Ресейдегі ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы және оның Қазақстанға ықпалы



Дата07.05.2023
өлшемі17,34 Kb.
#90863

2.2 Ресейдегі ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы және оның Қазақстанға ықпалы
І дүние жүзілік соғыс Ресей мемлекетіне орасан зор шығын әкелді. 1917 ж. басына қарай Ресей 2 млн.-ға жуық адам жау тұтқынына түсті. Елде соғысқа қарсы көңіл-күй бел ала бастады.
Елдің өнеркәсібі, көлік жүйесі және ауыл шаруашылығы да ауыр жағдайға душар болды. Соғыс жылдары ауылдық жерлерден ер адамдардың 48 пайызы әскерге мобилизацияланды. Жұмыс қолының жетіспеуі егістік көлемінің қысқаруына, соның нәтижесінде азық-түлік өнімдері бағасының өсуіне алып келді. Мал шаруашылығына да үлкен шығын әкелді, мал басы, соның ішінде жұмыс күші болып табылатын жылқы малының саны күрт азайды.
Көлік және басқа да маңызды салалардың жұмысы одан әрі ушықты. Халық пен әскерді ең қажетті тауарлармен қамтамасыз етуде келеңсіз жағдайлар орын алды. Орыс әскерінің жоғарғы басшылығының жіберген қателіктерінің салдарынан армия ірі жеңілістерге ұшырап, шегінуге мәжбүр болды. Елдің қаржы жүйесі тығырыққа тірелді. 1917 ж. қарай сомның тауарлық құны соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда 50 пайызды ғана құрады, ал қағаз ақша шығару 6 есе өсті.
Майдандағы сәтсіздіктер, елдің ішкі жағдайының нашарлауы қоғамда әлеуметтік шиеленістің өсуіне алып келді. Өкімет пен монархияның саясатына наразылық күннен күнге өсіп, әр түрлі әлеуметтік топтардың саяси белссенділігі күрт артты.
1917 ж. қаңтарынан бастап астанада жұмысшылардың ереуілдері жиілеп кетті. Ақпанның екінші жартысынан бастап азық-түлік, нан өнімдерімен қамтамасыз етуде қиыншылықтар орын алды. Осы жағдай 23 ақпаннан бастап ереуілдердің жаңа толқынын тудырды. Алайда билік бұл жағдайға мән бермеді. Келесі күндері жұмысшылар көшеге шерулерге шығып, олардың полициямен алғашқы қақтығыстары болды. "Нан талап етеміз!" деп басталған шерулер ендігі жерде саяси сипат алып, "Соғыс жойылсын!", "Самодержавие жойылсын!" деген ұрандармен жалғасты.
26 және 27 ақпанда жұмысшы толқулары одан әрі жалғасты және олардың жағына астаналық гарнизонның әскерлері өте бастады. Соның нәтижесінде көтеріліс саяси режимдердің алмасуына алып келді. 27 ақпан күні көтеріліске шыққан халық жұмысшы депуттарының Кеңесін құрды. 2 наурызда Уақытша буржуазиялық үкімет құрылған еді.
Саяси режимнің алмасуы елде қосөкіметтіліктің – Кеңестер мен Уақытша үкімет билігі – орнауына алып келді. Буржуазиялық Уақытша үкімет Ресейді демократиялық республика деп жариялады. Бірқатар демократиялық ұсыныстар жасалды: саяси тұтқындарға амнистия жариялау; саяси құқықтар мен демократиялық бостандықтарды енгізу; барлық ұлттардың тең құқылығын жариялау; сословиелік жүйені жою. Қазақстанға қатысты шешімдер де қабылданды: 1916 ж. 25 маусымдағы патша жарлығының күшін жойып, қара жұмыста жүрген 150 мың қазақты еліне қайтару; 1916 ж. көтерілістен зардап шеккен шаруашылықтарға қаржылық көмек көрсету; көтеріліс кезінде Қытайға кетуге мәжбүр болған босқындардың еліне қайтуына жәрдемдесу және т.б. Алайда Уақытша үкімет бұл мәселелердің толықтай шешілуін Құрылтай жиналысының шақырылуымен байланыстырды, яғни оның шешімдерінің көбі қағаз жүзінде ғана қалды. Жаңа үкімет соғысты жеңіспен аяқтағанша жүргізе беруді ұсынды.
Қазақстанда Ақпан революциясы және патша самодержавиесінің құлатылғандығы туралы хабар зор қуанышпен қарсы алды. Халық отарлаушылар тартып алған жерлердің қайтарылуы, өзіндік ұлттық құрылымның пайда болуы сияқты аса маңызды мәселелерді революция шешіп береді деп үміт артты. Барлық жерлерде отарлаушы әкімшіліктің шенеуіктері қызметінен тайдырыла бастады. Қазақ ұлттық интеллигенциясының өкілдері А.Бөкейханов - Торғай облысында, М.Тынышпаев – Жетісуда, М.Шоқай – Түркістанда уақытша үкіметтің Қазақстандағы комиссарлары болып тағайындалды. Құрылып жатқан қазақ, казак, сондай-ақ мұсылман, татар, комитеттері де Уақытша үкіметтің сенімді тіректеріне айналды.
1917 ж. наурызында барлық дерлік облыстар мен уездерде өз ұйымдарын құрған социал-демократтар мен большевиктер қызметтерін жандандырды. Бүкіл елдегідей Қазақстанда да уақытша үкімет органдарымен қатар Семейде, Әулиеатада, Петропавлда, Көкшетауда, Павлодарда, Өскеменде т.б. қалалаларда жұмысшы және солдат депутаттарының кеңестері құрыла бастады. 1917 ж. наурыз-сәуір айларында өлкеде 25 жұмысшы, шаруа және солдат депутаттарының Кеңңесі жұмыс істеді. Олардың көпшілігінде басшылққа эсер және меньшевик партияларының өкілдері болды.
1917 ж. көктемі мен жазында Қазақстанда жұмысшы, революциялық-демократиялық жастар ұйымдары, саяси партиялар құрыла бастады. Мысалы, Верныйда мұсылман жұмысшыларының Одағы, Жаркентте Жұмысшы одағы, Түркістан өлкесінде мұсылман еңбеккерлерінің одағы пайда болды. Зиялы қауым өкілдерін, оқушы жастар, мұғалімдерді біріктірген жиырмадан аса ұйымдар құрылды.
Қазақ либералдық қозғалысының басшылары да осы жағдайда жалпықазақтық съезд өткізуді жылдамдатуға шешім қабылдады.
Қазақстанның барлық облыстарынан дерлік өкілдері қатысқан 1 жалпықазақтық съезд Орынбор қаласында 1917 ж. 21-26 шілдеде өтті. Күн тәртібінде 14 мәселе болды. Олар: мемлекеттік басқару жүйесі; қазақ облыстарының автономиясы; жер мәселесі; халық милициясын құру; земство; халыққа білім беру; сот; рухани діни мәселелер; әйелдер мәселесі; Құрылтай жиналысын шақыру және қазақ облыстарында оның сайлауына әзірлік; бүкілресейлік мұсылман съезі қазақ саяси партиясын құру; Жетісу облысындағы оқиғалар; Киевтегі бүкілресейлік федеративтік кеңеске және Петроградтағы халыққа білім беру жөніндегі комиссиясының жұмысына қазақтардың қатысуы туралы мәселелер еді.
Делегаттар ұлттық автономия прблемасына, жер мәселесінің шешілуіне, Құрылтай жиналысына әзірлікке және қазақ саяси партиясын құруға басты назар аударды.
Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов тәуелсіз автономиялы мемлкетін құруды жақтады. Бөкейханов «демократиялық , федеративтік және парламенттік Ресей республикасындағы» қазақтың ұлттық-территориялық автономиясы болғанын ұнатты. Осы пікірді делегаттардың көпшілігі қолдады. «Қазақ облыстары, - деп көрсетілді съезд қарарында, - территориялды-ұлттық автономияны ... алуға тиіс».
Съезд жұмысындағы өзекті мәселе – жер мәселесі болды. Осы мәселеге байланысты съезд қарарының негізгі желісі мынаған сайды: қазақ қоғамы жерінің тартып алынуы тиылады, конфискеленген барлық жер, сондай-ақ қоныс аудару басқармаларының әлі бөлініп үлгермеген жер учаскелері дәстүрлі пайдалануы үшін қазақ қауымдарына қайтарылады; ценз енгізу негізінде далаға көшіп келу тоқтатылады және т.б.
Съезд Құрылтай жиналысына дайындық мәселесін талқылады, депутаттыққа кандидаттар тізіміне 81 адам - Қазақстанның барлық аймақтарының, сондай-ақ Бұқарадағы, Ферғанадағы және Хиуадағы қазақ қауымдарының өкілдері енгізілді. Олардың арасында «Қазақ» газетінің басшылары, қазақ ұлттық либералдық қозғалысының жетекшілері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, аймақтар жетекшілері: Ә.Ермеков, Х.Ғаббасов, (Семей), Ж.Досмухамедов, Х.Досмухамедов (Батыс Қазақстан), М.Тынышпаев (Жетісу), М.Шоқаев, С.Асфендияров(Түркістан өлкесі) болды. Кандидаттар арасында сондай-ақ орыс ғалымы Г.Потанин иен саяси қайраткері В.Чайкин жүрді.
Жалпықазақтық бірінші съезд шын мәнінде қазақтың ұлттық саяси партиясы «Алаштың» съезі болып айқындалады. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов және буржуазиялық-демократиялық бағыттағы қазақ интеллигенциясы басқа да өкілдері «Алаш» партиясының жетекшілері болды. Бұл либералды байлар мен мен ұсақ буржуазиялық демократияның партиясы еді.
«Алаш» партиясына сондай-ақ ғылыми және шығармашылық интеллигенцияның өкілдері: М.Тынышпаев, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев, Ғ.Қарашаев, С.Торайғыров, Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков, Ж.Досмухамедов, Х.Досмухамедов және т.б. кірді. Бұлардың басым көпшілігі 1917 ж. жазында қалыптасқан жағдайда, тұтасынан алғанда қазақ қоғамы оған дайын болмағандықтан, социалистік бағдарламаны қабылдамады. Олар «Қазақ халқын отарлық езгіден азат ету» ұраны төңірегіне топтасты.
1917 ж. 14 наурызында Қазақстанның оңтүстігінде «Шура–и-Ислами» («Ислам жақтастарының кеңесі») құрылды. Оның басшыларының арасында М. Абдурашидханов, М. Шоқай т.б. болды. «Шура–и-Исламидың» идеологиясы түркі-мұсылман халықтарын біріктіріп, ұлттық өзін-өзі билеуге қол жеткізуге негізделді. Оның бастамасымен 16 сәуірде Ташкентте Бүкілтүркістандық мұсылман құрылтайы ашылып, оған Түркістан халықтарының 150 артық өкілдері қатысты. Съезде қарастырылған басты мәселе уақытша үкіметке көзқарас және қалыптасқан жағдайда Түркістанды басқару мәселесі болды. Съезд Уақытша үкіметке қолдау көрсетті және Ресей президент және Құрылтай жиналысы басқаратын федеративті, демократиялық парламенттік республикаға айналуға тиіс, Түркістан және басқа да облыстарға автономия берілуге тиіс деген идеяны ұсынады. Сондай-ақ Түркістан мұсылмандарының кеңесін құру туралы мәселе көтерілді. 1917 ж. 12 маусымында бұл ұйым құрылып, оның басшысы болып М. Шоқай тағайындалды. Бұл ұйым басқа да ұлттық-демократиялық бағыттағы саяси күштермен, соның ішінде «Алаш» партиясымен қарым-қатынас орнатуға тырысты. Сонымен қатар бұл ұйым 1917 ж. 2 қарашасында кеңес өкіметін танымау туралы шешім қабылданды. «Шура–и-Исламидың» күш-жігерінің нәтижесінде мұсылмандардың өлкелік ІV төтенше съезінде Қоқан автономиясын құру туралы шешім қабылданды. 1918 ж. басында Қоқан автономиясы жойылғаннан кейін «Шура –и-Ислами» өмір сүруін тоқтатты.
1917ж. күзінде Қазақстанда тағы бір ұлттық-саяси ұйым – өзін «Қырғыздың (қазақтың) социалистік партиясы» деп атаған «Үш жүз» партиясы пайда болды. Оның негізін салған Мұқан Айтпенов, ол Ақызметінен кеткен соң, төрағалыққа К.Тоғысов сайланды. «Үш жүз» партиясы негізгі мәселелер бойынша «Алаш» партиясына оппозицияда болды. Қазақ облыстарының автономиясы мәселесі бойынша олар түркі-татар федерациясын жақтады. «Алаш » партиясының жерді земствоның қарамағына беру туралы ұсыныстьарына қарсы шықты.
1918 ж. көктеміне қарай партия большевиктерді ашық қолдай бастады, сөйтіп«Үш жүз» партиясы Алашордаға қарсы шықты. 1919 ж. азамат соғысы кезінде К.Тоғысов қаза тапқан соң партия өмір сүруін тоқтатты.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет