Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік құрылымдардың экономика аясында қылмысты құрылымдармен біте қайнасуы, сондай-ақ мемлекеттегі лауазымды адамдардың, қоғамдық және саяси қайраткерлердің сатылғыштығы, парақорлығы
Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттік құрылымдардың экономика аясында қылмысты құрылымдармен біте қайнасуы, сондай-ақ мемлекеттегі лауазымды адамдардың, қоғамдық және саяси қайраткерлердің сатылғыштығы, парақорлығы. Өзінің қызметтік мәртебесі мен өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де бейқызметтік мүдделер үшін пайдалану жолымен жеке игіліктерді алу әрекетінен көрініс табады
Жемқорлықтың жалпылама белгілері: лауазымды адамның өзінің немесе делдал арқылы пара берушінің немесе оның өкілі болған адамның пайдасына жасаған іс-әрекеті (әрекетсіздігі) үшін ақша, бағалы қағаздар, өзге де мүлік, мүлік құқығы немесе мүлік сипатындағы пайда түрінде пара алу, туыстық, жерлестік, т.б. жақындықтарына байланысты қызметке ретсіз қабылдау және көтермелеу, сондай-ақ, мемлекеттік және қоғамдық мүліктерді талан-таражға салу. Мемлекетте жемқорлықтың бел алуы көлеңкелі экономиканың пайда болып, экономикалық өсу қарқынының тежелуіне және әлеуметтік, саяси шиеленістердің құрт асқынуына ұрындырады. Сонымен қатар жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер жаппай жемқорлыққа салынған жағдайда құқық қорғау органдары оларды жасаған қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тарта алмайтын жағдай қалыптасады. Жемқорлық жасалу түрлеріне қарап екіге бөлінеді: жекелеген лауазымды қызметкерлер жасаған қылмыстық іс-әрекет және бірнеше лауазымды қызметкерлер бірігіп жасаған қылмыстық іс-әрекет (қысқаша Сыбайлас жемқорлық). 1989 жылы әлемнің дамыған 37 мемлекеті халықаралық бизнестегі жемқорлыққа қарсы күресу туралы конвенцияға қол қойды. Қазақстан осы конвенцияға қосыла отырып, 1998 жылы 2 шілдеде “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” Заң қабылдады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 1-бабының 6-тармақшасына сәйкес сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу;
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік Қылмыстық Кодексте және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексте көзделген.Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы үйлестіру жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган болып табылады.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері және лауазымды тұлғалар жүргізуге міндетті.Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауды, жолын кесуді, ашуды, тергеп-тексеруді және алдын алуды және оларды жасауға кінәлі адамдарды жауапқа тартуды өзі құзыреті шегінде прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, әскери полиция органдары, экономикалық тергеп-тексеру қызметі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүзеге асырады.Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі анықталған жағдайда азаматтар 1424 тегін call-орталығына қоңырау шалып, мемлекетке хабарлай алады. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдем көрсететін адам мемлекет қорғауында болады және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен көтермеленеді.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адам туралы ақпарат мемлекеттік құпия болып табылады және заңда белгіленген тәртіппен ұсынылады. Көрсетілген ақпаратты жария ету заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы көрінеу жалған ақпартты хабарлаған адам заңға сәйкес жауапты болады.