Сен және Мен, Арамызда сұр тұман



Дата06.01.2022
өлшемі16,48 Kb.
#13046

Сен және Мен,

Арамызда сұр тұман,

Сұр тұманның бұғауында бұлқынам.

Сені менен,

Мені сенен суытар

Пенделік іс – бір күнәң мен бір кінәм.


Сен және Мен,

Арамызда қараша,

Жүрек сұрар қарашадан араша.

Біздің жайды ұғар еді-ау өзгелер

Жылап жатқан жапыраққа қараса.
Сен және Мен,

Қос қиырда...тіріміз,

Жете алмадық бірімізге-біріміз.

Көкірегі сағыныштан шерленіп,

Арамызда елші болар мұңымыз.
Сен және Мен,

Жөн болмады-ау мұнымыз,

Кете алмадық бірімізден-біріміз.

Өліп қалған сор-сезімді жерлемей,

Кеудемізді табыт қылған түріміз.
Сен және Мен,

Бұл жазуды не етерміз,

Әрі жақын, әрі мүлде бөтенбіз.

Кінәласып, сағынысып, өшігіп,

Екеуміз де ана әлемге өтерміз.

Дәл осы өлең жолдарына жазылған Меруерт Түсіпбаеваның орындауындағы әнді алғаш естігенде сезімнің не екенін білмейтін алыстағы бала күндер болатын. Бір тыңдағаннан-ақ алғашқы жолдарын жаттап алдым, енді күнделікті өзім ыңылдап айтып жүретін сол әннің қанатына мініп алып, сонау күннің батар қиырындағы шалғайда жатқан кішкене ғана ауылымның төбесінен ұшып өтіп арман дейсіз бе, қиял ма екен соңынан еріп талай жерді араладық. Интернет жоқ бағзы заман деп қояйыншы))) ауылдан орталыққа шыға қалғанда кассеталардағы әндер тізімінен осы әнді іздедім.

Алайда есейтіп елден алыстатса да, арманыма жақындатқан өмір әнмен қауыштырып қоймай, өлең жолдарының авторы Жанат Әскербекқызының алдына шәкірт болуымды бұйыртты. Поэзиямен, ғылыммен қатар ұстаздық атты қиындығы мен жемісі мол жауапты жүкті арқалап жүрген ақын дара жолында алдына келген кез келген шәкіртінің айтар алғысын кездескен сайын көздерінен ұғып жүрген де шығар. Ал өлеңмен берген өнегесі өз алдына өлшеусіз дүние. Ғылым мен поэзияны бір арнаға тоғыстырған ақын есте жоқ ерте заманның тылсым сырларын, тілсіз табиғаттың адамзатқа айтқысы келген шерлі арманын өлең атты құдіретті күшке теңдеп алып өткен мен бүгіннің арасын жалғап жүрген алтын көпір іспетті, сонау көктегі Шолпан мен оған мойнын созған қараша қаздардың, алып Тарбағатай мен Қаратаудың, ерке Ертіс пен киелі Қарагөз бұлақтың, етектегі «тас-кеудесі шерленген» балбал мүсіндердің тіліндей.

«Жеті ғаламнан асқан

Шерлі бір дауыс боп,

Жаңғырып құладым.



немесе

Төрткүл дүниені басқан

Ұлы мұң тұншығып

Жылайды кеудемде»,-деп жырлаған ақын поэзиясына мифологизмді арқау ете отырып, бірде Оғыз оғыланына айтқан Қыпшақ қызының арзуы немесе «Дегеніне жете алмаған, Арманды ару, сен ғана ма?» деп Айша бибіге арнауы арқылы өз арыз, тілегін, енді бірде алты құсқа айналған алты қыздың мұңы мен «Пендеге айтпа өкпені, Перінің қызы Бекторы» деп ғасырлар қойнында қалған тарихтың көштері арқылы жүрек түкпіріндегі сырын шерткісі келген тәрізді. Солардың үні болып жаңғырып, жыры болып құйылып тұрғандай.

«Түске айналдың ғайып болып өңімнен,

Бұл ғасыр да бұлт боп көшті көгімнен.

Саған тағар түк кінәм жоқ...әншейін

Бір бейкүнә сезім қалды егілген.


Ата жұрттың айта аламыз жайын біз,

Маңдайдағы жазмышқа да қайылмыз.

Қайта оралып соғар болсаң қарсы алар,

Балбал мүсін болып тұрған Айым-қыз»,-дейтін Қыпшақ қызының сөзінен сыршыл ақынның сырын іздеуге болады.

Сәйгүлік-күндер

Құйғытып өткен іргеден,

Ілесіп кетсем өздеріңменен бірге мен...

«Сәл баяулаңдар!..

«Сәл аялдаңдар!..» демек боп

Туырлықты үйде түннің іргесін түрген ем..



.....

«Құлазыр кеудем сезімнің бағзы жұрты боп.

Жүйткиді күндер бауыры қызып, дүркіреп.

Қарашығымнан жүйрік боп қашқан дәуренім,



Бұлт болып қайта төбеме келші күркіреп»,-деп Табыл ақынның түсінде көріп жүретін «сәйгүлігі» Жанат Әскербекқызының өлеңінде жастықтың асау да бұлқынған күндерінің бейнесіндей көрінді. Жүйткіп өткен «сәйгүлік-күндеріне» қайырыла қарап, арманына «өлең боп ұмтылған» ақын оқыған жанның жүрегіндегі көп арманының пернесін дөп басқандай. «Кеудесін жарған керімсал өлеңімен тіріге-сәлем, өліге-дұға» қылған ақынның поэзиясы туралы отыра қалып жазу, жалпы өлең өлкесінде өрнегі ерекше біртуар ақындардың поэзиясы туралы жазу мүмкін емес. Ол салада қалам тербеу де сондай біртур жандардың ісі шығар, алайда ақын поэзиясындағы өзіне магнитше тартқан, тебіренткен жырлары туралы жазу өз алдына, сонымен қатар «мифтің поэтикадағы қызметін қазіргі поэзиямыздың арқауында қарастырып, өзіндік қырлары мен көркемдік деңгейін саралап» жүрген ақынның өз поэзиясын да тұтас бір зерттеу еңбегінің нысанына айналдырса көп жас ғалымдардың ғылымда жолы ашылар деп ойламын.

Ертеңгі болатын ерекше кештің иесі Жанат апай, шығармашылығыңызға табыс тілеймін! Өнердің шыңына өрлей беріңіз!Бір ағашқа телінген бірнеше жеміс бұтағындай болған, бойыңыздағы ақындық, ғалымдық, ұстаздық, аналық және әженің жүгі жемісін бере берсін!

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет