СөЖ №6 Көркем әдебиеттің әдеби тілді дамытудағы рөлі



Дата26.11.2023
өлшемі26,22 Kb.
#128218

СӨЖ № 6
Көркем әдебиеттің әдеби тілді дамытудағы рөлі
Функционалдық стильдердің бір тармағы – көркем әдебиет тілін зерттеуде әңгіме негізінен екі түрлі проблема төңірегінде болады. Олар: 1) жалпы ұлттық әдеби тілдің даму барысындағы көркем әдебиет тілінің орны, 2) жеке жазушылардың сөз мәнері (даралық стилі). Бұларды тағы екі түрлі тұрғыдан қарастыруға тура келеді: бірі – ш е б е р л і к, екіншісі – нормалылық тұрғысы. Ашып айтсақ, біріншісі – көркем әдебиет тілін, яғни «поэтикалық сөзді»50 стилистика объектісі ретінде қарастыру, екіншісі – жалпы ұлттық әдеби тілдің белгілі бір қаттауының, айталық, лексикасының немесе грамматикасының нормалары мен ұлттық көркем тіл нормаларының арақатынасы, қарым-қатынасы және бұл нормалардың көркем текстерде көрінуі тұрғысынан қарастыру.
Бұл екі түрлі зерттеудің объектісі біреу – көркем әдебиет тілі болғанымен, олардың көздейтін түпкі мақсаттары мен талдау әдістерінде үлкен айырмашылық бар. Алдыңғысы лингвистикалық стилистика деп аталатын салаға жатса, соңғысы тіл нормаларының қалыптасып, орнығуы, яғни сөз мәдениеті деген саланың проблемалары болып шығады. Мұның себебі көркем әдебиет тілінің өзі «екі планды» екендігінде: біріншіден, ол «жалпы» тілге жатады, соның үдесінен шығуға тиісті болса, екіншіден, көркем шығарма тілі сол туындының «символдық құрылымына» бағынуы керек.
Жалпы стилистика – шеберлік туралы ғылым саласы, оған тілдің көріктеуіш құралдары, солардың көркем әдебиетте қолданылуы жайындағы зерттеулер жатады. Көркем әдебиет өнер туындысы болғандықтан, оның тілі сол өнердің құралы, «материалы» ретінде қаралып, ол да ө нер, демек, шеберлік тұрғысынан сөз болуы қажет.
Жалпы тіл білімінде стилистиканы: 1) тілдің стилистикасы, яғни системалардың жүйесі (стилистика языков); 2) сөздің стилистикасы, яғни тіл элементтерінің жалпы халықтық қолданысын зерттеу (стилистика речи); 2) көркем әдебиет стилистикасы, яғни поэтикалық зерттеу деп бөліп қарастырады52. Бізде, қазақ ғылымында, негізінен, алдыңғы екеуі зерттеу объектісіне көбірек айналып, соңғы сала кенжелеп келе жатқанын айту керек. Дегенмен мүлде жоқ деуге болмайды. Е. Жанпейісов, X. Нұрмаханов, М.Серғалиев, X. Кәрімов, Б. Шалабаев сияқты зерттеуші ғалымдар бірқатар жазушылардың сөз шеберлігін, көркемдік тәсілдерін талдап танытады. Демек, көркем шығармалар тілін стилистика объектісі етіп зерттеуде жазушының эстетикалық талаптарды өтеу шеберлігі, яғни қалам иесінің қолтаңбасы, сөз өрнегі талданады.
Жазушы шығармасында айтпақ идеясын, бермек образдарын және көрсетпек суреттерін тіл арқылы білдіреді. Көркем шығармада н е н і ң суреттелгені ғана емес, қ а л а й суреттелгенінің мәні зор. Сол «қ а л а й »-ды көрсету – стилистиканың міндеті. Қайталап айтсақ, стилистика сөз эстетикасын, сөздің контекстегі рөлін зерттейді. Демек, лингвостилистика ұлттық көркем тіл мәдениеті дамуының негіздерін көрсететін ғылым саласы болады. Стилистиканың лингвистикалық міндеті с т и л ь д і к әсердің өзін емес, сол әсерді туғызатын тілдік механизмдізерттеу болып табылады.
Стилистика мен сөз мәдениеті мүдделері тоғысып жатады, өйткені тіл элементтерінің көркем сөзде дұрыс не бұрыс қолданылуын (яғни сөз мәдениетінің бұзылып не сақталып тұрғандығын) анықтау үшін әуелі сол элементтің қай орында, қандай мақсатта жұмсалып тұрғандығын, яғни стильдік жүгінің бар-жоғын білу керек. Сөздің стильдік бояуы ол сөздің негізгі мағынасына үстелген қабат болғандықтан, сол қабаттың сыр-сынын тауып алу қажет болады. Зерттеушілер стилистика мен сөз мәдениеті проблемаларын бір-бірімен байланыстыра қарастыру – бүгінгі күннің көкейкесті шаруасына айналып отырғандығын көрсетеді. Сөйтіп, стилистиканың мақсаты – тіл элементтерінің жұмсалуын бағалау болғандықтан, олардың орынсыз, қате қолданылуын тауып-талдау тіл мәдениеті міндеттерімен ұштасады.
Функционалдық стильдің бір тармағы – көркем шығарма тілін лингвостилистика тұрғысынан зерттеуде мыналарды нысанаға алады:
а) «автор образы» дегеннің көрінісі;
ә) баяндаудың түрлері;
б) кейіпкерлердің сөзін беру (кейіпкерлерді сөйлету) принциптері;
в) кейіпкерлер тілі мен автордың өз тілінің көрінісі.
Бұл – негізінен, көркем проза стилистикасына қатысты проблемалар. Ал драматургия мен поэзия салаларында лингвистикалық стилистика бұдан өзгеше мәселелерді қояды.
Орыс лингвистикасында д р а м а т у р г и я тілі жан-жақты, жақсы зерттелгендігін байқаймыз. Бұл салада мынадай мәселелерге көңіл аударылған:
а) кейіпкерлер образын тіл арқылы көрсету;
ә) кейіпкерлер тілі арқылы ауызекі сөйлеу тілінің типтенуі (типизация);
б) драмада сөз мағынасын стильдік мақсатта пайдалану.
Поэзияға келсек, мұндағы лингвостилистикалық ізденістер мүлде ерекше болмақ. Ең алдымен, поэзияның өзі «тұнып тұрған» образдылық (бейнелілік) болса, сол образдылықты жасайтын құралдар мен тәсілдерді зерттеу міндеті тұрады (образдылықты танып-таныту – әрине, көркем проза мен драматургия стилистикасының да «шаруасы»). Лингвистикалық стилистика көркем сөздің ерекшеліктерін зерттейтін болғандықтан, оған ырғақ, эвфония, поэтикалық синтаксис, сөз арқылы берілетін бейне (словесный образ) сияқты тарамдарды қамтитын лингвистикалық поэтика кіреді. Поэзия тілін лингвостилистика тұрғысынан зерттегенде, ең алдымен, ондағы образ жасампаздық (образотворчество) мәселесі көзделеді. Ал образ жасампаздық тіл элементтерін (құралдарын) жазушының өз қаламында жарата білуі арқылы пайда болады. Сөз-образдардың түрлерін, оның ұлттық бояуын (колоритін) тану да – поэзия стилистикасының міндеті. Қазақ тіл білімінде бұлардың барлығы да – әлі жүйелі түрде зерттелмей келе жатқан салалар. Ең алдымен, қазақ стилистикасында лингвистикалық негізде «автор образы» дегенді монографиялық планда арнайы танып-білу мүлде сөз болмаған зерттеу объектісі екенін айту керек.
«Автор образы» – тіл жағынан алғанда, көркем шығарманың мағыналық стильдік діңгегі53 («автор образы» деген мен «шығарма авторы» бір емес екендігін ескерту артық болар). «Автор образын» анықтау дегеніміз – сол шығарманы стилистика тұрғысынан талдау деген сөз. «Автор образын» шығарманың баяндау стилінен, диалогтар мен монологтерді беру үлгісінен, экспрессивтік-стильдік элементтерінен көріп, тануға болады. Қысқасы, «автор образы» – лингвостилистикалық проблема.
Көркем шығарма құрылымы жағынан баяндау (автор сөзі) және диалогтер(кейіпкерлер сөзі) болып бөлінеді. Сондықтан көркем шығармада баяндаудың авторлық нормаларын айқындап алу қажеттілігі туады. Көркем прозада баяндаудың төрт түрлі болатыны айтылып келеді:
Баяндау автордың өз атынан жүргізіледі. Көркем прозаның көптеген туындылары, әсіресе роман, повесть сияқты ірі үлгілері баяндаудың осы түрімен жазылады. Мысалы, М.Әуезовтің «Абай» эпопеясы, Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлкесі», Ғ.Мұстафиннің «Шығанағы», Т.Ахтановтың «Бораны», Ә.Кекілбаевтың «Үркері» т.б.
Баяндау әңгімелеуші кейіпкерлердің атынан (бірақ стильдік бояусыз) жүргізіледі. Қазақ көркем сөзінде бұл әдіс те көп қолданылады. Әсіресе авторлық баяндаудың бұл түрі қысқа әңгіме, повестерде кеңінен пайдаланылады. Мысалы, М.Ысқақбаевтың «Арпабектің сары атаны» деген әңгімесі, Ш.Мұртазаевтың «Табылған теңіз» повесі кейіпкер атынан баяндалғанымен, бұлардың тексінде автор жергілікті сөз, қарапайым сөз, ауызекі сөйлеу тілі элементтері дегендерді әдейі қолданбайды. Стильдік элементтер мұндай шығармаларда диалогтерде ғана жұмсалады.
Әңгімелеуші кейіпкер аталмайды, бірақ баяндау стилі сол кейіпкердің көзқарасымен беріледі. Мысалы, Ә.Кекілбаевтың «Құс қанаты» повесі ауылда туып-өскен, оқымаған «шұбалаң жаулық қара кемпірдің» көзімен (сөзімен) баяндалады. Сондықтан мұнда ауызекі сөйлеу тіліне тән қарапайым элементтерде: бозымбай (боз өкпе), ұшпақ (жұмақ), бұтқа толу (бәлдену), тортиып жүру (ренжу), жырқылдау т.б. сияқты қарапайым сөздер де, бойлы-сойлы (жақсы, текті), дызықтау (асығу), бөтеке (бүйрек), шатпа (төрт қанат киіз үй) т.б. тәрізді жергілікті сөздер де, шүйке бас, сидаңдаған қу сирақ, енесі пақыр, атасы жарықтық сияқты т.т. стильдік бояуы бар өзге сөздер де автор тілінен орын алған.
Сол сияқты Ә.Нұрпейісовтің «Сең» романындағы авторлық баяндаулардың жалпы бояуы (тоны) да көп нәрсені түзетпек болған, тартылып қалған Аралдың тағдырына араласпақ ниеті бар, өзі адал, сондықтан «жуан қаралар» мен беймаза Бәпиза жұбайына, тойымсыз енесіне – қысқасы, айналасына сын көзімен қарайтын бас кейіпкер – берекесіз тірлік кешкен «ит мінезді» Жәдігер Әміржановтың танымы, бағалауы, көруі арқылы берілген.
4) Әңгімелеуші аталады да шығарма сол кейіпкердің аузымен баяндалады. Баяндаудың стильдік бояуы әңгімелеуші кейіпкердің сөз саптауына бағындырылады. Мысалы, Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» атты әңгімесі І жақтан сөйлеген автор сөзімен басталғанымен, ондағы әрі қарай баяндалатын барша оқиға жолаушылап келе жатқан адамдардың бірі – 30-40 жастардағы қарапайым ауыл адамының аузымен, соның сөйлеу үрдісімен беріледі. Сондықтан мұнда сөйлемдер қысқа-қысқа. Әңгімеде немене еді, тәйірі соның өлеңі... ой, Алда-ай, қызық заман екен-ау... әйдай («Есімбектің үлкен үйі лық толған адам, қымыз ішіп, әйдай, қызды-қызды болып жатыр екен»), дүниені сөткен адам... Зәйкүл – сөзшең қатын... Айнабай – қызыл көзді пәле... деген сияқты ауызекі тілдің сөз мәнері еркін қолданылған. Міне, баяндаудың осындай төрт түріне байланыстыра сөз тандау, сөйлем құрастыру заңдылықтарын (нормаларын) танып-білу қажеттігі туады, бұл – қазақ тіл ғылымында әзірге там-тұмдап қолға алына бастаған сала. Бұл ретте соңғы жылдарда жарық көрген X. Кәрімовтің «Қанатты тіл» (1995) монографиясы, Б. Шалабаевтың «Көркем проза тілі» (1994), М. Серғалиевтің «Көркем әдебиет тілі» (1995) атты монографияларын атаймыз. Сондай-ақ «қазақ көркем сөзінде диалогтер арқылы образ жасау деген бар ма, бізде «қала тілі», «ауыл тілі» (орыс тіліндегідей «городская речь», «крестьянская речь» т.т.) дегендер бар ма, бар болса – олардың көркем әдебиеттегі көрінісі қандай, жоқ болса – диалогтерді беруде өзге ерекшеліктер байқала ма?» деген мәселелер де күн тәртібінде тұр. Осы орайда бұрынғы (бұдан 50-60 жылдар бұрынғы) және қазіргі (соңғы 20-30 жыл ішіндегі) қазақ прозасында автор сөзі мен кейіпкер сөзінде айырмашылық бар ма, жоқ па; автордың тіліндегі белсенділігі (жазушының өзіндік көрінісі) деген байқала ма; кейіпкер тіліне автордың килігіп кетуі, яғни өз тілін кейіпкердің аузына салуы немесе керісінше, авторлық баяндаудың кейіпкер тілімен берілуі деген сияқты стилистиканың тың мәселелері алдымыздан және шығады.
Сөйтіп, лингвостилистика көркем текске эстетикалық сипаттама беруді көздейді, яғни көркем шығармадағы сөздің ерекше қызметін: стильдік жүгін, құбылысын айқындайды.
Ал көркем шығарма тілі мен жалпы ұлттық әдеби тіл нормаларының арақатынасын қарастыратын екінші аспектіге келсек, бұл ретте, ең алдымен, ұлттық көркем сөз нормалары дегеннің өзін анықтап алу қажет. Содан соң көркем әдебиет тіліндегі осы нормаларға сай келетін немесе сай түспейтін сәттерді, яғни нормадан уәжді (мотивті), уәжсіз (мотивсіз) ауытқуларды тауып көрсету мақсаты қойылады. Көркем туынды тілін жалпы әдеби тіл нормасы тұрғысынан зерттеу алдыңғы лингвостилистикалық ізденістермен ұштасып жатқанымен, бұл – өз алдына бөлек ғылыми ізденіс болмақ.
Көркем әдебиет тілі – кең планды проблема. Оған стильдік ізденістер тұрғысынан келіп, өнер ескерткіші ретіндегі көркем шығарманың тілдік болмыстың талдау мен сол ескерткішті тұрғызушының, яғни жазушының шеберлігін танып білу де жатады. Сонымен қатар «қалам иесі қазақ әдеби тілінің бүгінгі жалпы ұлттық нормаларына құлақ асып отыр ма, жоқ па, ол нормалардан ауытқулар бар ма, бар болса, себептері қандай?» деген мәселелер де көтеріліп, аталған проблема нормативтік-статикалық аспектіде де сөз болуға тиіс. Қай тұрғыдан қаралса да, белгілі бір кезеңдегі көркем әдебиет тілінің параметрі сол дәуірдегі әдеби тілдің даму бағытымен әрі принциптерімен өлшенеді.
Көркем туынды тілінің негізі де, қоры да, көзі де – жалпыұлттық тіл, жалпы әдеби тіл екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан бүгінгі танда көтерілетін сөз мәдениеті (мейлі қай жанрдың сөз өрнегі әңгімеленсе де), сайып келгенде тілдік нормаға барып тіреледі. «Қазақ көркем әдебиетінің тілі сол нормалар үдесінен шығып отыр ма, жоқ па?» деген проблема – өз алдына ғылыми зерттеу объектісі болуға тиіс. Көркем әдебиет стилі қазақ әдеби тілінің қалыптасып, дамуы барысында басты рөл атқарып келгені мәлім. Бұл күнде де қоғамдық-публицистикалық; ғылыми стильдермен қатар, әдеби тілдің жетіле түсу процесінде белгілі дәрежеде елеулі орын алып отырған көркем әдебиеттің тілін тек лингвостилистикалық аспектіде ғана емес, әдеби тіл нормаларын сұрыптау, тұрақтандыру, сөз мәдениетін көтеру тұрғысынан да зерттеу қажеттігі туады. Соңғы мақсатта жүргізілетін ғылыми ізденістер қазақ тілінің ұлттық көркем әдеби нормаларын айқындау, оның ерекшеліктерін таныту, әдеби стандарт пен нормадан ауытқу құбылыстарының сырын ашып, табиғатын, дұрыс-бұрысын көрсету сияқты тың ғылыми-теориялық мазмұнды жұмыстарды ұсынуға мәжбүр етеді.
Оның үстіне көркем әдебиеттің жанды процесінде оның қазақ әдеби тілінің қазіргі кезеңдегі дамуына жақсы әсер етіп отырған жағымды жақтарымен катар, тілдік-эстетикалық талғам шарттарына сай келмейтін жағымсыз сәттерін көрсетіп, оларды түзейтін ғылыми негізді ұсыныстар жасау қажеттігі даусыз. Бұл – бүгінгі күнгі теориялық та, қолданбалы да тіл біліміне қойылып отырған басты талап. Демек, көркем әдебиет тілін синхронды-нормативтік тұрғыдан зерттеу – бүгінгі қазақ тіл білімінің өзекті проблемаларының бірі болмақ. Әрине, алдымен диахронды-нормативтік ізденістерге барудың жөні бар. Ал бүгінгі таңдағы талап – тіл мәдениетін көтеру тұрғысынан қарасақ, синхронды-нормативтік зерттеулерге баса көңіл аудару қажет болады. Атап айтқанда: жалпыхалықтық ұлттық әдеби тіл нормалары мен көркем тіл нормаларының айырым белгілері, ұштасатын-ажыратылатын тұстары, даму принциптері мен бағыттары қандай?
Қазіргі қазақ көркем әдебиеті тілінде ұлттық әдеби тіл нормасынан ауытқушылықтар бар ма, ол ауытқушылықтардың жөнімен-жөнсіз (уәжді-уәжсіз) түрлері қандай және ауытқушылық көркем әдебиеттің кай жанрында, тілдің қай қаттауында көбірек сезіледі?
«Жазушы тіл құралдарын творчестволықпен жұмсай білген бе, жоқ болса, оның қазіргі сөз мәдениетімізге тигізетін әсері, зияны қандай, қай дәрежеде?» деген проблемалар қойылады.
Көркем әдебиет тілін стильдік ерекшеліктер мен сөз мәдениеті тұрғысынан зерттеуде де объектілерді проза, поэзия, драматургия түрлеріне бөліп, айырып талдау, тану керек. Оның үстіне қатты ескеретін нәрсе – нормалылық дегенді тілдің қай қаттауына (қабатына) қарай іздеу керектігі. Айталық, лексика қабатына қатысты нормалылықты зерттеу объектілері жағынан ғана емес, сөздің семантикалық мағынасымен қатар, эстетикалық жүгін есепке алып отыру жағынан да ерекшеленеді. Және бұл ерекшелік проза тілі мен поэзия немесе драматургия тілінде тағы бөлініп кетеді. Синтаксистегі нормалылықты іздеу – ең алдымен, көркем текстің стильдік-эстетикалық нысанасымен көзделеді. Синтаксистегі түзулік (нормалылық) структуралық (жалпы тілдік) нормаға сайма-сай түспейді. Көркем әдебиет тілінде структуралық нормадан ауытқу көркемдік талабынан шығып тұрса, ол – көркем тілдегі нормалылық болғаны. Бұндай «нормадан тыс нормалылық» поэзия жанрында мүлде айрықша болып келеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:


Қоңыратбаев Ә. Әдебиетті оқыту методикасы. Алматы,Мектеп, 1985ж.
Көшімбаев А. Қазақ әдебиетін оқыту методикасы. Алматы., Мектеп, 1969ж.
Ақшолақов Т. Көркем шығармаға талдау жасау. Алматы,Мектеп, 1993 ж.
Бітібаева Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі. Алматы, Рауан, 1994 ж.
Жұматаева Е. Әдебиетті оқытудың кейбір мәселелері. Адматы.,
1999ж.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет