Тақырыбы:Мәнерлеп оқудың амал-тәсілдерін ажыратады, теориялық білімін жетілдіреді. Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Қазақстандағы білім беру реформаларының ортақ мақсаты білім беру жүйесінің жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделуі болып табылады» делінген. Жеке тұлғаның дамуының, мәдениаралық алмасулардың, пікірін еркін білдірудің, жаңашыл жобаларды, шығармашылық ойларды іске асырудың түпқазығы ретінде Қазақстанда қолайлы орта қалыптасқан. Бұл, өз кезегінде, жас ұлттың талаптары мен қызығушылығына барынша жауап беретін білім берудің прогрессивті жүйесін қалыптастырумен анықталады. Осылайша Қазақстанның қазіргі даму кезеңінде білім беру негізгі роль атқарады.
Білім берудегі жаңа тұжырымдамалық көзқарастар, әдіснамалық ұстанымдар әлемдік білім кеңістігіндегі жаңартулармен ықпалдасып, еліміздің білім беру ісі 12 жылдық білім беру жүйесіне көшкелі отыр. Бұл білім беру жүйесінің негізгі міндеті - оқыту үрдісін ұлттық құндылықтарға негіздей отырып, оқушыларға көп деңгейлі білім беруді ұйымдастыру. Оқушының өз бетінше білім алуын ұйымдастырғанда, өзінің туған халқының ұлттық құндылықтарын қадірлеп, туған жері, тарихы, қоршаған ортасы туралы түсінігі болып, ол туралы айтып бере алуына мүмкіндік жасалғанда ғана аталған міндеттері шешімін табатыны сөзсіз. Сол себепті де жаңа білім беру жүйесінде әрбір азаматтың тұлғалық дамуын күшейту басты назарға алынып отыр. Оқу орындарындағы негізгі пән ретінде тіл мен әдебиет пәндерінің орны ерекше. Ал жаңаша оқыту үрдісінде бұл пәндердің маңызы бұрынғыдан арта түседі, әрі тіл мен әдебиет пәндері оқушылардың тілдік білімі мен қарым-қатынас біліктілігін жетілдіру арқылы дара тұлғаның сөз өнері негізіндегі сөйлеу шеберлігін, жұрт алдында сөйлеу мәдениетін арттыруды басты назарға алады.
Жалпы білім беретін мектептердің алдында өскелең ұрпаққа берілетін сапалы білім, саналы тәрбиені одан әрі жетілдірудің айрықша міндеттері қойылып отыр. Оқушылардың көркем сөйлеу мәнері мен мәдениетінің негізі мектепте басталады. Балалардың сөйлеу дағдысын, көркем сөйлеу мәнерін, тілдік тәсілдер мен сөз шеберлігін орнымен қолдану қабілеттерін қалыптастыру – бүгінгі күннің көкейкесті әңгімесі болып отыр. Айналаны қоршаған дүниедегі тіршілікті дұрыс түсіну, әдемілікті қабылдау, дұрыс сөйлеу – қоғамдағы қарым-қатынастан басталады.
Ең алдымен мәнерлеп, көркем оқудың не екеніне келетін болсақ, «Мәнерлеп оқу» атты оқулығында ғалым апамыз С.Желдербаева «Мәнерлеп оқу дегеніміз - қарапайым сөйлеу тіліне жақын, еркін оқу» деп анықтама берсе, «Мәнерлеп оқу – оқу шеберлігі, олай болса, ол жұмыс ең алдымен оқушыларға тіліміздегі сөздерді дұрыс айтқызып, жатық сөйлеттіруден, көркем тексті нақышына келтіріп оқудан басталады» деген С.Тілешованың да анықтамасы көкейге қонымды. Шын мәнінде өзге білім дағдыларын игергендей көркемдеп, мәнерлеп оқу дағдылары да үнемі дайындалу, үздіксіз іздену, жаттығу әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен жинақтаған білімін ұштастыра білу нәтижесінде ғана қалыптасады. Оқушының мәнерлеп оқи білу дәрежесіне қарап, оның талабы, талғамын, білім дәрежесі мен ой өрісін, дүниетанымы деңгейінің көрсеткіші ретінде мөлшерлеуге болады.
Әдебиет сабағы – сөз өнері. Бағдарлама бойынша оқушыларға көркем шығарманы мәнерлеп оқу, тіл шеберлігіне көңіл бөліп отырып, терең тебірентіп, әсерлендіріп, оқушыларды сөз құдіретіне сезінуге баулимыз.
Мәнерлеп оқуға әдебиеттегі көркем туындылары жатады. Осы көркем шығарманы мәнерлеп оқу жөнінде теориялық және практикалық білім беріледі.
Әр сабақтың үрдісінде практикалық, теориялық жоба жасалады.
Мәнерлеп оқу – сөйлеу техникасын, дауыс сапасының даму жолдарын көрсету.
Автордың ой-пайымымен көркем шығарманы сөйлету күрделі әрекеттің бірі. Көркем мәтіннің болмысына терең бойлап, жете меңгермейінше оны сөйлету қиын. Өлеңдегі әр сөз, бунақ белгілі ой ағымын ұсынады.Оны дәл сол мәнінде тиісті ырғағымен оқу үлкен шеберлікті талап етеді.
Мәнерлеп оқу – сөйлеу техникасын, дауыс сапасының даму жолдарын көрсету Шәкірттерді көркем оқуға баулу үшін тапсырмалар арқылы оқушы қызығушылығын арттырамыз. Мұғалім одан – жазушылардың бір тақырыпқа жазылған шығармаларын оқытса, оқушылардың сұлулықты сезінуі, әсемдікті қабылдауы толыға түседі. Мәнерлеп оқу арқылы көпшілік алдына емін-еркін шығып этикалық оралымдарды шебер қолдана алады.
Оқушылар алдында кез-келген мәтінді көркемдеп оқып беру үшін, мұғалім көркем шығармаға терең бойлап, оқу ерекшелігіне, тіліне талдау жасап, шығармашылық тұрғыда ізденеді. Мәтіндегі негізгі, астарлы ойларды, әрбір бөлшегін, керек болса әр сөз тіркесі мен сөзіне дейін іштей оқып дайындалады, мәтінді толық меңгеріп, оқу мақсатын белгілейді. Осылайша көркем шығарманы оқуға дайындық барысында творчестволық тұрғыда еңбек етеді, ізденеді. Мәнерлеп оқу пәні әдебиет, қазақ тілі пәндерінің негізгі құрамдас бөлігі. Әдебиет сабағының негізгі мақсаты мәтінмен жұмыс жасау болса, оның ерекшеліктері мұғалімнің басты қаруы – сөзі арқылы оқушы жүрегіне, сезіміне ықпал ету, әсерлендіру, пәнге қызықтыру, толғандыру, ойландыру. Сол арқылы оқушының эстетикалық талғамы артып, көркемдік әлемінен сусындауды үйренеді. Жазушы Ғ.Мүсірепов айтқандай «Бір сөздің бір сөзге жарық та шашатынын, көлеңкесін де түсіретінін» жай сөзбен баяндап, хабарлап қана қойып, атүсті түсіндіру арқылы емес, білім алушының өзіне негізгі ой түйінін тапқызып, жаңа тақырып мазмұнын игеруде сөзбен жұмыс жасай білуге, өз ойын еркін әрі ашық, логикалық бірізділікпен айтуға, ауызша сөйлеу мәдениетін жетілдіру секілді жұмыстар жасап қызықтыруға болады.
Сөйлеу мақсатына қарай бат-әлпет құбылыстарын да дұрыс қолдана білу сөздің тартымдығын арттырады. Сөйлеу техникасын, дауыс мәнерлерін жарасымды қолдану үшін дайындық кезінде айна алдында тұрып жаттығу қажеттігі дәйектелген. Сондықтан айнаға қарап айтар сөзіне толық дайындалу, сөйлеушінің өзіне деген сенімділігін күшейте түседі.
Оқушы көркем сөздің қоғамда атқаратын рөлін біле отырып, ауызекі сөйлеу тілі мен әдеби тілді меңгеруі тиіс. Жұрт алдында сөйлеу мәдениетін меңгеру арқылы шешендік өнерге бейімделіп, өнер мәртебесінің биіктігін, қасиетін сезінеді. Монолог, диалог, прозалық, поэзиялық шығармаларды еркін оқып, амал-тәсілдерді қолдана білген оқушының сахнаға шығып, мәдени шараларды жүргізе алатыны анық.
Сахналық қойылымдарда образдық бейнеге еніп, қимыл-әрекет, сөйлеу мәнері сақталғанда ғана мәдени шараны жүргізуге жеңілдік болады. Мәнерлеп оқуға төселдіру үшін үздіксіз шығармашылық жұмыстар, фонологиялық жаттығулар, мәтінмен жұмыстар жүргізіп отырсақ, шебер сөйлеушінің қалыптасуына жол ашамыз.
Мәнерлеп оқу - әдебиетті оқытудың басты әдістемелерінің бірі. Мәнерлеп оқудың мақсаты:
а) оқушыларға көркем туындының эмоциялық-эсстетикалық әсерін сензіндіру;
ә) көркем мәтінге жан беру, әр сөздің мәні мен мағынасын, сөз бояуларының нақышын сезе білу;
б) көркем мәтіндегі айтар ой мен поэтикалық көркемдікті өздеріне болжату, түсіндіру, мәтінді талдау дағдыларын дамыту.
Мәнерлеп оқу 3 сатыдан тұрады. Таным үш сатылы. I саты – сезімдік таным, оқушы нені болса да әуелі бес сезім арқылы қабылдайды. Мазмұнды оқып білу, игеру – алғашқы сезімдік танымға жатады. II саты – шығарманың өзіне тән көркемдік ерекшеліктерін танып оқу (талдап оқу) болмақ. Бұл тұста оқушы көркем сөздің заңдарын үйренеді (образ, композиция, тіл, сюжет, өлең өлшемі, жанры, тақырыбы, идеясы). Мұны ақылдық таным дейміз. Білім мен таным оқушыға осы екі оқу тұсында беріледі. Ақылды байытудың бір құралы – ес. Бірақ ол – психологиялық процесс.
Бұл екі оқудан мәнерлеп оқудың жөні тіпті бөлек. Онда зор сапалық айырма бар. Ол неде? Мәтінді оқу, талдау тұсында оқушы төселіп білім алып, алға басады. Оны білім жинақтау сатысы дейміз. Бірақ танымның биік сатысы қиялдай білу болады. Оқушының қиялы, қиялдау қабілеті үшінші оқу тұсында дамиды. Енді ол озінің білгенін қиялдап жаңадан айта алады. Алғашқы лқу мен талдау тұсында бала білім алу сатысында болса, мәнерлеп оқу тұсында олар бізге алған білімін қайтарады, сондықтан оны шығармашылық саты дейміз. Оқу, талдау – сандық оқу, мәнерлеп оқу – сапалық оқу. Оны қайтарма оқу дейміз.
Мәнерлеп оқудың түрлері. Мәнерлеп оқу V–VII сыныптардан басталады, ол үш түрлі формада үйретіледі.
Даралап оқу. Оқушы өлең жаттайды. Оны мәнерлеп орындату дейміз. Кейде бала прозаны да жатқа орындайды. Мұнда сөйлеу мәнері басты орын алады. Өлеңді жаттап, ешқандай мақам, ырғақсыз айтса, оның берері жоқ. Бұ л оқу көбіне сезімдік танымға жатады. Жаттауға бүгінгі ақындардың шығармаларынан бастап, фольклор шығармаларын да ұсынамыз. Даралап оқу баланың лексикасын байытады, логикалық ойын дамытады.
Мәтінді рөлге бөліп оқыту. Мұны кейде кейіпкерге еліктеп оқу деп те атаймыз. Бұл көбіне талдау сабақтары тұсында қолданылады. Оған диалог сөз, драмалық шығарма үзінділері, мысал, айтыс жанры қолайлы. Мәтінді рөлге бөліп оқыған жерде кейіпкерлерге мінездеме берудің қажеті жоқ. Мысалдың аллегориясын ғана ескертеміз.
Әндетіп оқу. Эпостарды өткенде монологтарды домбыра (жыр) күйіне салып айтса, бұл да күшті есте қалады. Абай шығармаларын өткенде де әндерін мәтінге негіздеп орындату керек. Ән мен көркем шығарманың бірлесуі – зор үлес.
Мәнерлеп оқу – көркем шығармаға терең бойлап оқудың, шығармашылық ізденістің жемісі. Көркем мәтінді оқу алдында оқушы ондағы әр көріністі, әр деталды, әр сөзді іштей қорытады, толық меңгереді, оқу мақсатын белгілейді.
Мәнерлеп оқу – оқушының талабы мен талғамының, білім дәрежесінің, ой-өрісінің көрсеткіші. Оқушы көркем шығарманы көп оқыса, оқығаннан көңілге тоқығаны мол болса, оқу техникасы жетілген болса, оның оқу, орындаушылық шеберлігі де соғұрлым арта түседі. Мәнерлеп оқу материалын таңдаған кезде оның тартымдылығы, тәрбиелік мәні, шығарма мазмұны мен тілінің бала ұғымына ауыр болмауы ескеріледі. Оқушыға прозалық және поэзиялық шығармалармен жұмыс жасауды қатар жүргізу қажет. Сонда ғана оқушы прозалық шығарманы мәнерлеп оқып, инсценировка жасалған кезде рөлдерді шебер орындай алады.
Мәнерлеп оқу екпінді дұрыс қоя білу, оқу мәнерін меңгеру, тыныс белгілерін сақтап, дұрыс кідіріс жасау, дауысты сөйлемдегі ой мазмұнына сай баяу, жігерлі оқу немесе тілек, сұрақ, көңіл күйді көтеріңкі үнде оқу ескеріледі.
Сонымен қатар, кино, радио, теледидар арқылы әртістердің, көркем сөз шеберлерінің, дикторлардың оқуына зер салып, қадағалап отырады. Бұл оқушылардың сөз мәнерін, сөйлеу тілін жетілдіруге көмектеседі.
Лирикалық шығармаларды ақын өз ойы, өз сезімі, өз күйін тікелей кейіптеу арқылы жеткізсе, лириканың сол өзіндік қасиеттерін түсіну үшін баланың да ақынжанды жүрегі, нәзік сезімі, ұшқыр ойы болу керек қой. Ал ондай сергектік, нәзіктік барлық адамда бола бере ме?! Лирикалық шығармаларды құлақпен емес, жүрекпен, сезіммен қабылдау керек десек, ол шығармаларды бала қалай меңгереді, нені сезді, неге тебіренді, қандай көңіл-күйде болды?.. Оны тексеру де мұғалімге оңайға соқпайтын мәселелер. Міне, сондықтан да лириканы оқытудың күрделілігі осында жатыр.
Лириканы оқытудың басты мақсаттарының бірі – оқушыларды поэзияны сүюге баулу, оның кестелі тілін сезіне білуге, эстетикалық ләззат ала білуге, әдемі, көркем сөйлей білуге баулу болып табылады.
а) өлеңді әуенмен, сазымен мәнерлеп оқуға, жатқа оқуға ерекше көңіл бөлу.
ә) өлеңдегі ақынның көңіл-күйін бағдарлату, оқушылардың өз сезімі, өлеңнің әсеріне де назар аудару.
б) тақырыпқа сай музыканы, бейнелеу өнерін, басқа да өнер туындыларын, көрнекілікті үйлесімді, тиімді пайдалану.
в) тиімді көңілді оқу жағдайын туғызу. Жағымды ахуал жасау (балаларға ұрыспау т,б,)
г) қабілеттерін, шабыттарын ояту, белсенділіктерін арттыру мақсатында шығармашылық сипаттағы әдіс-тәсілдерді пайдалану.
Лирикада ақын сезімі өмір сүреді, оқушы оны өз сезімімен қабылдайды. Екі сезім түйіскенде ғана, яғни ақын сезімі мен оқушы сезімі түйіскенде, қабысқанда, бір-бірін тапқанда ғана ол туралы сөз қозғау тиімді болмақ. Оқушыларды лириканы сүюге, түсінуге, оны өз еріктерімен оқуға, өмірлік сырлас досы етуге талаптандыру оны оқытудың басты мақсаты болып табылады. Оқушылардың оған деген жағымды көзқарастарын қалыптастыру жүйелі жұмысты талап етеді.
Өлеңді мұғалімнің өзі мәнерлеп оқуы, күйтабақтарды пайдалану, сабаққа көркемсөз оқудың шеберлерін шақырып, кездесу өткізу, табиғатқа саяхат жасау, сол жерде табиғат лирикалары туралы өлеңдер оқып, оны бейнелейтін суреттер көрсету, әндер тыңдап, алған әсерлері бойынша әңгіме өткізу сияқты лирикалық шығармаларды сүюге баулу жұмыстарын жүргізу нәтижелі, тиімді болмақ.
Мәнерлеп оқу оқылып жатқан көркем туындының, яғни лирикалық өлеңнің мазмұны, мәніне байланысты болып келеді. Ерлік, патриотизмге негізделген өлеңдер көтеріңкі ырғақ, көтеріңкі леппен оқылса, табиғат, махаббат жайлы өлеңдер нәзік леппен, терең сезіммен оқылады. Лириканы мәнерлеп оқуда әр сөз, әр тыныс белгісі де үлкен рөл атқарады.