Профессор Қалиев өз баяндамасында қазіргі таңда қазақ терминологиясында өзекті мәселе ретінде көпшіліктің шет тілдегі сөздерді термин ретінде қабылдай беретіндігін атап өтті
Профессор Қалиев өз баяндамасында қазіргі таңда қазақ терминологиясында өзекті мәселе ретінде көпшіліктің шет тілдегі сөздерді термин ретінде қабылдай беретіндігін атап өтті. Автордың айтуы бойынша, қазақ ағартушысы Ахмет Байтұрсыновтан кейін қазақ тілі білімінде ешбір ғалым термин ойлап таппаған, сол себепті қазіргі термин жасаушылар көрші елдердің терминдерін тура күйінде алуды әдетке айналдырды. Олардың бұл іс-әрекеттеріне келтіретін аргументтеріне назар аударсам, қазақ тілі өзге әлем тілдерімен интеграцияға түседі, осылайша қазақ әдеби тілі байи түседі деген ойларды анық көруге болады. Сондай-ақ, өз сөзінің көп бөлігінде автор терминнің сыртқы формасы және ішкі мағынасы болатындығын сан мәрте айтып отырды. Автордың негізгі идеясы да осы екі ұғымның негізінде ашылды. Қалиев мырзаның пікірінше, терминнің сыртқы формасы ұлттық, ал ішкі мағынасы халықаралық болуы тиіс. Сонымен қатар, қазіргі қазақ терминология ғылымындағы мамандардың көп жіберетін қателігі авиа, анте, радио, фото, электро деген сөздерден басталатын сөздердің барлығын да термин ретінде қабылдай беруінде деп тұжырымдайды ғалым. Профессор Қалиевтің ұсынған мысалы бойынша, «антитела» сөзі термин болады, өйткені онда ғылыми ұғым бар, ал «авиабилет» сөзі термин бола алмайды, себебі ол жай ғана заттың атауы. Осы орайда ғалым қарапайым сөз бен термин сөздің аражігін ажыратып көрсетті деуге болады. Оған қоса, еуропалық термин жасаушылардың, шын мәнінде, термин жасаумен айналысатындығын және әр түрлі әдіс-тәсілдер қолданатындығын да профессор атап өтеді. Өз ойын қорыта келе, ғалым әр ұлт, соның ішінде біздің халық та өз ұлттық терминдерін жасап алуы қажет деген пікір ұсынған болатын. Оның үстіне автор өз ойының және бейнебаянда келтірген дәлелдердің негізінде халықаралық терминдерді аударуға болмайды, оларды аударса, мағынасы жойылады деген қалыптасқан пікірді теріске шығарды.