№13 сабақ «Қайта құру» кезеңіндегі Қазақстан (1985-1991 жж.)
Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызы қандай? 1986 жылы 16 желтоқсан күні таңертең Қазақстан Компартиясы ОК-нің V пленумы болып өтті. Күн тәртібіне бір ғана ұйымдастыру мәселесі қойылды. Пленум бар-жоғы 18 минутқа созылды. Осындай қысқа мерзім ішінде аса маңызды мәселелердің бірі - республиканы ширек ғасырдай басқарған саяси қайраткерді ауыстыру мәселесі шешілді. Д.А. Қонаевтың орнына бұған дейін республикада еңбек етпеген, халыққа мүлдем бейтаныс, КОКП Ульяновск обкомының бірінші хатшысы болып істеген Г.В. Колбин тағайындалды. Орталықтың мұндай волюнтаристік шешімімен Қазақстан бірінші рет кездесіп отырған жоқ еді. Бұл хабар Қазақстан жұртшылығына тез тарады. Тарихта - «Желтоқсан оқиғасы», «Желтоқсан қозғалысы», «Желтоқсан көтерілісі» деп аталып жүрген қазақстандық демократ жастардың толқуы дәл осы кезде басталды.
1986 жылы 17 желтоқсан күні таңертең Алматыда жаппай толқу басталып, кейінірек ол республиканың басқа да қалаларына тарады. Г.В. Колбиннің республиканың жоғарғы басшылығына тағайындалуы толқу үшін тек сылтау ғана еді. Оның басталуына жылдар бойы қордаланған себептер әсер етті. Халықты ашындырған орталықтың дөстүрлі өктемдік әрекеттері мен қайта құру жариялаған демократиялық принциптер арасындағы ушыққан қарама-қайшылықтар еді.
Шеру бейбіт, саяси сипатта болды жөне мемлекеттік құрылысты жою мен басқа халықтарға қарсы әрекеттер жасау деген үндеулер болған жоқ. Қазақ жастары халық намысы тапталған сол күні көп жылдар бойы үстемдік еткен тоталитарлық режимге батыл қарсы түрды. Сөйтіп, КСРО кеңістігінде ұлттық-демократиялық қозғалысты дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Оқиға басқа халықтарға қарсы бағытталмады. Желтоқсан көтерілісі елдегі буыны қатпаған демократия мен әкімшіл- әміршіл жүйенің тұңғыш қақтығысуы болды. Желтоқсан қозғалысының басында Қ. Рысқұлбеков, Е. Айнақұлов, Қ. Айтмұрзаев, Б. Иманғожаев, O. Сейтембеков, А. Қаметов, Е. Көбесбаев, Е. Сыпатаев, Л. Асанова, C. Мұхамеджанова, И. Дәуренов және т.б. түрды. Оқиғаларға қатысушыларға қарсы қозғалған қылмыстық істерде сот-тергеушілік жұмыстары кезінде дөрекі заңсыздықтарға орын берілді. Тергеулер асығыс, ойдан шығарылған және тек айыптау түрінде жүргізілді. Қ. Рысқұлбеков, Е. Сыпатаев, М. Әбдіқұлов т.б. жастар қатаң жазаланды. Сотталған 99 адамның 46-сы біраз уақыт өткен соң ақталды. Аз уақыттың ішінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін 787 адам комсомол қатарынан шығарылды, 1138 адамға комсомолдық жазалар қолданылды, 271 адам оқу орындарынан, жүздеген адам жұмыстан қуылды. Саяси наразылықты өкімет билігіне төнген қауіп ретінде бағалаған басшылық Алматы гарнизонын жауынгерлік дайындыққа келтіріп, алаңды шеруге қатысушылардың санынан артық күшпен қоршауға бұйрық берді. Елдің әртүрлі аймақтарынан ішкі істер әскерлерінің арнайы бөлімдерін жіберуге шешім қабылдады.
1986 жылғы Алматы қаласындағы Желтоқсан оқиғасы «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» ретінде түсіндіріліп, теріс баға берілді. Партия комитеттерінің нүсқауымен бүқаралық насихат құралдарында «ұлтшылдарды» іздеу жөніндегі тұтас бір науқан өрістеді. Желтоқсан қозғалысы ұлттық мүдде жолында қайсарлық танытқан Қ. Рысқұлбеков, Т. Тәшенов, Ж. Тайжүманов, Қ. Күзембаев және басқа да қазақтың жас демократтарын танымал етті. Өлім жазасына кесілген Қайрат Рысқұлбеков, Мырзағұл Әбдіқұлов, тағы басқа азаматтардың Отанына шынайы берілген тұлғалы жандар екенін қазақ елі білді. Мақтаныш етті. Олардың отаршыл, зымиян, әділетсіз жүйенің рақымсыз құрығына іліккенін де терең түсінді.
Желтоқсан қозғалысы - ұлт-азаттық тарихында ерекше орын алады. Бұл ұлттық рухтың жаңғыру, қайта түлеу кезеңінің басы болды. Ұлт-азаттық қозғалыс жаңа сатыға көтерілді. Ол бүкіл халықтың рухани өміріне әсер етіп, ұлттық сананы өсірді, ұлттық рухты жандандырды.
Бұл қозғалыс Одақтың құлдырауына, ыдырауына әкелді. КСРО-ны құрушы республикалардың бөлініп шығып, мемлекеттік тәуелсіздігін жариялауына жеткізді. Сөйтіп, Желтоқсан қозғалысы республика шеңберінен асып, еуразиялық сипат алды.