Профессор м. М. Тілеужанов және ақТӨбе аймағының АҚындары ж. А. Асанов



Pdf көрінісі
Дата15.03.2017
өлшемі180,56 Kb.
#9884

ПРОФЕССОР М.М. ТІЛЕУЖАНОВ ЖӘНЕ АҚТӨБЕ АЙМАҒЫНЫҢ АҚЫНДАРЫ 

 

Ж.А.Асанов  

Ақтөбе қ. 

 

Профессор  М.М.  Тілеужановтың  халық  ауыз  әдебиеті  мұраларын  өмір  бойы  талмай  жинаған 

ғалым  екендігі  баршаға  аян.  Сол  жәдігерлердің  ішінде  18-19  ғасырларда  Ақтөбе  аймағында  өмір 

кешкен  ақындардың  мұралары  да  көп  кездеседі.  Әсіресе  Мөңке  Тілеуұлы,  Сарышолақ  Боранбайұлы 

туралы  деректер,  олар  айтыпты  деген бағалы  сөздер  мен  толғаулар  әлі  күнге  өз  құндылығын жойған 

жоқ. Профессор өзінің 1991 жылы жария көрген «Сырым Датұлы және оның шешендік сөздері» деген 

еңбегінде  былай  дейді:  «Бір  күні  әңгімелесіп  отырса,  Сырым  би  Мөңкеге  айтады:  «Осы  жігіттің  үш 

жұрты бар дейді. Сондағы жаны ашитын, көз қырын салатын сол үш жұрттың қайсысы мақұл болады?» 

– депті. Сол кезде Мөңке би: «Құда үлкен, сосын қонақ үлкен деген, оны өзің шеш» – дейді. Мұны үшке 

дейін айтады, аяғында өзі шешетін болады. «Мақұл, айтайын» – дейді Сырым би. – Әуелі өз жұрты мақұл, 

сосын  қайын  жұрты  мақұл.  Ал  үшінші  нағашы  жұрты  мақұл  болады»  –  депті.  Сонда  Мөңкенің  шәй 

құйып отырған он үш жасар қызы «өз жұрты мақұл» дегенде, оңға қарап басын бұрады, сосын «қайын 

жұрты мақұл» дегенде, солға қарап басын бұрады. «Нағашы жұрты мақұл» дегенде, басын еңкейтеді. 

Сонда Сырым би: – Қарағым-ай мен қателестім бе? – деп қапаланып қалады. Сондағы қыздың берген 

жауабы: «Ата, сөзің жесір кетті, – дейді – жау жақыннан келеді. Жақын бар болса көре алмайды, жоқ 

болсаң бере алмайды. Жақын адам күндейді. Ал қайын жұрты сыншыл болады, артық оның жәрдемі де 

жоқ. Жүдеп-жадап жүргенде, көз қырын салатын жігіттің нағашы жұрты ғой», депті [1, 11-б]. 

Профессор  М.М.  Тілеужановтың  жазып  кеткені  –  Мөңке  Тілеуұлы  (1675-1756).  Мөңке  – 

Асанқайғы,  «Көмекей  әулие»  атанған  Бұқар  жырау  сияқты  соңында  болжау  сөздер  қалдырған  адам. 

Сол  дәуірдегі  қоғамдық  болмыс  пен  қоғамдық  сананы  терең  зерттей  алған  Мөңке  қазақ  халқын 

келешекте  не  күтіп  тұрғанын  болжап  бере  алды.  Ол  айтқан  осындай  толғауларының  бірі  профессор 

Серік Негимовтың «Шешендік өнер» атты оқу құралына енді. 

Құрамалы, қорғанды үйің болады,  

Айнымалы, төкпелі биің болады. 

Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, 

Ай сайын бас қосқан жиын болады. 

Ішіне шынтақ айналмайтын 

Ежірей деген ұлың болады. 

Ақыл айтсаң ауырып қалатын, 

Бежірей деген қызың болады. 

Алдыңды кес-кестеп өтетін 

Кекірей деген келінің болады. 

Ішкенің сары су болады, 

Берсең итің ішпейді, 

Бірақ адам оған құмар болады. 

Домалақ-домалақ түймедей дәрің болады, 

Жастарға билігі жүрмес кәрің болады. 

Ертеңіне сенбейтін күнің болады, 

Бетіңнен алып түсетін інің болады. 

Алашұбар тілің болады, 

Дүдәмәлдау дінің болады. 

Халықтың қанын сорған адамдар болады, 

Қабағын түйіп қойып қайыр сұрайтын адамдар болады. 

Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады, 

Ит пен мысықтай ырылдасқан, 

Еркек пен қатының болады. 

Сарылып көлік тосасың, 

Құны жоқ көк қағазды судай шашасың. 

Соның бәрін көресің, 

Көріп барып өлесің. 

«Алдымен,  Мөңке  бидің  бұл  тақпақтап  айтылған  толғамы  келер  заман  кейпін  кемел 

көрегендікпен  сипаттаумен  ерекшеленеді,  –  дейді  ғалым.  –  Кесек  ойлар  кестелі,  ұйқасты  тілмен 

өрнектелген. Болжаудың әрбір сөзінде суреткерлік сипат бар. Түйінді тұжырым, бейнелі ой, сұлу сурет, 

эмоциялық-экспрессивтік  қуат  бар»  [2,  125-б].  Профессор  Есмағамбет  Ысмайловтың  «Жыраулар 

өмірдің  ұсақ  мәселелеріне  аз  араласып,  олар  көбінесе  заман-дәуір,  өткен  мен  келешек,  адамгершілік, 

жақсылық,  жамандық  жайлы  ойлар,  болжаулар,  қағидалы  сөздер  айтып  отырған»  деген  байлауына 



сүйенсек,  Мөңке  –  жырау.  Төмендегі  «Шекті  Мөңке  би  Шеркеш  Түрке  би,  Тана  Нүрке  билермен 

кеңесіп отырып айтты» деген философиялық толғау Мөңкенің жыраулығын бізге түбегейлі айқындап 

бергендей.  Өмір  тәжірибелерін  ойлы  түйіндермен  ұштастыра,  дәл  баламалар  тауып  суреттеуі 

жыраулық өнердің үздік үлгісін аңдатады. 

Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек, 

Бір тоғайға қоныңыз. 

Қарындаспен, туғанмен, 

Бір туғандай болыңыз. 

Өзіңе кеңес салғанның, 

Өрісі кең болмас па? 

Жатқа кеңес салғанның, 

Жазымға басы кетпес пе? 

Жаманнан жесең бір қамшы, 

Ол сүйегіңе жетпес пе? 

Сом, сом жүйрік, сом жүйрік, 

Шұбалаңды шаба алмас, 

Мойнынан жалы кетіп арыса. 

Жақсылар жаман болады 

Күнінде жасы жетіп қарыса. 

Жамандар жақсы болады, 

Дәулеті асып байыса… [3, 42-б ]. 

Бұл  үзіндіден  ескі  жыраулық  поэзия  үлгісін  анық  көреміз.  Біріншіден,  кәдімгі  ұйқаспен  қоса 

басқы ұйқастар қабат қолданылған. Басқы рифманың болуынан  толғау мінсіз  көрініп тұр. Екіншіден, 

көне  жыраулық  поэзияның  өзіндік  ерекшеліктерінің  бірі  –  толғау  жолдарындағы  алғашқы  сөздердің 

қайталануы. Мұндай қайталау Қазтуған, Доспамбет, Шалкиізде, Мөңкенің замандасы Бұхарда да бар: 

«Бұл,  бұл  үйрек,  бұл  үйрек,  Бұрылып  ұшар  жаз  күні»,  –  деп  бастайды  даңқты  жырау  өзінің 

философиялық астарға толы бір толғауын. 

Мөңкенің жоғарыдағы толғауында: 

…Қырға боран бораса, 

Нуға боран борар ма? 

Ел шетіне жау келсе, 

Халық үстіне дау келсе, 

Жамандайын жалтаңдап, 

Ер жігіт қарап тұрар ма? 

Арғымақтың алдына, 

Найза бойы жар келсе, 

Жабыдайын жалтаңдап, 

Түсер жерін қарар ма? 

Арғымақтың аяғы, 

Айдай таға қағылса, 

Кілегей мұздан таяр ма? 

Жақсы алдына сөз айтсаң 

Жабығып сөзге тояр ма? 

Күндердің күні болғанда; 

Басыңа қиын іс болса, 

Жалғасып өскен жақыннан, 

Жақсылар басын аяр ма? – деген жолдар бар. 

Бұл жолдар Махамбеттің бәрімізге етене таныс: «Орай да борай қар жауса, Қалыңға боран борар 

ма?»  деп  басталатын  толғауын  еске  салады.  Сондай-ақ  «Махамбеттің  Баймағанбет  сұлтанға 

айтқанында»: 

Арғымақ дейтін жығылар, 

Найза бойы жар келсе, 

Жабыдайын жалтаңдап, 

Түсер жерін қарай ма? 

Арғымаққа айдай таға қақтырса, 

Кілегей қатқан Еділдің 

Көкше  мұзынан  таяр ма? –  деген жолдар  бар  екені қазақ  тілінде  сауат  ашқандарға  тегіс  мәлім. 

Бұл  жолдар  жыраулық  толғаумен  ұштасып  жатыр. Махамбет жыраулық  дәстүрден  қол  үзбеген  ақын. 

Ол нақты жағдайды айтқанда – ақын, дүниетанымдық мәселелерді сөз еткенде – жырау. Бұған «Орай 

да  борай  қар  жауса»,  «Арғымақ  сені  сақтадым»,  «Күн  қайда?»,  «Арғымақтың  баласы»  т.б. 

шығармалары  мысал  бола  алады.  Есет  Көтібарұлының  Исатай  өлетін  жойқын  ұрысқа               


қатысқаны  [4,  73-б.],  кейін  Махамбеттің  Есет  ауылын  паналап  келгені  тарихтан  белгілі  [5].  Яғни, 

Махамбет Ақтөбе аймағын жіті білген. Бұрынғы өткен жыраулар поэзиясының тарихына үнемі көңіл 

аударған  Махамбеттің  Есет  елінде  әулие  деп  бағаланатын,  кейінге  қалған  сөздері  үлгі  тұтылатын 

Мөңке мұраларынан жақсы хабардар болғанына күмән келтіруге болмайды. 

Атың тулап жықпаса 

Артқы айылдың бегі игі. 

Алыстағы дұшпанның 

Жағаға қолы жетпеске, 

Артыңда туысқанның көбі игі. 

Екіталай іс болып, 

Еңсеңе дұшпан табан қойғанда, 

Өзіңменен бірігіп, 

Қыр басына шықпаған, 

Ағайынның күнінде, 

Барынан да жоғы игі. 

Атқа міне шабар деп, 

Бұл қашқан жосық табар деп, 

Жігіттікпен салқы өскен, 

Баладан күдер үзбеңіз, 

Ол түзелсе табылмас [6, 83-б]. 

Бұл үзіндіден Мөңке бидің Махамбет сияқты Шалкиіз поэзиясын меңгерген адам екенін көреміз. 

Шалкиіз «Жауынды күні көп жүрме» деп басталатын толғауын: 

Асау тулап жықпасқа, 

Артқы айылдың беркі игі. 

Жағаға дұспан қолы тимеске, 

Артыңда туысқанның көбі игі. 

Күндердің күні болғанда, 

Қырға шықпас жаманның, 

Барынан да жоғы игі! – [7, 29-б] деп аяқтайды. 

Зар заман поэзиясының генезис, типология, поэтикасын тұтастай алып зерттеген белгілі ғалым, 

қоғам қайраткері Бауыржан Омарұлы Мөңке би шығармашылығының қазақ елі шегінен шығып, көрші 

қырғыз  елі  поэзиясына  ықпалы  тигендігі  жайлы:  «Қырғыз  зар  заман  әдебиетінің  көш  бастаушысы 

Қалығұл Байұлының «Ақыр заман» толғауы Мөңке бидің өлеңдерімен өте мазмұндас шығарма. Жердің 

тақыр  болуы,  ағайынның  тасбауырлығы,  әйелдің  ерге  теңелуі  хақындағы  тұжырымдар  екеуіне  де 

ортақ», – дейді [8,166-б.] . 

Шынында да, Мөңкеде: 

Заман ақыр боларда, 

Жер тақыр болар, 

Халқы пақыр болар, 

Балалары жетім болар, 

Әйелдері жесір болар, 

«Ә» десе «мә» дейтін кесір болар. 

Бас қосылған жерде, 

Әйел жағы ден болар. 

Жаман-жақсы айтса да, 

Өзінікі жөн болар. 

Орай салып бастарын, 

Желпілдетіп шаштарын, 

Тақымдары жалтылдап, 

Емшектері салпылдап, 

Ұят жағы кем болар… – секілді жолдар бар. 

Қырғыздың атақты ақыны Арыстанбек Бұйлашұлының (1824-1878) қазақ 

Қаңтарбаймен айтысқанда: 

Мөңке бий айтқан кеп эле, 

Арыстанбек кимнен кем эле, 

Санат сөзүм сан эле, 

Санжыра  сөзүм  қап  эле,  –  [8,  166-б.]  деуі,  Мөңке  би  мұраларының  қазақтан  асып, 

қырғыздың әйгілі ақындары шығармашылығына шоң әсер еткеніне нақты дәлел. Әрі Мөңкенің шешесі 

қырғыздың қызы болғандықтан, бұл жағдайдың ықтималдығы арта түседі. Тар заманда, отарлық езгі, 


құлдық  бұғау  кезінде  профессор  М.М.  Тілеужанов  бірінші  болып  көңіл  аударған  Мөңке  Тілеуұлы 

осындай адам еді. 

Профессор М.М. Тілеужановтың Ақтөбе аймағы ақындары ішінде екінші бір ден қойған адамы 

Сарышалақ  Боранбайұлы  (1858-1929).  Сарышалақ  шығармаларында  табиғат  көріністері  мен 

саятшылық  кең  орын  алады.  Ол  заман  ақындарында  бұл  өте  сирек  кездеседі.  Табиғатты  дара  алып, 

арнайы сөз ету Ы.Алтынсарин мен ұлы Абайдан бастау алады. Осы жерден айрықша назар аударарлық 

бір жай – Сарышолақтың табиғатты жырлауға көп көңіл бөлгені. 

Сарышолақ  ақын  туған  жерін,  оның  ұшқан  құс,  жүгірген  аңын  жан-тәнімен  беріле  сүйген  еді. 

Әлбетте, бұл пікірімізге тағы да үлкен дәлел керек. Дәлелге «Ұлы Құм» атты өлеңін алайық. Тұтастай 

беруге тура келеді: 

Ұлы Құм-ау, Ұлы Құм, 

Түйе бойлы шілігің. 

Аңқып көкірек ашатын, 

Жидекті бал шырының. 

Айналайын, Ұлы Құм, 

Жаз болғанда тербеліп, 

Шәушілдейді шыбығың. 

Бәйшешегің көкке сермеліп, 

Қыздай еді қылығың. 

Қояның қойдай өретін, 

Шіл құлдырай жөнетін. 

Қарсағың қашып қырқадан, 

Әр төбеден түлкі өнетін. 

Кекілік шулай асатын, 

Тұрымтай ән сап беретін, 

Үкілер улеп түнімен, 

Ерекше күйге басатын. 

Бұлдырық ұшар зуылдап, 

Күзенің қашар шуылдап, 

Қырғиың қалқыр қырындап, 

Қасқырың жортса қаңтарда, 

Торғайың дүрік дуылдап, 

Доңызың жөңкір дызылдап. 

Мәлін несібе айырып, 

Дуадақ қанат қайырып, 

Сауысқаны шақылдап, 

Байғыздары шаңқылдап, 

Ат қайшылап құлағын, 

Жапалақ ұшар жалпылдап, 

Тіршілігім – Ұлы Құм, 

Құм да болса – Алтын бақ! [9, 164-б.] 

Атамекеннің қояны мен шілі, кекілігі мен бұлдырығы, дуадағы ғана емес, сүйкімсіз сауысқаны, 

тіпті  харам  доңызына  шейін  ақын  жанына  жақын.  Құм  іші  ол  үшін  Алтын  Бақпен  пара-пар.  Бұл 

қарабайыр ақынның аузынан шығар сөз емес, тек туған жерін шексіз сүйген, сүю жеткіліксіз, табынған 

ақынның ғана қолынан келер іс. 

Енді ақынның «Жомартым» өлеңіне зер салайық: 

Құстары шулап есті алған, 

Жомартым-ай, Жомартым, 

Самалың есер қарсы алдан, 

Толқының сыңғыр ән салған. 

Теңгедей өзің болғанмен, 

Теңіздей көріп тамсанам. 

Қоғалы шүйгін сабатың, 

Мың жылқы ішсе қанатын, 

Үдере көшкен көп Тілеу, 

Айнала шаңқан қонатын. 

Шат-шадыман мәздескен, 

Сондай бір күн болатын. 

Айдынды беті жылтылдап, 

Қандай рахат түн еді: 



Жағада жүрсең тың-тыңдап, 

Оқпағы тұрар мыңқылдап, 

Тарғағы күйттер ыңқылдап, 

Сұқсұры суда сымпылдап, 

Шүрегей сырғыр былпылдап, 

Аққу кербез сұңқылдап, 

Нешеме құстар қиқулап, 

Көлбақа шулап құрқылдап, 

Мың пері той ғып жатқандай, 

Шошына жүрек жұлқынбақ! [9, 165-б.] 

Өзгеше  лепес,  бөлек  түзілім.  «Құстары  шулап  есті  алған»,  «Толқыны  сыңғыр  ән  салған». 

Күмістей сыңғырлаған тіл өзгеше өре тауып, бедерлі сурет салып, терең ой мен биік таным айшығын 

аңдатады. Тарғақ пен сұқсыр, шүрегей, аққу, көлбақа... Қым-қуыт тіршілік көз алдымызда тізіле өтеді. 

Жағада  тың-тыңдаған  жалғыз  адам  ғана  емес,  көл  төңірегінде  айнала  шаңқан  қонған  көп  Тілеу  –  бір 

рулы ел жатыр. 

Сарышолақ жырлаған негізгі тақырыптың бірі – адам мен табиғат бірлігі. Ақын табиғатты адам 

өмірімен  қатарластырып,  жігін  білдірмей  астастырып  жіберуге  шебер-ақ.  Бұған  мысал  ретінде 

«Көктемін» қарайық. 

Ыңырсып бота боздаған, 

Шулап қойы қоздаған, 

Шұрқырап құлын кісінеген, 

Жан-жүйеңді қозғаған. 

Шу жорғалар теңселген, 

Жампоз жүгін теңгерген, 

Көктемнің сұлу жас шағы, 

Қыстың кәрін еңсерген. 

Қыздар сұлу көрінер, 

Ұлы Құмның талындай, 

Басуға аяқ ерінер, 

Жеңгесі шығып жалынбай. 

Бәйбіше қатын масығар, 

Ойлағаны болғанға. 

Көктемде бәрі тасынар, 

Қыстан аман қалғанға. [9, 157-б.] 

Сарышолақта бірінен бірі өтетін, табиғат жайлы, ондаған тіршілік иелері хақында өлеңдер көп-

ақ,  бірақ  оның  бәрін  тізіп  жату  шарт  емес,  әрі  біздің  міндетімізге  кірмейді.  Сондықтан  аздаған 

үзінділермен шектелейік. 

...Жомарттың сәні келер ме, 

Балыққа толмай тоспасы? 

Қопасор сәні келер ме, 

Шыңғырып қашпай шошқасы? 

Құндызы өріп жағада, 

Борсықтың небір қасқасы. 

Құстары суды сабалап, 

Бар айдаһардан басқасы! 

Аузын  ашса  көмейінен  жарқ-жұрқ  еткен  жыр  төгілген  ақын  градация  қолданған,  ертекте 

айтылатын  айдаһарға  шейін  барған,  сөйте  тұра  шындықтың  шеңберінен  шығып  кетпеген,  реалист 

қалпында қалған.Үзінді көркем, мұнда анафора мен риторикалық сұрау астасып жатыр. 

Ақынның табиғат жайлы өлеңдері түр жағынан да, мазмұн жағынан да өзгеше. Туындыларында 

ол еліне, жеріне шексіз сүйсіне отырып, өмір шындығын кеңінен қамтып көрсетеді. Арал теңізі жайлы 

айтқанына құлақ түріңіз:  

...Бара қалсаң ақкөңіл 

Ортаға алар кел-кел деп. 

Бекіресін көргенде, 

Аш көздер тұрар емпеңдеп. 

Құланы жылқымен қатарлас, 

Болса да қанша жүректі, 

Ну қамысқа бата алмас, 

Шұбар жонды жолбарыс, 

Аң патшасы ақ алмас. 



Тоғайын қорып жатынан, 

Қызғыш құс та жата алмас. 

Доңызы шауып, шыңғырып, 

Тойынып шіркін, болған мас. [9, 171-б.] 

Табиғат – күллі тіршілік атаулының құтты қоныс мекені, алтын ұя тал бесігі. Осы жайтты жан-

ділімен терең ұғынған Сарышолақ: «Тіршілігім – Ұлы Құм, Құм да болса – Алтын Бақ!», «Пана болған 

қара жер, Есіме түсті-ау қайдағым», – деп тебірене толғайды. 

Аңшылық-саятшылық  тақырыбына  келгенде  де  жаңашыл  Сарышолақ  биіктен  көрінеді.  Абай 

дәстүрін жалғастырады. Аң аулау туралы арнайы шығарма Абайда ғана ұшырасады.Ұлы Абай түлкіге 

бүркіт салуды («Қансонарда бүркітші шығады аңға») жазса, Сарышолақ тазымен қасқыр алуды жырға 

қосады. Ақын тобылғылы жырадан қашқан қасқырды, оны қуған тазыны, соңдарынан елбеңдей шапқан 

аңшыларды жырлай келіп, көкжал мен сырттанның шайқасын былайша суреттейді: 

...Жете де сала алысты, 

Болатқа болат шабысты. 

Екеуі бермей намысты, 

Үркер мен Айдай тоғысты, 

Аяқ пен құйрық сермелеп. 

Бастады жойқын соғысты 

Араласып жер мен көк, 

Бұрқылдаған шаң ұшты... 

Осы жерде «Шу батыр» дастанындағы мынадай жолдар еске түседі: 

Бермеу үшін намысты, 

Лек-лек жасақ тоғысты, 

Аспан мен жер қағысты... [9, 166-б.] 

«Шу батыр» дастаны қадым заманда, сақтар дәуірінде-ақ өмірге келген. Сарышолақ мұраларын 

зерделей  отырып,  нағыз  ақынның  шығармаларындағы  дәстүр  сабақтастығы  тамыры    тым  тереңде 

жататынын аңғарамыз. 

Көзінен  көк  жалқын  от  шашқан,  айналасының  малы  мен  итін  ғана  емес,  адамдарын  да      тегіс 

дүрліктірген, үрей әкелген түз тағысын қараңыз: 

Сабаздың сұсты түсін көр, 

Тітіренткен аймағын. 

Айыбы аң демесең 

Бәрін білер айланың. 

Қан шеңгелді тісін көр. 

Көру үшін әр күнді, 

Аласұра жұлқынды. 

Баудай түсірд жылқыңды, 

Тесік тамақ, жан үшін. 

Майлы қыл етіп сыртыңды, 

Талай шаптар жыртылды, 

Даусынан төбет үркиді, 

Қабат соққан қырқыңды! [9, 167-б.] 

Көкжалды алған ит сырттаны мынадай: 

Желке жүні ұзарып, 

Екі көзі қызарып, 

Дірілдетіп жон арқасын, 

Денесін билеп ызалық, 

Тазы басты нығарлай. 

Қазақ тазысын аңға қосты. Қайтер екен деген екі ұдай ой, күпті көңіл. Арпалыс, жүрек лүпілі. Аң 

аулау  ләззаты.  Данышпан  Абай:  «бір  жасадым»,  «бір  қызық  ісім  екен  сұм  жалғанда»  деп  тебіренген 

өнер. 

Бірақ: 


Тазы басты нығарлай, 

Қызыққа қанша батса да, 

Аң қумаған ұғар ма-ай? 

Хакім Абай айтқан: 

Ұқпассың, үстірт қарап бұлғақтасаң, 

Суретін көре алмассың, көп бақпасаң, 

Көлеңкесі түседі көкейіңе 

Әр сөзін бір ойланып, салмақтасаң, 



Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын, 

Біле алмассың, құс салып дәм татпасаң, –  

деген ой тұжырымы ықтиярсыз еске оралады. 

Сарышолақтың  осы  өлеңінің  соңы  үлкен  философиялық  ойға  құрылған.  Кең  даланың  бұла  тағысы, 

айбынды көкжал дәм таусылған күні көз жұмды. 

Сөйткен мына сылқымды, 

Сырттанға сырттан кез келіп, 

Ақыреті бір тынды. 

Терең ойлай ұғынсаң, 

Әріге шабар көңілің 

Бір күн жүрмей жығылсаң, 

Аяқталар өмірің.  

Гёте жазған, одан Лермонтов, содан Абай аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» деген өлең бар. 

Бұл  шығарманы  дүние  жүзі  әдебиетшілері  аса  жоғары  бағалайды,  ұлы  туынды  деп  мадақтайды. 

Шынында, таңғажайып дүние. Екінші шумағын оқыңыз: 

Шаң шығармас жол-дағы, 

Сілкіне алмас жапырақ. 

Тыншығарсың сен-дағы, 

Сабыр қылсаң азырақ. 

Өлеңдегі  түйін,  айтпақ  ойдың  мәйегі  осы  төрт  жолда  жатыр.  Сарышолақ  өлеңінің  соңғы  төрт 

жолы да сондай жүк арқалап тұр. Екеуінің арасында сырттай ғана емес, іштей үндестік бар. 

Міне, кешегі жақсыңды айтқызбайтын отар ел тұсында профессор М.М.Тілеужанов ден қойған, 



мұраларын тірнектеп жинаған әулие жырау Мөңке мен Саршолақ ақындар осындай тұлғалар еді. 

 

Әдебиеттер 

1.Сырым Датұлы және оның шешендік сөздері. – Орал,1991. 

2. Негимов С. Шешендік өнер. – Алматы: Ана тілі, 1997.  

3. Адамбаев Б. Шешендік сөздер. –  Алматы: Отау, 1991.  

4. Досмұхамедұлы Х. Аламан. – Алматы: Ана тілі, 1991.  

5. «Қазақ әдебиеті» газеті, 1988. – 14-тамыз 

6. Адамбаев Б. Шешендік сөздер. –  Алматы: Отау, 1992.  

7. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. Хрестоматия. – Алматы: Ана тілі, 1993.  

8. Омарұлы Б.  Зар заман поэзиясы. –  Алматы: Білік, 2000.  

9. Сарышолақ Боранбайұлы. Шығармалары. –  Алматы: Ел-шежіре, 2011. 

 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет