаласына жақын Ордабасы деген жерде үш жүздің
құрылтайы өтіп, онда екінші халық жасағын құруға шешім қабылданды.
Біріккен әскер ойраттарға Бұланты өзенінде соққы берді. Шайқас орны
«Қалмаққырылған» деген атау алды. 1729 – 1730 жылдары қазақ әскері
Балқаштан оңтүстік-шығысқа қарай 120 шақырым жерде ойраттарды
жеңіліске ұшыратты (Аңырақай шайқасы) және Жетісу іс жүзінде азат етілді.
XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың бірінші жартысы қазақ
мемлекеттілігі, қазақ этносы және тұтастай алғанда көшпенділер өркениеті
үшін ауыр сынақ уақыты болды. Еуразиядағы геосаяси жағдай Қазақ
хандығы мен басқа да көшпенділер мемлекеттеріне оңтайлы болған жоқ.
Жоңғар хандығының басқыншылығы көшпенділер өркениетінің соңғы
«жанайқайы» еді.
Бір жарым ғасырға созылған қазақ-ойрат соғыстары жаңа тарихи жағдайдағы
көшпенділер өркениетінің аман қалуы үшін жанталасқан күресі болды. Біздің
ата-бабаларымыз өз жерін қорғап қалды.
Достарыңызбен бөлісу: |