Тақырыбы: Жайық Бекторов, Мағжан Жұмабаев,
Шәкәрім Құдайбердіұлдарының өмірі мен шығармашылығы
Жайық Бектұров Керей тайпасының Ақсары руының Аманжол тармағынан шыққан.
Журналист, жазушы, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Жайық Кәгенұлы Бектұров 1912 жылы дүниеге келген. Ежелден моншақты атанған (қазіргі Ақмола облысы, Алексеев ауданы, «Үріті» ауылы) Ақкөл атырабы Жайық Бектұровтың кіндік қаны тамып, табан ізі түскен құтты мекен. Алғаш ауылдағы молдадан сабақ алып, ескіше хат таныған ол шаруа жастары мектебінде оқыған. Жайық Бектұров еңбек жолын ұстаздық етуден бастапты. Сонау Қазан төңкерісі тұсындағы жас ұстаз Сәкен ағасының ізімен ілгерілей бұрын «Ахмет ауылы» атанған, қазіргі «Интузияст» (Қарағанды облысының Нұра ауданы) совхозына келіп, мектепте мұғалім болған. Алғашқы жауқазын жырларын сол Ахмет ауылында жазған, Сәкен Сейфуллинге еліктеді ме, Жайық Бектұров 30-шы жылдардың басында қолына қалам алып, Ақмола қаласында шығатын «Сарыарқа» газетіне ел тұрмысынан шағын хабарлар жаза бастады. Жайық Бектұровтың ұзақ жылдарға созылған журналистік жазушылық еңбегінің бастау алған жері – осы Ақмола атырабы, «Сарыарқа» газеті. Ол содан бері ауыл, қала, интеллегенция, жастар өмірінен көптеген очерктер, әңгімелер, қазақ жазушылары жайлы әдеби сын, мақалалар жазады. Ол 1934 жылы ҚазССР-інің Халық ағарту комиссариатының мұғалімдер курсын бітірген, 1934 жылы Қазақ коммунистік университетін, ал 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетін тәмәмдаған. Жайық Бектұров 1932-1937 жылдары комсомол қызметінде болған, 1937-1939 жылдары республикалық «Лениншіл жас» жастар газетінің редакторының орынбасары, «Социалистік Қазақтан» газетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары міндеттерін атқарған.1939-1940 жылдары Жамбыл облыстық газетінің жауапты редакторы, ол соғыс басталғанда дивизиялық газеттің редакторы болған.
Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бетінде жазушы Азия, Африка елдері қаламгерлерінің бірнеше әңгімелерін аударып бастырған. Кейінгі жылдары, яғни 1991 жылы «Өткел» өлеңдер жинағы, ал 1997 жылы «Қазақстан» баспасынан «Таңба» атты кітабы жарық көрді. Бұл кітап еліміздің шежіресіне қара таңба болып басылған отызыншы-қырықыншы жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің алапат ащы шындығы жайында, сол нәубеттің құрбаны болған тұғырлы тұлғалар, талай тағдырлар жайында баян ететін туынды. Мұның жарық көруінің арасы 40 жылдай уақытқа созылған екен. Сол қырғынның өзі де куәсі болған, кезінде жазықсыз танылғандақтың кесірінен жапа шегіп, жалынды жастық жылдарын айдауда, азап лагерінде өткізген ардагер жазушының аталмыш романы тасада қалып, кеңес империасы тараған соң, жалғанның жарығына әрең шықты. Жалпы бұл шығарма азап лагеріндегі өмірді қазақ әдебиетінде бейнеленген тұңғыш еңбек. Жайық Бектұров – қазақ көсем сөзінің көш бастаушыларының бірі емес, бірегейі. Оның таяуда ғана “Қазақстан” баспасынан жарық көрген “Енеден ерте айрылған төл секілді…” атты кітабы – қазақтың біреуге бодан болған заманы мен бүгін өз алдына егемен ел болған кезеңін жалғап тұрған көшелі көсем ойының бір алтын жібі десе болады.