Тараз Ежелгі Тараз қаласы



бет1/2
Дата24.03.2023
өлшемі43,71 Kb.
#75839
  1   2

Тараз
Ежелгі Тараз қаласы І-ХІХ ғғ. Жамбыл облысы, Тараз қаласының орталық базары аумағында орналасқан. Қалашық қазіргі Тараз қаласының орталық бөлігінде орналасқан. Оның аумағында (қамал, шахристан) Орталық рынок орналасқан. Оның маңайын қала үйлері алып жатыр. 20 ғ-дың бас кезінде ұзын дуалдар төңірегінде отыздан астам төмпешіктер-қорғандар, қоныстар, некропольдер қалдығы бар еді. Қазіргі кезде олардың бәрі тегістеліп, үйлер салынған. Сүлейманов көшесінің батыс бөлігіндегі төрткүл және телеорталық ауданындағы қоныс, сондай-ақ қаланың солтүстік шетіндегі ұзын дуалдардың жекелеген бөліктері сақталынып қалды. 1867 ж. қалашықты П.И. Лерх зерттеді. 1893-94 жылдары Талас даласындағы ескерткіштермен бірге Әулиеата аумағындағы қалалар ескі орнын В.В. Бартольд қарап шықты. Алғаш рет қазба жұмысы 1927 ж. (М.Е. Массон) жүргізілді. 1938 ж. қалашық шахристанымен қамалына КСРО ҒА Қазақ бөлімшесі экспедициялары (А.Н. Бернштам) алты жерден қазу жүргізді. 1940 ж. қазуды Жамбыл археологиялық пункті (Г.И. Пацевич), 1958 ж. - Қазақ КСР-нің АЭҒЗИ-нің Тараз археол. экспедициясы (Т.Н. Сенигова) жүргізді. 1960-65 жж. Қазақ КСР ғылым академиясының АЭҒЗИ (Е.И. Агеева, Т.Н. Сенигова, М.С. Мерщиев) орта азиялық экспедициясы қайта қазу жұмыстарын жүргізді, 1983-85 жж. Қазақ КСР ғылым академиясының Тараз археол. экспедициясы, одан кейін Қазақ КСР-нің тарихи және мәдени ескерткіштер жиынтығы археол. экспедициясы жалғастырды.
Ескерткіштердің түгелдей жойылғанына қарамастан көп жылғы археол. жұмыстардың, сондай-ақ қазіргі қала аумағына құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде табылған заттар нәтижесінде көне және орта ғасырдағы Тараз өмірінің әртүрлі кезеңдерін сипаттайтын елеулі материалдар жинақталды. Тараз орнына құрылыс орындары салынды, сондықтан қалашықтың бейнесін 19 ғ.: және 20 ғ-дың 30 жылдарындағы жиналған мәліметтер негізінде көз алдымызға елестетуге болады. Қазба жұмыстары орта ғасырдағы Тараздың қамалданшахристаннан, рабаттан (қорған) және аумақтардан тұрғанын айғақтайды. Қазіргі кезде шахристанның солтүстік дуалының 370 м-ге дейін, батысы 160 м-ге дейін созылғандығын аңғаруға болады. Оңтүстігінде қалашық қалдықтары 200 м қашықтың көлемінде байқалады. Шахристанның солт. дуалына қамал жалғасқан. Жоба бойынша ол тік бұрышты төбе, жақтауларының ұзындығы 175 м (солт.), 117 м (батысы), 115 м (шығысы) және 125 м (оңтүстігі). Тік қазу жұмыстары шахристан мен қамалдың өмірі кезеңдерін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Жаңа дәуірдің алғашқы ғасырына тән қабаттар қамал мен шахристанның оңт.-батыс бөлігін қазу кезінде табылған шикі балшықтан жасалған кірпіштер сынықтарынан, қыш ыдыстардан, күлді қабаттардан анықталды. Қатпар қалыңдығы - 0,5 м. Қамалды қазу барысында 4-6 ғғ-дағы қабаттар ашылды, оның қалыңдығы 1,5 м-ге дейін барды. Одан тік бұрышты шикі кірпіштен - 50 х 29,5 х 9,5 см - қаланған бөлмелер қалдығы аршылды. Ғимарат қабырғасы 1 м биіктікке дейін сақталған, ені - 1-1,5 м. Қабаттар астынан өзіндік пішіні бар қыш заттар - жұқа жақтаулы шөшкелер, құмыралар, хумдар, темір пештер табылды. 6-8 ғғ. қабаттары барлық қазу кездерінде кездесті. Олардың мьіқтылығы 1,5 х 2,5 м. Қамалға баратын кеулеме қазба орнында осы кезеңге жататын екі дәліз бен бөлме табылды. Олар шикі кірпіштен көлемі. 26-28 х 50-60 х 8-9 см етіп қаланыпты. Қыш заттары түрлерінің әрқилылығымен және сән ерекшелігімен дараланады. Осы жерден формасы металл ыдыстарға жақын алмұрт формалы құмыралар, кружкелер табылды. Ойып салынған оюлары бар қақпақтар, қыш мүсіндерді құюға арналған үлгілер, сирия жазуы бар ыдыстар шықты. 8-10 ғғ-дағы қатпарлар осы кезеңдегі қала өмірінің аса қауырт болғанын айғақтайды. Табылған темір ақшалар 7-8 ғғ.-ды көрсетеді. Күйдірген кірпіштен салынған (0,22 х 0,22 х 0,05 м), едені төселген бөлмелер, төселген тастар құрылыс техникасының өзгергенін дәлелдейді. Толық пісірмей жасаған қыш заттары ішінде қызғылт ойып салынған өрнектері бар жылтыр кружкелер мен құмыралар көп кездеседі. Әбден суарылған ыдыстар ақ, ашық, көк және қоңыр түспен жылтыратылған және өсімдік өрнектері салынған. 11-12 ғғ. металл ақшалармен ерекшеленеді. Қабаттар астынан темір пышақ, қалайы бұйымдар сынықтары, шыны мен тастан жасалған алқалар, шыны ыдыстар табылды. Көп мөлшерде суарылған ыдыстар шәшкелер, тәрелкелер, шырақ сауыттары шықты. Сіңірілген бояу түстері ашық және ақ. Өрнектер қоңыр, көк, қызыл бояулармен, кейде олар оюлармен үйлестіріле боялған. Өрнектері өсімдік суреттері, геометриялық, эпиграфиялық болыа келеді. Суарылмаған қыштар тар мойынды құмыралар, кружкелер, шәшкелер, хумдар. Қалашықтың әртүрлі бөлігінде жүргізілген қазба жұмыстары Тараздың әркездегі кезеңдерін аңғартатын құрылыс кешендері мен тұрақтарын айғақтайды. Шахристанның шығыс бұрышы жағынан қазылған 200 шаршы м алаңнан монша қалдықтары табылды. Жобасында ғимарат шаршы формалы (13,5 х 12,5 м), сыртқы қабырғасының қалыңдығы - 1 м. Барлығы 7 бөлме аршылды орташа көлемі 3,05 х 3,15, 2,52 х 3,92. 1-бөлменің қабырғаларында қызғылт бетке салынған таңбалар және қатарластыра қара түспен сыза жүргізілген сегіз бұрышты сары жұлдыздар сақталыпты. Еден сары, қызыл түсті, мөлшері 0,5 х 0,5 х 0,08 м тегіс тастармен төселген. Биіктігі 0,4 м, ені 0,28 м орындық бөліктері сақталған. 2-бөлмеде (3,05 х 2,52 м) кірпіш ванналар мен кір жуғыш болған. Ванна батыс қабырғаға жақын еденде тұрған. Оның ұзындығы 1,75, ені 0,47, биікт. 0,6 м. Оның іші мен сырты цемент сылақпен қапталған. Бөлменің оңт. қабырғасы қызғылт түспен сырланған. Қабырғаның жоғарғы жағы екі бөлікке бөлінген, асты үшкіл (биікт. 0,5 м, тереңдігі 0,3 м) қуыстармен әрленген. Шығыс жақ қабырғасы шахмат тәртібімен орналастырылған сары түсті жұлдыздармен әшекейленген. 2-бөлме ені 0,79 м есік арқылы үшіншісімен жалғасқан. Бұл жерде ені 0,34 м, тереңдігі 0,26 м астау тұрған. Ашық қызғылт түсті бөлме қабырғаларының іргесіне сары және қызыл түсті сегіз және алты бұрышты деталдар салынған. Көрші 4-бөлменің (2,44 х 2,46 м) қабырғаларында өрнектер жоқ. 5-бөлме нашар сақталған. 6-бөлменің (3,15 х 3,11 м) қабырғалары жақсы сақталған. Қабырға бойына орындықтар қойылған. Батыс қабырғасы сегіз қырлы өрнектермен жабылған, түсі, қара түспен контур жүргізілген, алты қырлы өрнектер сары және қызыл түспен боялған, ал оңтүстігіне жапырақшалы өрнектер жүргізілген. Ең үлкені 7-бөлме (6,71 х З,93 м). Сары және қызыл түсті тегіс плиталы еден жақсы сақталған. Қабырғаларына қуыстар жасалған. Монша бөлмесі құлаған төбесіне қарағанда күмбезбен жабылған сияқты. Моншаға су арнайы орыннан қазылған құдықтан келеді. Бөлмелер монша едені астынан салынған ыстық өткізгіш каналдар көмегімен жылытылған Тараз моншасының салыну техникасы, қабырғаларының өрнектері мен безендірілуі сондай-ақ 11 ғ. мерзімімен белгіленген бұхар темір ақшаларының табылуы моншаның 11-12 ғғ.-да, қаланың экономикалық гүлденуі кезеңінде болғанын дәлелдейді. Орта Азияда монша 8 ғ-дан бұрын пайда болған жоқ, содан кейін таяу және Орта Шығысқа, ақырында Орта Азияға Жерорта теңізі аумағынан ауысқан секілді. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда салынған моншалар (Отырар, Баласағұн) жобасы крест үлгісінде. Көптеген моншалардың іргелері Тараз моншасы сияқты өрнектелуінің жиілігімен ерекшеленді. Тараз моншасы Таяу Шығыстағы Қайыр әл Хайыр әл Гарби моншасын еске салады. Қалалық су құбырлары қалдықтары да моншалар мерзіміне сәйкес келеді. Оның 12,8 м белігі зерттелді. Су құбырлары тастан, малта тастан, топырақтан төселген «жастықтар» үстіне қойылған үсті тегіс таспен жабылған. Құбыр үзіктерінің кигізілетін тұстары қыштан жасалған. Олардың ұзындығы 0,25-0,8 м, диаметрі 0,21-0,22 м. Су құбырына су Талас бөгенінен су айдағыш бассейн арқылы жіберіліп тұрған. Су қоймасынан су қыш құбырлармен қаланың барлық бөлігіне жеткізілген. Су құбыры жұмысы 13 ғ-да тоқтады. Тараз қалашығының қазба материалдары Ресей Мемлекеттік Эрмитажы, Қазақстан Мемлекеттік Орталық мұражайы қорларында, Ә.Х. Марғұлан атынд. археология институтының және Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайларында сақтаулы.
Ежелгі Тараз қаласы Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі әкімшілік орталығы болып табылған. Оның өсуі мен өркендеуі әйгілі сауда жолының тарихымен тығыз байланысты. Ежелгі Тараз Еуразия тарихында ең маңызды халықаралық сауда, қолөнер, ғылым және мәдениет орталықтарының бірі ретінде баға жетпес рөл атқарды. Тараз қаласы туралы алғашқы ақпарат қытай дерек көздері бойынша біздің ғасырға дейінгі І ғасырды қамтиды және Қазақстан аумағында алғашқы мемлекеттердің бірі болған Қаңлы бірлестігінің саяси тарихымен байланысты. Тараз туралы ортағасырлық көптеген географтар, тарихшылар мен саяхатшылар жазды. Ол түргештердің, қарлұқтардың және қарахандардың кезінде ірі әкімшілік орталығы және олардың астанасы болған. Қала Ұлы Жібек жолы бойында орталықтардың бірі болып, оның өсуі мен өркендеуі, бай сауда және мәдени дәстүрлері әйгілі сауда жолымен тығыз байланысты. Тараз өзіне тек саудагерлерді ғана емес тартып қана қоймай, мұнда әртүрлі ұлттар мен өркениеттердің рухани мәдениеті де қарқынды дамыды. Археологтар жасаған қазба жұмыстары қалада тұрғын үй ғимараттарының және сауда аулалардың біздің эрамыздың Х ғасырда болғандығын растады. Мұнда су және кәріз жүйелері мен кітапхана болған. Тараздағы қазба жұмыстары кезінде VI-VIII ғасырдағы монументалды бекіністер мен IХ ғасырдағы зороастрийцтердің ғибадатханасы, ХІ ғасырдың моншасы және басқа да бірегей ескерткіштері табылған. Қарахан кесенесі және Дәуітбек сынды тарихи орындар бүгінде тәу етер қасиетті орын болып саналады.
Тараз қаласының атауы хақында көптеген парсы тілінде жазылған деректерде «Тараз», «Талас» не «Банки», яки «Йанги» немесе «Йанки» болып айтылады. Оның мән-жайын анықтау үшін ең әуелі Махмұд Қашқаридың түрік сөздігіне жүгінсек: «Талас», «Тараз» дей келе, Талас екеу болған. Бірі — «Ұлұғ Талас» (Ұлы Талас), екіншісі — мұсылмандар шекарасында орналасқан «Кәми Талас» деп аталады.
Мұхаммед Хайдар Дулат әйгілі «Тарих-и Рашиди» еңбегінде (1544-46 жылы) «Йанки» не «Йанги» сөзін Таразбен балама түрде қолданады: «…Осы кітапта айтылатын бір қаланын аты — Тараз. Онда моғолдар Таразды Ианки» деп атайды делінген. Бұл Иангидің Моғолстанда орналасқаны айкын. Йангидің адамдары Мауороннәһрде көп. Оларды «йангиліктер» деп атайды. Алайда өздері «Йанги» деп атайтын далада бірнеше қалалардың іздері, мұнараларының күмбезі, ханака және медреселердің орны сақталып қалған. Ал, осы ескі қалалардың ішінде дәл қайсысының Йанги деп аталғаны һәм басқа қалалардың калай аталғаны беймәлім».
Елу жыл кейінірек парсы тілінде Әмин Ахмед Рази тарапынан жазылған «һофт-иқлим», қазақша айтканда «Жеті климат» (1602 ж. жазылуы аяқталған) кітабын қарар болсақ, онда Тараз жайында былай деген: «Тараз бұрынғы заманда әйгілі қала болған. Оны «Банки» деп атаған. Алайда өзбектердің таптауынан ойрандалған. Тараздың маңындағы үңгірді сол қаланың есімімен Банки деп атайды екен. Тараз халқының басым көпшілігі мұсылман әрі ол өлкеден қадір тұтуға уәжіб саналатын ғалымдар көптеп шыққан» («һәфт-иқлим», 494-6).
983 жылы парсы тілінде жазылған, бірақ авторы белгісіз мағынасы әлем шекарасы шығыстан батыска дейін деген ұғымды аңдататын кітапта: «Тараз және Меркені басқа қалалардың (Макнкес, Фрункес, Нуикес) қатарында мұсылмандар мен түріктер тұратын әрі саудагерлердің тұрағы ретінде атап өтілетіні бар. Бұл кітапта беріліп отырған жанама деректердің мән-мағынасы бұл аталмыш қаланың тұрғындары түрік халықтары екенін қайырыла көрсетуі мен оның саудагерлердің мекен-жайы болғандығын ескертуінде жатыр.
Тағы бір таулар мен оның кендері жайында жазылған мәтінде былай делінген: «…содан Түсеметке тарта қытай шекараларының ортасынан ең соңғы жазық далаға Чинестанға (қытай жері) барып аяқталады. Мауәроннәһр қалаларын аралап, Түркістан шаһарлары Тараз, Шәлжи маңына дейін барып, одан тікелей жоғарылайды». Мұнда Тараз қаласы Түркістан шаһарлары қатарында аталғаны өте мәнді жайт. Өйткені, «Фәрһәнг-фарси» сөздігінде не себепті, не үшін Тараз қытайдағы сұлулары әйгілі қала деп көрсетілген. Әрі «Борһан-Қатеһ» сөздігінде де Тараз Қытай маңындағы қалаға жатқызылады.
Парсы тіліндегі «Фәрһәнг-фарси» сөздігін XVI ғасырда Хосейн Вәфай Қытайға барып, сол елде парсы тілінде жазылған қолжазбалар негізінде дайындаған көрінеді. Бұл еңбекті 1527 жылы Иранның патшасы Шах Тәһмәсб Сәфәвиге (1520-1576) тарту ретіңде сыйға тартқан. Осы еңбек 1374 хижри жылында (1995) ирантанушы, Пекин университетінің оқытушысы Тен һуй Жоу ханым тарапынан қайта қаралып толықтырылып, Теһран университетінің көмегімен қайта басылып шыққан. Сондықтан бұл аталмыш сөздік Қытайда сақталған қолжазбалар негізінде соңғы рет қытайлық ирантанушы ғалымның араласуымен жарық көруі оның ішіндегі берілген дерек-мағлұматтарды біршама айқындай түскен.
Ал, Таластың қалай Тараз болып тұрақталғанын Бақытяр Әбіддаұлы былай жазған: «…Исмаил Самани (892-908 жылдар аралығында билік құрған) Талас өзенінің жағасындағы осы қаланы басып алған соң, бірде Талас, кейде Тараз атанған шаһар біржола Тараз атанып кетті…» (284-бет, Талас-Тараз).
Он сегізінші ғасырда Тараз қаласының Әулие Ата аталуына қатысты Бақытяр Әбілдаұлы «Талас-Тараз» кітабындағы әңгімесін келтірейік: «Шоқан Уәлиханов демекші, қазақтың сол біртуар ұлы ғалымымен дәмдес-тұздас болған батырбасы Ақмолданың шөбересі, енем Нұрбибі де отыз канал қаздырған бабасы Байзақ датқа туралы, Абылай ханның жорықтас батыры Мәмбеттің 1774 жылы ханмен бірге Талас өзенінің жағасында, қираған ескі Тараз қаласының орнына қарақалпақтарды көшіріп әкеліп, Әулие Ата кентін салғызғанын, басқа да қызықты деректерді жырдай етіп айтатын көкірегі дария тірі — шежіре…» (10-бет, Талас-Тараз). Содан 1936 жылға дейін Әулиеата болып, 1936-38 жылдар аралығында Мирзоян аталса, 1938 жылы Жамбыл есімі берілді. 1997 жылғы 7 қаңтарда Президенттің жарлығы бойынша, мемлекеттік ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде Тараз болып өзгертілді.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет