1
Сақ Қайрат Өмірбайұлы.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
ф.ғ.к., доцент, ЕҰУ профессоры
www.enu.kz
ТӘУЕЛСІЗДІК ТӘТТІ ҰҒЫМ МАҢДАЙДАҒЫ
Еліміз үшін ұлт тәуелсіздігі күнінен асқан ұлық мейрам болмауы тиіс.
Алаш азаттығын армандап, түн ұйқыдан, күндіз күлкіден қалып, етігімен су
кешкен батыр бабалар аңсаған күн ғой бұл! Көк түркілер дәуірін айтпағанда,
Абылайхан заманынан кешегі Желтоқсан көтерілісіне дейін жалғасқан ұлт-
азаттық күресінде шейіт болған сан мыңдаған боздақтар осы күн үшін жан
қиғанын ұмытпайық. Олардың елі үшін жасаған ерліктерін ел тарихына
алтын әріптермен жазып, есімдерін ұлықтау ұрпақ парызы екенін әрдайым
есте ұстайық.
Ел Тәуелсіздігі күнінің желтоқсан айының дәл он алтыншы жұлдызына
дөп келуінің өзі - таңғажайып дүние. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінде
қанға бөккен өрімдей жас қыздар мен жігіттердің ұлт намысын қорғаған пәк
көңілдері Ұлы Жаратушы мейіріміне бөленбеді дейсіз бе. Ғасырлар бойы қан
жоса боп күрессе де, қол жетпеген ұлт ұлы арманының айналдырған бес
жылдан кейін дәл 16-желтоқсан күні орындалуында, біздіңше, осындай сыр
бар...
Ел тәуелсіздігі туралы толғау желтоқсан көтерілісінен бөлек жырлануы
мүмкін емес.Өйткені,бұл екеуі - егіз ұғым. Бірін-екіншісінен айырып айтуға
мүлдем болмайды.
Әңгіме ауаны желтоқсан көтерілісіне қарай ойысқанда шертілер сыр
көп. Күні кеше көз алдымызда өтсе де, оның әлі тарихы түгел жазылып
болған жоқ. Желтоқсандықтардың ерлігі там-тұмдап енді жиналып келеді.
КСРО атты жарты әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап,
емін-еркін билеп-төстеген темір құрсаулы алып державаның апандай от
аузында жұтылып кететінінен қаймықпай, өр мінез танытқан қазақ
жастарының қаһарман қарсылықтары дүниені дүр сілкіндіргенін жер жүзі
журналистері,зиялы азаматтары жабыла жазды емес пе? Оларды жинап,
тарих етіп хаттап, әлемге таныту – тәуелсіз ел парызының бір парасы. КСРО
атты тоң мінез алып айсбергтің қатпар-қатпар мұз боп сірескен сеңін алғаш
жарған қазақ жастары оның ыдырап, құлауына, соның арқасында ел
тәуелсіздігі іргетасының қалануына негіз жасағанын бағалау да – елдік
міндетіміздің бірі. Балтық жағалауы елдері мен грузиндер желтоқсан
дүмпуінен кейін өре көтерілгенімен, әлем тарихына өздерін тұңғыш етіп
тықпалап жатқанда, біздердің қарап отырғанымыз жараспас.
Сол сұрапыл күндері желтоқсан көтерілісіне қатыспаған Алматы
студенттері аз. Қазақстанның басқа қалаларында да оған үн қатысушылар көп
болды. Ересектеріміз атойлап алаңға шықпаса да, жастарды іштей қолдап,
тілеулерін тілеп отырды. Сондықтан да оны, шын мәнінде, халықтың
2
отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық күресі деп бағалап, қадір-қасиетін терең
түсіндіретін уақыт жетті.
Осы жерде мына бір жайға оқырман назарын айрықша аударғым келеді.
Желтоқсандықтар – алдарына сонда қойған мақсат-мұратына жеткен
қаһармандар. Олар жеке пайдасын күйттесе, мұз құрсаңған алаңға шықпас
еді. Жастарды ерлікке жетелеген бір ғана мүдде болды. Ол – «малым -
жанымның садағасы,жаным - арымның садағасы» деген қағиданы серт еткен
ер қазақтың намысын қорғау, елдіктің туын желбірету. Сондықтан да олар
мақсат-мұраттары орындалап, елі егемендігін алып, тәуелсіз мемлекет
іргетасы қаланып жатқан әр күні жылға, жылы ғасырға татыр уақытта у-
шусыз, желікпе сөзге ермей, қолдарынан келгенше халқына адал қызмет
етуді дұрыс көріп келеді. Кеуде соғу бойларында жоқ қасиет болғандықтан
өздерін даралауды артық санайтын желтоқсандықтар әр мекемеде жүздеп
жүр. Еуразия ұлттық университетінде де жетіп артылады. Бір-екі мысал
келтіруге болады.Желтоқсан көтерілісі туралы шындықтың алғаш
айтылуына,желтоқсандықтардың ақталып,тарихи әділеттіктің салтанат
құруына университетіміздің басшысы Бақытжан Жарылқасымұлының
айтарлықтай үлесі тигенінің куәгеріміз.Сол кездегі ҚазМУ студенттерінің
көшбасшысы ретінде Мәскеуде өтіп жатқан КСРО халықтары съезіндегі
Қазақстан депутаттарына жастар атынан желтоқсан шындығын съезд
мінберінен жалпақ елге жария етуін өтініп теллеграмма ұйымдастырғанын
сол ізгі істің басы-қасында жүрген біздер болмасақ,екінің бірі біле
бермейді.Ал,университетіміздің телерадио журналистка оқу-тәжірибелік
орталығы жетекшісі Айдар Елтүзеровтың ерлігі өз алдына жеке әңгіме
арқауы боларлықтай.Оның топ басшысы ретінде курс студенттерін түгел
алаңға алып шығып,кейін қуғын-сүргін басталғанда курстастарын аршалап
алып қалғанын куәгерлер жақсы біледі.
Мақала басында еліміз үшін ұлт тәуелсіздігі күнінен асқан ұлық мейрам
болмауы тиіс дегенді бекер айтқанымыз жоқ. Өкінішке қарай, көбіміз соның
қадір-қасиетіне жете бермейтін секілдіміз. Тәуелсіздік мейрамы жаңа жыл
жасауының астында еленбей қалып бара жатуы осылай деуімізге негіз береді.
Бәлкім,солай болуын қалайтындар да бар шығар. Қалай болғанда
да,Тәуелсіздік күнін ұлықтауды бірінші орынға шығаруға ұмтылайық, жүрегі
Қазақстан деп соққан, отандастар!Ел азаттық алған күн құтты болсын!