Тақырып: Ойлау мәдениеті



Дата01.11.2022
өлшемі23,15 Kb.
#46715


Тақырып:Ойлау мәдениеті
Сұрақтар
1. Дүниеге көзқарас ұғымы және оның құрылымы
2. Дүниеге көзқарастың тарихи түрлері: мифологиялық, діни, философиялық
3. Дүниеге көзқарас даналық пен түсінік ретінде

Дүниеге көзқарас – бұл, әлемге деген тұтас көзқарас және оның осы әлемге қатынасы, сонымен қатар сол көзқарастарға негізделген сенім, сезімдер және адам өмірінің бағыт-бағдарын айқындайтын идеалдар, оның жүріс-тұрыстарының қағидалары және құндылықтары.


Дүниеге көзқарас көңіл - күйді, сезімдерді, әсерленушіліктерді, идеалдарды қамтиды.
Идеалдар мазмұнында адам ұмтытылыстарының ең жоғарғы мақсаты ақиқат, ізгілік, сұлулық, әділеттілік болады. Идеал адамдардың бүткіл қарекетінде рухани бағдар қызметін атқарады, оған мағына бергізеді және мақсатқа ұмтылдырады.
Дүниеге көзқарастың негізгі түрлеріне: мифологиялық, күнделікті (немесе үйреншікті ), діни, көркемділік, табиғижаратылыстық (натуралистік), философиялық. Бұлардың бәрі дерлік адамзаттың рухани дамуында маңызды роль атқарды.
Дүниеге көзқарастың үлгілері (типтері) әр түрге бөлінеді: егер әлемді тану құралдарының басымды жағынан шықсақ, онда бұл сезімділік-бейнелеу үлгілері (мысалы, діни және күнделікті-үйреншікті дүниеге көзқарастардың үлгілері);
- немесе ұғымдық – белгілер тұрғысында (дүниеге көзқарастардың философиялық немесе табиғижаратылыстық үлгілері);
- әлемде жалпы бағдарлану тұрғысында (алғашқы себеп: рух па немесе табиғат ба );
- субстанционалды жоба тұрғысында, онда біздің алдымызда - бірнеше субстанцияны ескеретін дуалистік және плюралистік сияқты дүниеге көзқарастар, ал жалғыз субстанция ескерілсе монистік көзқарастар үлгісі;
- дүниеге көзқарастың қолданатын әдіс-тәсәлі тұрғысынан, көзқарас "метафизикалық" немесе " диалектикалық " болады;
- "адам", "субъекті" ұғымдары деңгейіне байланысты: дүниеге көзқарас жекелік, әлеуметтік - топтық, таптық болып және мемлекет, ұлттар, бүткіл қоғамның дүниеге көзқарасты болып ерекшеленеді.
- қоғамдық - экономикалық формациялар тұрғысында да ("феодалдық", "қайта туу замандары") көптеген дүниеге көзқарастар бар. - сонымен қатар басқа да дүниеге көзқарастар ("сенсуалистік" және "рационалдылық", "сциентикалық" және "антропологиялық", "ұлтшылдық", "шовинистік", "тоталитарлық" және т. б.) бар.
Барлық үлгілерде, олардың түрлеріндегі сияқты дүниеге көзқарастардың негізгі мәселесі адамның әлемге қатынасынан тұрады. Бұл қатынастар 4 түрге бөлінеді:1) генезистік (шығу тегіне байланысты), 2) танымдылық, 3) бағалап-бағдарлаушылық (басқаша айтқанда, аксиологиялық, құндылықтық), 4) рухани - практикалық, немесе праксиологиялық (практикалық және танымдылық). Сонымен кез келген дүниеге көзқарастың ең негізгі сұрағы – бұл, адамның және әлемнің қатынастары туралы сұрақ.
Өндірістің, ғылымның, мәдениеттің және басқа факторлардың даму деңгейіне сай әрбір дәуірдің дүниеге көзқарастарының өзіндік ерекшеліктері болады. Бірақ солардың ішінде дүниеге қөзқарастардың ең негізгілерінің қатарына жоғарыда көрсеткендей мифологиялық, күнделікті (немесе үйреншікті), діни, көркемділік, табиғижаратылыстық (натуралистік), философиялық түрлері жатады.
Мифологиялық көзқарас - ертедегі қоғамның даму сатыларының алғашқы кезеңдерінде қалыптасты және дүниенің, жануарлардың, адамдар тегінің пайда болуы, әлемнің жаратылысы, табиғат құбылыстарындағы апаттардың себептері туралы, қоршаған әлемдегі өз орнын айқындау жәйлі алғашқы түсініктерінің, аңыз-әңгiмелердің ең бірінші тарихи үлгісі.
Миф – алғашқы қауым адамына тән ойлаудың бірінші бөлінбеген формасы. Мұнда поэзия мен ғылымның, дін мен моральдың, рационалды әсердің элементтері бар. Ежелгі миф-аңыздар алғашқы адамдардың тіршілігінің маңызды белгісіндей, олардың рәміздік мазмұны арқылы адамзат қоршаған ортаны және уақытты әрі игерді, әрі түсінді. Ағылшын тарихшысы Э.Б.Тайлор мифтердің мынадай түрлерін атап өтеді:

  • Философиялық немесе түсіндірмелік;

  • Нақтылы, бірақ бұрмаланған деректерге сүйенген мифтер;

  • Тарихи және аңыздық тұлғалар туралы мифтер;

  • Фантастикалық және метафоралық мифтер;

  • Саяси-әлеуметтік және тұрмыстық мифтер.

Мифологиялық дүниетанымның кіндігі – кеңістік пен уақытты адаммен жақындастыру талпынысы, бағдары. Мифологиялық уақытта адам мен табиғаттың арасында алшақтық жоқ болды. Миф алғашқы адамдардың тіршілігінің ажырамас бір бөлігі болып табылады. Миф – адамның қауымдық санасының алғашқы қалыптасуының көрінісі. Ол ешбір құбылыстың түп негізін, шығу себебін ашпайды. Жазулы ақпарат жоқ кезде миф оның қызметін атқарған, адам мен дүниенің дәнекері болған. Сонымен, мифологиялық кезеңде адам мен табиғаттың арасындағы бірлік ерекше жоғары дәріптелді. Егіншілік пен бақташылық, тіпті, қолөнердің өзі ежелгі дәуір мәдениетінен табиғат пен сырлас болуды талап етті. Скиф – сақ өркениетіндегі «аң стилі», қытайдың инь, ян бастамалары, Египет пен Шумердегі өліп, қайта тірілген құдай туралы аңыздар табиғат пен үйлесімдікке шақыратын рәміздер.
Түрік халықтарының мифологиясында ғарыштың құрылымы былай бейнеленеді: жеті қабат Жер бар, онда Көктөбе тұр, Көктөбеде Көктерек өсіп тұр, ол Көккүмбезді тіреп тұр. Бұл бейне киіз үйдің құрылымына да ұқсас. Қазақтың әлем туралы түсінігінде әсерлі бейненің бірі – алып бәйтерек. Дүниежүзілік ағаш таңбасы өрлемдік қозғалысты, Жер мен Аспанның тығыз байланысын білдіреді. Осы биік бәйтеректен эпос батырлары аспан денелеріне өрмелеп жете алатын болған. Әлемдік ағаштың тағы бір атқаратын қызметі оның жоғары және орта дүниемен байланыстыруында. Тірілер әлемі өткен кезбен, аруақтармен қатынасын үзбейді. Көктеректің тамырлары жер астында орналасқан. Жасыл-желек өмірлік ағаш күш-қуат пен нәрді төменгі дүниеден алады.
Қазақтардың ата-тегі түріктердің басты құдайы – Көк Тәңірі. Оның рақымымен елді билеген қағандар «Аспанда туған және Күнмен, Аймен безендіріліген» деп аталған. Түрік жазуларында көшпенділердің барлық жеңістері Көк Тәңірімен байланыстырылған. Аспанды және оның шырақтарын қадірлеу түрік өркениетіне жататын барлық халықтардың дүниетанымының маңызды белгісі. Мысалы, «Оғызнама» эпосында Оғыз қаған өз балаларының атын Көк, Күн, Ай, Жұлдыз, Тау, Теңіз деп қойғаны мәлім.
Мұның бәрі ертедегі адамдардың жерге, суға, тауға, ағашқа, жануарларға және ата-бабалар рухына сыйынатын көзқарастары. Кейін Құдай адамдарға кітап (Құран, Библия) «сыйлаған» соң, мифологиялық дүниетанымды дін мен философия ығыстырды.
Діни негіздегі дүние көзқарасы мифологиялық сананың табиғи жалғасы. Діни дүниетаным табиғаттан тыс, құдіретті күшке адамның мүлтіксіз бағынуын уағыздайды. Адам санасында табиғи құбылыстардың бұрмаланған бейнесін туғызады, оны табиғатты өзгерту мүмкіндігінен шеттеуге бейімдейді. Дін объективтік шындықты адам басында бұрмалап, фантастикалық түрде бейнелейді. Діни қағидаларға қарағанда дүниеде қандай бір құбылыс болмасын оның тікелей тірегі, қозғаушысы өмірден тыс тұрған және оны жаратушысы күш (құдірет) екені. Ең бірінші діндер политеистік болған, діндердің ең жоғары сатысы таптық қоғамдарда пайда болып, содан бері келе жатқан монотеистік сенім. Үш ірі дүниежүзілік дін бар: буддизм, христиан, ислам діндері. Діннің пайда болуы ертедегі қауымдық адамдардың дүниетаным қабілеттерінің өте төмен болып, табиғат құбылыстарының сырын түсіне алмай, түрлі жағдайлардың себептерін рухани күш-құдіретке балағанын көрсетеді.
Буддизм б.з.д. VІ ғасырда пайда болады. Оның шығу тарихы принц Сиддхартха Гаутаманың есімімен тығыз байланысты. Буддизм ілімі бойынша, өмір – қасірет. Адам қандай әлеуметтік сатыда тұрса да аурудан, кәріліктен, өлімнен құтыла алмайды. Буддизм бойынша, өмірдің азаптары жайындағы қасиетті шындық мынадай: өмірге келу – азап, қартаю – азап, жүрегің қаламайтын адаммен қосылу – азап, жақсы көрген адамыңнан айрылысу – азап, көздеген мақсатына жете алмау – азап. Ал осы азаптардан құтылудың басты жолы – сегіз салалы қасиетті өмір жолын таңдап алу. Будда ілімі адамның бойындағы ізгілік, адамгершілік қасиеттерді одан әрі дамытуды насихаттайды. Онда былай делінген: «Бұл дүниеде өшпенділікті өшпенділікпен жеңуге болмайды, адам ашу-ызасын ақылға жеңдіріп, зұлымдықты қайырымдылықпен ауыздықтауы қажет. Ұрыста мың адамды жеңіп шығуға болады, ал нағыз жеңіс адамның өзін-өзі жеңіп шығуы болып табылады».
Христиан діні б.з. І ғасырда қалыптасты. 1054 жылы христиан діні: католик және православиелік болып екіге бөлінсе, ал ХVІ ғ. бұл діннің жаңа тармағы – протестанттық ағым пайда болды. Христиан діні – өзінің мазмұны мен мәні жағынан өзгеше жаңа мәдениеттің негізін қалауға ткелей себепкер болды. Бұл жаңа мәдениет адам тұлғасын мойындады, адамды құдайтағаланың жер бетіндегі пендесі, ал Иисус Христос адамзат баласының ең жақын қамқоршысы деп танылды. Библияда христиан Құдайы «Қазына Құдайы» деп аталды, өйткені мұндағы Құдай пұт емес, адам еркінің көрінісі емес, ол адамнан мүлде тәуелсіз өмір сүреді. «Құдай – ол нағыз махаббат» өйткені оның адамзат баласына деген махаббаты өте шексіз, ол еш уақытта да адамдарға жамандық пен жауыздық жасамайды. Зұлымдық пен жауыздық – адамдардың мән-мағынасыз өмірінің және бұл өмірде жасаған күнәлерінің жемісі.
Ислам (арабша Аллаға берілу, мойын ұсыну) діні Батыс Аравияда VІІ ғасырда таптық араб мемлекетінің құрылу кезеңінде пайда болды. Ислам діни ілімі Құранда баяндалған, оның мазмұны, аңыз бойынша, Құдайдың еркімен Мұхаммед пайғамбарға хабарланған. Ислам діні христиан діні мен иудаизмнің, ішінара манихейлік пен зороастризмнің әсеріне ұшырады. Исламның басты догматы бірден-бір ақиқат Құдай көк пен жерді жаратушы және ондағы бір нәрсенің бәрін жасаушы ретінде олардың үстінен өктемдік жүргізетін Алланы мойындау болып табылады. Мұсылманның бес парызы бар. Олардың біріншісі, діннің символы: «Алладан басқа Құдай жоқ, ал Мұхаммед – Құдайдың елшісі» деген сөздерді айту болып табылады. Одан әрі мұсылмандарға күнделікті намаз оқу, ораза тұту, салық (зекет) төлеу, сондай-ақ қажыға бару парыз етілген. Ислам негізінен екі бағытқа – суннизмге және шиизмге бөлінеді. Мұсылмандық діннің еуразиялық Далада таралуына байланысты көшпелі халықтардың ғарыш туралы түсінігі де өзгерістерге ұшырады. Бұрынғы ескі мұра жоғалып кетпей, ислам космогониясымен синкреттік (тығыз байланысты) түрде тұтасты. Бұл түсініктер бойынша әлем екі дүниеден: фәни (белгісіздік) және бақидан (мәңгілік) тұрады. Осыған сәйкес адам өмірі шексіз. Фәниден бақиға өту, бұл дүниеден кету дегеніміз – жанның бір формадан екінші формаға ауысуы, оның нұрға айналуы.
Мифология мен діни сананың кемшіліктеріне қарсы күресті біршама батылдықпен жүргізген натуралистік философия болды. Ол жеке жаратылыстану ғылымдарының тұжырымдарына сүйене отырып, табиғат туралы тұтас көзқарас қалыптастыруға тырысты. Бірақ онда дүниені өзгермейтін нәрсе ретінде қарастыру басым еді.
«Философияның үш ірі ошағы» болып Қытай, Үндістан және Грекия болып саналады.
Біздің жыл санауымыздан үш мыңдай жыл бұрын Ежелгі Үнді жерінде қауымдық қоғам ыдырап, оның орнына құлдық қоғам қалыптаса бастады. Осыған орай ежелгі үнді қоғамы төрт варнаға (каста) бөлінді. Олар: брахмандар (абыздар), кшатрийлер (әскербасылар), вайшьилер (ауқатты шаруалар) және шудралар (құлдар). Әр варна тұйықталған әлеуметтік топ болды да, әрқайсысы қоғамда өзіне тиесілі орын алды және өздеріне ғана тән дәстүрлі қызметтері болды.
Мысалы, брахмандардың үлесіне – ой еңбегі, кшатрийларға – әскери қызмет, вайшьилерге – ауылшаруашылық, қолөнер кәсібі, саудагерлік тисе, шудраларға – қара жұмыс қана тиді. Ежелгі үнді қоғамының осы даму кезеңіне сай мифологиялық, философиялық көзқарастары да, қалыптасты.
Үнді философиясының мақсаттары – адамгершілікке, руханилыққа баса назар аудару, адамның «өзін басқа барлық нәрседен және басқа барлық нәрселерді өзінен» көру, «иога» жаттықтыру, денені машықтандыру.
Ежелгі Қытайдың қола дәуірінен темір дәуіріне өтуіне байланысты ауыл шаруашылығы мен қала тұрғындарының еңбектерінің бөлінуіне, әр түрлі сатыдағы әлеуметтік топтардың пайда болуына әкеліп соқтырды. Ежелгі Қытай мемлекеті – шын мәніндегі шығыстық деспотия болатын. Мемлекет басшысы – әрі патша, әрі абыз және жалғыз ғана жер иесі болды. Б.д.д. үшінші ғасырдың аяғында пайда болған Ежелгі Қытай философиясы кейінірек негізі алты философиялық бағытқа – мектептерге бөлінді. Олар: конфуцийшылдық, моизм, заң мектебі (легистер), даосизм, тұрпайы философтар (натурфилософия) және Атаулар мектебі.
Кунфуцийшылдық философиялық ағымның пайда болуы және қалыптасуы, осы ағымның негізін қалаушы Кун-фу-цзы, оның ізбасарлары Мэн-цзы және Сюнь-цзының есімдерімен байланысты.
Кун-фу-цзының ілімінше, ең жоғары жаратушы күш – аспан. Ол жерде әділеттілік болуын қадағалап отырады. Ал қоғамдағы теңсіздік, әртүрлі сатыдағы топтардың болуы ол – әділеттілік. Олай болса, аспан (көк) осы теңсіздікті қорғайды. Ең басты мәселелер – адамдар арасындағы қарым-қатынас, тәрбие.
Мэн-цзы – Кун-фу-цзының ілімін әрі қарай жалғастыра отырып, аспан-объективтік қажеттілік, тағдыр ретінде жақсылықты қорғайды дей отырып, аспанның еркі – адамдардың жігер-еркі арқылы көрінеді деген пікір айтады.
Конфуцийлық б.д.д. І ғ. Мемлекттік ілімге, ал ІХ ғасырдан бастап Қытайдағы негізгі діни көзқарасқа айналды.
Легистер (заңгерлер) – негізгі өкілдері: Шан Ян, Хань-Фэй-цзы. Олардың пікірінше, мемлекетті тек қана заңға сүйеніп басқаруға болады. Елде тәртіпсіздік болмас үшін: 1. Мақтаудан жазалау көп болу керек; 2. Аямай жазалау арқылы халық арасында үрейді тудыру қажет; 3. Ұсақ қылмыс жасағандарды аямай жазалау керек, сонда олар үлкен қылмыс жасамайтын болады; 4. Адамдар арасында бір-біріне сенімсіздік тудыру керек.
Конфуцийшылардың мемлекет – үлкен отбасы, оның басшысы – халықтың әкесі деген ілімнің орнына легистер: мемлекет – өз алдына бір машина сияқты құбылыс, билеуші – өзін ата-баба аруағынан да, халықтан да, аспаннан да жоғары қоятын деспот. Мемлекеттің негізгі мақсаттары: ұсақ патшалықтарды біріктіріп, Аспан аясындағы (Қытай) мемлекет құру, осы мемлекетке басқа халықтарды бағындыру. Конфуцийшылдар мен легистер арасындағы күрес көп жылдарға созылды.
Даосизм ілімнің негізін қалаушы Лао-цзы деп есептеледі. Оның негізгі еңбегі – «Дао және дэ туралы кітап» («Дао дэ цзин»). Даосизм ілімі «дао» ұғымына негізделген. Егер басқа қытайлық философиялық ағымдарда «дао» «жол» деген мағына берсе, және ол Қытайдың дамуымен әдептілікті жетілдірудегі негізгі ұғым болса, даосизмде «дао» – жалпы дүниетанымдық ұғым. «Дао» – алғашқы бастама. Алғашқы түпнегіз және Қытайдағы, Жердегі және Әлемдегі барлық құбылыстардың, денелердің бірлігі, соңғы сатысы. (Дао – барлық заттардың анасы). Әлемдегі денелерде аспан (ян-еркек) мен жер (инь-әйел) бастамалары заттардың өмір сүру заңы (цу) арқасында гармониялық бірлікте болады. «Дао» – болмыс заттарды дүниеге келтірсе, «дэ» оларды қоректендіреді. Бұл екеуінсіз (дао және дэ) еш нәрсе өмір сүруі мүмкін емес. Кейін келе даосизм дінге айналып, өзінің алғашқы кездегі көптеген идеяларынан айырылып қалды.
Жалпы алғанда,қазіргі нақты ғылымдар,тіпті кішкентай бір құбылысты да бүтіндей алып қарамайды, оның тек бір қырын, бір көрінісін ғана зерттейді. Оны нақты білу осындай абстрактылы танудан тұрады. Өйткені, әлгі құбылыстың басқа қырларын қалған ғылымдар зерттейді. Сонымен, нақты ғылымдар бір затты толық, нақты білу үшін басқа ғылымдардың көмегімен, әсіресе жалпылық ғылымның жәрдемін қажет етеді. Сөйтіп, жалпылық ғылымдар нақты ғылымға жетекшілік, етодологиялық рөл атқарады.

Сондай-ақ, философия – дүниеге көзқарас қалыптастыратын ғылым. Қандай да бір адам болмасын, ол дүниеге белілі көзқарассыз өмір сүрмейді. Былайша айтқанда әрбір адам дүниеге, әрбір құбылысқа белгілі пікір айтады, өзінің өмірлік позициясын белгілейді. Әрине, көзқарас әр қилы болады: ғылыми, ғылыми емес, дәйекті, дәйексіз, т.б. Философия сол көзқарастың жүйелі болуын қамтамасыз етеді. Әрине көзқарас іштен тумайды. Оны қалыптастыратын өмір. Өмірді танып, білу арқылы адам белгілі бір қорытындыға келеді: қабылдайды теріске шығарды, қолдайды, ұнатпайды т.б. Сонымен, философияның негізгі мәселесі ойдан шығарылған пікір емес. Оны дүниеге алып келген өмір, адамзат ой-санасының дүниетанымдық дамуы. Біздің ойымызша, философияны сүйсене оқыған адам жартылай болсын философ бола алады.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет